Түркияның Қаражаорен ауылының тұрғыны Метин Угур әр 15 күн сайын есегіне мініп алып, көрші ауылдарды аралап шығады. Мақсаты – ауыл балаларына кітап тарату. Ол есегіне көптеген кітаптар артып алып, оларды жолай кездескен жас балаларға үлестіреді.
Угурдың айтуынша, мұндай қадамға ол отаншылдық сезімі арқасында барған. Айтуынша, тек білімді ұрпақ қана елді дамытады.
Осыдан 7 жыл бұрын ол Анкарадан 40 шақырым жердегі қараусыз қалған жатақхананы жөндеп, кітапханаға аайналдырған болатын. Кейін қазіргі заманда кітапханаға көп адам келе бермейтінін түсінеді. Айналадағы ауылдардың балалары өз бетінше бұл жерге келе алмайды. Сол кезде ол өз есегінің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.
“Мен осы ісім арқылы ауыл балаларының кітап оқуға деген қызығушылығын арттырғым келеді. Аудандық кітапхана алыста, көбі оған бара бермейді. Сондықтан өзім арнайы барып кітап таратып жүрмін. Балалар менің есекпен кітап таратып жүргенімді көргенде алғашқыда күлді, бірақ кейін үйреніп кетті. Қазір мені көрсе қуана жүгіріп келіп, әрқайсысы бірнеше кітаптан алып кетеді. Мен бір ауылға кіре бергенде ысқырып белгі беремін. Балалар мен екенімді бірден түсініп, жүгіріп келеді” дейді қайырымды тұрғын.
Метин әр барған сайын балаларға жаңа кітаптар таратып, оқып болғандарын қайтадан жинап әкетеді. “Менің еліме оқымысты адамдар керек. Бүгінгі білімді ұрпақ ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын адамдар” деп ойымен бөлісті ол.