Адам баласы жарық дүниеге келген соң, ата-ананың алдындағы бірінші міндеті – баласына дұрыс есім беру. Ислам діні балаға мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды, көркем ат қоюға шақырады. Халқымыз да жарық дүние есігін ашқан сәбиге есім таңдауда жауапкершілікпен қараған. Сондықтан балаға есім беру – аса үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Алайда, кейбір ата-аналар салғырттық танытып, балаларына мағынасыз есімдерді қойып жатады. Олар есімдердің адам өміріне ықпал ететіндігін білуі қажет.            

Адам мен Хауа есімдері не мағына береді?

Ең алғашқы пенде адамзаттың атасы – Адамның есімі. Бұл Алла тарапынан қойылған. Бұл жайында «Бақара» сүресінің 31-37 аяттарында келеді.

Оның бірнеше мағынасы бар. Ибн Аббастың айтуы бойынша: «Адам – сөзі  жер жүзінен сүзілген топырақ өнімі». Аталған көзқарастың ең дұрыс екендігін Құртуби мен Сайд бин Жүбейр есімді ғалымдар да мақұлдаған.

Ал кейбір ғалымдардың пікірінше Адамға «Адам» есімінің берілуінің себебі, әртүрлі элементтердің қоспасы болғандығынан. Алайда, пікір білдірген ғалымдар да, бұл сөздің нақты мағынасы жердің немесе топырақтың әртүрлі бөліктерінен алынған элементтер екендігін айтқан.

Сахаба Әли «Адам» түсінігі топырақтың түрлі элементтерінен жаратылғандығынан деген. Таберидің кітабында «әртүрлі элементтер түрлі адамдардың пайда болуына әкелді» деп топшылайды.

Қасиетті Құран Кәрімнің «Әл-Имран» сүресінің 59-аятында Адамның топырақтан жаратылғанын білдіру арқылы оның аты мен тұлғасы, жарату көзі арасындағы сәйкестік туралы айтылған.                                                

Ал адамзаттың анасы – Хауаның есімін Адам атаның өзі қойған. Ибн Кәсирдің осы мәселеге қатысты түсіндірмесінде келтірілген риуаяттар бар.

Атап айтсақ, өзіне жұбаныш болатын бір жұбы болмай, ол жерде біраз уақыт жалғыз қалады. Бір мезгіл ұйықтап тұрғанында, Алла оның қабырға сүйегінен жаратқан әйелді жанынан көреді. Таңқалып «Сіз кімсіз?» – деп сұрайды. Әйел: «Әйелмін», – деп жауап береді. Әйелден неге жаратылғанын сұрайды. Әйел «Жұп болуға», – деп жауап береді.

Сол кезде періштелер оларды көріп, Адамның білімін тексеру мақсатында әйелдің кім екенін сұрайды. Адам оның Хауа екенін айтады. Не себепті оны бұл есіммен атағанын сұрағанда: «Өйткені ол жанды нәрседен жаратылған», – деп жауап береді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Жазда вакцинациялауды күшейтуге тапсырма берілді

Қазақ есімді ырыммен қойған

Қазақ халқының салты бойынша, балаға үш күннің ішінде ат қойылуға тиіс. Бұл да бұлжытпай орындалатын заң.

Қазақ халқында балаға ат қойғанда ата-аналардың арқа сүйейтін ең басты ырым-жоралары бар. Олар мынандай:

Балаға тіл-көз тимейді деген ниетпен қойылған есімдер – Жаманбай, Қойшыбай.

Баланың дені сау, жаны берік болуы үшін қойылғандары – Тасболат, Тастемір, Шымырбай.

Баласы шетіней берген үйде жас сәбиге Аман, Аманкүл, Есен, Жүрсін, Тұрсын, Тұрсынкүл, т.б. есімдері қойылған.

Бала-шағаларының өмірі ұзақ болсын, көп жасасын деген ниетпен берілген есімдер – Жанұзақ, Жүзбай, Жүзжасар, Мыңжасар, Өмірбек, Сексенбай, Тоқсанбай, Ұзақбай.

Елдің ардақты азаматтарының атын солардай батыр, дана, өнерлі болсын деген ниетпен жаңа туылған балаға Абай, Абылай, Ғабит, Жәнібек, Исатай, Қазыбек, Махамбет, Сәбит, Сәкен, Сырым, Төлеби, Ыбырай сияқты есімдерді қойған.

Ерекше көзге түскен белгілеріне қарай Анарбай, Қалдыгүл, Қалдыбай, Құдірет, Меңдібай, Меңдігүл, Сүндет деп қойған.

Қыздарына аспан әлемінің, аңдардың, асыл тастардың, қымбат маталардың, нәзік өсімдіктердің атын қойған: Айман, Алтын, Еңлік, Жібек, Жұлдыз, Күміс, Құралай, Мақпал, Меруерт, Раушан, Шолпан, Шынар, т.б.

Соңғы балаға Кенжебай, Кенжегүл, Кенжетай. Ұлы жоқ үйде қыз туғанда Болған, Тойған, Ұлбала, Ұлтуған, Ұлмекен, Ұлбосын, Ұлтуар, Ұлжан, Ұлту сияқты аттарды қойған.

Ұрпаққа жарасымды есім беру – ежелден келе жатқан, ізі суымаған жалпы халықтың игі дәстүрi. Есімдер де халық тіліндегі сөздер сияқты өмір сүріп, ескіріп әрі жаңарып отырады. Олар да ғасырлар үшін қарт шежіре сияқты ұрпаққа жеткізіп отырады.

Осындай ат қоюдағы игі дәстүрлерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруымыз қажет. Кейбір діни сауаты төмен жандар өз есімдерін арабшаға алмастырып жатады. Жақсы ат қою – Пайғамбардың сүннеті. Ислам тарихында Мұхаммед пайғамбар мағынасы бар, көркем есімдерді ауыстырмаған.

Балаларға бүгінгі жарқын өмір, бақытты дәуір талабына сай жарасты да лайықты есім қою – мүдделі де маңызды мәселенің бірі. Ата-ана дүниеге келген перзентке мағынасы айқын, әдемі, айшықты сұлу есім бергендері дұрыс. Сондықтан есім қойғанда жауапкершілікпен қарап, үлкендермен ақылдасу керек.

Алмас ҚҰЛЫМБЕТОВ,

Жамбыл облысы әкімдігі

«Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ

инспекторы, дінтанушы

Пікір жазу