Ол өмір сүрген орта

Әбу Мансұр ибн Мұхаммед әл-Ханафи ас-Самарқанди әл-Матуриди (870-944) Самарқанд маңындағы шағын Матурид қаласында дүниеге келді. Фикһ (құқық) теориясын Самарқандағы ханафиттік құқықтанушылардан үйренді. Кейін, өзі осында фикһ пен каламнан (сенім мәселесі) дәріс берді. Әл-Матуридидің каламдық көзқарастары алғашқыда тек Мәуреннаһрға ғана тарады («Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. 110 бет).

Оның өмір сүрген уақытында Муғтазила мәзһабының басынан бағы тайып, халықтың қаһарына ұшырап, күйрей бастаған болатын. Мәуреннаһр өлкесі фикһ пен хадис ғалымдарының пікірталас алаңы еді. Пікірталас көбіне ханафи мен шафии мәзһабының өкілдерінің арасында өрбитін. Пікірталастардың қызықты өтетіні соншалықты, басынан небір қайғы арылмаған адамдар факиһтердің (мұсылман заңгерлері) пікір таластыруын келіп тыңдағанда, білімін көтеріп, рухани ләззатқа бөленетін. Муғтазила өкілдері және факиһтер мен хадисшілер де ұдайы каламдық мәселелер бойынша өзара тартысқа түсетін. Имам Матуриди жас шағында осындай әрбір мәселеге ақылмен екшейтін пікірталасы дамыған ортада өсіп ержетті.

Ұлы ұстаз ұлағаты

Имам Матуриди фикһтық мәселелер бойынша ханафи мәзһабын ұстанды. Сондай-ақ, фикһтық мәселелермен бірге сенімдік тақырыптарда да шығармалар жазды. Имам Матуриди калам (сенім) ілімін жетік меңгергендіктен, фикһтық мәселелер бойынша өзімен сөз таластырған факиһтер мен хадисшілерге, фиқһпен бірге каламды да айтып састыратын. Оның каламдық әдісінің имам Әшғари әдісінен едәуір айырмашылығы бар еді. Десекте, оның каламдық тұрғыдағы көптеген пікірлері Әшғари мәзһабымен біте қайнасып кеткен-ді.

Ирак факиһтерінің көшбасшысы болған имам Ағзамның бұл шығармалардағы көзқарастарын имам Матуридидің сенімдік тұрғыдағы көзқарастарымен салыстырып көрсек, бірізділікті байқау қиын емес. Осы себептен де, зерттеушілер екі ғұламаны бір-бірінен ажыратып жатпайды. Имам Ағзам мен имам Матуридидің көзқарастарын салыстырғанда қайсы пікір кімдікі екендігін ажырату қиын. Осы тұрғыда, зерттеушілер имам Матуриди өз шығармаларында имам Ағзамның мынандай кітаптарын қолданғандығын анықтаған: ««әл-Фыкһул-әкбар», «әл-Фыкһул-әбсат», «Рисалату Әбу Ханифа ила Осман әл-Ветти», «Ваиету Әбу Ханифа ли-тилмизихи Юсуб б. Халид әс-Семти».

Имам Матуриди бұл кітаптарды ұстаздары Әбу Насыр Ахмад ибн Аббас әл-Бейади, Ахмад ибн Ысқақ әл-Жүржани және Насыр ибн Яхия әл-Балхиден үйренгендігін, олар болса Әбу Сүлеймен Мұса әл-Жүржаниден үйренгендігін, әл-Жүржани ұстазы Мұхаммед ибн әш-Шайбаниден үйренгенін айтқан.

Зерттеуші Захид әл-Кәусари «Ишаратул-Мерам» атты шығармасының кіріспесінде былай дейді: «Мәуреннаһр өлкесі бидағат пен бұзықтықтан алыс бір өлке еді. Мұндағылар сүннетті берік ұстанатын. Бұл жерлерде хадистер ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде қалдырылатын. Алайда, имам Матуриди деген ғалым шығып, ол әрбір мәселеге өзінше дәлелдер келтіре бастады. Ол, шариғатты негізге ала отырып, ақылмен де үкім беретін».

Осы шығарманың тағы бір жерінде имам Матуриди туралы мынандай пікір айтылады: «Матуриди бұл шығармаларды (имам Ағзамның еңбектерін) өзінің еңбектерінде нақты дәлелдер келтірумен және жеке-жеке бөліп қарастырып түсіндірме жасаған».

