Рамазан айы есіктен кіргелі ел-жұрт елең-алаңнан тұрып, ауыздарын бекітіп, мұсылманға парыз етілген ораза амалын орындап жатыр. Арасында елдің ертеңгі тұтқасы болар жастардың қарасы қалың. Бұл – жақсылықтың нышаны. Себебі олардың материалдық дүниенің ғана соңынан қумай, рухани жетілуге де ден қоюы саналы да саламатты қоғам құруға бет алған елдің белгісі болса керек.
Біз бұл мақаламызда рухани тақырыпты қаузап көреміз. Атап айтқанда, таяқтың екі ұшы болатынындай, дүние тіршілігі де тек байлыққа талпыну емес, оның екінші жағы – рухани кемелдікке жетуге бағытталғаны жайында сыр шертпекпіз.
Есепшот
Бүгінде көпшілігіміздің банкте есепшотымыз бар. Бұл сөзді естігенде көз алдымызға ақша, тиын-тебен келетіні рас. Алайда дүниелік есепшоттан маңызы кем емес тағы бір үлкен есепшоттың барынан біз көбіне бейхабармыз. Ол – ақыреттік есеп-қисабымыз. Шын мәнінде, әрбір адам балиғат жасына толған шағынан бастап оның «ақыреттік есепшоты» ашылады. Мұны діни терминге салсақ, «амал дәптері» деп айтамыз.
Банктерде біреудің есепшоты болуы мүмкін, біреулерде мүлдем болмаған да шығар. Ал ақыреттік есепшот жер басып жүрген әрбір пенде баласында бар.
Бұл есепшотқа жинайтын біздің жиған-тергеніміз сауап деп аталады. Өмірде нәпақа табатын жұмыстардың ұзын-саны көп болса, сауап теретін амалдардың қатары тіптен шексіз. Ең қарапайымы – жолдағы өзгелердің жүруіне кедергі болатын кесекті алып тастаудан бастап, мұқтаждарға қайырымдылық көмек беру секілді ізгі істердің бәрі – мұндай түрдегі нәпақаны дорбалап та, долларлап та жинайтын амалдар.
Ал егер сіз жаман істерді жасасаңыз, онда «ақыреттік есепшотыңыз» ортайып, арты шығынға батуға әкеп соқтырады. Сонымен, шығын дегеніміз не?
Шығын
Өкінішке қарай, сіздің есепшотыңыздағы тірнектеп жиған тиын-тебеніңізді шетінен жымқырып, азайтып тастап отыратын бір пәлекет бар. Ол – өзіңіздің жасаған күнәларыңыз. Дүниелік тілмен айтсақ, ол – шығын.
Сіз неғұрлым көп шығын жасасаңыз, есепшотыңыздың да жылдамырақ жұталуына себепші боласыз. Тіпті ондағы көп жыл бойы маңдай термен тапқан азғантай қорыңыз түгелдей таусылып, қарызға белшеңізден батуыңыз да ғажап емес.
Ал бұл өмірде дәулеті асып-тасып жатқанымен, ақыреттік қарызға белшесінен батып жүрген бейбақ жандар қаншама?! Әзірге оларды дүниелік байлығы қолдап-демеп, көтермелеп, атақ-даңқын аспандатып жүр. Ал ертең теңгең мен тиының жүрмейтін кез келгенде олар не істейтінін ойланды ма екен? Банкроттың көкесі сол кезде болар…
Банкрот
Біз көбіне банкрот деген сөзді – ақшаның таусылуы, тақырға отыру, бизнестің тығырыққа тірелуі деген ұғымдарда қабылдап жатамыз. Ал шын банкрот дегенің басқа екен.
