Сұрақ: Ең үлкен жақсылық қандай болады?
Жауап: Исламда жақсылықтың үлкені мен кішісі болмайды. Жақсылықтың барлығы – жақсылық (ата-ананы құрметтеу, жетімге қамқор болу, мұқтажға жәрдем беру, әлсізге жақтасу және т.б.). Алайда, адамдарды ізгілік пен жақсы амалға жігерлендіру мақсатында және белгілі бір амалдың ерекшелігін көрсету үшін оған «ең жақсы», «ең үлкен», «ең абзал» деген сияқты сөз тіркестерін қосып айту әдебі бар. Бұл сол амалды орындау жақсы іс екенін көрсетеді.
Мысалы, Исламда «Ең үлкен жақсылық – әкеңнің достарына жасаған жақсылық» деген сөз бар. Абдулла ибн Динар (оған Алла разы болсын): «Бірде Абдулла ибн Омар (оған Алла разы болсын) Меккеге барар жолда бір бәдәуиді (далалық араб) жолықтырады. Абдулла әлгі бәдәуиге сәлем беріп, астындағы есегіне мінгізіп, басындағы сәлдесіне дейін шешіп береді. Біз мұны Абдулла ибн Омардың өз аузынан естігенде: «Алла тағала сізді жарылқасын! Бұлар бәдәуилер ғой», дедік. Сонда Абдулла ибн Омар: «Мұның әкесі менің әкем Омар ибн әл-Хаттабтың досы болған. Мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамның ең үлкен жақсылығы – әкесінің жақсы көрген достарымен жақсы қарым-қатынаста болғаны» деп айтқанын естіген едім», дейді».
Хадистен көргендей ата-ананың көзін көрген құрбы-құрдастарына сый құрмет көрсету арқылы Алла Тағаланың алдында үлкен жақсылық сауабына кенеле алады екенбіз.
Жалғас САНДЫБАЕВ