Захид әл-Кәусаридің пікірінен біз имам Матуридидің имам Ағзамның сенімдік көзқарастарын терең зерттеп, оның ізбасары болғандығын ұға аламыз.

Имам Матуриди ден қоя зерттеген сенім мәселелеріне арнайы шығармалар жазды. Олардың кейбіріне тоқталайық: «Китабу тәуили-Құран», «Китабу меһазиш-шерай», «Китабул-жәдел», «Китабул-усул фи усулид-дин», «Китабул-мекалат фил-калам», «Китабүт-тәухид», «Редду әуайлил-әдилле лил-Каби», «Редду теһзибил-жәдел лил-Каби», «Китабу редди усулил-хамсе», «Редду китабил-Имаме», «әр-Ред алел-Карамита».

Мұсылман сенімінің қос қанаты

Имам Матуриди ақиқатты тануда барынша тиімді ойлауды мақсат етті, ақылмен шешіп қолдануда асыра сілтеушілікке ұрынбай, ақыл мен қисынды орнықты пайдалануымен ерекшеленеді. Ал, имам Әшғари мен оның мәзһабы нақлға (Құран мен сүннетке) көп мән беруімен өзгешеленеді. Осыған қарай, Матуридиді Муғтазила мен Әшғари мәзһабының арасындағы мәзһаб деуге болады.

Имам Матуридидің ақылға жүгінуін шариғат шеңберінің негізінде деп ұққан жөн. Осы тұрғыда, ол ақылмен ақиқатты іздеуге жүрексініп, тек Құран мен сүннеттен ақиқатты іздеген салафи өкілдерімен пікірталастырды. Имам Матуриди салафи өкілдеріне қарсы екендігін «Китабут-тәуһид» атты шығармасында былай жеткізеді: «Ақылды терістеушілік шайтанның азғыруы болып табылады. Себебі, ақылды теріске шығарған адам, одан басқа ештеңеге жүгіне алмақ емес. Бұл біздің ақылға деген мұқтаждығымыздың дәлелі бола алады. Аллаһ тағала құлдарын ақылмен әрекет етуге шақырады. Ақиқатты ақылмен іздеуге әмір етіп, ғибрат алуды ұсынады. Бұл ақылдың негізгі қайнар-көздердің бірі екендігіне дәлел» .

Имам Матуриди ақылды дәлел келтірудің дербес қайнаркөзі деп бағалағанмен, ақыл жете алмайтын жәйттер де бар деп білді. Бірақ, оның бұл түсінігінен тек нақлға мән беретін салафи өкілдері секілді ақылдың дәрежесін тым төмендеткен жоқ. Керісінше, ол ақылмен әрекет ету барысында ақиқат арнасынан ауытқып кетпеуге барынша мән берді. Имам Матуриди бұл тұрғыдағы пікірін былайша сабақтайды: «Кімде-кім нақлмен бірге ықтиятты болуды терістесе, сондай-ақ, құпия ілімді (мутәшаббих) кемшілігі бар ақылмен анықтағысы келсе, онда ол адам ақылға оның көтере алмайтын жүгін артқан болып, зұлымдық жасаған болып табылады» (Пр. Др. Мұхаммед Ебу Зехра, «Исламда саяси, итикади, фыкһи мәзһабтар тарихы» 183-187 беттер).

Имам Матуруди сенім мәселеcін ақыл немесе қисынмен талдауды жақтағандықтан, ханафи мәзһабының өзге өкілдері де бұл мәселеде имам Матурудидің көзқарастарынан бөлек өзіндік пікір білдіретін. Мысалы: ханафи мәзһабындағы атақты «жеті қазының» («әл-кудатус-себа») бірі саналатын имам Дабусидің (өлген жылы 430/1039) сенім мәселесін имам Матурудиден өзгеше көзқарасы болатын.

Насстардың негізінде ақылмен әрекет етуді үндеген имам Матуриди өзінің Құран-Кәрімге жасаған түсіндірмелерінде (тәпсір) бұл тәсілді өмірлік ұстаным етті. Десекте, имам Матуриди Құран-Кәрімге түсіндірме жасағанда, мутәшаббих (мағынасы құпия) аяттарға махкем (мағынасы анық) аяттардың негізінде жорамал (тәуил) жасады. Оның пікірінше, егер, мүміннің ақылы тәуил жасауға күші жетпесе, ол мәселені Аллаһқа қалдырған жөн. Имам Матуриди мүмкіндігінше Құран-Кәрім аяттарының мәнін ашуға тырысты. Себебі, Құран-Кәрім аяттарында қарама-қайшылық жоқ болатын. Бұл туралы қасиетті Кітапта: «Егер, Құран Аллаһтан басқаға тиесілі болса, онда көп қарама-қайшылық болар еді» («Ниса» сүресі, 82-аят) деп бұйырылады.

