А.М. Мұқашов, ҚР ДІА Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының қызметкері
ТАҒАТТЫЛЫҚ ТАҒЫЛЫМЫ
Діни бірлік болмайынша, ұлттық бірлік болмайды Діндер үнқатысуын қамтамасыз ету, діни төзімділікті нығайту – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының шешуші басымдықтарының бірі болып отыр. Үлкен діни форумдардың бізде өтуі – елімізге деген құрмет пен зор сенім. Бүгінде сол сенімді толық ақтай аламыз деген үміт бар. Елордамыз Астана дүние жүзіндегі барлық діндер өкілдерінің басын қосып, ортақ мәмілеге шақыратын рухани орталыққа айналды. Халықаралық қатынастар тарихында Астана съездеріне бүкіл әлем көз тігіп, оның бейбітшіл бағыты мен татуластырғыш әлеуетіне үлкен мән беріп отырғанының айғағы ретінде, бұл төртінші басқосуға тілек білдірген ірі діни бірлестіктер санының күрт өсуін айтуымыз керек.
Мұндай басқосу әлемнің түрлі мемлекеттерінде өткенімен, Қазақстан съезі Елбасымыздың бастамасымен және тікелей қолдауымен өтетіндігімен ерекшеленеді. Негізгі сипаты діни көшбасшылар жиыны болып саналатын бұл форум шын мәнісінде ғаламдық үнқатысуға жол ашатын ірі басқосу. Елордада 2003 жылдан бері төртінші рет әлемнің сан түрлі дін басыларының басын қосып, бір-бірімен қол алысуға талпындыруға мүмкіндік берген Елбасымыздың идеясы әлемдік қоғамдастық тарапынан қызу қолдау тауып, жоғары бағалануда. Өткен съездерге қатысқан Үндістанның көрнекті қоғам қайраткері Ш.Сомайя Қазақстан Президентінің бастамасына ризашылығын білдіре отырып, «Н.Назарбаев – көпконфессиялы елде бейбітшілік пен келісімді үйлестіре білген ерекше лидер. Біздің оның істерінен үйренеріміз көп» деп айтқан болатын.
Дінбасыларының Астанадағы кезекті басқосуы қазіргі дүниежүзілік саяси ахуалға, халықтар достығы мен діндераралық бірлесуге игі ықпалын тигізді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің бізде өтуі Қазақ елі үшін үлкен мәртебе, көп ұлтты Қазақстандағы бейбіт өмірге, еліміздегі діни сенім бостандығына берілген жоғары баға.
Кең байтақ Қазақ елі қазіргі таңда күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ордасы екендігін паш етіп отыр. Қазақстан бүгінде Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен сатылап дамып келе жатқан, экономикасы ілгеріленген, демократиялық даму жолына түскен, Орталық Азияда көшбасшы, халықаралық қоғамдастықта беделді әрі құрметті әріптес деп танылған мемлекетке айналды. Тәуелсіздік алғаннан бергі ең ірі жеңісіміз бен үлкен жетістіктеріміздің бірі – елімізде діни наным-сенім бостандығының толық бекуі, соның ішінде ислам дінінің өркендеуі, дінімізбен қайта қауышуымыз десек, артық айтқандық болмас. Егемен Қазақстанның ұлттық идеологиясын қалыптастыруда ата-бабаларымыз салған сара жол мен имандылықтың жаңа арналары жемісті жалғасын тауып келеді.
Дінаралық келісімнің қазақстандық үлгісі
Діннің еліміздегі бірліктің бір діңгегі әрі рухани тірегі болуына ел Президенті мен Үкіметі тарапынан ұдайы назар аударылып келеді. «Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген» деп жария етілгенмен, олар шын мәнінде бір-бірінен оқшауланбайды. Бұл қарым-қатынасты серіктестіктің ерекше түрі деп те сипаттауға болады. Мемлекет пен дін бір-бірінен тәуелсіз бола отырып, бір-бірімен тығыз байланыста іс-қимыл жасайды. Екеуі қосылып та кетпейді, бөлініп те кетпейді. Бүгінгі таңда елімізде мемлекет пен діни бірлестіктердің арасында негізінен сенімді байланыс, сындарлы қарым-қатынас орнықты. Конфессиялардың басшылары Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері болып отыр, олардың қоғамдық-саяси шараларға қатысуы, өздерінің дінге сенушілерінің мүдделерін жергілікті және ең жоғары биліктер деңгейінде ұсынуы дәстүрге айналды.
Конфессияаралық қатынастар саласындағы еліміздегі салиқалы мемлекеттік саясаттың негіздері: біріншіден, ырықтандырылған (либералдық) заңнамалар, екіншіден, барлық діни нанымдарға төзімділікпен қарау, діни тағаттылық (толеранттылық) және үшіншіден, діни пікірлердің, діни көзқарастың алуандығы (плюрализм) болып отыр. Міне, осы үш шарт, тұтастай алғанда, Қазақстандағы дінге сенушілердің құқығын, дінді ұстану бостандығы қағидатын, рухани бірлікті нығайтуды іске асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуде.
Қазақстанда ар-ождан бостандығы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі үш қағидаттарын атап айтуға болады, Олар: бейтараптық (нейтралитеттік), тағаттылық (толеранттылық) және тепе-теңдік (паритеттік) қағидаттары.
Бізде діни бірлестіктердің ішкі діни істеріне араласпау, қандай да бір болмасын діни ұстанымдарды бір-бірімен сәйкестендірмеу, діндердің тең мүмкіндік мәселелерін қамтитын мемлекеттің дүниетанымында бейтараптылық қағидатына басты орын берілген. Дін туралы жаңа заңның 3 бабында көрсетілгендей, мемлекет азаматтардың дінге және ұстанатын дініне өз көзқарасын айқындауына, ата-аналардың балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиеленуіне араласпайды. Егер діни бірлестіктердің қызметі Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, мемлекет діни бірлестіктердің қызметіне араласпайды. Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген.
Өзара тағаттылық (толеранттылық) қағидаты дегеніміз, басқалардың діни сеніміне қаншалықты тағаттылықпен қарау ғана емес, сонымен бірге соншалықты деңгейде құрметпен де қарау, бөтен діни нанымдарды шеттетпеу дегенді білдіреді. Мемлекет дінді ұстанатын және оны ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бірлестіктер арасында өзара төзушілік пен құрметтеу қатынастарын орнатуға жәрдемдеседі.
Тепе-теңдік қағидаты – ол, егер діндердің құқығы бірдей болатын болса, мемлекеттің қандай да бір болмасын діни бірлестікке бөле-жара ықылас білдіре алмайтындығы. Діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең. Бізде ешбір дін мемелекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді.
Қазақстанның діндераралық келісім үлгісі мен тәжірибесі конфессиялардың өз арасындағы мемлекет тарапынан бастамшылдыққа ие болып, қолдау тауып отыратын, ұдайы үнқатысудың негізінде бейбіт, ың-шыңсыз қатар өмір сүрудің мүмкін екенін айқын көрсетеді. Еліміздегі дінге сенушілердің құқықтық жағдайы әлемдік стандарттарға сәйкес. Бүгінде «Діндераралық келісім мен үнқатысудың қазақстандық үлгі-тәжірбиесі» деген ұғым қолданысқа еніп отыр.
Қазіргі діннің ахуалы, оның даму жолындағы кездескен мәселелер – қоғам болып қолға алатын ортақ мүдде. Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, ол мемлекет тіректерінің бірі – рухани тірегі болып қала бермек. Бүгінгі таңда еліміздің ішінде оңды-солды тіркеліп, үгіт-насихат жұмытарын екпіндете жүргізіп жатқан әртүрлі діни бағыттағы бірлестіктер мен миссионерлердің әрекеттері халқымыздың, ұлтымыздың келешек болмысына деген алаңдаушылығын туғызып отыр. Еліміздегі бүгінгі діни ахуал жағдайында бұрынғы өлшеммен жұмыс істеуге болмайтыны ақиқат. Әр уақыттың өз талабы бар. Біз еліміздегі дін саласындағы істеліп жатқан игі істерімізді оң бағалап, қол жеткен табыстарға тоқмейілсімей, дініміздегі өзекті мәселелерді шешуіміз керек. Қазіргі таңда біздің діни істерімізге түбегейлі өзгеріс қажет-ақ.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің, сонымен қатар, облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктер жанындағы кеңестердің жұмыстарының әлсіреп, тіпті, кейбір облыстарда олардың жұмыстарының тоқтап қалғанын байқаймыз. Ал бұл кеңестерді облыстарда және Астана, Алматы қалаларында әкімдердің өздері басқарады. Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестердің жұмыстарын жоғары деңгейге көтеру – жаңадан құрылған Дін істері агенттігінің алдында тұрған міндет.
