Қазақ халқының Мұхаммед (с.ғ.а)-ның үмбеті болып Хақ жолы Ислам дінін ұстанғанына мың жылдан астам уақыт болды. Осы кезге дейін Қазақ халқы Исламдық үрдістерді бойына сіңіріп, Исламның ажырамас бөлігіне айналды. Кешегі Кеңестік дәуірде жоғалтып алып, бүгінгі күні қайта қауышқан жауһар құндылықтарымыздың бірі – қасиетті күндер мен шұғылалы түндер екендігі мұсылман қауымға аян. Ендеше, қасиетті үш айдың маңыздылығына аз-кем тоқталып өтсек.
Мұсылмандардың ұлы көш реформасы жүзеге асқан қасиетті «Ережеп», «Шағбан», «Рамазан» айлары, мұсылман халықтарының арасында құтты және мүбәрак айлар саналады. «Қасиетті үш айдың» діни танымымыздаға ерекшеліктері туралы діни әдебиеттерде мағұлматтар жетерлік. Мысалы, діни деректерге қарағанда, бұл «үш айдың» қасиетті болу себебі мүбәрак түндер болып табылатын Рағайып пен Миғраж түнінің Ережеп айында, Барағат түнінің Шағбан айында, Қадір түнінің Рамазан айында болуына байланысты.
Әсілі, қасиетті үш ай туралы айтқанда, бұл мейрам айларының рухани сыры мен құнын Мұхаммед (с.ғ.а) сұлу сүннетіне қарап ұға аламыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.а) Рамазан айынан басқа Ережеп, Шағбан, Мұхаррам, Шәууал айларында ауыз бекітіп ерекше күйге бөленіп жүретіндіген сахабалар риуаят еткен. Ережер айы басталғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.а) былай деп дұға жасағандығы айтылады: «Уа Алла! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман есен жеткіз».
Пайғамбарымыз (с.ғ.а) Ережеп, Шағбан айларында көбірек ораза тұтып, парыз намаздарынан басқа нәпіл ғибадаттарын жасап, Алланың көркем есімдеріне мадақ пен зікір айтып, шүкіршілігін арттырып, кедей кепшікке садақа беретін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.а) үзеңгілес серіктері сахабалар да бұл айларда жаңа леппен, жаңа қарқынмен ғибадат жасайтын. Парызбен бірге нәпіл ұлшылықтарында арттырып, тәубе мен истиғфар жасап, жоқ жітікке қол ұшын беріп, жетімдерді, жалғыз жарымдарды, қасіретке тап болғандарды, қарттардың көңілін көтеріп, қуанышқа кенелтетін.
Ережеп айының алғашқы жұма түнін «Лайла Рағайып», яғни, Рағайып түні деп аталады. Бұл түн Мұсылмандардың мереке ретінде атап өтетін мүбәрак түндерінің бірі. Рағайыптың сөздік мағынасы рағифанің көпше мағынасын береді. Рағифа «жауһар, құнды, бағалы, иһсан» мағыналарына келеді. Осыған байланысты «Лайла Рағайып» деген кезде «Жақсылық пен иһсанға толы және аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деген мағына ойға оралады. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.а) бұл түнді адамның жан сарайына шуақ берер амалдар жасап нұрлы сырларға қанығып, Ұлы Жаратушыға мадақ келтіріп, шүкіршілік жасап, дұға мен истиғфар жасап, намаз қылған. Сол сияқты, Ережеп айындағы Миғраж, Шағбан айында Барағат және Рамазан айында қасиетті Қадір түндері де мұсылман баласы үшін шұғылалы шақтар саналады.