Ислам дінінің басты принциптері бойынша тартыстар ІІ-ІІІ/VІІІ-ІХ ғасырларда мұсылман ойшылдарының табиғат, Алланың сипаттары және оның адаммен, әлеммен байланысы жайлы философиялық көзқараспен қарау төңірегінде өрбіді. Осының нәтижесінде жаңа ілім саласы – калам ілімі дүниеге келді.

Аталған жаңа ілімнің негізін салған және оның дамуына көп үлес қосқан – мутазила мектебі болатын. Мутазилиттер теологияға тән мәселелерді рационалистік көзқараспен бағалады. Олардың ұстанымы шырқау шыңына жеткен кезде, өзін жақтамағандарға қарсы ауыр соққы жасады. Ал сунниттік мұсылмандар мутазила әрекетіне бастапқы кезден-ақ қарсы тұрған болатын және олардың ілімдерін дәстүрлі әдіспен терістеуге тырысты, тіпті қатаң сөгіспен кінәлағандары да кездесті.

Осындай пікірталастар мен келіспеушіліктер ислам дінінің ойлау жүйесінде қарама-қарсылық пен екі ұдайлылықты дүниеге әкелді. Бұл ескі пікірлер мен дәстүрлі сенімдердің іргесін шайқалтып кетті. Осы кезеңде «орта жол» толеранттық ұстаныммен келісімге келу және тығырықтан шығар жол табу қажеттілігі туындады. Исламдық дүниетаным тарихының осындай қиын сәттерінде ислам әлемінің үш түрлі өлкесінде үш ғұлама жетілді: Орта Азияда әл-Матуриди, Иракта әл-Ашари және Мысырда ат-Тахауи. Олар екі ұдай көзқарастардың келісімге келуіне, заманының діни мәселелері бойынша ақылды қанағаттандыратын және Құран мен Сүннет ұсынған сенімдермен үйлесетін жол тауып, мәселенің басын ашуға тырысты. Олардың ислам философиясы мен каламының кейінгі кезеңдерде дамуына ықпалы зор болды және олар кейіннен дүниеге келген мектептердің құрушысына айналды.

Әбу Мансур Мухаммад бин Мухаммад бин Махмуд әл-Матуриди, әл-Ансари, әл-Ханафи Орта Азияның үлкен қалаларының бірі – Самарқандтың маңындағы қыстақ – Матуридте дүниеге келген. Кейбір жазбаларға қарағанда оның тегі мединелік атақты Әбу Айюб әл-Ансариге барып тіреледі. Бұл – мединелік кейбір жанұялардың самарқандқа қоныстануына байланысты. Сонымен қатар, Матуридидің қызы мединелік Әбу Айюб әл-Ансаридің немерелерінің бірі – имам Әбу-л-Хасан Али әл-Ашаридің әкесі әл-Хасан әл-Ашаримен үйленген.

Еңбектерінің кейбір бөлімдерінде Матуридидің өміріне тоқталған ұлы өмірбаян жазушылары оны 333/944 жылы дүние салды деп көрсетеді. Бірақ, олардың ешбірі оның туылған жылын көрсетпеген. Матуриди ұстаздарының бірі – Мухаммад бин Муқатил ар-Разидің дүниеден өткен жылы 248/862 болғанына ескере отырып, осы жылдан бұрын, шамамен 238/853 жылы туылған болуы мүмкін. Осы болжамға қарағанда Матуриди (мутазила ілімімен күрескен және дәстүрлі сенімді қолдаған) Аббаси халифасы – әл-Мутауаккилдің (232-247/847-861) дәуірінде туылған.

Матуридидің жұлдызы саманиттердің күшейген кезінде оңынан туды. Саманиттер 261-389/874-999 жылдары аралығында Иранды толықтай өз бақылауына алған және білім мен әдебиетке қамқорлық жасап, олар сарайларына көптеген ғалымдарды жинаған. Матуриди кіндік қаны тамған отанындағы тыныш ғылыми атмосфера мен мәдени кеңістік ішінде және алуан түрлі исламдық ілімдер кезеңінің төрт таңдаулы ғалымынан сабақ алып, білімін жетілдіре түскен. Олар имам Әбу Ханифаның шәкірттері – Шайх Әбу Бакир Ахмад бин Исхақ, Самарқанд құқықшысы атымен танымал Әбу Наср Ахмад бин әл-Аббас, Нусайр бин Яхя әл-Балхи (ө.269/881) және рей қадиі – Мухаммад бин Муқатил ар-Рази (ө.248/862).

Ілімі мен білімінің тереңдігіне (Ахли сунна уа-л-джамаа (суннит) жолына жасаған қызметіне) байланысты халық оны «имаму-л-худа», «имаму-л-мутакалламин» деп атаған. Махмуд әл-Куфауи оны «тура жолдың жетекшісі, сунниттер мен ақиқат жолдағылардың жолбасшысы, ахли сунна уа-л-джамаа өлшемін белгілеуші, адасқандар мен азғындардың тамырына балта шабушы, ғұламалардың ұстазы және мұсылмандардың иманына реформа жасаушы» деп бағалаған.

  Еңбектері: Матуриди төменде тізімі көрсетілген тәпсір, калам және методика саласында бірнеше маңызы зор кітаптар жазған:

1.  Китаб Тауилат әл-Қуран  немесе Тауилат Әһли Сунна

2.  Китаб Махаз аш-Шариа

3.  Китаб әл-Джадал

4.  Китаб әл-Усал

5.  Китаб әл-Мақалат

6.  Китаб ат-Таухид

7.  Китаб Баян Уахм әл-Мутазила

8.  Китаб Радд Ауаил әл-Адилла ли-л-Қааби

9.  Китаб Радд Тахзиб әл-Джадал ли-л-Қааби

10.  Китаб Радд Уаид әл-Фуссақ ли-л-Қааби

11.  Радд әл-Усул әл-Хамса ли Әби Мухаммад әл-Бахили

12.  Радд Китаб әл-Имама ли бад әр-Рауафиз

13.  Китаб Радд ала-л-Карамита

Өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін Матуридидің бірде-бір еңбегі жарыққа шықпаған. Еңбектерінің ішіндегі ең құнды шығармалары – Тауилат әл-Қуран мен Китаб ат-Таухид және Китаб әл-Мақалат тек қолжазба күйінде ғана сақтаулы. Тауилат әл-Қуран – схоластикалық әдіспен жазылған Құран тәпсірі. Аталған тәпсірде Матуриди дәстүрлі және рационалистік пішімде ой еркіндігіне көңіл бөлетін сунниттік каламды жақтауға және оған берік негіз жасауға тырысқан. Аталған еңбек жайлы Шайх Абдулқадир әл-Қураши өз ойын былай білдіреді: «бұл салада мен деген авторлардың кітаптарымен салыстыруға келмейтін теңдессіз кітап».

Ұлы ғұлама ой-өрісінің кеңдігі, білімінің тереңдігі және заманының философиялық ағымдары жайлы мәліметі мол екендігі оның кітабында айқын байқалады. Қолымызда бар мәліметтерге қарағанда ол «адамдық білімнің қайнарлары» ілімін бір еңбегінде (Китаб ат-Таухид) алғаш мәрте ортаға қойған және осы желіде жүйесін философиялық негізде тұрғызу жолында ұмтылыс жасаған алғашқы каламшы екендігін дәлелдеген. Оның қалыптастырған әдісі өзге каламшылар және осы тақырыпта кейінгі кезеңде әл-Бақиллани (ө. 403/1013) және әл-Бағдади (ө. 429/1037) тәрізді Ашари ғұламалары тарапынан қолданылған.

Матуриди құқықтың негізгі принциптері (усул фиқһ) жайында қалам тартқан ханафи ғалымдарының алдыңғы қатарында келеді. Осы салады Махаз аш-Шариа және Китаб әл-Джадал құнды еңбектерге жатады.

Оның еңбектері карматилердің, шииттердің және мутазилиттердің көзқарастары мен идеяларын жоққа шығаруға бағытталған. Матуриди замандастарының бірі – Әбу-л-Қасым Абдуллаһ әл-Қаби (ө. 317/929) Бағдаттағы мутазила мектебінің лидері болатын. Матуриди Китаб ат-Таухидінде Қаби көзқарастарын жоққа шығара отырып, оның үш кітабына қарсы үш кітаптан құралған сыни көзқарастарын ұсынған. Шығыста Матуриди мутазиламен, әсіресе, оның Бағдаттағы тармағымен алысқан кезде, замандасы Ашари Иракта мутазиланың Басра тармағымен шайқас жүргізді. Алайда, Матуриди мутазиламен күресін Ашариден бұрын бастаған, ол кезде Ашари мутазилалықтардың қатарында болатын

Матуриди Китаб ат-Таухидінде адамдық білімнің қайнарларымен және тақырыбымен байланысты көзқарастардың қысқаша сипаттамасын жасаған және білім алу жолын қарастырған. Оның пікірі бойынша білім алу жолы үш түрлі: 1-сезім мүшелері (әл-аян) 2-хабар (әл-ахбар) және 3-ақыл (ан-назр).

Білімге қол жеткізу мүмкін еместігін немесе сезімдердің шынайы білімді жүзеге асыра алмайтынын яки бүкіл білім атаулыға тек ақыл арқылы қол жеткізуге болатынын алға тартқан алуан түрлі көзқарастарды ол сынға алған. Білімге қол жеткізу мүмкіндігін немесе сезім мүшелерімен білімге ие болуды жоққа шығарған яки оларға күмәнмен қараған көзқарастарды теріске шығара отырып, Матуриди тіпті жануарлардың өздеріне тән сезімдері арқылы қауіптен сақтанатынын, ненің пайдалы, ненің зиян екендігін ажырата алатынын ортаға қойған. Сондықтан, заттардың объективтік ақиқатын жоққа шығарғандармен теориялық тұрғыда тартысудың мәні жоқ. Бірақ оларға қалжың ретінде былай деп сұрақ қоюға болады: «сендер нені жоққа шығарғандарыңды білесіңдер ме? Егер «жоқ» десе, жоққа шығарғандары терістеледі, ал «ия» десе, жоққа шығарғандарын мойындап, өз пікірлеріне өздері қарсы шыққан болып шығады. Бұдан да олардың көзін жеткізетін жол – оларды физикалық азапқа душар қылу. Осылайша жоққа шығарған сезімдерімен қол жеткізген білім ақиқатын мойындауға мәжбүр болады.

Хабарлар – тек, өткен оқиғалар, алыс елдер, пайдалы, зиянды заттар, тағам түрлері, дәрі-дәрмек т.б. –лармен байланысты мәліметтерге қол жеткізу құралы. Олар екі түрлі болып келеді: «тарихи хабарлар (хабар әл-мутауатир) және ақиқаттығы дәлелденетін сенімді белгілерге ие – «пайғамбарлардың хабарлары (хабар ар-русул). Аталған екі түрлі хабар білімнің өзегі екендігі расталса да, пайғамбарлардың хабарлары мойындағанда сезімтал болу қажет. Себебі, жаңылысуы, қателесуі мүмкін рауилер (хабар жеткізушілер) ұрпақтан ұрпаққа оны ұластырады. Матуридидің пікірінше білімнің өзегін құрайтын хабарды жоққа шығарғандар сезімдік мәліметті теріске шығарғандармен бірдей. Олардың көзін жеткізу үшін тәндік азапты жүзеге асыру қажет және сонда жанына батқан азаптан шағымданса, «шағымдарың бізге мәлімет бола алмайды» деген жөн.

Матуридидің пікірінше ақыл – басқа да бүкіл білім көздерінің негізі. Өйткені, ақылдың көмегінсіз сезімдер мен хабар шынайы білімді қамтамасыз ете алмайды. Метафизикалық білімдер мен моральдік қағидалар осы негізден бастау алады. Адамды жануарлардан айыратын басты ерекшелік – ақыл. Матуриди тек ақылдың мәнін айқындайтын бірнеше жайыттарды еске алған. Бұл – ақиқатқа жетуі үшін қайта-қайта ойлану, ақыл таразысына салу және ақылмен шешу Құрандағы бұйрықтардың жүзеге асуына себеп болған. Ақылды шынайы білімді айқындай алмайды деп ойлағандардың идеяларын түбірімен қопарып, ақылдың қабілетін қолданбастан олар өздерінің ілімдерін нақтылай алмайтынын Матуриди ескерткен. 

Матуридидің жүйесі бойынша ақыл жоғарғы дәрежеге ие, бірақ, оның пікірінше ақыл білуге мұқтаж болған барлық мәліметтердің шынайы ақиқатын аша алмайды. Сезімдер тәрізді оның да шегі бар. Кейде адам ақылы қалау, қозғаушы күш, әдет, қоршаған орта, қоғам сияқты ішкі және сыртқы факторлар тарапынан кірленеді, әсер алады және өз саласындағы білімнің мәліметін беруден де қалады. Кез келген ғұламаның бір мәселемен байланысты алуан түрлі көзқарастары мен әртүрлі пікірлерінің орын алуы Матуриди тарапынан жоғарыдағы мәлімдемеге дәлел ретінде ұсынылған. Сондықтан, ақыл адасушылықтан қорғайтын, тура жолды нұсқайтын, нәзік, жұмбақ мәселелерді түсінуге көмек береді және ақиқатқа жол сілтейтін көмекшіге, жолбасшыға мұқтаж. Оның пікірінше, аталған жолбасшылық – пайғамбарларға түсірілген уахи. Егер біреу уахи жолымен келген аталған құдайдың сара жолын қажетсінбей, бізге қажет білімдерді игеруге ақылдың өзі жеткілікті деп түсінсе, ол ақылға ауыр жүк жүктеген және оған зұлымдық жасаған болып шығады.

Матуридидің пікірі бойынша уахи тек діни мәселелермен шектелмейді, көптеген дүниелік мәселелерде де оның жолбасшылық жасауына қажеттілік туындаған. Алуан түрлі тағам түрлері мен дәрі-дәрмектердің айқындалуы, өнер мен кәсіптердің дүниеге келуі т.б. – құдайлық сара жолдың жемісі. Адам ақылы осы мәселелердің көпшілігінде мәлімет бере алмайды және адам аталған нәрселер жайында мәлімет алу үшін тек индивидуалдық практикаларына сенім артуға мәжбүр болса еді мәдениет шапшаң түрде дамымас еді.

Матуриди білімнің негізі және ақиқаттың өлшемі ақыл екендігін қуаттағандардың идеяларын теріске шығарған. Сонымен қатар, шабытты (илхам) да білімнің көзі деп білмеген. Оның пікірі бойынша шабыт білім саласында хаос пен пікір тартыстарды дүниеге әкеледі, шынайы білімге жетуге алып баратын жолды кеседі, адамдардың бөлшектенуіне, күйреуіне жол бастайды.

Матуриди жүйесінде ақыл мен уахи біртұтас күйде орын тепкен. Оның пікірі бойынша діни сенімнің мәліметтері уахиден бастау алады және ақылдың алдында тұрған міндет – оларды дұрыс күйде түсіндіру. Уахи дұрыс түсіндірілсе, оның ақылмен арасындағы қайшылық туындамайтыны айқын. Матуридидің тәпсір методикасына мынандай қорытынды шығаруға болады: Құрандағы күңгірт бөлімдер немесе мағынасы жұмбақ күмәнділер (мухкам және муташабих) мухкам (мағынасы айқын) аяттардың аясында қарастырылуы тиіс. Бір аяттың сыртқы мағынасы мухкам аяттардың үкімдеріне қайшы болған кезде, оның баяндалып отырған әлгі сыртқы мағынаны білдірмегендігі айқын. Өйткені, Алланың қайта-қайта ескерткені сияқты Құран аяттары арасында қайшылық жоқ. Осындай жағдайдағы аятқа тауил аясында түсініктеме жасалынады немесе оның шынайы мәні Алланың құзырына қалдырылады (тафуиз).

Осы тұрғыдан Матуридидің ұстанымы мен мутазиланың ұстанымы арасындағы айырмашылық басты мәселе болып табылады. Мутазилиттер белгілі сенімдерді ақылдық негізде тұжырымдаған, одан соң өздерінің қабылдаған сенімдеріне түсініктеме жасаған Құран аяттарынан дәлел іздеуге тырысқан. Ал пайғамбардың сүннеті мәселесіндегі ұстанымдары өз көзқарастарымен сәйкес келгендерін мойындап, ал қайшы келгендерін теріске шығарған.

Матуриди шектен шыққан рационалистер мен салафилер (дәстүршілдер) арасында орта жолды ұстанған. Кейбір мәселелерде мутазила пікірін қолдаса да діни сенімдердің негізіне байланысты Аристотель философиясын ешуақытта мойындамаған. Оның пікірлері салафилермен үйлесім табады. Бірақ Құран мен хадистің сыртқы мағыналарын үнемі негізге алмайды және антропоморфизмге қарсы шығады. Матуриди елшілерді жібермей-ақ ақылды әрбір адам үшін Алланың бар екендігін дәлелдейтін мәліметтерді ақыл-оймен табуы міндетті екендігі, нәрселердің жаратылысынан жақсы және жаман екендігі, осыған қарай Алланың әмір еткендегі немесе тиым салғандығы, адамға дұрыс пен бұрысты айыратын ақыл берілгендігі жайлы тақырыптарда мутазила пікірін қолдаған. Алайда, оларға қайшы түрде ол адамның жауапкершіліктер мен шариғат үшін ақылдың маңыздылығына қарсы шыққан. Оның пікірінше діни жауапкершіліктің негізі ақыл емес – уахи. Осы мәселе мен адам әрекетінің өзегі мәселесінде Матуриди «жарату және үкім жүргізу тек Аллаға ғана тән» деп Құран аяттарын негізге алған.

Матуриди мутазиланың құдайлық әділет пен уахдат (бірлік) сенімдерін сынға алған. Мутазила мектебінің құдайлық әділетке түсініктеме жасаған кезде, барлығын қамтитын Алланың қалауы мен құдіреті адам әрекетінің бастауы екендігін жоққа шығарады және Алланы әлсіз және сыртқы ықпалға мұқтаж жағдайға түсіреді. Құдайлық рақымдылықтың ешбір мәні жоқ екендігі үлкен күнәлар (кабаир) мәселесінде айқын байқалады. Ізгілікпен (әл-Аслах) байланысты ілімдері жамандықтың бар екендігі, табиғи апаттар, күнәсіз балалар мен жануарлардың көрген қасіреттерін қанағаттандырлық деңгейде түсіндіріп бере алмайды. Олардың пікірлеріне қарағанда адам әлемнің жаратушысынан да қуатты және еркіндікке ие. Матуридидің сипаттауға тырысқаны сияқты мутазила Құран мен Сүннеттің айқын әмірлері мен дұрыс ақыл принциптерін негізге алмаған. Олардың таухидке жасаған түсініктемелері Алланы жұмбақ, белгісісіз болмысқа итермелейді (татил).

Олардың жоқ деп санаған болмыс (әл-мадун шайун) көзқарастары дүниенің әу бастан бері бар екендігін дәлелдеуге тырысқан атеистерге қуат береді және ол әуелден бері Алламен бірге болып, Құранның жаратылғандығы мен таухид сеніміне қайшы келеді. Мутазилиттер Алланың әуелден бері жаратушы функциясын жоққа шығарып, оны кемшілігі көп, құбылмалы, тұрақсыз болмыс ретінде көрсетуге тырысқан.

Матуриди өз жүйесін екі негізгі принцип бойынша құрастырған: танзих (пәктеу) және хикмат (даналық). Танзих принципінде ол Алланың сипаттарын қуаттай отырып, ұқсастыққа (ташбих) және антропоморфизмге (таджсим) қарсы тұрған. Құранда орын алған Алланың қолы, жүзі, көздері, оның ғарышты игеруі сияқты антропоморфтық мәндерді сыртқы мағынасымен түсінбеу қажет, өйткені, бұлардың сыртқы мәніне қарап түсініктеме жасау Құрандағы мағынасы айқын аяттармен қайшы келеді. Сондықтан, аталған бөлімдер таухид (бірлік) сеніміне сай түрде Алланы оған қайшы сипаттардан арылтатын бөлімдер аясында түсіндірілуі тиіс және сөздердің араб тіліндегі түсініктері бойынша мойындалуына да көңіл аудару қажет. Оның шынайы мәні Алланың іліміне сай келуі тиіс.

Хикмат (даналық) мәселесінде Матуриди джабрия мен мутазиланың бір-біріне қайшы түрде ұсынған пікірлерін ұштастыруға, барлық нәрсені қамтитын құдайлық қалауды, құдіретті және үкімді теріске шығармай, Алланың да белгілі бір деңгейде қалауының бар екендігін сипаттауға тырысқан. Хикмат дегеніміз – бір нәрсені өз орнына қою деген сөз. Сонда құдайлық хикмат әділетті, қамқорлықты және парасаттылықты қамтиды. Алла – абсолюттік құдірет иесі, оның абсолюттігі өз хикматынан басқа сыртқы күшке тән емес. Матуриди осы құралды бір жағынан мутазиланың әл-аслах ілімімен, келесі жағынан Алланың құлдарына көтере алмайтын ауыр салмақты жүктеп қоятын (Таклиф Ма Иутақ) сунниттік көзқараспен күресуге қолданған. Әділет пен мейрімділікті қамтитын құдайлық хикматтың күші жетпейтін бір нәрсені адамнан күтуі негізсіз болып табылады. Бұл – көз көрмейтін адамға «қара», қолы жоқ адамға «ұста» деп бұйырғанмен бірдей.

Сондай-ақ, егер Алла мүміндерді тозақта мәңгілікке жазаласа немесе кәпірлерді жұмақта мәңгілікке марапаттаса, ол – әділетсіздікке жатады. Осы тәрізді мәселелерде Матуриди сунниттерге қарсы шығып, мутазилиттерді жақтаған, бірақ, олардың «Алла адам үшін ең жақсысын таңдауға міндетті» деген көзқарастарын да сынға алған. Оның көзқарасы бойынша аталған идея Алланы бір индивид үшін белгілі бір уақытта, белгілі бір әрекетті жүзеге асыруына мәжбүрлейді және оның қалау-еркін шектейді. Осылайша, құдайлық хикматтың мән берген бір амалдың шынайы мәні мен парасаттылығын емес, тек адамның Аллаға деген міндетін түсіндірген болып шығады. Сонымен қатар, аталған көзқарас күнә мәселесін түсіндіріп бере алмайды. Осыған орай, Матуриди құдайлық әділеттің жеке адам үшін жақсы істерді емес, бір әрекеттің құндылығына байланысты жүзеге асыруды және барлық нәрсені өз орнына қоюды қамтып өткен.

Бұдан соң төменде Матуридидің өз заманында маңызды болып табылатын каламдық мәселелер жайындағы адам әрекеті мен Алла арасындағы байланыс, құдайлық сипаттар және Алланы көру сияқты тақырыптарға тоқталмақпыз:

Алла мен адам арасындағы байланыс: Матуриди Китаб ат-Таухид, Тауилат әл-Қуран атты еңбектерінде алуан түрлі тақырыптарды қарастырады: Алланың қалауы мен құдіреті, оның әуелден бері бар және мәңгілікке күшін жоймайтын үкімі және жаратушы функциясы, адамның қалау-еркі, діни жауапкершіліктердің негіздері т.б.