Имам Матуридің мутәшаббих аяттарға түсіндірме жасауы, салафилердің ұстанымына қайшы болғанмен, бұл сол дәуірдің қажеттілігі еді. Себебі, Ислам қанатын кеңге жайған сайын, ескі діндер мен мәдениеттердің ықпалына ұшырай бастады. Ислам ғұламалары мутәшәббих (құпия) аяттарға түсіндірме жасамағанымен, дүбәра сенімдегі кейбір дүмше ғалымдар исламдағы мутәшаббих негіздерге долбар айта бастады. Олардың теріс пікірлерінен исламды арашалау үшін, имам Матуриди мұсылмандық негіздерге қайшы емес тұрпатта мутәшаббих аяттарға жорамал жасап, халық сенімі бұзылмауына алдын алып отырды.

Матуриди әйел затын кемсітпейді

Атақты Тафтазани өзінің «Шерхул-акайд» атты шығармасында имам Әшғари мен имам Матуридидің сенімдік көзқарастарында елу жеті айырмашылықтың бар екенін көрсетеді (Тафтазани, «Шерхул акайд», 40-44 беттер). Дегенмен, екі ғұламаның да сенімдік ұстанымы ортадоксальді мұсылмандық сенімді құрайды. Қос ғұламаның сенімдік көзқарасындағы мұншама көп ерекшелікке қарап, зерттеушілер екі мәзһабтың арасында үлкен айырмашылықтар бар екен деп түйін жасауы ғажап емес. Әсіресе, имам Матуридидің кейбір пікірлері Муғтазала сенімін еске түсіретін еді. Десекте, екі ғұлама да өз пікірлеріне Құран-Кәрім және ақыл мен қисын тұрғысынан нақты дәлелдер келтіре алған. Мысалы:

Имам Матуридидің пікірінше пайғамбардың ер кісі болуы міндетті. Ал, имам Әшғаридің көзқарасынша пайғамбар әйелзатынан да келеді деп білді. Имам Матуриди өзінің пікіріне Құран-Кәрімнен мынандай дәлел келтірді: «(Мұхаммед ( с.ғ.с.) сенен бұрын да өздеріне уаһи етіп, еркектерді ғана жібердік. Егер, білмесеңдер кітап иелерінен сұраңдар» («Нахыл» сүресі, 43-аят; «Сенен бұрында кенттердің халқынан өздеріне уаһи етіп, еркектерді ғана жібердік» («Жүсіп» сүресі, 109-аят). «Сенен бұрын да өздеріне уаһи етіп, еркектерді ғана жіберген едік» («Әнбия» сүресі, 21-аят).

Имам Матуриди осы үш аятты негізге ала отырып, пайғамбарлар тек қана еркек кіндіктен келеді деп білді. Сондай-ақ, оның пікірінше халиф, әкім, әмірші, қолбасшы, қазы да әйел кісіден болғаны дұрыс емес. Себебі, әйелдің нәзіктігі бұл міндетті көтере алмайды. Бірақ, «әйел адамның мүфти болуы мүмкін» деді.

Имам Әшғари де өзінің әйелзатынан пайғамбар келуі мүмкін деген пікіріне Құран-Кәрімнен мынандай дәлелдерді келтірді: «Біз Мұсаның анасына уаһи еттік» («Таһа» сүресі, 38-аят ). «Мұсаның анасына: «Оны еміз де оған бір нәрсе болады деп қорықсаң, онда оны дарияға салып жібер. Қорықпа да, күйінбе де ! Расында оны саған қайтарамыз да оны пайғамбарлардан етеміз» деп уаһи еттік» («Қасас», 7-аят).

Бұл аяттар әйелзатына да Аллаһтан уаһидің түскенін білдіреді. «Себебі, уаһидің келуі, пайғамбарлықтың белгілерінің бірі саналады»,- деді. Сонымен бірге, имам Әшғаридің пікірінше, әйел адам мүфти, әкім және дін уағызшысы бола алады. Себебі, «әмр бил-мағруф уа нахи анил-мүнкар» (жақсылыққа шақырып, жаманшылықтан тыю) олардың да парызы. Имам Әшғари осы пікірінің негізінде «Мәриям, Әсия, Сара, Ажар, Хабба және Мұсаның (ғ.с.) анасын пайғамбар болуы ықтимал» деп пайымдады.

