Рамазан айы – Аллаһ Тағаланың ерекше ықыласы түскен шарапаты мол, ізгі ниетті іске сауабы көп, жыл он екі айдың ең қадірлісі. Бұл айдың қадір–қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Рамазан айы – өзінің Аллаһ дарытқан қасиетіне сәйкес мұсылмандардың мейірімділік пен қайырымдылық танытуда өзара жарысатын және өздері де амалдарына қарай шексіз ұлық Жаратушы иенің мейір–шапағатына бөленетін айы.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларын ораза тұтушыларға қамқорлық танытуға шақырған. Бізге жеткен хадис бойынша ол былай деген: «Кімде-кім ауыз бекіткен адамға қамқорлық жасаса, сол адамның сауабына тең сауап алады және оның бір түйірі де кемітілмейді» (Сүнән, әт-Тирмизи). Сондықтан да Рамазан айының басынан аяғына дейін еліміздің барлық қалаларындағы мешіттерде, алаңдарда, асханаларда ауыз ашуға арналған дастархандар жайылды.
Айлардың сұлтаны – Рамазан айында «Нұр Астана» мешіті күніне 500 мұсылман жамағатына арнап ауызашар дастарханын әзірлесе, «Ғылмани» атындағы орталық мешіт пен «Шұбар» мешіттерінде де күн сайын жүз-жүз елу адамға халал дәмханалардан ауызашар беріліп отырған. Сондай-ақ, ифтардан шыққан жамағатқа қаланың барлық бағытына қатынайтын арнайы автобустар қызмет көрсетіп, жұртшылықтың ризашылығына бөленді.
Ал жақында «Қырқыншыда» ашылған жаңа мешітте мұсылман ағалардың демеушілігімен сондағы пансионаттың 20 шәкіртіне күн сайын ауызашар дастарханы жайылуда.
«Ауызашар дастарханының мешіт жамағаты үшін тиімді тұстары көп-ақ. Әсіресе қызмет бабымен жүрген мұсылман қауымы үйлеріне бармай-ақ мешітке келіп ауыздарын ашып, ақшам намазын оқып, тарауих намазына қатысуларына болады. Оның үстіне, ауыз ашуға келген мұсылман бауырларымыз уағыз-насихат тыңдап діни білімдерін толықтырып қайтады, – дейді «Ғылмани» атындағы орталық мешіт имамының көмекшісі Талғат Әсембай.
Ораза сауабы тек Аллаһ Тағалаға ғана аян. Қудси хадисте: «Адам баласы әр істеген амалын өзі үшін орындайды. Ал ораза олай емес! Өйткені, оны Мен үшін ұстайды. Сондықтан ораза ұстағанның сауабын есепсіз Өзім беремін», – деген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Ораза ұстаған адамның екі қуанышы бар:
1. Ауыз ашқанда (Хақ Тағаланың нығметтеріне қауышқаны үшін) қуанады.
2. Раббысына қауышқанда оразасының кереметінен жеткен ұлы дәрежесін көргенде қуанады.
Мұсылмандардың қуанышымен бөлісіп, әрі оларға қуаныш сыйлау мақсатында мешіт қызметкерлерімен қатар Астана қаласындағы «Мейірімділік жолы – 2010» қоғамдық қоры мен «Қазақстан 2030» Қазақ-Түрік Жастарды Қолдау Қоғамдық Қорының да атқарып жатқан істері аз емес. Аталған Ислам орталығында күн сайын 100-ден аса ораза ұстаған мұсылман жамағаты ауыз ашады. Оның ішінде студенттер де бар.
Сонымен қатар жоғарыда аталған мешіттерде Қадір түніне орайластырылып, сәресі дастарханы жайылып, хатым Құран оқылды.
Рамазан айының түндері жылдың барлық түндерінен артық, ал Қадір түні – аса қадірлі ерекше бір түн. Аллаһ Тағала бұл түнді басқалардан айрықша етіп, бұл түнде Құран Кәрімді түсіріп, орасан зор қасиет дарытты, бұл түнді мың айдан артық қылып, ерекше маңызға ие етті. Бұл туралы Аллаһ Тағала: «Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік. (Мұхаммед), Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы. Періштелер және Жәбірейіл ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі. Ол бейбітшілік кеші таң атқанға дейін жалғасады», – деген (Қадір сүресі, 1-5 аяттар).
Сондай-ақ еліміздің солтүсік өңірі Қызылжар (Петропавл) қаласында өзге ұлт, өзге дін өкілдерінің басымдығына қарамастан басы сәждеге тиген бауырлардың саны күн санап артып келеді. Соның бір көрінісі 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашқан «Қызылжар» мешіті қанша үлкен болғанына қарамастан жұма, айт, тарауих намаздарында ішіне адам сыймай кетуі.
Қасиетті Рамазан айында облыс орталығы Қызылжар қаласындағы төрт мешіт пен облыстың алыс-жақын елді мекендеріндегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына бағынатын 30 шақты мешіттің барлығында қолы ашық азаматтар ораза ұстаған жандарға ауызашар берген. Әсіресе, кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың жомарттығын айтқан жөн. Алайда, бұл игі шара істеген істерін жарнамалау үшін емес, Алланың рахметі үшін атқарлатындықтан олар көбіне аттарын жариялауға қарсылық танытып жатады. «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы, діни басқарманың өкіл имамы Қасымхан қажы Абдуллаұлының айтуынша, Рамазан айының бірінші күнінен бастап, мешіт асханасы ауызашар берушілерден бір босамаған.
Мың айдан да қайырлы саналған Қадір түнінде де орталық мешіт жамағатқа лық толған. Түні бойы құлшылық жасаған мұсылмандарға таңғы сәрелері берілді. Шамамен 1500 адамды ауқаттандыруға кеткен шығынды түгел қолы ашық мұсылман азаматтар өздері көтеріп
алыпты. Түркиядан келген қари Қарамадин Қадір түні қасиетті Құран Кәрімнің ең соңғы парасын оқып, хатым түсірді. Ал қалған сүрелер Рамазан басталғаннан бері тарауих намазында оқылған болатын. Орталық мешіт өз тарапынан да ауызашарлар ұйымдастырыпты.
Аш құрсақ кедейлер мен ғаріптерді тойдырып, жетімдер мен қараусыз қалған жандардың көз жасын сүртіп, жұбандырсақ, қайғы–қасірет шеккендердің жанынан табылып, олардың жүздеріне күлкі ұялатсақ Аллаһ Тағаланың шексіз рақымына бөленеріміз сөзсіз.
Аллах тағала әрбір шаңыраққа осы рамазан айының мейірімін, рахымын, шапағатын шуақ қылып шашсын!