Матуриди жоғарыдағы мәселелер бойынша джабрия, мутазила көзқарастарымен күресіп өткен және кейбір пунктер бойынша ашари мектебінен ерекшеленген. Джабрияның абсолюттік детерминизмін жоққа шығарып, ол Алла мен адам арасындағы байланысты Алла мен физикалық әлем арасындағы байланыс тәрізді қарастырмау қажеттігін ескерткен. Алла адамға ақылды, дұрыс пен бұрысты ажырату қабілетін, ойлану, сезу, қалау, шешім қабылдау қабілетін берген, олардың ақиқат жолмен жүру үшін пайғамбарлар мен кітаптар жіберген. Адам да ақыл-есін өзіне пайдалы нәрсеге бағыттайды, икемдейді. Ал өзіне зиянды деп тапқан нәрселерден аулақ болып, оларды ақыл таразысына сала отырып, олардың бірін таңдайды, істеген амалдарының жақсылығы мен жамандығына жауапты екендігін біледі. Адам әлгі істерін жүзеге асырған кезде, яғни, ойланған, қалаған, икемдеген, таңдаған және әрекетке көшкен кезде, өзін еркін деп ойлайды және өзіне сыртқы әсер ықпал етеді деп сезінбейді. Матуридидің пікірінше әлгі еркіндікті жоққа шығару – адамдық білімдердің барлығын жоққа шығару деген сөз. Сонымен Құраннан үзінділер келтіре отырып, ол Алла тарапынан әмір етілген немесе тиым салынған әрекеттердің адамдарға жүктелгендігін және осы жүйе бойынша олар өз істеріне жауапты екендігін дәлелдеген. Осылардың барлығы, көрініп тұрғаны сияқты, Алла адамдарға таңдау құқығы мен бір амалды жүзеге асыруға қажетті күшті тарту еткен. Аталған еркіндікті жоққа шығару адамның бүкіл әрекеттерге және адамдардың жүзеге асыратын күнәларға оның жауапты екендігі, қиямет күнінде өз әрекеттеріне байланысты адамдарды жазаға тартатындығы мағына туындайды, десек те, бұл – қате түсінік. Себебі, Алла Құранда өзін барлық нәрсені білуші (алим), әділет иесі (адил) және мейрімді (рахим) деп таныстырған.

Алайда, барлығын қамтитын құдайлық қалау, құдірет, оның әуелден бері бар және мәңгілікке жалғасатын үкімі, Алланың бүкіл адам әрекеттерінің өзегі екендігі мәселелеріндегі Құран түсінігі адам еркіндігімен қалай үйлесім таппақ? Матуриди бұған былай жауап берген:

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Мешіттерде уағыз екі тілде айтылуы керек пе?

Жарату – тек Аллаға тән және адамның жақсы және жаман барлық әрекеттері құдай тарапынан шешіледі және жаратылады. Жарату дегеніміз – әрекеттің абсолюттік құдірет пен ілім иесі тарапынан жоқтан бар жасалыну деген сөз. Адам баласы өз әрекетінің сапалық, себептілік, шарттылық немесе нәтижелік ерекшелігінен бейхабар болғандықтан және бір әрекетті дүниеге әкелу үшін қажетті күшке ие болмағандықтан ол өз әрекетінің жаратушысы деп есептелмейді. Енді, Алла бүкіл адам әрекетінің жаратушысы деп сипатталған кезде, құдайдың әлгі әрекеттерді қалағаны табиғи құбылыс. Өйткені, құдайдың қалауы құдайлық әрекеттен бұрын дүниеге келген. Осыған орай, дүниедегі ешбір нәрсе Алланың қалауынсыз немесе оның қалауына қайшы түрде жүзеге аспайды. Сондай-ақ, Алла адам әрекетіне кінәланбайды немесе жауапты деп саналмайды, өйткені, құдайдың қалауы құдайлық ілім тарапынан белгіленеді. Алла адам ақылын еркін түрде қолдануға қабілетті етеді және жүзеге асыруға ниет ететін әрекетті жаратады. Демек, Алла қандай да бір адамның қалайтынын білетіндіктен бір әрекетті (жақсы немесе жаман) қалайды. Нәтижесінде адам әлгі әрекетті орындауға ниеттенген кезде, Алла әлгі әрекетті оған жақсы немесе жаман әрекет ретінде жаратады. Алланың жаман әрекетті қалауы немесе жаратуы оның даналығы мен ізгілігіне қайшы келмейді. Алла жамандықты қалайды, себебі, индивидтің таңдауын еркін түрде жүзеге асыруды тілейді, алайда,  ол ғалым және әділ болғандықтан үнемі жамандыққа қарсы тұрады. Сондықтан, жамандықтар Алланың қалауына сай болғандықтан, оның билігіне, әміріне, тілегі мен жолына лайықты емес. Демек, Матуридидің пікірі бойынша жамандық құдайлық қалауға қарсы шығуды емес, құдайлық заңға, жолға, әмірге немесе тілекке құрметсіздікті қамтиды.

Әуелгі құдайлық үкімге келер болсақ (қаза мен қадар), Матуриди оның адам еркіндігіне қатыссыз екендігіне, адамға ешқандай міндеттеме қойылмағандығына сенген. Себебі, қаза мен қадар – бастапқы кезден-ақ білуге негізделетін әуелділікке тән белгі. Алла әуелден бері бар білімімен адамның таңдайтынын, қол жеткізетінін білетін әрекетке үкім шығарады. Осыған орай, адам құдайлық үкім негізінде өз жауапкершіліктерінен бас тарта алмайды деген ол өз пікірін ұсынған. Сондай-ақ әрекеттің жүзеге асуы тиіс уақыт пен орынға байланысты жауапкершіліктен бұлтара алмайды. Демек, адам баласы еркіндік мәселесінде міндеттерді орындау үшін Алла оған қажетті еркіндікті берген. Осыған орай, адам әрекетімен байланысты құдайлық үкім физикалық дүниемен байланысты құдайлық үкім тәрізді бағаланбайды.