Имам Матуриди әшғариттердің жоғарыдағы келтірген дәлелдеріне келіскісі келмеді. Имам Матуридидің пікірінше Мұсаның (ғ.с.) анасына аят түсірдік деген уаһи сол кездегі көзі тірі Шұғайып (ғ.с.) пайғамбарға жіберіліп, ол уаһиді Мұсаның (ғ.с.) анасына жеткізуі тиіс болды мағынасында деп түсіндірді. Сонымен бірге, бұл аятты Мәриям анамызға түскен иллаһи хабар секілді деп ұққан жөн. Бұл туралы Құран-Кәрімде: «Сонда олардың бер жағынан шымылдық ұстап қойған еді. Сондай-ақ, оған рухымызды (Жәбірәйілді (ғ.с.) жібердік те ол, оған толық адам бейнесінде көрінді» («Мәриям» сүресі, 17-аят) деп бұйырылады. Яғни, жаңа бір пайғамбарды өмірге әкелу үшін оның анасына періште жіберген секілді, жоғарыдағы «Мұсаның (ғ.с.) анасына уаһи жібердік» деген аятта Мұсаның (с.ғ.) анасына бір періште жіберген болуы мүмкін деп білді.

Имам Әшғари де матуридиттердің мұндай пікіріне қарсы уәж айтты. Оның пікірінше жоғарыдағы аят бойынша Мәриям анамызға Жәбірәйіл (ғ.с.) періште жіберілген болса, Ол тек пайғамбарларға уаһи түсіретін періште болып табылады. «Демек, онда Мәриям анамызды да пайғамбар деп тану керек» деген пікірде (Тафтазани, «Шерхул Акайд» 44-46 беттер).

Белгілі дінтанушы Омар Насихи Билмен өз шығармаларының бірінде: «Имам Әшғари мен имам Матуридидің арасында анау айтқандай бір айырмашылық жоқ, олар сахабалар мен табиғиндердің (сахабаларды көргендер) жолындағы мәзһаб саналады. Екеуінің арасында кейбір пікір ерекшеліктері болғанмен, негізінен екеуі ақли сунна мәзһабтарына жатады. Бүгінде мұсылмандардың басым көпшілігі имам Әшғари мен Матуриди сенімдерін ұстанады» (Омер Насухи Билмен, «Большая Исламская энциклопедия»),- дейді.

Матуриди ерекшеліктері

Тафтазанидің имам Матуриди мен имам Әшғаридің көзқарастарында елуден астам келіспеушілік (айырмашылық) бар деп білетіндігін жоғарыда баяндадық. Ал, профессор Мұхаммед Әбу Зехра екі ғұламаның арасындағы қайшылықтарды былайша жіктейді:

а) Имам Матуриди: «Аллаһты тануда ақыл маңызды рөл атқарады» деп біледі. Әрине, ол Аллаһты тануда иллаһи ілімді (Құран мен сүннет) жоққа шығармайды. Десекте, Аллаһ адамдардың өзін ақылмен тануын бұйырған. Бұл туралы Құран-Кәрімде: «Күдіксіз көктер мен жердің жаратылуында, адам баласының пайдалы нәрселермен теңізде жүрген кемеде және Аллаһтың көктен жаңбыр жаудырып, жер өлгеннен кейін онымен жандандырудың әрі онда әртүрлі хайуанды таратуында, көк пен жердің арасындағы бағынышты бұлтты басқаруында, әлбетте, ойлаған елге (Аллаһтың барлығына, бірлігіне) белгілер бар» («Бақара» сүресі, 164-аят) деп, ақылмен ізденудің маңыздылығын баяндаған. Яғни, еліктеушілік және мәжбүрліктен гөрі Аллаһты ақылмен саналы түрде тану, иманымыздың шынайылығын көрсетеді.

Имам Матуриди «Аллаһты тануда ақыл маңызды рөл атқарады» деп есептегенмен, исламдағы көптеген үкімдердің сырын ұғынуға тек ақылдың күші жетпейтінін мойындайды. Мұндай жағдайда, Аллаһтың жәрдеміне сүйене отырып, «үкімдердің мәнін ұғынуға тура келеді» деп пайымдайды.