Бірнеше жыл болды. Ресейдің Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орыс православие шіркеулері қызметкерлерін 2-3 айлық курс-семинарлардан өткізіп оқытуда. Кезінде біздің де Мемлекеттік басқару академиясының бұрынғы ректоры Мәскеу қаласында олардың тәжірибесімен танысып, еліміздегі имам-молдаларды оқытуға ынта білдірген болатын. Әйтсе де, ол жоспарлар жүзеге аспай қалды.
Елдегі облыстық және қалалық имамдардың білімдерін жетілдіру мақсатында оларды жаңа құрылған Дін істері агенттігінің қызметкерлерімен бірге Мемлекеттік басқару академиясында 2-3 апта мерзімінде оқытып шығарсақ, имамдарымызға өте пайдалы және Діни басқармаға үлкен көмек болары сөзсіз.
2007 жылы Әділет министрлігінің бастамасымен республикадағы діни сенім бостандығын қамтамасыз ету жөнінде Үкімет қаулысымен 2007-2009 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданып, іске асырылған болатын. Бағдарлама зайырлы мемлекет үшін өте ерекше, маңызды құжат болды. Соған сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден 180 млн. теңгедей қаржы бөлінді. Сонымен қатар, көптеген облыс әкімдіктері де сол жылдарға арналған арнайы іс-шаралар бекітіп, жергілікті бюджеттен қаражат қарастырды. Меніңше, бүгінде 5 жылға, яғни 2012-2016 жылдарға арналған мемлекет пен діндер қатынастарын жетілдіру туралы ислам дінінің елімізде дамуына арналған, Үкіметтің қаулысымен бекітілген бағдарлама қабылдауымыз керек деп ойлаймын.
Өткен жылдың дін мәселесіндегі елеулі оқиғасының бірі – жаңа діни заңның қабылдануы. Қоғамның қызу талқысына түскен, халық көптен күткен «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Парламент қабылдаған заңдарға Президент 2011 жылғы 11 қазанда қол қойды. Бұл діни еркіндікті, діни сенім бостандығын қолдайтын жаңа құжаттар.
Әділ заңның үстемдік құруы қашан да демократияның алғышарты болып табылады. Бүгінге дейін «діни сенім бостандығы» дегенді желеулетіп, ел ішін ірітуге кіріскен секталарды жөнге салып, ел тыныштығын сақтайтын тұс та осы. Бұл заң – діндарлық пен дінбұзарлықтың ара-жігін айқындайтын, арамза пиғыл діни бірлестіктер мен миссионерлерді ауыздықтайтын, олардың жағымсыз, теріс әрекеттеріне тосқауыл қоятын заң. Енді дін туралы жаңа заңнамалық талаптардың дұрыс орындалуын жүйелі түрде қадағалау – уәкілетті органдардың, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Заңның құндылығы – оның дұрыс орындалуы. Заңды орындау әркімнің басты парызы. 2012 жылдың 25 қазанына дейін барлық діни бірлестіктер ұйымшылдықпен қайта тіркеуден өтуі тиіс. Жаңа діни заңның ұлттық мүддеге, ел бірлігі мен ынтымағына, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғауға қызмет ететіні сөзсіз.
Дінаралық татулықты сақтау – басты мақсат
Бүгінде бірінші кезекте біз діни бірлікті өз деңгейінде ұстауымыз шарт. Өйткені, діни бірлік болмайынша ұлттық бірлік болмайды. Дінді саясатқа айналдырып, өз пайдасына жаратқысы келетіндер мен экстремистік ниеттегі діни ағымдар пайда бола бастаған бүгінгі кезде, дінаралық татулықты сақтау – басты мақсат екені түсінікті. Жастарға арналған рухани-танымдық тәрбие және теріс пиғылды діни ағымдарға жол бермеу шаралары тек Діни басқарманың, не тек мемлекеттік органдардың ғана жұмысы емес, бүкіл қоғамның жұмысы. Барлық оқу орындарында тәрбие жұмыстарын күшейтіп, жастар арасында деструктивті идеяларды насихаттаушыларға құқық қорғау және білім беру органдары тарапынан бақылау жасалуы керек. Діни радикализм идеяларын таратушыларға этно-мәдени бірлестіктер жетекшілерінің беделін қарсы пайдаланған жөн. Бірлестіктер жетекшілерінің жақсы істері арқасында елімізде ұлтаралық егес, діни текетірес жоқ. Біз осы игі тәжірибе мен күшті әрқашан да насихаттап, белсенділікпен пайдалана білуіміз қажет.
Діни радикализмге қарсы күрестің бірден-бір пәрменді құралы – діни ағартушылық жұмыстарын жандандыру, діни үгіт-насихатты белсенді жүргізу және халықтың, имамдардың діни білім деңгейін арттыру. Өз дінін терең білетін адам ешқашан да экстремистердің қолшоқпары болмайтыны, олардың торына оп-оңай түсіп, жетегіне жүрмейтіні белгілі. Дінді терең біліп түсінетін, жүрегінде иманы бар адам қоғам мен мемлекетке жақсылық әкеледі, аянбай қызмет ететін болады. Егер жер-жерде исламның дұрыс жолын уағыздап, насихат күшейтілсе, жастар әртүрлі ағымдарға бой ұрмай, нағыз мұсылмандыққа ден қойып бірігеді.
Әрине, діни экстремизмге қарсы кез келген іс-шаралар жалпы дінге қарсы пролетарлық күреске және де ескі әдет бойынша құрғақ, маусымдық науқаншылдыққа айналмай, ауқымды әрі жүйелі түрде жүруі қажет. Бұл жұмыста азаматтардың конституциялық құқықтарын, ар-ождан бостандығын бұзуға, дінге сенушілердің сезімдерін қорлауға жол бермеген жөн. Сонымен қатар, ислам радикализіміне қарсы жұмыстар Қазақстанның мұсылман шет елдерімен қарым-қатынастарына, республиканың сыртқы саясат сахнасындағы абыройы мен мүдделеріне нұқсан келтірмеуі тиіс.
Дәл бүгін біздің елдігімізге қауіпті дерттің бірі, ол – дәстүрсіздік пен дінсіздік. Атқарылып жатқан көптеген оң істерге қарамастан, дәстүрлі Ислам дінімізді әртүрлі секталардан қорғау жұмысының сапа жағынан төмендігін баса айтуымыз керек. Соңғы кезде республиканың батыс облыстарындағы, Тараз қаласындағы діннің төңірегінде болған оқиғалар кімді болсын толғандырмай қоймайды. Ел ішінде күмәнді, елді біріктіретін емес, берекесін алып тоздыратын топтар, елге іштей іріткі салушы жалған діни ағымдар жетерлік. Дінді өз пайдасына қарай бұрмалап, ислами наным-танымдарды шатастырушылар көптеп кездеседі. Бүгінде мешіттер маңында өздерін «нағыз мұсылман батыр», өзгені «кәпір» санайтын жастар көбейді. Көптеген қалаларда бірі жақын туысының, бірі отбасы мүшесінің, енді бірі дос-жаранның теріс діни ағымға түсіп кетіп, өмірінің шырқы бұзылғанын айтып, психологтар мен құқық қорғау органдарынан жәрдем сұрап жүргендер қаншама. Тіпті, өзге дінге өтіп кеткен бауырларымызға жаның да ашиды. Тек Астанада соңғы екі жылда осындай теріс пиғылды ағымдардан зардап шеккендерге көмектесетін үш орталық ашылды.
Ал, етектеріне аяқтары шалынып, қара орамалмен тұмшаланған оқушы қыздар мен студенттер, жас келіншектер қандай ағымның жетегінде жүр? Қоғамды қатты толғантатын тағы бір жағдай, ол – мыңдаған ұл-қыздарымыздың ата дінін тәрк етіп, бірі – кришна, бірі – иегова куәгері, бірі баптист болып жат діндерге беріліп кеткендері.
Бүгінде өз әке-атасының, ру-тайпа аттарын ала бастаған мешіттер Алла Тағаланың жердегі үйінен гөрі, бас-басқа, ру-руға бөлінудің орнына айналып бара жатыр. Мешіт салуда қалталы кәсіпкерлердің бәсекелестігі кімге керек?! Аға буын, ел ақсақалдары, қажыларымыз осыған тосқауыл қоюдың орнына әр ауылда, елді мекенде ашылған ру, тайпа мешіттеріне «құтты болсын» айтып жүр. Мысалы, тәуелсіздік жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында 902 мешіттің жамағатқа есік ашқаны қуанышты. Дегенмен, бір мешіт молынан жететін Шардара ауылында қатарынан үш мешіт салынуының қандай қисыны бар. Ал Отырар ауданындағы шағын ауылда тұратын екі рудың өкілдері өздеріне жеке бір-бір мешіт салып алып, оған тек сол рудың өкілдері баратын болды. Жамбыл облысы Қордай ауданындағы шағын үш ауылда 26 мешіт бар!..
Қазақстанда «ислам оппозициясы» орнайды деп сәуегейсіп жүргендер де жоқ емес. Ұйып отырған ынтымағымыздың берекесін кетіруге тырысатындар Құдай жолына да қайшы әрекетке барғалы жүргенін біз жамағатқа жеткізуміз керек. Дәл бүгінгі қым-қуыт, иманы аздау тірлікте жұрттың көбі дін туралы сөйлеуге құмар. Алайда, сәждеге бас қойып, мұсылмандық жолына біржолата бет түзегендер болмаса, кешегі 70 жылдық атеистік қоғам шекпенінен шыққан жамағаттың дінді терең білетіндері тым аз екені белгілі ғой. Соңғы кезде өздері дініміздің өркендеуіне тікелей үлес қоспаса да, сынампаздыққа салынып, Діни басқармаға, имамдарға кінә тағушылар мен дініміздің жалған «жанашырлары» көбейді.
Журналист М.Телібеков деген азамат Алматыда жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашып, кейіннен өзі оған «Қазақстан мұсылмандары одағы», ал қазір «Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары құқықтарын қорғау жөніндегі мұсылман комитеті» деп ат беріп, діннен хабары жұрдай болса да, дінімізге жаны ашыған болып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан бастап, мешіт пен имамдардың жұмыстарына баға беріп, сынап жүр. Сондықтан оның бүкіл Қазақстан мұсылмандары атынан сөйлеп, бұқаралық ақпарат құралдарына беталды шыға беруін тоқтатуымыз қажет. Біз дінімізді пайдаланып, өзінің саяси мақсатын алға қойып, жоғары билікке ұмтылушыларға жол бермеуіміз әрі олардың жетегінде кетпеуіміз керек.
Қазіргі кезде дініміз үшін аса өзекті мәселенің бірі – отандық бұқаралық ақпарат құралдарында дін тақырыбы толыққанды әрі дұрыс көтеріліп жүр ме деген сұрақ. Ата-баба дінімен енді ғана қауышып жатқан біз үшін халқымыздың рухани сұраныстарын тиісінше қанағаттандыру, оған БАҚ-ты мейлінше тиімді пайдаланудың әлі де жеткіліксіздігі күн тәртібіне өткір қойылып отыр. БАҚ ислам дініміздің нағыз жанашыр мінберіне айналсын деп талап қоюымыз әлі ертерек те шығар. Дегенмен, көпшілікке дінімізді жеткізуде БАҚ-тардың үлкен жауапкершілікті мойындарына алатын уақыты жетті. Қазіргі кезде тек «Егемен Қазақстан» мен «Түркістан» газеттері ғана дін тақырыбын жан-жақты әрі жүйелі түрде көтеріп жүр. Расын айту керек, бүгінде дін тақырыбында, діндердің көптеген пайдалы істерін көрсетіп, насихаттауда БАҚ көп белсенділік танытпайды. Олар имам-молдаларды сынап-мінеп, мешіттегі кейбір жайсыз жағдайларды көпіртіп, «түймедейді түйедей» етіп көрсетіп, жазуға тырысады.
Көптеген журналистер шиеленісті жағдай мен сот сергелдеңінен тайсақтап, теріс пиғылды діни ұйымдар мен миссионерлердің іс-әрекеттерін нысанаға алып әшкерелеп, жеріне жеткізе жазудан өздерін аулақ ұстап жүр. Соңғы кездері бірқатар БАҚ өкілдері ұйымдасқан қылмыс көрінісі орын ала қалса, оған қатысқандардың қай дінді ұстанатындарын сұрастырып, оқиғадан діни астар іздеп, әлек-шәлек болатынды шығарды. Дінімізге көлеңке түсіргісі келетін мұндай әрекеттер дін жауларының диірменіне су құю емес пе?! Өзге сенімдегілердің қайсысы өз шіркеуі мен поптарын жерден алып, жерге салып сынап жүр? Ондай мақалаларды, ақпаратты орыс тілді газет беттерінен немесе теледидардан кездестірмейсіз. Сонымен қатар, дін секілді өте күрделі де нәзік сала туралы біліп те, білмей де мақалалар жазып, дүрдараздықты жайып жүрген жекеменшік ислами басылымдар Шымкент, Тараз, Семей, Ақтау және Алматы қалаларында көбейді. Жекеменшік діни ақпарат құралдарын Дін істері агенттігі тиісті бақылауға алып, дінімізге, дінаралық бірлікке қарсы қалам тербеулеріне жол бермей, қажет болса біразын жауып та тастау керек шығар.
Мемлекеттік телеарналарда ислам діні туралы тұрақты діни-танымдық бағдарламалар жоқтың қасы. Бүгінде республикамыздың бірде-бір теледидар арнасынан дінді жүйелі насихаттайтын жібі түзу бағдарламаны атай алмаймыз. Бізде көптеген діни іс-шаралар тек қысқа жаңалықтар ретінде жылт етеді де өте шығады. Олардың рухани, тәрбиелік мән-маңызы ашылмаған күйі қала береді. Теледидарды үгіт-уағыздың заманауи пәрменді құралы десек, діни хабарлар жүргізетін тұтас арна ашып қойса, көптік етпес еді.
Жалпы, дініміз бен діндарларымызды, ата дінімізге қызмет етушілерді жамандап, ұшпаққа шыға алмаймыз. Дін беделі тек Діни басқармаға, не оның жер-жердегі имамдарына ғана емес, өзін мұсылман санайтын әрбір азамат үшін де қымбат-ақ. Халықтың дінге көзін ашып, діни сауатын көтеруге, елді имани жолға бағыттап жүрген «қолында Құраны, аузында Алласы» бар имамдардың қызметіне біз бүгін үлкен ілтипатпен қарауымыз керек, солай қараймыз да. Елімізде көптеген имамдар жас жігіттер болса да, мұсылмандық парызы мен имандылық жолын жоғары ұстайтын зерделі азаматтар. Олар ел игілігі жолында адал еңбек етіп, мінсіз қызмет көрсетуге барлық күш-жігерін, жүрек жылуын жұмсауды мақсат етуде.
Жасыратыны жоқ, еліміздегі көптеген имамдарымыз осы талапқа әлі толық сай емес, олармен сөйлесе қалсаң саяз тартып тұрады, олардың жұрт алдында сөйлеу қабілеті де төмен. Біз дін қызметкерімен әңгімелескенде, сұхбаттасқанда, апырай, біздің имам-молдамыз ғаламат білімді екен ғой, оның діни білімін қалай игеруге болады екен, деген ұғымда қалуымыз керек. Дін қызметкерінің мемлекеттік мәселелерді де, сыртқы саясатты да жан-жақты біліп, көптеген ілім-білімдердің басын қосып, дүниетанудың әр алуан көрінісін игерген жоғары білімді, ұлы Абай айтқандай, «толық адам» болуы – бүгінгі күннің талабы.
Бүгін бізге ұлттық қасиетімізді, дінімізді, әдет-ғұрыпымыз бен дәстүрімізді қайта түлетіп, бәрін толық қалпына келтіруге тамаша мүмкіншілік туып отыр. Қазіргі заманда дін мәселелерін дұрыс шешу – отбасы, мектеп, жоғарғы оқу орындары, құқық қорғау органдары, дәстүрлі діни бірлестіктер басшылары мен қоғамның бірге жұмыла әрекет етулері қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан да осы ХХІ ғасырдың әлемдік ішкі тәртібі мен бет-бедері айқын сипат алған шақта, діннің шын мәніндегі өркениетті, адами тәрбиені, демократияны ұлықтайтын асыл қасиеттерін халыққа жеткізіп тарату және түсіндіру – біздің халқымыздың рухани кемелдігін арттырудың кепілі және еліміздің қауіпсіздігінің құрамдас бөлігінің бірі. Міне, осыны жедел қолға алу және дұрыс пайдалану – бәрімізге де зор тарихи сын және алдағы ізгі мақсатымыз бен парызымыз деуге болады.
Тәуелсіздіктен бұрын мешітке жасы ұлғайған шағын ғана топ баратын болса, қазір мешітке келушілер саны жүздеп-мыңдап саналады және олардың жасы да, білімі де, әлеуметтік жағдайлары да сан алуан адамдар. Мешіт – тек намаз оқып, ата-бабалар рухына Құран бағыштайтын ғана жер емес, адамдарды береке-бірлікке, парасаттылық пен ізгілікке бастайтын, жастарды имандылық пен отансүйгіштікке тәрбиелейтін қасиетті орын. 1991 жылы елімізде бар-жоғы 68-ақ мешіт болатын. Оның кейбірінде мұнарасы болса, күмбезі жоқ еді. Ал қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 2500 мешіт тіркеліп, халыққа қызмет етуде. Енді осы мешіттеріміздің жұмысын көтеріп, жандандыруымыз қажет. Еліміздегі түрлі пиғылдағы миссионерлер көбейген кезде, мешіттерде ислам діні мен қазақ ұлтының, ары кетсе қазақ тілінің аясында шоғырланған өзге ұлт өкілдері де біздің басымызды біріктіретін идеологияның Алла үйінен бастау алып жатқанын жақсы түсінеді. «Ораза, намаз –тоқтықта» десек, бұл – жақсылықтың нышаны. Жылма-жыл халықтың діни сауаты мен рухани деңгейінің өсіп келе жатқаны бәрімізді қуантады.
Қазақстан жері әлемдік діндердің: исламның және христиандықтың да, буддизмнің де тоғысқан жері. Біз үш өркениеттің, елеулі түрде ерекшеленетін әлемдік үш дүниетанымның тоғысқан жерінде тұрамыз. Қазақ халқы діни көзқарасы айқын да терең, діни мәдениеті өте жоғары, имани түсінігі мол ұлттардың қатарына жатады. Ата-бабаларымыз бізге бірліктің, тұтастықтың ұлы үлгісін қалдырып кетті. Ежелден «Ерен дарып ер болған, Қыдыр дарып ел болған, Шілтеннің шылауы шалған» қазақ деген халықтың неше ғасырлар бойы молынан қорланған рухани мұрасы кез келген теріс пиғылды дінге, жат мәдениетке қарсы тұруға әбден жетеді. Иман дегеніміз – Аллаға деген сенім. Иманды адам ешкімнің ала жібін аттамайды, қылдай қиянатқа бармайды. Дінге терең сенген адамның ойы түзу, сөзі түзу, ісі түзу болатыны анық. Бізді еліміз бен жеріміздің тыныштығы мен болашағы, тәуелсіздігіміздің баяндылығы, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі, дініміздің біртұтастығы мен көркеюі ойландырады да толғандырады, сол үшін бәріміз ат салысайық, ағайын.