2018 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстанда сауалнама жүргізіліп, екі кезеңнен тұрған HBSC зерттеуінің нәтижесінде темекі шегу тәжірибесі бар ер балалардың үлесі 1,5%-ға (5,9%-дан 7,4%-ға дейін), ал қыздардың үлесі 0,9% (3,7%-дан 4,6%-ға дейін) өскені анықталды.
Ал қазіргі таңда Қазақстандағы 13-15 жас аралығындағы жастардың 9,8%-дан астамы электронды темекіні тұрақты пайдаланады. Осыған орай Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова электронды темекі шегудің зияны туралы ескертулерін айтты.
Салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін ұлғайту үшін елімізде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында мінез-құлық қауіп факторларының, оның ішінде темекі шегудің алдын алуды арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. Сондықтан бүгінгі таңда темекі шегудің және электронды темекі шегудің алдын алу бойынша бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, көптеген түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Адамдар өз қолдарымен, өз қалталарынан түскен қаражатты пайдаланып, никотин және басқа да құрамында никотин бар өнімдерді тұтыну арқылы денсаулығын бұзатынын түсінуі маңызды. Вейпингпен күресті қалың жұртшылық, кәсіпкерлер, азаматтық белсенділер, ата-аналар, мұғалімдер қолдауы керек.
Электрондық темекі шегу жасөспірімдерге қалай әсер етеді? Темекі шегетін жасөспірімдерде өсу тежелуі, жыныстық даму және физикалық және психикалық дамудың баяулауы мүмкін.
Электрондық темекілер мен вейптердің құрамында қандай зиянды заттар бар? Зерттеулер көрсеткендей, электронды темекі аэрозольдарының құрамында жүйке, тыныс алу, эндокриндік, ас қорыту, жүрек-тамыр және экскреторлық жүйелерді зақымдайтын қауіпті металдар, әсіресе никель мен қорғасын бар.
Электрондық темекі адам ағзасына қалай әсер етеді?
Электрондық темекі шегу немесе жалпы темекі шегу денсаулыққа қауіп төндіреді, электронды сұйықтықтың құрамында өндірушілер ашпаған 1000 белгісіз химиялық заттар, соның ішінде организмде жиналып, аллергиялық реакцияларды, іріңді процестерді тудыратын және бауырдың жұмысын бұзатын пропиленгликоль бар. Ол тұрмыстық химия өнімдерін өндіруде де қолданылады.
Темекіні қалай тастауға немесе көмекке жүгінуге болады?
Егер сізде күшті ерік болса, темекіні бірден тастауға болады. Және бұдан былай кез келген сылтаумен темекіні қайта тартпау керек. Сонымен қатар күнделікті тұтынуды азайта отырып, темекіні баяу тастауға болады.
Темекі шегуге деген құштарлықты сағыз, лолипоптар (ауызда күшті дәм сезімін тудыратын), шай немесе кофе арқылы басу керек. Есіңізде болсын, бұл күй, яғни темекі шегуге деген ұмтылыс ұзаққа созылмайды, тек 5-10 минут, содан кейін өтеді.
Егер сіз барлық күш-жігеріңізге қарамастан, темекіні тастай алмасаңыз, үмітіңізді үзбеңіз. Есіңізде болсын, кез келген жағдайдан шығудың жолы бар.
Бүгінгі таңда еліміздегі емханаларда темекіге қарсы 86 кеңсе бар, олар адамдарға никотинге тәуелділіктен арылуға тегін көмек көрсетуге дайын.
Жасұлан БАҚЫТБЕК