ә) Имам Матуриди болмыстағы кейбір нәрселердің бойында жамандықтың (кувһ-зат) болғанын және ақылды кейбір нәрселердегі жақсы мен жаманды айыра алады деп түсінді. Осы орайда ол ақылды былай деп жіктеді: 1. Жақсыны пайымдай алатын ақыл. 2. Жамандықты айыра алатын ақыл. 3. Жақсы және жаманды айыра алмайтын ақыл.

Имам Матуридидің бұл көзқарасы бір қарағанда муғтазалиттердің ұстанымы тәріздес. Себебі, олардың өкілдері: «Ақылдың жақсы деп танығанын жасауға міндеттісің. Ақылдың жаман деп танығанынан алыс болуға тиістісің» деп пайымдайтын. Имам Матуриди болса, бұл мәселеде имам Ағзамның ойларына жүгінді. Бұл тұрғыда ол: «Ақыл бір нәрсенің жақсы немесе жаман болғанын анықтаған болса да, амал ету үшін үкімді Аллаһ береді. Сондықтан, ақыл діни жауапкершілік мәселесінде кемелді емес. Себебі, діни мәселелердің төресі Аллаһ болып табылады» деді. Ал, имам Әшғари: «Жақсы мен жаманды тек Аллаһтың үкімі айырып бере алады. Сондықтан, жамандық пен жақсылықты шариғатпен ғана бағамдауға болады» деп ұқты.

б) Имам Матуридидің Аллаһтың іс-әрекеттері хақындағы көзқарасында өзге каламдық мектептің өкілдеріне қарағанда біршама ерекшеліктері бар. Имам Әшғари: «Аллаһ тағаланың жасаған іс-әрекетінен себеп іздеуге болмайды. Өйткені, Аллаһ жасаған іс-әрекеті үшін жауапқа тартылмайды. Жасаған іс-әрекеті үшін жауапқа тек адамдар ғана тартылады» деп білді. Муғтазила өкілдері болса: «Аллаһ тағала әртүрлі мұрат-мақсаттарды көздеп, белгілі бір себептердің негізінде іс-әрекет етеді. Өйткені, Ол хикмет иесі. Аллаһ себепсіз ештеңені жаратпайды. Әрбір нәрсені тосыннан емес, белгілі-бір жүйемен жаратады» деп пайымдады. Тағы бірде олар: «Аллаһ лайықты болғандардың ішінде өте лайықтысын жасайды. Аллаһтың лайық болмағанды жаратуы, Оның хикмет иесі екендігіне селкеу түсіреді. Сондықтан, өте лайықты іс-әрекет ету Аллаһқа уәжіп» деп түсінді.

Бұл мәселе бойынша имам Матуридидің ұстанымы әшғариттер мен муғтазалиттердің пікірінен өзгеше. Оның пікірінше: «Аллаһ бей-берекет әрекет етпейді. Аллаһтың әрбір ісі хикметке толы. Себебі, Аллаһ тағаланың үкімдері мен жүктемелері және бүкіл іс-әрекетімен хикметті мұрат еткен. Бірақ, Аллаһ хикметті мәжбүр немесе зорығып жасамайды. Өйткені, Ол нені қаласа, соған қол жеткізеді. Осы себептен де Аллаһтың тек өте лайықтыны жасауы уәжіп деп айта алмаймыз. Аллаһ жаратылғандардың алдында белгілі бір іс-әрекеттерді жасауға міндетті емес. Аллаһтан бір нәрсенің жасалуын уәжіп көруіміз, Оны жауапқа тартуымызбен бірдей ұғым. Ал, Аллаһ мұндай кемшіліктен ада».

Осы мәселе бойынша Әшғари мен Матуриди өкілдері арасында мынандай келіспеушілік орын алды: Алғашқылары: «Аллаһ тағала адамдарды жаратқан кезде қаласа оларға міндет жүктемейтін еді. Сондай-ақ, Аллаһтың адамдарға міндет жүктеуі Оның қалауынан басқа ешнәрсе емес» десе, Матуриди өкілдері: «Аллаһ тағаланың адамдарға жүктеген міндеттерінде хикмет болғандықтан, мұны қалаған. Аллаһ тағала хикметтен тысқары ештеңені қаламайды» деп есептейді.

в) Ақли сунна сенімін құрайтын екі мәзһабтың арасындағы тағы бір ерекшелік адамның іс-әрекеттері хақында болатын. Бұл туралы муғтазалиттер «адам өз іс-әрекетіне жауапты болуы үшін, адам Аллаһтың берген күш-қабілетінің негізінде іс-әрекет етеді» деп білді. Ал, әшғариттер болса, «адамның іс-әрекеттері Аллаһ тарапынан жаратылып, бірақ, іс-әрекеттерді иелену қабілетінің адамда болғандығын» айтты. Яғни, «адамның жазалануы немесе сый-сияпатқа бөленуі, осы іс-әрекеттерді иелену қабілетіне байланысты» деп пайымдады.

Әл-Матуриди болса Аллаһ тағаланың бүтін болмысты жаратқанын, болмыстағы әрбір нәрсе Аллаһтың жаратылысы екендігін және бұл мәселеде Аллаһтан басқа ешкім ешнәрсені жарата алмайтындығын алға тартты. Оның пікірінше, Аллаһ тағала адамның таңдауына қарай қарымтасын береді. Яғни, жақсылықты қалауына қарай сауап, жамандықты қалауына қарай жаза беру – Аллаһтың хикметі. Бұл біржағынан Аллаһтың әділеттілігін көрсетеді. Сондықтан, «адамның іс-әрекетін Аллаһ жаратады» деп білді. Бұл пікіріне Құран-Кәрімнен: «Сізді де, жасағандарыңызды да жаратқан Аллаһ» деп «Саффат» сүресінің 96-аятын дәлел ретінде алға тартады.

Имам Матуриди «адамның қабілеті бар және осы қабілетімен бірге қалау құқығына ие. Адам осы қабілеті және қалауымен не жаза, не сауап алады» деді. Имам Әшғари қабілеттілік деп Аллаһ тарапынан жаратылған іс-әрекет пен адамның қалауының бірігуі, яғни, қабілетті де Аллаһ бергендіктен, адамның бұл қабілетке әсері болмайды деп ұқты. Имам Әшғаридің бұл пікірін кейбір ғұламалар адамның бүкіл іс-әрекетін жаратушы һәм жасаттырушы (қалауы жоқ) Аллаһ деген Жәбарияның (Мұхаммед ибн Абдулкерим аш-Шахристани, «әл-Миләл уән-Нихәл» («діндер және мәзһабтар тарихы») 78-79 бет) ұстанымына ұқсатты. Ал, Матуридидің пікірінше, адамдағы қабілеттілік Аллаһтың адамға берген күш-қуатымен болады. «Осы қабілетпен адам Аллаһтың жаратқан іс-әрекеттерін иеленеді немесе иелене алмайды. Адам, өз қабілетімен іс-әрекет етуге ерікті. Қаласа жасайды, қаламаса жасай алмайды» деп түсінді.

Хақтың заты мен сипаты

г) Екі имамның арасындағы ең үлкен мәселелердің бірі Аллаһтың заты мен сипаты турасындағы пікір қайшылығы еді. Имам Матуриди Аллаһтың заты мен сипаты бір деп білді. Ал, имам Әшғари екеуі екі басқа нәрсе деп ұқты. Екеуі де күн мен оның шапағын мысалға келтірді. Имам Матуриди: «Аллаһтың заты күннің өзі болса, Аллаһтың сипаттары күннің шапағы. Күннің шапағы күннен шығады. Күн болмаса шапақ болмайды. Демек, екеуі бір нәрсе» деген ойды ұстанды. Ал, имам Әшғари: «Аллаһтың заты күн бола қойсын. Аллаһтың сипаттары күннің шапағы деп те алайық. Бірақ, шапақ дәл күннің өзі секілді емес. Күн де дәл шапақ секілді емес. Демек, Аллаһтың заты мен сипаты бірдей емес» деп білді. Осы себептен де әшғариттер Аллаһтың құдірет, қалау, ілім, хай (мәңгі тірі), есту, көру, қалам (сөйлеу) секілді сипаттары бар деп, Аллаһтың бұл сипаттары затынан мүлде басқа болғанын айтты.

Муғтазалиттер болса, Аллаһтың затынан басқа ештеңе жоқ екенін алға тартқан болатын. Олардың пікірінше, Құранда өтетін ғалым, хаким, есту, көру сөздері Аллаһ тағаланың есімдері болып табылды. Ал, матуридиттер болса Аллаһтың мұндай сипаттары бар екендігін, бірақ, Аллаһтың бұл сипаттарын Оның затынан бөліп қарастыруға болмайтындығын айтты. Имам Матуридидің бұл пікірі әшғариттерден көрі, муғтазалиттерге жақын еді. Себебі, муғтазалиттер Аллаһтың сипаттары жоқ, Оның құдіреттілігі затында десе, әшғариттер Аллаһтың сипаттары бар және бұл сипаттар Оның затынан тыс күшке ие екендігін алға тартты. Ал, Матуриди Аллаһтың сипаттарын мойындағанмен, бұл сипаттар Аллаһтың затымен бір деп білді.

«Құран кімнің сөзі?» деген мәселеде, муғтазалиттер Құранды жаратылған десе (док. Бәкір Топалоғлұ, «Келам ілімі» 184-187 беттер), әшғариттер Құранды жаратылмаған деген болатын. Ал, имам Матуриди болса, Құран жаратылмаған, бірақ, Құранды Аллаһтың калам сипаты деп пайымдады.

Имам Матуриди Аллаһтың бүкіл сипаттарын мойындай отырып, Аллаһта зат (материя), уақыт, мекен ұғымдардың жоқ екендігін алға тартты. Әйтседе, ол Құран-Кәрімде өтетін Аллаһтың жүзі, қол бар деген мәселелерге исламдық сенімге қайшы емес негізде жақсы жағынан жорамал (тәуил) жасады.

д) Имам Матуридидің өзгелерден тағы бір ерекше пікірі қиямет күні «Аллаһ тағаланың жүзі көріне ме, көрінбей ме?» деген мәселеде болатын. Әсілі, Құран Кәрімде: «Қиямет күні кейбір жүздер жарқырап, Раббына қарайды» («Қиямет» сүресі, 22-23-аяттар) деп бұйырылып, ақирет күні кейбір адамдардың Оған қарайтындығы айтылған. Имам Матуриди Құранда баяндалғанындай қиямет күні Аллаһтың жүзі көрінеді деп сенді. Муғтазила өкілдері «қиямет күні Аллаһтың жүзі көрінбейді» деген болатын (Ебу Мансур Абдулкааһир ел-Бағдади, «Мәзхабтар арасындағы айырмашылықтар». 82-83 б.). Өйткені, олардың пікірінше көрінген нәрсенің мекені болады деп білетін. Осылай ойлаған болсақ, Аллаһтың да мекені бар болып шығады. Сондықтан, Аллаһтың жүзі бар деген пікір дұрыс емес деп ұқты.

Имам Матуриди болса, қиямет күні Аллаһтың көрінуі, бұл қияметтік хал. Ақиретте Аллаһ көрінсе, демек, ол заттан және мекеннен тұрады деп ойлау, бұл дүниелік көзқарас. Ал, қиямет күнгі жағдайдың қалай болатындығы бізге беймәлім. Сондықтан, Құранда қиямет күні Аллаһтың көрінетіндігі туралы анық айтылса, біз бұған сенуге тиістіміз деген ұстанымда болды. Әрі бізге білінбейтін нәрселер хақында пікір айтпау туралы Құран-Кәрімнің: «Өзің білмеген нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы одан сұралады» («Исра» сүресі, 36-аят ) дегенін алып, Аллаһ ақиретте көрінбейді деген муғтазалиттерді сынға алды.

Кім кәпір, кім мұсылман?

е) Имам Матуридидің келесі пікірлерінің бірі «үлкен күнә жасаған адамның ақиреттегі жағдайы қалай болады?» деген мәселеде ерекшеленді. Ислам ғұламаларының көпшілігі Аллаһқа иман келтірген мүміннің мәңгілік тозақта қалмайтындығына сенген болатын. Ал, харижиттер болса, үлкен-кіші күнә істеген адамды мүміндік санаттан шығарып, «кәпір» деген-ді. муғтазалиттер болса, үлкен күнә жасаған адамды мүмін емес, мұсылман (сыртқы пішінімен Аллаһтың дінінде болып көріну) деп санады. Сондай-ақ, «үлкен күнә жасаған мұсылман тәубе етпеген болса, мәңгілік тозақта қалады. Бірақ, мұндай кісі кәпірлерге қарағанда, тартар азабы жеңілдеу болады» деп ойлады.

Бұдан аңғаратынымыз, харижиттер мен муғтазалиттер амал етуді иманның бір бөлшегі деп ұғады. Ал, әшғариттер мен матуридиттер болса, амалды иманмен тұтас деп қарастырмайды. Осы себептен де, олар үлкен күнә жасаған мұсылманды діннен шықты деп айтпайтын. Мұндай адам тек есепке тартылып, жазаланады. «Бәлкім Аллаһтың рахымымен кешіріліп, жазаланбауы да мүмкін» деген көзқарасты ұстанады.

