«Нұр-Мүбарак» университетінде еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисін жатқа оқудан ақтық сайыс өтті. Нақтырақ айтқанда, «Имам Науауидің таңдаулы 40 хадисі» бойынша жарияланған республикалық білім бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен 700-дей адам ниет білдірген.
Соңына дейін 300 үміткер жеткенімен, ақтық сынға 37 адам іріктелді. Финалистер «Нұр-Мүбарак» университетінде арнайы ғалымдардан құрылған комисия алдында сынға түсті.
Сайыс беташарында университет ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғибратты өміріне тоқтала келе, хадис жаттап, оған амал етудің артықшылығын айтып, барлық үміткерлерге сәттілік тіледі. Ақтық сын 4 сатыдан тұрды:
- ҚАЗЫНАЛЫ ҚОБДИША (таңдаған ұяшықтағы хадистің арабша, қазақша мәтінін қатесіз, шатаспай, жеткізушісін айту);
- ХАДИС – ҒҰРПЫМЫЗ! (Билеттегі хадис санына байланысты хадисті айтып, соған сай мақал-мәтелдер айту керек);
- КІМ ЖЫЛДАМ?! (Kaxoot бағдарламасы арқылы тест тапсыру, әр сұраққа 3-5 сек, басып үлгермесе қате болып есептеледі. Аз ұпай жинаған қатысушылар келесі турға өтпейді)
- «ТІЛ ЖҮЙРІК ЕМЕС, ОЙ ЖҮЙРІК» (Қазылар алқасы айтқан хадисті, түсіндірмесін, шархын ашық, 3 минутта ойын нақты жеткізіп беру).
Сонымен, 7 орын жеңімпаздары анықталды:
1-орын Жантөре Алтынай – 200 000 теңге;
2-орын Қасымханова Айгерім – 150 000 теңге;
3-орын Дашын Жаңагүл – 100 000 теңге;
4-орын Болат Ақзада – 50 000 теңге;
5-орын Жақипов Бағдаулет – 40 000 теңге;
6-орын Қадыр Айбек – 30 000 теңге;
7-орын Жанысбаев Рауан – 20 000 теңге.
Сондай-ақ қосымша 14 ынталандыру сыйлығы табыс етілді.
Хадис жарысын ұйымдастырушылардың бірі – «Нұр-Мүбарак» университетінің аға оқытушысы, Имам ән-Науауидің «Қырық хадис» еңбегін қазақшалаған автор, PhD доктор Азамат Жұмашев үміткерлер жан-жақтан болғанымен, соңғы ақтық сынға суырылып шығып, жеңіске жеткендер университет студенттері екенін атап өтті.
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі