«Нұр» Қазақ-Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы, доцент, белгілі исламтанушы ғалым Қалмахан Сейітұлы Ержан мырзамен сұхбат.

– Қалмахан мырза, елімізде дін саласы бойынша білім алған алғашқы мамандардың бірісіз. Өзіңіз білесіз, соңғы кездері Әбу Ханифа мәзхабы мен қатар Матрудилік сенім жөнінде көп айтылып жүр. Қалай ойлайсыз, осы Имам Матуриди кім?

– Имам Матуриди – әсіресе Ислам ақидасы мен кәлам саласында ақыл-ойға басты мән берген, Матуриди деп аталатын үлкен теологиялық мектептің құрушысы. Әһли-сүннет мектебі бойынша екі ғалымның бірі. Имам матрудидің толық аты-жөні әл-Имам Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әл-Әнсари.

Кейбір дереккөздерде имам Матуриди және оның тұлғалық қасиеті жайлы қиссалар баяндалады. Мәселен Бартольд, Әбу Хафс ән-Нәсафидің «Китабул Канд фи тарихи Самарқанд» атты еңбегінің қолжазба нұсқасында Матуриди жайлы былай дегендігін айтады:  Имам Матуриди мен Шейх Әбул Қасым Хаким Самарқанди теккеде дәріс беретін. Шииттер мәзхаб тақырыбында осы екі ғалыммен көп пікір таластырады. Сол кезде шейх Әбу Мансур теккеде Қызырды (а.с.) көріп, одан көмек сұрайды. Қызыр (а.с.) дұға етеді. Дұғасы қабыл болып, Аллаһ тағала имам Матуридиге хикмет ілімін нәсіп етеді. Осылайша, имам Матуриди бұрыс мәзхабтарды жеңеді. 

Әбу-л Хасан ар-Рустуғфани «Фауаид» атты еңбегінде имам Матуридиді дұғасы қабыл болатын тұлға деп сипаттайды. Бірде Самарқанда патша қызметкерлерінің бірі күш қолданып, Имам Матуридидің шәкірттерінің бірінің үйін тартып алады. Мұндай жағдайға тап болған шәкірт имам Матуридиге шағымданады. Имам Матуриди қызметкердің әлімжеттігін айтып патшаға кісі салады. Алайда, патша Матуридидің бұл сөзіне құлақ аспайды. Имам Матуриди патшаның бұл қылығана қатты ашуланса да, ашық наразылық білдірмейді. Халықты патшаға қарсы айдап салмайды. Тіпті, бұл амалдың әділетсіз екендігін білген патшаға теріс бата да жасамайды. Бірақ қол ұшын беру мақсатында шәкіртіне қысым жасап үйін тартып алған қызметкерге амалсыз теріс батасын береді. Көп ұзамай патша қызметкері ауруға шалдығады. Аурудың себебін түсінген қызметкер үйді иесіне босатып береді.

Бұл қиссалардан имам Матуридидің өмір сүрген дәуірінде құрметті, абыройлы және беделді тұлға екендігін байқаймыз.

Имам Матуриди фиқһ пен ақида саласында ханафилікті ұстана отырып, заманының қажеттілігіне орай, ақида саласын кеңінен дамытуға ат салысты. Қазақ халқы ақида саласында матуридилікті ұстанады. Матуридиліктің өзі Әбу Ханифаның көзқарасының негізінде қалыптасқандықтан мәзхабы ханафилік деп аталып кеткен. Яғни оның жолы ханафиліктен бөлек емес, қайта оның жалғасы.

Имам Матуриди заман талабына қарай исламды бұра тартпақ болған ағымдардың жаңсақ пікірлерінің мұсылмандар арасында таралуын тізгіндеу мақсатында, дәстүрлі сүнниттік көзқарастың шеңберінен шықпай қажырлы еңбек етіп, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, Орта Азияда ханафиліктің дамуына үлкен үлес қосқан ғұлама.

Осы тұрғыда айналасына білім нұрын шашқан заңғар имам Әбу Мансур әл-Матуриди жайлы әрі оның қазіргі таңда қоғамға қажетті еңбектері жан-жақты зерттеуді әлі де қажет ететін тың тақырып болып саналады. 

– Имам Матуридидің ислам әлемініне сіңірген еңбегі жөнінде айтып кетсеңіз?

– Имам Матуриди өмір сүрген кезең Аббаситтер мемлекетінің әлсіреп, соның нәтижесінде бірқатар Ислам мемлекетінің пайда болған уақытпен тұспа-тұс келді. Бұл кезде Ислам халифаты күн өткен сайын ұлғайып, көптеген халықтар Ислам дініне кіріп жатты. Бір жағынан халифа Мәмун дәуірінен бастап, ежелгі грек және үнді фәлсафасы араб тіліне көптеп аударылды. Мұсылмандардың өзара мәзхабқа бөлінгендері аздай, сырттан келген яхуди, христиан пәлсафашылары мен дін басылары сенімге байланысты түрлі пікірлер айтып, халықтың санасына көптеген күмәнді мәселелерді ұялатып, дел-сал күйге түсіріп қойды. Осындай сәтте исламның иман негіздерін қорғау мақсатында ақыл мен қисындық қағидаларды пайдалану қажет болды. Нәтижесінде, иман негіздерін әрі нақылмен (аят-хадис), әрі ақылмен бекітетін «Калам» атты жаңа әдіс пайда болды.

Имам Матуриди осы дәуірде шыққан әйгілі мутакаллим, яғни теолог еді. Имам Матуридидің шыққан жері Мауараннаһр өлкесі болғандықтан, ғалым сол аймақтағы Ханафилардың ақида мектебінің имамы атанып, сенім негіздерін жүйеге келтіруші болып саналды. Имам Матуридидің пікірлері көбіне каррамийлер, шииттер және мұғтазилаларға қарсы болған. Әсіресе, мұғтазила бағытымен келіспейтін пікірлері көп болды. Өзімен замандас мұғтазила бағытының басшысы жазған үш кітаптың мазмұнындағы қателіктерге үш кітап етіп жауап жазуы имам Матуридің өз ұстанымын солардың ыңғайына қарай дәлелдегенін көрсетеді. Имамның түрлі ағымдар мен мәзхабтардың өкілдерімен Самарқанд пен одан тысқары жатқан мемлекеттердегі айтыстары мен пікір додалары көбіне-көп сәттілікпен аяқталып отырды.

Имам Матуриди Ислам шариғатын дұрыс түсіндіру үшін ақыл-ойға сүйену керектігін алға тартты. Ол діни мәтіндерді тек тура мағынасында түсінуді құптайтын кейбір ислам құқықшылары мен хадисшілердің әдістемесінен басқаша жолды ұстанды. Мәселен, «Ақыл-ойдың жаңылуы мүмкін, сондықтан нақылды тек сөзбе-сөз түсіну керек» деген пікірдің иелеріне Матуриди «Китабу-т Таухид» атты кітабында: «…Бұл пікір (ақылмен ойлаудан қашу) – шайтанның қатерлі тұзақтарының бірі. Өйткені ақылды қолдануға қарсы келушілердің өздері ұстанымдарын ақтайтын ақылдан басқа ешқандай дәлел келтіре алмайды. Мұның өзі оларға ақылмен ойлаудың аса зәрулігін мойындатуға жеткілікті. Олар қалайша ақылға салып ойлауды жоққа шығарады. Аллаһ тағала құлдарын ойлауға шақырады, оларға ой топшылау мен ақыл ізденісін жасауды бұйырады, сол арқылы ғибрат пен үгіт-насихат алудың қажеттілігін көрсетеді. Асылында ой-пікір мен ақылға салу ғылымның қайнаркөздерінің бірі екендігін дәлелдейді» деп, нақты әрі қисынды тұжырымдарын алға тартады. 

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Күнәні кіші көруге бола ма?

Алайда, мұның екінші де жағы бар. Егер кімде-кім аят пен хадистерге сүйенуді теріске шығарып, адамның ақылы жете алмайтын дүниелерді, Аллаһ тағаланың бүкіл иләһи хикметтерін өзінің шектеулі ақылымен қамтуды қаласа, өз ақылына қиянат жасап, көтере алмас шоқпарды беліне байлағандық болады. Демек, имам Матуридидің ұстанымы ақылға сүйенгенде де шариғат шеңберінен шығып кетпеу болған.

Осылайша, Матуриди ақылдың жаңылысып, адасатынынан қорқып, «Шындықты нақылдың (аят пен хадис) тысынан іздемеу керек» деген фиқһ пен хадис ғалымдарына қарсы шықты. Ол Аллаһ тағаланың құлдарын ойлануға, өмірге үңіліп одан ғибрат алуға шақыратынын алға тартып нақылмен қатар ақылды да дәлел ретінде қабылдады.