Аллаһ тағала Құран-Кәрімде күнә әрекет үшін тек соған сай жазаның берілетіндігін ғана баяндаған. Бұл хақында: «Кім бір жақсылық жасаса, оған он есе қарымтасы беріледі. Және біреу жамандық істесе, соған сай ғана жаза беріледі де олар зұлымдыққа ұшырамайды» («Әнғам» сүресі, 160-аят) деп бұйырады. Аллаһты терістемеген, Оған серік қоспаған адамның жасаған күнәсінің жазасы кәпір мен Аллаһқа серік қосушылардың көретін жазасынан жеңіл болатындығы шүбәсіз. Аллаһ тағала мәңгілік азапты кәпірлер үшін дайындаған. Егер, Аллаһ өзіне сенген адамның үлкен күнәсі үшін кәпірлерге берілетін жазаны берген болса, онда ол кісінің көрген жазасы жасаған күнәсінен басым болып шығады. Бұлай болса, Аллаһтың әділеттілігіне нұқсан келмек. Ал, Аллаһ әділетсіздік пен зұлымдық жасаудан мүлде ада. Демек, харижиттер мен муғтазалиттердің «үлкен күнә жасаған мүмін болса да тозақта мәңгілік азап шегеді» деген пікірі асыра сілтеушілік. Әсілі, адам Аллаһтың барлығы мен бірілігіне куә келтірсе, мына дүниедегі үлкен сынақтың бірінен аман-есен өткен болып саналады. Себебі, ол адам мына жарық дүниенің жұмбақ сырын ұғынып, діннің басты талабын қанағаттандырса, кәпірліктен жаны таза болады. Демек, Аллаһтың зұлымдық жасамайтындығын ескерсек, мұндай адамды мәңгілік тозақтық дей алмаймыз.

Имам Матуриди өз ойын былайша сабақтайды: «Күнәһар мұсылмандардың ақиреттегі жағдайын Аллаһқа қалдырғанымыз жөн. Егер, Аллаһ қаласа рахым етіп, күнәһар пендесін кешіреді. Қаласа күнәсіне қарай азап шектіртеді. Бірақ, өзіне иман келтірген адамды мәңгілік тозақта азаптамасы анық. Осылай ойлағанда адам «үміт» пен «үрейдің» арасында күн кешеді. Себебі, Аллаһ кішкентай бір күнә үшін рахым етпей, пендесін азаптауы немесе үлкен күнә жасаған пендесін кешіруі деп мүмкін. Аллаһ Құран-Кәрімде: «Аллаһ өзіне ортақ қосқанды жарылқамайды да, бұдан өзге күнә жасаушыларды кешіреді. Кімде-кім Аллаһқа серік қосса, расында, үлкен күнә жасаған болады» («Ниса» сүресі, 48-аят) деп бұйырып, Аллаһқа серік қосушыларды ғана кешірмейтінін айтқан (проф.док. Мұхаммед Әбу Зехра. Исламда саяси, итикади, фикһи мәзһабтар тарихы. 188-196 беттер).

Ислам тарихшылары мұсылмандық калам ілімі өкілдерінің рационалдық ойлау, шешендік өнер, логика мен пікірталас әдістемесінің дамуына елеулі еңбек сіңіргенін айтады. Батыс зерттеушілері каламшылардың Аллаһ тағаланың заты мен сипаты хақындағы пікірлерінің Спиноза (1632-1677) арқылы Еуропаға таралып, мұндағы қайта өрлеуге әсер еткенін алға тартады. Мысалы, Вилзердің айтуына қарағанда муғтазалие пікірлері христиан схолостикасының пайда болуына ықпал еткен (док. Бәкір Топалоғлұ, «Келам ілімі» 181-183 беттер). Батыс әлемінің дамуына ғана емес Мүржия, Жабирия, Қадария, Муғтазила, Сифатия секілді мұсылмандық сенімге селкеу түсірген ағымдардың каламдық пікірлеріне тоқтау салып, Құран мен сүннет негізінде рационалдық (ақыл) тұрғыдан ойлануға басымдық беріп, Исламдағы ғылымның дамуына жол ашып, ақли сунна сенімінің нығая түсуіне өлшеусіз үлес қосқан бабамыз әл-Матуриди сөз жоқ, түркі әлемінің ұлы перзенті һәм біздің мақтанышымыз.

Мұхан Исахан

http://www.muftyat.kz

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу