Имам Матуриди мен имам Әшғари бір дәуірде өмір сүріп, бір бағытта еңбек еткен. Бірақ имам Әшғари Исламды іштен ірітпек болған дұшпандармен бірге күн кешті. Ол өмір сүрген Басра қаласы Мұғтазила мәзһабының отаны еді. Мұғтазила мәзһабының өкілдері мен фиқһ-хадис ғұламалары арасындағы қақтығыстың майданы осы Ирак өңірі болатын. Ал Матуриди өмір сүрген Мауараннаһр өлкесі сүнниттік ғалымдар мен Мұғтазила мәзһабының өкілдері арасындағы пікірталастан біршама алыс еді.
Дегенмен, Мәймун, Муғтасым, Уасиқ секілді халифтердің дәуірінде Мұғтазилиттік сенімнің мемлекеттік идеологияға айналуына байланысты, олардың пікірлері халифаттың барлық өңірлеріне тарап жатты. Мауараннаһр өлкесінде Мұғтазила мәзһабы басым күшке ие болмағанмен, олардың пікірлерін уағыздаушылар бірлі-жарым болса да бар еді. Имам Матуриди Мұғтазила мәзһабының ондай өкілдерімен пікірталас жүргізгендігі белгілі. Имам Әшғари мен имам Матуридидің пікірталас майдандары бір болғандықтан, олардың ортақ ұстанымдары ғана емес, шариғатты түсіндіру тәсілдері де бір-біріне ұқсайтын.
Десек те, екі имамның пікірталастағы кейбір әдістемелік ерекшеліктері мен ұстанымдағы айырмашылықтары болды. Бірақ зерттеушілердің көпшілігі имам Матуриди мен имам Әшғари пікірлерінде айта қаларлық өзгешелік болмағандығын білдіреді. Мысалы, Шейх Мұхаммед Абдуһ имам Әшғари мен имам Матуридидің арасындағы ерекшеліктер үлкен қарама-қайшылық туғызбайтынын айтқан.
Бірақ екі имамның кәләм іліміне қатысты көзқарастарына келер болсақ, олардың пікірлерінде азды-көпті айырмашылық барын байқаймыз. Екі имам да Құран Кәрімді зерттеу барысында ақыл мен қисынға мейлінше сүйенген. Олардың бірі екіншісіне қарағанда ақылға көп арқа сүйеді. Имам Әшғари Алла тағаланы Құран-хадис арқылы тануға көбірек мән берсе, имам Матуриди имам Ағзамның жолын ұстанып, Алланы ақылмен тануға бейімділік танытты.
Имам Әшғари ақыл-ой бір нәрсенің жаман-жақсысын шариғатсыз ажырата алмайды десе, имам Матуриди шынайы ақыл жақсы-жаманды өздігінен ажырата алатынын айтады.
Имам Матуриди ақиқатқа жету үшін ақылды қолданғанда, әсіре сілтеп жібермей, ақыл мен қисынға орнымен жүгінеді. Ал имам Әшғари мен оның ізбасарлары нақылға (Құран мен Сүннетке) көп мән беруімен өзгеше. Осыған орай, Матуридилікті Мұғтазила мен Әшғарилік арасындағы ақида мәзһабы деп түюге негіз бар. Ал Әшғарилік – Мұғтазила мен фиқһ-хадис ғалымдарының арасындағы мәзһаб.