Осы пункт бойынша аталған мәселеде Матуриди мен Ашари арасындағы көзқарас ерекшеліктерінің арасын ашудың маңызы зор. Жоғарыда баяндалғаны сияқты адамды әрекетіне жауапты қылу үшін Матуриди таңдау (ихтияр) және қол жеткізу (иқтисаб) еркіндігіне ерекше көңіл аударған. Құдайдың қалауы, үкімі және Алланың әуелден бері бар білімі адамды әлгі еркіндіктен айырмайды. Бір әрекет Алла тарапынан жаратылуымен қатар ол адамның өз әрекеті. Өйткені, ол өз қалауының жемісі және ешбір міндеттемесіз өз қолымен қол жеткізеді. Алла оған бір әрекетке қол жеткізу үшін әртүрлі құралдар мен жеңілдіктер берген. Жаратушы ие оған өз-өзін бақылау және шешім шығару қабілетін беріп, өз бағытын таңдау еркіндігін тарту еткен. Ашари «касб» терминін қолданғанмен оған әртүрлі түсініктеме жасаған. Ол «таңдау еркіндігі» идеясына аса мән бермеген. Оның пікірінше, Алла абсолюттік құдірет иесі болғандықтан құдіретпен байланысты оның қол астында болған кезде, абсолюттік білім иесі себепті іліммен байланысты барлық нәрселер оның іліміне енеді. Сондықтан оның қалауының әрекетіне ешбір әсері жоқ, ол үнемі құдайлық қалау тарапынан айқындалады. Касб тілек пен күш арқылы құдайлық құдіреттің ішіне енеді және Алланың жаратуымен жүзеге асады. Осыған орай, Ашаридің пікірінше бір әрекетке қол жеткізу тек құдайлық құдірет (кулли ирада) пен адам әрекеттерінің әрекеттесуі арқылы дүниеге келеді. Негізінде әрекетті адам арқылы жаратқан және жүзеге асырған – Алла Мұның джабрия мектебінен айырмашылығы жоқ екендігі айқын, сондықтан, Ашариді кейбір авторлар джабрия мектебінің бір өкілі деп санаған. Қади Әбу Бакир әл-Бақиллани (ө. 403/1013), Шайх Әбу Исхақ әл-Исрафайни және Имам әл-Харамайн Джуайни (ө.478/1085) сияқты атақты ашари мектебі ғұламаларының көпшілігі өз пікірлерін ұсынған және «касб» терминін әртүрлі түсіндірген.

Алланың сипаттары: Матуридидің пікірінше адамзаттың тілдері теңеуге, салыстыруға, Алланың мәні мен сипаттарын түсіндіретін терминге қол жеткізе алмайды. Алайда, ұлы жаратушының кейбір есімдері мен сипаттарын түсіну – адам үшін маңызды. Матуриди философтардың, плюралистердің, дуалистердің және атеистердің көзқарастарына сыни көзбен қарап, монотеистік ұлы құдірет, сарқылмас ақиқат сенімінің әлемдік дәрежеде екендігін, бірақ, адамдардың әлгі ұлы болмыстың есімдері мен сипаттарына әртүрлі көзқараспен қарағандығын атап өткен. 

Оның пікірінше, муаххид (монотеист) сенімді қуаттайтын адамдар арасында мутазилиттер құдайлық сипаттарды эәне олардың мәңгілігін теріске шығарып, әлгі әлемдік дәрежедегі монотеистік сенімді қауіпке айналдырған. Аталмыш мәселеде олардың идеяларын жоққа шығара отырып, ол Алланың көркем есімдері бар екендігін барлығы қуаттайтынын, сондықтан, мәнсіз, мазмұнсыз (абстарктілік күрде) әлгі есімдерді құдайға жаба салу бос әурешілік деп білген. Мәселен, Алла дана иесі деген кезде, ол оның даналық иесі екендігін білдіреді. Құдайлық сипаттарды жоққа шығару (татил) оны түсініксіз болмысқа айналдырады, Алланы тануға мүмкіндік бермейді және оны беймәлім, белгісіз жоқ болмысқа айналдырады. Құдайлық сипаттардың әуелден бері бар екендігін жоққа шығару Алланы кемшілігі бар және құбылмалы болмысқа айналдырады және монотеистік негізге нұқсан келтіреді. 

Алланың сипаттарына сенуден туындаған плюрализм және антропоморфизмнің Алланың абсолюттік бірлігі мен мухалафатун ли-л-хауадис (жаратылғандардың ешбіріне ұқсамау) сеніміне сену арқылы мәнін жоюға болады. Осылайша, біз «Алла біледі» деген кезімізде, күпірлік идеясына қарсы тосқауыл ретінде «қатардағы білушілер сияқты емес, оның білімі біздің біліміміз сияқты емес»деген шешімді қабылдаймыз. Құдайлық сипаттардың және олардың әуелгіліктігін, мәңгіліктігін жоққа шығарудың нәтижелері оларды қуаттайтын нәтижелерден де қауіпті.

Алланың заты мен сипаттары арасынағы байланысқа келер болсақ, Матуридидің пікірінше бұл мәселе – хаос: адам ақылы оны қанағаттандыра алмайды. Сондықтан біз Алланың жалғыз екендігіне, өзін тән сипаттары бар екендігіне, бейнесіз, салыстырмасыз түрде сенуге міндеттіміз. Сипаттар оның затымен бірге де, одан тыс та емес (ла хуа уа ла ғайруһу) дегеннен басқа тереңдей алмаймыз.

Матуриди сипаттардың (мейлі Алланың затына, сипаттарына тән болсын) әуелден бері бар (жаратылмаған) екендігін қуаттаған. Тәкуин сөзі «жарату, тірек болу т.б.» сияқты әрекеттерге тән бүкіл сипаттар мағынасында қолданған. Оның пікірінше тәкуин – құдіреттен бөлек бір сипат. Алла – жаратудан бұрын да, кейін де жаратушы. Алайда, бұл – дүниенің әуелден бері бар екендігін білдірмейді, себебі, ілім мен құдірет нәтижесінде дүниеге келген жаратылыстарға қарамастан ілім мен құдірет сипаттары әуелден бері бар болса, жаратылыстарды дүниеге әкелген тәкуин де әуелден бері бар сипат. Әуелгі кезде дүниенің болмағандығы Алланың құдіретсіз екендігін емес, оның әуелгі ілімі мен қалауына сай уақытта жаратқандығын көрсетеді.

Ашари аталған мәселеде мутазилиттерді қуаттаған және әрекет сипаттарының жараталғандығын қолдаған. Ашаридің аталмыш мәселеде мутазилиттерді қолдауы Алланың әуелгілік және жаратушы құдіретімен дүниенің әуелгі екендігін сипаттауға тырысқан Аристотель философиясынан аулақ болуынан туындаған болса керек. Ал Матуридидің басты тезисі – қандай да бір құдайлық сипаттың жаратылғандығы идеясы – Алланың кемел, өзімен бірге тұрған (қаим), әуелгі ақиқат пікіріне қайшы келетіндігіне, осылайша монотеистік сенімге үйлеспейтіндігіне байланысты.

«Каламуллаһ» мәселесіне келер болсақ, Матуридидің пікірінше басқа да сипаттары сияқты алланың «сөйлеу» сипаты бейнелеу мен салыстыруға сәйкес келмейтін кейіпте әу бастан бар. Аталған әуелден бар сипаттың, яғни калам сипатының шынайы мәні білінбейді, алайда, құдайлық сөз адамның сөйлескендегідыбыстар мен әріптерден құралмағандығы айқын. 

Өйткені, дыбыстар мен әріптер жаратылған. Осылайша, тек сөздерде өз мәнін тапқан «мағына» жаратылған дыбыс арқылы естіледі және түсінуге болады. Мұса пайғамбар құдайлық сөзді естімеді, сондықтан, Алла оған жаратылған сөдер мен дыбыстар арқылы естіртті және мағынасын түсіндірді. Пайғамбардың естіген немесе оларға уахи арқылы жіберілген үш себеппен метафоралық түрде «Алланың сөзі» деп аталады: 1. Олар тек Аллаға ғана тән құдайлық әмір, тиым және жаза сияқты сөздің мағынасын ұқты (естіді); 2. Сөзді (калам) ретке келтірген – Алла, сондықтан, оны адамның игеруі мүмкін емес; 3. Калам әуелден бері сөйлеуді және оның мутакаллим (сөйлеуші) сипатын айқындай түседі.

  Жоғарныда баяндалғаны сияқты, Матуриди Құранды құдай сөімен тең деп санаған сунниттердің көзқарасын жоққа шығарып, Құранның кейіннен жаратылғандығын қуаттаған мутазиланың көзқарасын принцип бойынша қолдаған. Дегенмен, мұнда олардың алмаған тақырыбы – Құранның кейіннен жаратылғандығы немесе жаратылмағандығы емес, Алланың құдайлық сөзі мен сөйлеу сипаты мәселесінде өрбіген.

Матуриди сияқты Ашари де Алланың құдайлық сөзі мен сөйлеуі сипаты бар екендігін қуаттаған. Алайда, Китаб әл-Лума және әл-Ибаһа атты оның еңбектеріндегі орын алған ұзын сонар сөзінен «Алланың сөзі» жайлы не дегісі келгендігі және оның пікірінше әуелгісі Құранның сөздері ме, әлде, мағынасы ма екендігі айқын баяндалмаған. Ол құдайлық сөздің жаратылған дыбыссыз естілетінін алға тартқан. Шахристани Ашаридің сөздерді кейіннен жаратылған, ал жеке мағынасының (әл-мана ан-нафси) әуелгіден бері бар екендігін сенгендігін мәлімдейді. Аталған соңғы көзқарас – атақты бүкіл ашари ғұламаларына тән. Егер жағдай осылай болса, аталған мәселе бойынша мутазила мен ашари арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ деген сөз.

Алланы көру: Баршамызға мәлім болғаны сияқты, Матуриди мутазилиттер сияқты антропоморфтық құдай идеясына қарсы шыққан және Құрандағы осы типтес бөлімдерге түсініктеме жасаған. Ал мүміндердің жұмақта Алланы көретіні мәселесіне келер болсақ, ол сунниттердің пікірін қуаттаған және Құранның осы тақырып төңірегіндегі мәселелер мен пайғамбар хадистерінің сыртқы мағынасын негізге алу қажеттігін жақтаған. Схоластикалық ой-пікір типі аталған аяттар мен хадистер әрпі мен рухының метафоралық түрде түсіндіруілуіне рұқсат етпейді. Оның орнына Алланы көруге «оның нұсқауларын, марапаттары мен жазаларын көру немесе оны жүрекпен білу» деп түсініктеме жасау қажет. Алайда, аталмыш көзқарас о дүниеде мүміндермен қатар кәпірлерге де қатысты, тіпті ол бұл дүниеде де жүзеге асуы мүмкін. Мұның мүмкін еместігі айқын, одан басқа қасиетті кітаптар үнемі сыртқы және шынайы мағынасымен түсіндірілуі тиіс.

