Қасым хан (1509-1523) қайтыс болған соң оның ұрпақтары жарты ғасырдан астам уақыт Қазақ хандығын билеп төстеді. Атап айтар болсақ, Қасым ханнан кейін Мамаш (1523), Таһир (1524-1533), Бұйдаш (1533-1534), Ахмет (1534), Тоғым (1534), Хақназар (1538-1580) хан тағында отырды. Хақназар өлген соң Қазақ хандығының негізін салушы Жәнібек ханның немересі Жәдік сұлтанның баласы Шығай хан (1580-1582) билікке қол жеткізді. Биліктің Жәдік сұлтанның ұрпақтарына өтуіне Бұқара хандығының билеушісі Абдолла ханның ықпалы болды. XVI ғасырдың жартысында Бұқар хандығының Орта Азияны жеке-дара билеп төстеуіне Ташкент билеушісі Наурыз Ахмет ханның баласы Баба сұлтан бірден-бір кедергі болды.
Бұқар билеушісі Абдолла хан Баба сұлтанға қарсы күресте Қазақ сұлтаны Шығай мен оның ұлы Тәуекелмен одақтастық орнатты. Хақназар хан қайтыс болғанда, Бұқар билеушісі Шығайдың хандық билікке келуін құптады. Сөйтіп, Шығай 1580 жылы хан тағына отырды. Шығайдың баласы Тәуекел сұлтан Абдолланың үдесінен шығып, Баба сұлтанды талқандады, Тәуекелдің бұл ерлігі әкесі қайтыс болғаннан кейіін оның хан тағына отыруына септігін тигізді. Жалпы, Жәдік сұлтан ұрпақтарының Бұқар билеушісімен ымыраласуына ортақ саяси ұстаныммен бірге рухани жақындық та әсер етті. Шығай хан мен оның ұлы Тәуекел сұлтан өзінің 120 әулетімен сол кезеңдегі Орталық Азиядағы беделді сопылық орден – Нақшбандиаға өтті. Ал, Нақшбандиа тариқаты Бұқара хандығының рухани өзегі еді. Алайда, XVI ғасырдың аяғында Тәуекел хан күшейіп, Жошы ұлысымен қатар, бұрынғы Моғолстан жерлерін және Ойраттардың бір бөлігін Қазақ хандығының құрамына кіргізді. Оның ендігі Орталық Азиядағы бәсекелесі Бұқара ханы Абдолла еді. Екі билеушінің арасындағы бақталастық өршіп, нәтижесінде Тәуекел хан 1598 жылы Бұқар хандығына басып кірді. Осы жорықта Тәуекел қайтыс болып, хан тағына інісі Есім хан отырды. Есім хан Бұқар билеушілерімен мәмілеге келіп, Қазақ хандығының құрамына Ферғана, Ангрен, Ташкент уалаяттарын қосып алды. Есім ханның тұсында Шығай ханның тағы бір ұлы Тұрсын хан Ташкентті жеке-дара билесе, Бұқар ханы Имамқұл бұрынғы иеліктерін қайтарып алу үшін Қазақ хандығына қарсы жеті рет жорық жасады. Шығыстағы ойраттар күшейіп, Жетісу жеріне дүркін-дүркін шабуылдар ұйымдастырды.
Қазақтың Еңсегей бойлы Есім ханы осы шайқастардың бәрінде жеңіске жетіп отырды. Тұрсын ханды өлтіріп, Қатаған елін біржолата Қазаққа бағындырды. Ойраттарды ойсырата жеңіп, Алатаудағы қырғыздарға да хан болды. Бұқар билеушісі Имамқұлдың бетін қан майданда жеті рет қайтарып, Қазақ хандығы Орталық Азиядағы негізгі субектігі айналды. Есім ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласына ауыстырылып, ханның резиденциясы Ясауи тариқатының аситанасы болды.
Есім хан Нахшбаниа тариқатына Қарнақтан уақфтық жер бөліп беріп, дін адамдарына мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетті. Ол «ескі жол» атты құқықтық құжат қабылдап, ел билеу ісіне едәуір өзгеріс енгізді. Өкінішке қарай, «Есім ханның ескі жолы» заңының түп-нұсқасы бүгінгі күнге жеткен жоқ. Дегенмен, фольклорлық деректерде «Есім ханның ескі жолының» төрт тұғыры болғандығы айтылады. Олар: 1. Хан болсын, ханға лайық заң болсын. 2. Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын, 3. Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын. 4. Би болсын, би түсетін үй болсын.
Бірінші ұстындағы ханға деген көзқараста ескі «чингизидтер» билігінің сорабы жалғасын тауып жатқандығы байқалады. Яғни, «Есім хан ескі жолында» төрелердің билігін кие тұту түсінігі әлі де үстемдік еткен. Екінші ұстында Шыңғысхан құрған милитаристік мемлекеттің атрибуттарының әлі де сақталғандығы аңғарылады. Яғни, «ескі жолда» әскери адамдар ел билеу ісінде өзінің сословиялық үстемдігін сақтап қалған. Үшінші ұстындағы абыз сыйлауды фарз үкіміне жатқызуы сөз жоқ «ескі жол» заңының жаңалығы болатын.
Қазақтар бұрын Құранды жатқа білетін дана адамдарды «абыз» (хафиз) деп атап, оларға құрмет көрсететін. Есім хан осы құрмет көрсету дәстүрін парызға айналдырып,ел билеу ісіне теократиялық элементтерді енгізуді қолға алды. Оның Жиембет жырауды қыз алып қашқаны үшін шариғат заңымен жазаламақ болғандығы осыны әйгілесе керек. Төртінші ұстындағы би-қазыларға орнықты мәртебе бекітуі – Қазақ хандығындағы құқықтық үстемдіктің көрінісі еді. Сот билігі атқарушы биліктен тәуелсіз болған басқару жүйесін біз құқықтық мемлекет деп атап жүрміз. Олай болса, «би болсын, би түсетін үй болсын» ұстыны сот билігін нығайту үшін жасалған ілкімді қадам еді.