Имам Матуриди ақылға шариғаттың шеңберінде жүгінді. Нақылмен бірге, ақылды да ақиқатты танудың қайнар көзі деп білді. Имам Әшғари да ақиқатқа дәлел келтіруде нақылға ақылды сүйеніш еткен. Бірақ ол ақылды ақиқатты танудағы нақылға көмекші құрал ғана деп түсінді. Ал имам Матуриди ақылды да сенім мәселелеріне қатысты дәлел келтірудің дербес қайнар көзі деп білді, бірақ мұғтазилиттер секілді нақылсыз жалаң ақылмен ақиқатты табуға бас қойып қателікке ұрынбады. Ақыл бойлай алмайтын жайттарды мойындады. Аят, хадис негізінде ақылмен әрекет етуді үндеген имам Матуриди Құран Кәрімге түсіндірме жасағанда, мағынасы айқын білдірілмеген аяттарға мағынасы анық аяттар негізінде жорамал жасау тәсілін қолданды. Оның пікірінше, егер адамның ақылы діни мәтіндерді тәуил жасауға күші жетпесе, оларға иман келтіріп қана тоқтаған жөн. Сахабалар мен табиғиндердің мағынасы анық емес діни мәтіндерге қатысты ұстанымдары да осындай еді. Имам Матуриди Құран Кәрімді мүмкіндігінше аяттармен тәпсірлеуге тырысты. Себебі Құран Кәрім аяттарында қарама-қайшылық кездеспейді: «Егер Құран Алладан басқаға тиесілі болса, онда көп қарама-қайшылық табатын еді» («Ниса» сүресі, 82-аят).
Имам Матуридидің мағынасы анық емес аяттарға түсіндірме жасауы, фиқһшылар мен хадисшілердің ұстанымына қайшы келсе де, сол дәуірдің заманауи қажеттілігі еді. Ислам қанатын кеңге жайған сайын, ескі діндер мен мәдениеттердің ықпалына ұшырай бастады. Ислам ғұламалары мутәшәббиһ аяттарға түсіндірме жасамағанмен, дүбәра сенімдегі кейбір ғалымсымақтар Исламдағы мағынасы анық емес мәтіндерді өз білгендерінше белгілі бір ғылыми тәсілсіз жорамалдай бастады. Олардың азғын пікірлерінен дінді құтқару мақсатында имам Матуриди мутәшаббиһ аяттарды Ислами негіздерге қайшы келмейтіндей тұрпатта жорамалдап, халық сенімінің бұзылуына тосқауыл қойды.
Сүнниттік ақида мен кәләм мектебін құрушы екі мектеп те алдымен нақылға (аят пен хадис) сүйеніп, одан кейін ақылға мән береді. Олар ақида саласында ақылға мүлдем мән бермеген фиқһ-хадис ғалымдары мен ақылды шектен тыс қанаттандырып жіберген Мұғтазила ағымының ортасынан орын тепті.
Әшғарилік пен Матуридиліктің арасындағы ең басты өзгешеліктер мыналар:
• Имам Матуриди бойынша Алла пендесіне күші жетпейтін нәрсені жүктемейді және оны күші жетпейтін іске жауапты қылмайды. Себебі, Құранда былай дейді: «Алла кісіге шамасы келмейтінді жүктемейді…», («Бақара» сүресі, 286-аят). Ал Имам Әшғари пікірінше, Алла қаласа, пендеге күші жетпейтін нәрсені бұйырып, оған жауапты етуі мүмкін;
• Имам Матуриди адамның ақылымен Алланың бар және бір екенін білуі парыз десе, имам Әшғари парыз емес деді. Матуриди бойынша діни үгіт-насихат болсын-болмасын, адам Алланы ақылымен тауып, сенуі керек. Мысалы, тау басында өмір сүрген адам біздің сеніміміз бойынша Алланың бар екендігін ақылымен тауып, оған сенуі керек. Бірақ оған дінді ешкім үйретпегендіктен мұндай жағдайда ондай пенде діни міндеттерден жауапқа тартылмайды. Әшғарилер бойынша діни үгіт-насихат жасалмаған жердегі адамдар Алланы ақылымен тауып, оған иман келтіруге міндетті емес;
• Имам Матуриди «иман кемімейді де артпайды да» десе, имам Әшғари «иманның кемуі де, кемелденуі де мүмкін» деді;
• Имам Матуриди қазір мүмін болған адамды мұсылман дейміз, бірақ та өлер ал-дында кәпір болса, күпірлікке кірген болып табылады десе, Имам Әшғари күпірлікпен өлген адам өмір бойы кәпір болған болып саналады дейді. Өмірінің соңында мүмін болып өлген адамға да осылай (өмір бойы мүмін болған) дейміз деді;
• Имам Матуриди: «Иншалла мүмінмін» деуге болмайды (бұлай деу өзінің иманына шүбә келтірушілік) десе, имам Әшғари бұлай деп айтуға болады деп ұқты. (Осы себептен де, Матуридия мәзһабындағылар: «Дінің не?» деп сұрағандарға, «Әлһамду-лилла, мұсылманмын» деп жауап береді. Ал, Әшғария мәзһабындағылар: «Иншалла, мұсылманмын» деп жауап береді;
• Имам Матуриди «иман мен Ислам» бір десе, имам Әшғари «екеуі екі басқа нәрсе, Ислам сеніммен бойұсыну болса, иман сенімін амалмен дәлелдеу» деп білді;
• Әшғарилер жан алқымға келгенде жасалған тәубе қабыл емес десе, Матуриди-лер мұндай тәубенің қабыл екендігін білдіреді. Бірақ, жан алқымға келгендегі иманның жарамсыздығын айтады;
• Әшғарилер бойынша бір нәрсенің жақсы немесе жаман (хусн-қубх) екенін ақыл біле алмайды. Бұлардың жақсы немесе жаман екендігі Алланың әмірі мен тыйымдары нәтижесінде анықталады.