Алланың ақыретте көрінетіні айқын, бірақ, оны тәнтік болмыс деп түсінбеген жөн. Демек олардың сыртқы мағыналары терістелсе, оның нәтижелері қауіпке айналады, тіпті алланың бар екендігін жоққа шығаруға жол ашады. Бұл дүниеде Алланың, мысалы, тәнсіз, қасиетсіз немесе болмысы уақыт пен кеңістік тарапынан шектелместен білген және алам еткен болса, неге о дүниеде де көрінбеске? Кейбір адамдар тәнсіз, қасиетсіз бір нәрсені көру нәтижесіз болғаны сияқты қате түсінге және Алланың жұмақтағы көрінісін бұл дүниеде материалдық заттардың көрінісімен салыстырған. Осылайша, муджассима Аланың денесі бар екендігін, өйткені, көрінетінін (жұмақта), мутазила оның көрінбейтінін, себебі, денесі жоқ екендігін қуаттап қатескен. Матуридидің пікірінше көрудің шарттары дәрежеден дәрежеге, тұлғадан тұлғаға және жыныстан жынысқа қарай өзгеріп отырады. Кейбір құбылыстар бар, бірақ біз олары көре алмаймыз. 

Денеге ие емес періштелер бізді көреді, бірақ, біз оларды көре алмаймыз. Көрудің шарттары жарық сәулесі қараңғылық пен көлеңкені, қатты материалдық заттарды көрудің шарттарымен бірдеу емес. Сондықтан, физикалық затты көруге қажетті шарттарды о дүниеде денеге ие емес болмысты көруге қолдану – қате түсінік. Демек, бұл дүниеде Алланы көру мүмкін емес болуы ықтимал, ал о дүниеде олай емес. Матуриди белгілі себептерге байланысты көрудің шарттары орын алғанмен, кейде бейне ортаға шығады, сондай-ақ шарттарсыз-ақ көрудің жүзеге асуы мүмкін. Матуриди тағы да былай дейді: сезімдік тәжірибелерімізге қарағанда мән мен қасиеттің мәліметіне адамның қол жеткізуі мүмкін, бірақ, біз әлгі сезімдік тәжірибесіз-ақ ақиқат туралы мәліметті игеру мүмкін емес екендігін қуаттаймыз. Аталған принципті Алланы көру мәселесіне де қолдана аламыз.

Қысқаша айтар болсақ, Матуриди жұмақта Аланы көру ең жоғары рухани және ақылдық талғам екендігін және мүміндердің ең жоғары марапаты екендігін алға тартады. Бұл – Құран мен Сүннетке негізделген және ақылмен қуатталған иман шарттары төңірегінде жүзеге асады. Сондықтан, аталған мәселені егжей-тегжейлі баяндамай-ақ мойындауға міндеттіміз.

Матуриди мен Ашари ілімі көп уақыттан бері халық тарапынан мойындалды. Оларға телінгенмен Матуриди де, Ашари де ілімдерінің құрушылары емес, тіпті осы салаға жетекшілік жасамаған. Имам Әбу Ханифа (ө.150/707) Ахли сунна уа-л-Джамааа ішінде алғашқы даңқты ғұлама болып табылады. Мұсылман құқығы саласында зерттеулер жасамай тұрып, калам ілімімен айналысқан ол өз замамындағы адасқан діни мектептермен алысқан және калам саласында алғашқы сунниттік мектептің негізін қалаған. Ал Матуриди оның салған сара жолдан айнымай өз заманының философиясы аясында түсіндірген, ақылдық қисын алқылы тартыс жолын сақтауға тырысқан. Және оған берік жүйе тетігін салған. Осыған орай, аталған мектеп құрушысына мейлінше жеткілікті форма жасап, (өзгелердің алдында) жемісі мол түсініктеме жасаған.

Матуриди мен Ашари ілімінің ерекшеліктеріне былай баға беруге болады: Ашаридің талпынысы кейінгі дәуірде рационализм мен салафизм арасында орта жол салса, матуриди Ашари мен мутазила арасында жол тапқан. Аталған екі сунниттік калам жетекшілері, яғни, әлгі екі мектеп арасындағы негізгі айырмашылықтардың саны кейбір авторлар тарапынан елуге жеткізілген. Аталған айырмашылықтың нәтижесі ретінде бір кезеңдерде аталған екі мектептің өкілдері арасында бақталастық белең алған, алайда, уақыт өткен сайын аталған процесс саябырсып, екі мектеп те сунниттік мектеп ретінде мойындалды. Дегенмен, зиялық мұсылмандардың матуриди салған жолдан қаншалықты әсер алғанын төмендегі мысалдан оңай түсінуге болады: насафидің (ө. 537/1142) Ақаид атты кітабы Матуридидің Китаб ат-Таухидтың мазмұнына тоқталып өткен. Ол ислам әлеміндегі көптеген білім беру қоғамы тарапынан жоғары деңгейдегі еңбек және калам саласындағы негізгі оқулық ретінде ұсынылған.

Абдулқахир Бағдади (ө. 429/1031) және Имам әл-Харамайн Джуайни (ө. 478/1085) сияқты ұлы матуриди, ашари ғұламалары аталған мәселелерді (дүниенің әуелден бері бар еместігін, Алланың болмысы, оның бірлігі мен сипаттары, адам ақылының мәні, уахиге деген мұқтаждық және Мұхаммедтің пайғамбарлығы т.б.) сипаттау үшін дүниеге әкелген салыстырмалы еңбектері Матуриди ықпалының одан кейінгі сунниттік каламшыларға қаншалықты зор болғандығын көрсетеді. Қазақ даласына исламның енуі оның ішінде тауил теориясы негізінде сопылық философияның қалыптасуына да ықпал еткен ғұлама осы Матуриди болатын. Ал қазақ даласына ханафи фикхы мен Матуриди акидасының орнығуы мен танылуында да Иасауи ілімінің орны зор.

М. И. Оспанов, 

ҚР ДІА Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы

Исламды зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері 

Пікір жазу