Еліміздегі діни-ахуалды толық бақылауда ұстау үшін дінге бөлініп жатқан қаражат көздерінің ашықтығы қамтамасыз етілсе нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы, бейресми деректерге қарағанда, бір жылдағы дінге қатысты ақшаның көлемі 200 млрд теңгеден асып жығылады екен. Әлбетте, бұл аз ақша емес. Біз осы мәселеде шетелден тартылатын немесе еліміздегі шетел азаматтары құрған компаниялардың дін саласына бөлетін қаражатына қатаң бақылау орнатуымыз шарт. Біздің қаржы интитуттары әлі күнге дейін қайырымдылық жасау мен діни секталарға аударылатын ақшаны бір-бірінен дұрыс айыра алмайтын сияқты.
Шынтуайтында, шетелдіктердің қайырымдылық жасауға айырған ақшасы өз секталарының өрісін ұлғайту үшін беріледі. Ал, мысық тілеу миссионерлер үшін қаражат дегеніміз адамдарды алдап-арбап, апанына кіргізудің құралы, асай-мүсейі іспетті. Осы тұрғыда дін үшін құйылған әрбір бақыр тиын ертең ел азаматтарын ішкі еркіндігінен айыратын қарақұйын пәлекетке айналады десек асыра айтқандық емес. Тіпті, діннің атын жамылып, төрт қаруын асынған лаңкестердің де ішек майын ағартып, жарылыс жасауға желіктірген динар мен дирхемдердің сыңғыры екендігі бізге белгілі.
Сектанттар осы шаққа дейін дәстүрлі рухани құндылықтардан кемтар көптеген отандастарымыздың әлеуметтік жағдайының әлсіздігін ұтымды пайдаланып, оларды өз қатарына қосып, қарасын көбейткен үсіне көбейтуде. Жалпы, дін саласына шетелден аударылатын қаражаттан өзге, нақ ел азаматтарынан түрлі ізгі үрдістер (садақа, нәзір, қажылық, зекет) үшін берген қаражатының өзі – одан арықарай қандай мақсатта кәдеге асатыны бізге беймәлім.
ҚМДБ-ның бастамасымен «Зекет» қоры құрылғаны баршамызға мәлім. Заң шеңберінде құрылған осы «Зекет» қоры жиналған қаражатты нендей мақсатта жұмсайтындығын өз жарғысында анық та, айшықты көрсеткен. Ал, бұдан өзге түрлі қорлар мен жамағаттардың халықтан бұлап алып, жемсауына түсірген қаржыны қайда жұмсайтыны, кімдерге үлестіретіні бір Құдайға ғана аян. Бұл күңгірт пердені серпіп тастау үшін, әлбетте, діни айналымдағы ақшаның ашықтығын қамтамасыз ететін мемлектеттік тетік қарастырғанымыз жөн. Жалпы, мұсылман елдерінде дінді қаржыландыру уақыфтық жүйеге жүктелген. Біздің елімізде біртіндеп осы уақыфтық жүйенің тиімділігін өз игілігіне жаратуы керек. Мысалға, Түркияда уақыфтар діни орындар мен ғимараттарды тұрғызу, абаттандыру, жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ, өзге де діни бірестіктерді материалдық-қаржылық қамдау мәселелеріне қатыстырылады. Ал, діни бірлестіктерді бақылау һәм басқару ісі муфтиятқа жүктеледі.
Біздің еліміз де ҚМДБ-ның қаржылық істерде уақыфтық ұйымдармен координациялық жүйеде жұмыс жасауына мүмкіндік тудыруы қажет. Сонда, дін саласы өз ішінде қайнап, өзін-өзі қаржыландыратын болады. Әлбетте, уақывтық жүйенің негізін салу үшін алдымен оның құқықтық базасын қалыптастыру керек. Ол үшін де ішкі діни ахуалы бізге ұқсас туыс мемлекеттердің тәжірибесіне арқа сүйеуіміз қажет деп білеміз.