• Матуридилер бойынша жақсы мен жаманды ақылмен білуге жол ашық. Алла бір нәрсенің жақсы болғандығы үшін әмір етіп, жаман болған нәрсеге тыйым салған;
• Әшғарилер бойынша Алланың жаса-ғандарынан себеп іздестірілмейді және бір хикметпен байланысы да жоқ. Өйткені Алла жасағандарынан жауапты емес.
• Матуридилер бойынша Алланың жаса-ған нәрселерінің бір хикметі бар және себепке сүйенеді. Өйткені, Алланың әрбір ісінде бір хикмет бар. Ол бәрін біледі және Хәкім;
• Имам Әшғари Алла тағаланың адамдарға дінді түсіндіруші пайғамбарлар жіберуі уәжіп емес десе, имам Матуриди пайғамбарлардың жіберілуі Алланың Хикмет сипатының қажеттерінен деді.
Негізінен екі ғұлама да өз пікірлеріне Құран Кәрім және ақыл мен қисын тұрғысынан нақты дәлелдер келтіре алған. Осылардың кейбіріне тоқталып өтер болсақ.
Имам Матуридидің пікірінше, пайғам-бардың ер адам болуы міндетті. Ол өзінің пікіріне Құран Кәрімнен мынандай дәлел келтірді:
1. «(Мұхаммед с.ғ.с.) сенен бұрын да уахи етіп тек ер адамдарды ғана елші етіп жібердік. Егер білмесеңдер, білім иелері-нен сұраңдар» («Нахыл» сүресі, 43-аят).
2. «Сенен бұрын да кенттердің халқынан өздеріне уахи етіп, ер адамдарды ғана жібердік» («Юсуф» сүресі, 109-аят).
3. «Сенен бұрын да өздеріне уахи етіп, ер адамдарды ғана жіберген едік» («Әнбия» сүресі, 7-аят). Сондай-ақ, ғалымның пікірінше, халиф, әкім, әмірші, қолбасы және қазының да әйел затынан тағайындалғаны дұрыс емес. Себебі әйел затының нәзіктігі бұл міндетті көтере алмайды. Бірақ әйел адам пәтуа бере алады деді. Ал имам Әшғаридің көзқарасы бойынша, пайғамбар әйел затынан да келуі мүмкін. Оның дәлелі ретінде Құран Кәрімнің мына аяттарын ұсынады: «Біз Мұсаның анасына уахи еттік» («Таха» сүресі, 38-аят), «Мұсаның анасына: «Оны еміз де, оған бір нәрсе болады деп қорықсаң, онда оны дарияға салып жібер. Қорықпа да күйінбе! Расында оны саған қайтарамыз да, оны пайғамбарлардан қыламыз» деп уахи еттік» («Қасас» сүресі, 7-аят). Бұл ойдың иелері осы аяттардың әйел затына да Алладан уахи түсетінін білдіретіндігін, ал уахидің келуі пайғамбарлық белгілерінің бірі екендігін айтқан. Сондай-ақ, имам Әшғари ұстанымы әйел адам пәтуа бере беретіндігін, әкім және дін уағызшысы да бола алатындығын алға тартқан. Себебі, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю – олардың да парызы.
