Мәдениет пен өнер тақырыбына материалдар жариялап жүрген БАҚ өкілдеріне жыл сайынғы «Алтын Томирис» журналистік сыйлығын Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев табыстайды.
Марапаттау рәсімі Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні, яғни 28 маусымда «Астана Операда» өтеді.
Еске сала кетейік, сыйлық Мәдениет және спорт министрлігімен және «Астана Опера» театрымен театр, опера және балет өнері, жалпы мәдениетпен байланысты тақырыптарды жариялауда журналистік бастамаларды қолдау мақсатында 2021 жылы тағайындалған болатын.
Кәсіби мереке қарсаңында күннен-күнге өзінің мәнерімен еліміздің жаңа журналистикасын қалыптастырып жүрген барша қазақстандық журналистерге шынайы, жасампаздықпен жасалған қызықты материалдар үшін рақметімді айтқым келеді. Сіздердің жанкешті еңбектеріңіздің нәтижесінде оқырмандар, телекөрермендер, радиотыңдармандар әрдайым соңғы оқиғалардан хабардар болады. Бүгінде мәдениет тақырыбы бұқаралық ақпарат құралдарының жаңалықтар легінде басты орын алатыны қуантады, себебі ол мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Осынау тамаша күні шын жүректен аңсаған армандарыңыздың орындалуын тілеймін, еңбектеріңіз, дарындарыңыз бен кәсіби шеберліктеріңіз лайықты бағаланып, марапаттар әкеле берсін, – деп құттықтауын жеткізді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Марапаттау рәсіміне 40-қа жуық журналист қатысады, оларға арнап мерекелік шара аясында құттықтау концерті дайындалды.
Сыйлықтың бейнесі өзін адамдарға қызмет етуге арнаған ұлы жауынгер Томиристі білдіреді. Төрт атты арбаны басқарған батыл патшайымның мүсіні «Астана Опера» театрының маңдайшасына сән беріп тұр. Ол мәдениет мәселелерін жариялап жүрген үздік журналистерге арналған марапаттың символына айналды. Барлық шығармашылық ұжым атынан біздің тамаша журналистерге мәдениет, өнер жайлы мақалалар, пікірлер, қызықты сюжеттер үшін алғыс айтамын. Сол материалдардың нәтижесінде Қазақстанның барлық бұрышында адамдар мәдениет саласындағы соңғы оқиғалардан құлағдар болады, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
«Астана Опера» театрының жетекші солистері де қазақстандық журналистерге өздерінің шығармашылық сыйларын әзірледі. Қызықты концерт бағдарламасына әлемдік опера репертуарынан жауһарлар енді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейір Байнеш, Жамиля Джаркимбаева мен көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Назым Сағынтай көпшілік ұнататын қазақ халық әндерін, сондай-ақ әйгілі опералардан ариялар мен дуэттер орындайды.