Бір хадисте пайғамбар сахабалардан: «Банкротқа ұшыраушы кім екенін білесіздер ме?», деп сұрайды. «Банкротқа ұшыраушы – ақшасы да, мүлкі де жоқ адамдар», деп жауап береді серіктері. Сонда пайғамбар: «Шын мәнінде, менің үмбетімнен кейбір адамдар (яғни мұсылмандар) ертең Алланың алдына намазымен, оразасымен, зекетімен келеді. Бірақ олар соған қарамастан, біреуді жамандаған, біреулер туралы ғайбат сөйлеген, басқаның мүлкін тартып алған, адамның қанын төккен, біреуді ұрып-соққан, сол себепті ақыретте жиған сауаптарын өзінен жәбір көрген адамдарға береді, егер сауаптары жетпей қалса, сол адамдардың күнәларын мойындарына артып алады да, тозаққа тасталады. Міне, шын банкротқа ұшыраушылар осылар», деді.
Біз бұл мысалдан ізгі қоғам құру үшін тек құлшылық ету жеткіліксіз екенін көреміз. Айналаңа зияныңды тигізбеу, елге, жұртқа пайдалы адам болу – ең басты міндетіміз.
Депозит
Бүгінгі банктер өз клиенттерін депозиттерімен қызықтырады. Шотыңа ақша салып, кейін оны артығымен қайтарып алу кімге ұнамайды дейсіз? Осы жерде біз үшін «ақыреттік депозиттің» де бар екенін айтпай кетуге болмас.
Біздің рухани есепшотымызға жинайтын сауаптарымызды бірнеше есеге арттырып отыратын бір мезгіл бар: ол – қасиетті Рамазан айы. Бұл айда жасаған әрбір игі амалға басқа уақыттарға қарағанда еселеніп сауап жазылады. Хадиске құлақ түрелік. Пайғамбар: «Ұлылығы шексіз Алла тағала: «Құлым ас-ауқаттан, сусыннан және нәпсінің қалауларынан тек Мен үшін бас тартады, сондықтан оның сауабын Өзім беремін. Әрбір жақсылыққа он есе сауап жазамын», – деп айтты», десе, Имам Мүслімнің xабарында: «Алла елшісі: «Адам баласының барлық амалдарының сауабы еселенеді. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады», деген.
Ендеше бұл депозиттің де игілігін неге көрмеске?
Несие
Бүгінде қаражаттан тарлық көрген адамның бәрі банкке жүгіретін болды. Бір қарағанда керек кезінде қажетіңе жарайтын керемет мүмкіндік. Бірақ сол қаражат кейін қалтамыздан пайызымен қоса шығатыны туралы көбіміз ойлана бермейміз.
Ал сіз несиені алушы емес, беруші бола алатыныңызды ойладыңыз ба? Нақтырақ айтқанда, «Аллаға берілетін несие» жайында естігенсіз бе?
Құранда: «Кім Аллаға көркем қарыз берсе, сонда Алла ол үшін көп есе арттырып береді», делінген («Бақара» сүресі, 245-аят). Яғни бұл жерде несие беруші – сізсіз. Алла – оны үстемелеп қайтарушы. Мұнда қарыз деп өмірдегі ізгі амалдар айтылып отыр. Аяттың мәні – кез келген ізгі амал қайтарымсыз қалмайды және ол көп есе арттырылып беріледі. Ендеше, біз ең әуелі Аллаға берілетін «несие» жайында көбірек ойлануымыз керек екен.
Мәшһүр ғалым Хибатулла Тарази дүние мен ақырет – адамның екі көзі іспетті екенін айтады. Оның пікірінше, өмірге тек ақырет көзімен қарап, Алла тағаланың дүниелік парыз қып берген істерін (жұмыс істеу, үйлену, бала тәрбиелеу, қоғамға пайда келтіру, т.б.) аяқ асты еткендер мен айналасына тек дүние көзімен қарап, байлыққа ғана құмартып, ақыретін, екінші дүниені ұмытқандар бір көзі жоқ жандар секілді. Бұл ертеңгі күні әрбір пендені қиындыққа ұрындырары хақ.
Иә, екі дүниені тең ұстағанға не жетсін!
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