Имам Әшғари осы пікірінің негізінде Құранда аттары аталған Мәриям, Әсия, Сара, Хажар, Хабба және Мұсаның анасын пайғамбар болуы ықтимал деп пайымдады. Имам Матуридидің Әшғари сеніміндегілердің жоғарыдағы дәлелдеріне келіскісі келмеді. Имам Матуриди «…Мұсаның анасына уахи түсірдік» аятын пайғамбарларға берілетін уахи емес, Мәриям анамызға түскен иләһи аян деп ұққан жөн екендігін білдірді. Мұнда Алла бір пайғамбарды өмірге әкелу үшін оның анасына періште жіберіп отыр. Сол секілді «Мұсаның (ғ.с.) анасына уахи жібердік» деген аятта да Мұса пайғамбардың (ғ.с.) анасына бір періште жіберген болуы мүмкін деп ой түйеді. Имам Әшғари да Матуридидің бұл пікіріне қарсы мынадай уәж айтты: «Мәриям анамызға Жәбірейіл періште жіберілген, бұл періште тек пайғамбарларға уахи түсіруші екендігі белгілі. Олай болса, Мәриям анамыз – пайғамбар».
Екі имамның арасында пікір тартысын тудырған мәселелердің тағы бірі Алланың заты және сипатымен астасып жатты. Имам Матуриди Алланың заты мен сипаты бір деп білді. Ал Имам Әшғари оларды екі басқа нәрсе деп ұқты. Екі имам да күн мен күннің шапағын мысал ретінде келтіреді. Имам Матуриди Алланың заты күннің өзі болса, Алланың сипаттары күннің шапағы. Күннің шапағы күннен шығады. Күн болмаса шапақ болмайды. Демек, екеуі бір нәрсе деп түсінді. Ал имам Әшғари Алланың заты күн бола қойсын. Алланың сипаттары күннің шапағы деп алалық. Бірақ шапақ дәл күннің өзі секілді емес. Күн де дәл шапақ секілді емес. Демек, Алланың заты мен сипаты бір емес деп білді. Сондықтан әшғариттер Алланың құдірет, қалау, ілім, хай (мәңгі тірі), есту, көру, кәләм (сөйлеу) секілді сипаттары бар, бірақ Алланың бұл сипаттары затынан мүлде басқа деп сенді.
Ал матуридиттер Алланың бұндай сипаттары бар, бірақ Алланың бұл сипаттарын Оның затынан бөліп қарастырмаған жөн деген ұстанымда болды.
Имам Матуридидің тағы бір өзгеден ерекше пікірі – қиямет күні Алла тағаланың дидары көріне ме, көрінбей ме деген мәселе. Шындығында, Құран Кәрімде: «Қиямет күні кейбір жүздер жарқырап, Раббыларына қарайды» («Қиямет» сүресі, 22-аят), – деп бұйырылып, ақырет күні кейбір жүздердің Оған қарайтындығы айтылған. Имам Матуриди Құранда баяндалғанындай қиямет күні Алланың дидары көрінеді деп сенді.
Имам Матуриди Алланың көрінуі, бұл қиямет күніне тән ерекше жағдай. Ақыретте Алла көрінсе, онда Ол заттан және мекеннен тұрады деп ойлау – бұл дүниелік көзқарас. Ал қиямет күнгі жағдайдың қалай болатындығы бізге беймәлім. Сондықтан Құранда қиямет күні Алланың көрінетіндігі туралы анық айтылса, біз бұған сенуге тиістіміз деген ұстанымда болды. Әрі бізге білінбейтін нәрселер жайында пікір айтпау туралы Құран Кәрімнің: «Өзің білмеген нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек – барлығы да сұралады» («Исра» сүресі, 36-аят), – деген аятын негізге алды.
Имам Матуридидің пікірлері үлкен күнә жасаған адамның ақыреттегі жағдайы қалай болады деген мәселе төңірегінде де шоғырланды. Ислам ғұламаларының көпшілігі Аллаға иман келтірген адамның мәңгілік тозақта қалмайтындығына сенген. Ал харижиттер үлкен-кіші күнә істеген адамды мүміндік санаттан шығарып, кәпір-лер қатарына қосқан.
Имам Матуриди бұл жөніндегі ойын былайша сабақтайды: «Күнәһар мұсылмандардың ақыреттегі жағдайын Аллаға қалдырғанымыз жөн. Егер Алла қаласа, рақым етіп, күнәһар пендесін ке-шіреді. Қаласа, күнәсіне қарай азаптайды. Бірақ Өзіне иман келтірген адамды тозақта мәңгі азаптамайтыны анық. Осылай ойла-ғанда адам «үміт» пен «қорқыныш» арасында күн кешеді. Себебі, Алла кішкентай бір күнә үшін рақым етпей, пендесін азаптауы немесе үлкен күнә жасаған пендесін кешіруі мүмкін. Алла Құран Кәрімде: «Алла Өзіне ортақ қосқанды жарылқамайды да, бұдан өзге күнә жасаушыларды кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, расында, үлкен күнә жасаған болады» («Ниса» сүресі, 48-аят), – деп, Өзіне серік қосушыларды ғана кешірмейтінін айтқан.
Һижра жыл санауымен ІІІ-ІV ғасырларда Ислами ойды мазалаған аталмыш мәселелер жайында имам Матуридидің жалпы көзқарастары осылар.
Бұл мәселелер ғұламалар арасында пікірталастардың тууына жол ашқан. Ғалымдар бұндай мәселелер төңірегінде таласқа түсудің мұсылмандардың ешқай-сысын күпірлікке апармайтындығы ту-расында бір ауыздан келіскен.
Осы тұста Абай Хәкімнің сенім тұрғы-сынан Имам Матуридидің ақидасын ұстанғанын айта кеткен жөн. Оның Алла тағаланың сүбутия сипаттарына байланысты айтқаны соның дәлелі болмақ. Әшғари мәзһабында Алла тағаланың сүбути сипат-тары жетеу деп көрсетіледі. Ал Абай Алла тағаланың сүбути сипаттарына Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәміғ, Ирада, Кәлам, Тәкуинді жатқызады.
Әшғари сеніміндегі Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәміғ, Ирада, Кәлам деген сипаттарға Тәкуинді қосып, Алла тағаланың сүбути сипаттары сегіз деп білу матуридилік ұстаным.
Неліктен біз шариғатта Имам Әбу Ханифа мәзһабын, ал ақидада Имам Матуриди мәзһабын ұстанамыз?
«Фиқһ» (шариғат) пен «Ақида» екі бөлек пәндер. «Фиқһ» мұсылманның Алла тағалаға жасайтын құлшылықтары туралы қағидалар-ды қарастырады, ал «Ақида» Жаратушының өзі туралы (сипаттары) және Құран мен хадистерде келген ғайып хабарларды (тозақ, жәннат, қабір азабы, т.б) қарастырады.
Имам Әбу Ханифа бастапқыда «Ақида» саласында кітап жазғанымен, оның еңбек-тері негізінен «Фиқһ» бағытында жүргізілді. Имам Матуриди болса, үнемі «Ақида» бағытын тереңірек зерттеуді көздеді.
Ханафи мәзһабының ғалымдары Имам Матуридидің көзқарасы мен Имам Әбу Ханифа көзқарасы толық үйлесетініне келіскен.
Шариғаттағы төрт имамның ақидала-рында ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Төрт имам да, Исламдағы барлық мужтаһид ғұламалар да шариғаттағы амал ету мен «Ақида» дәлелдерін Құран және сүннеттен алады.
Имам Матуриди бүкіл күш-жігерін Әһли сүннәт мәзһабын қорғауға және мұсылмандарды осы мәзһаб туы астында жинауға сарп еткен.
В.В.Бартольд Имам Матуридидің һижра жыл санауы бойынша 333/944 жылы Самарқанда қайтыс болғанын және мазарының Жакардиза ауданында екендігін айтады.
Сонымен, айналасына білім нұрын шашқан заңғар имам Әл-Матуриди тұлға-сына мұсылман баласы үлкен құрметпен қарауы тиіс.
Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
«Ислам және өркениет», №25 (241), 1-10 қыркүйек, 2011 жыл