Алайда, әһли сүннет пен мұғтазилиттердің ақылды қолдану әдісінің арасында үлкен айырмашылық бар. Мұғтазилиттер сенімге байланысты аяттар мен хадистерді қате түсініп, тәшбихке ұрынған және ақылды мүлдем жоққа шығарған ағымдарға қарсы шыққандықтан, ақылға шектен тыс сүйенетінді шығарды. Тіпті, негізгі төреші етіп ақылды алды деуге болады. Оларға классикалық әдіспен төтеп беру біршама қиындық тудырды. Осы себепті, «Әһли сүннет» сенімін қорғау мақсатында жаңа әдіс тауып, иман негіздерін түсіндіруде аят пен хадиске қоса, ақылға да орын беруге қажеттілік туды. Матуриди мен Әшғари мектептері осы негізде қалыптасты. Имам Матуриди ақида саласында аят пен хадиске қоса, дінді түсіндіруде ақылды да, қажетті қағида ретінде пайдаланғанмен, ақылды өз орнымен қолданып, оған шектен тыс басымдық бермеуге тырысты.

Имам Мұхаммед аш-Шайбани мен Әбу Юсуфтың шәкірттерінен ілім алған Матуриди ғұмырының соңына дейін діни тақырыптарда зерттеулер жасап өтті. Тәпсір, кәләм, фиқһ және фиқһ әдістемесі салаларында маңызды еңбектер қалдырып, көптеген шәкірттер тәрбиелеген. Ханафи мәзхабын еңбектері мен шәкірттерінің дәнекерлігімен жайған. Осы тұрғыда, ол Ханафи мәзхабының имам Ағзамнан кейінгі екінші үлкен ғалымы деп танылған.

Сондай-ақ, Алауид-дин Әбу Бәкір ас-Самарқанди, Бурхан ад-дин ән-Нәсафи, Әбул Бәракат Хафизуд-дин Нәсафи, Молла Әли әл-Қари сынды Ханафи фақиһ ғұламаларының да Матуриди мектебіне сіңірген еңбегі зор.

Бұдан басқа бертін келе яғни, XIX-XX ғасырларда ғұмыр кешкен Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ыбырай Алтынсарин т.б. сияқты қазақтың қай ғұламасын алсаңыз да ақидада Матуриди сенімін, амалда ханафи мәзхабын ұстанғандығы, яғни қазақ даласына 13 ғасыр бұрын келіп орныққан дәстүрлі Ислам жолынан ауытқымағанына тарихи деректер айқын дәлел.

– Имам Матрудидің қандай еңбектері бар?

– Кемеңгер ойшыл Имам Матруди бірнеше кітаптың авторы. Мәселен, кәлам саласындағы ең танымал еңбегі − «Китабу-т Таухид», ал, тәпсір саласында − «Тәуилату-л Құран». Сондай-ақ, осы секілді басқа да ғылым салаларында қайнаркөз ретінде маңызды шығармалар қалдырып, шәкірт тәрбиелеген. Осының нәтижесі ретінде ІX ғасырдың соңы мен X ғасыр басында Маураннаһрда матуриди мәзхабы қалыптасты.

– Имам Матуридиді кімдер зерттеген?

– Соңғы кезеңдерде Матуриди өмірі, еңбектері мен көзқарастары жайлы зерттеулер түрлі елдерде (Германия, Түркия, Өзбекстан т.б.,) жасалған. Атап айтқанда, Еуропадан әсіресе, Ульрих Рудольф, Уильям Монтгомеридің, Түркиядан − Бекир Топалоглу, Ханифи Өзжан, М.Сайд Языжыоглу, Сөнмез Кутлудың, Орта Азияда − Әшірбек Муминов, Шовосил Зиядов сынды ғалымдардың бірқатар еңбектерін атап өтуге болады. Қазақстанда болса әлі күнге жіті зерттелмегені белгілі.

– Матруди сенімдік мәзхабы қай аймақтарға таралған. Бүгінгі күні қандай мұсылман елдері осы сенімдік мәзхабты ұстанады?

– Бұл мәзхаб ханафи-матуриди ретінде әуелгіде Хорасан мен Мауараннаһрда, кейіннен Орта Азия, Үндістан, Пәкістан, Шығыс Түркістан, Малайзия, Индонезия, Кавказ, Ресей, Түркия, Таяу Шығыс және басқа да аймақтарда өмір сүретін мұсылмандарға танылып, күні бүгінге дейін өз жалғасын тауып келеді.

Уақытыңызды бөліп, келелі тақырыпта сұхбат бергеніңізге алғысымыз шексіз.

muslim.kz

 

 

 

Пікір жазу