1902 жылы Кереку шаһарының ірі саудагерлерінің бірі – Абдулфаттах Камалитденұлы Рамазанов бастама көтеріп, мешіт құрылысына елеулі қаржы бөлді. Алдындағы ағаштан салынған мешіт үлкен өрт кезінде жанып кеткен еді. Ол туралы деректер мемлекеттік мұрағатта сақталған.
А.К.Рамазанов бастамасын қазақ және татар байлары қолдап, сондай – ақ, татар тұрғындары мен қазақ жатақтары да қол ұштарын береді. Сөйтіп, жаңа мешіттің құрылысы басталады. Оның жобалық құжаттары Семейден алынады. Өйткені, осы сияқты мешіт оның алдында Семей өңірінде салынған болатын. Мешіт құрылысына жергілікті жерде өндірілген кірпіш те (ол кезде Керекуде екі шағын кірпіш заводы болған), сондай – ақ, Ертіс өзені арқылы жеткізілген Семейдің кірпіштері де пайдаланды.
Мешіт қабырғасының кірпішін қалауға Керекудегі белгілі тас қалаушы Василий Ефимович Петров айналысса, өңдеу жұмыстарына Иван Григорьевич Голиков басшылық жасады. Ал басқа жұмыстарды (құрылыс материалдарын тасымалдау, ағаш кесу, жер қазу, басқа көмек – жәрдем жасау) қала тұрғындары (қазақтар мен татарлар) сенбілік, жексенбіліктер, яғни асар ұйымдастырып, өз күштерімен атқарды.
Мешіт екі жылда салынып бітті. Сөйтіп, 1905 жылы «Ақмешіттің» есігі қала тұрғындарына айқара ашылды. Жатақ үйлердің ортасынан мұнарасы көк тіреп бой көтерген зәулім мешіт қала тұрғындарына ерекше әсер етеді, қаланың сәулетіне айналды. Мұсылмандардың қуанышында шек болмайды. Бірақ, олардың қуаныштары ұзаққа бармайды. Кеңес өкіметі орнасымен мешіттер жабылып, имамдар қуғын – сүргінге ұшырайды.
1934 жылы қалалық кеңесте мешітті мәдени мекемеге айналдыру мәселесі көтеріліп, 1956 жылға дейін Ақмешіттің мұнарасы қиратылып, Пионерлер үйіне, одан кейін филармонияға беріледі. Ал 1956 жылы мешіт балалар спорт мектебіне айналады. Бір жақсылығы, мешіт ғимараты республикалық маңыздағы архитектуралық ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауға алынды.
Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана мешіт имандылық орны болып, қайта жұмысқа кірісті. Мешітті қайта қалпына келтіру жұмыстары мерзімінен бұрын орындалды. Мұнарасы қайта тұрғызылды. Егемендігіміздің алғашқы жылы 1991 жылы шілде айында Ақмешіт салтанатпен қайта ашылды.
2004 жылы Ақмешіттің жүз жылдығы қарсаңында «Қазақстан алюминийі» АҚ (президенті Алмаз Тұрдымбетұлы Ибрагимов) өз қаражатымен мешітті жөндеуден өткізіп, қайырымдылық жәрдемін жасады.
2005 жылы Ақмешіттің 100 жылдық тойы аталып өтті. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас муфти Әбсаттар қажы Дербісәлі мырза қатысты.
2005 – 2006 жылдары мешіт ғимаратына қайта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оны, мұсылман қауымының ғибадат орнының сәулетті, сымбатты болуын қалаған ардагер – ұстаз, облыс жұртшылығына сыйлы Ахметов Кенжетай ақсақалдың жанұясы «Ақмешіттің» ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстарын толық атқарды. Құран сүрелері мен аяттары ойылып жазылған мәрмәр тастар мен керамикадан көмкерілген қабырғалар, ою – өрнек салынған ағаш есік, пластикалық терезелер, жалпы шығыс дизайнімен сұлулана түскен Ақмешіт қаламыздың сәніне айналды. Қазақстан Республикасының белгілі саясаткері, Кереку өңірінің перзенті Д.К.Ахметов мырза көне ғимараттың ішкі және сыртқы келбетін сәулет өнерінің өскелең талабына сай көріктердіруіне сүбелі үлес қосты.