Жаббар Хақ сүйікті құлдарын әрдайым түрлі сынақ-емтихандардан өткізіп, тартқан жазмышына сай илаһи рызықтарын тарту етеді. Барлық Хақ Елшілері тақсыреті мол тағдырға мойынсұна білген. Тіпті, Пайғамбарлар падишасы (с.ғ.а)-ды ұлы миссиясынан бас тартқызбақшы қаскөйліктер орын алғанда да, Мұхаммед (с.а.у) қараңғылық һәм қарадүрсіндікпен күресіп, саналы да сәулелі ғұмыр кешті. Ол (с.а.у) уақыт өте жұрттың Исламды лек-лекпен, толқын-толқынымен қабылдайтынына бір сәт те үмітін үзген емес-ті. Осыдан да болар өзіне дәйім құқай мен теперіш көрсеткен меккелік және тайфтық мүшріктерге Құдай тағаладан: «Тура жолға сала гөр» деп тілек тілеген еді.
Хақ Елшісі (с.а.у) һәм оның соңынан ерген қауым азапты күндерді басынан кешіріп, илаһи тезге түскен сын сәтте, Ұлы Жаратушы сүйікті Елшісін (с.а.у) ұшпаққа (Миғраж) шығарумен зор қуаныш сыйлаған болатын. Нақтырақ айтар болсақ, салихалы дерек көздеріне қарағанда, Миғраж оқиғасы Мәдинаға көшпестен он сегіз ай бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Жақсылық жаршысы (с.а.у) пыраққа мініп, түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушымен тілмен айтып жеткізе алмайтын көркем де әсерлі жағдайда қауышып, тікелей байланысқа шыққан еді.
Дереккөздерге жүгінсек, Пайғамбарымыз (с.а.у) алдымен пыраққа мініп, Харам мешітінен Ақса мешітіне барып, ол жерден рухани биікке Жебірейіл періштемен бірге көтеріліп, одан соң көк қабаттарын кешіп, Сидра-й Мүнтаһаға көтерілген. Одан ары қарай Рефреф атты періште қызмет етіп: уақыттан, кеңістіктен, пендеуи һәм дүниеуи сыңғырдан мүлде қашық Раббы әлемінің құзырына ұластырады. Осында Хақ Елшісі (с.а.у) Ұлы Жаратушымен тілдесіп, басынан бейне уаһи, бейне сыр, бейне нұрлы шағылысты кешіріп, мұсылмандарға бес уақыт намаз парыз етіліп, қайтарында жұмақтық пен тамұқтық болатындардың сипаттары, хақсыздықпен біреуді тілдеген, жала жапқан, адамдарды шағыстырған, арандатқан, өтірікші, екіжүзді және турашыл еместердің ақырет әлемінде басынан не кешіретіні көрсетіледі.
Көзді ашып-жұмғанша болған Миғраж мұғжизасын Мұхаммед (с.а.у) меккеліктерге айтқанда, мүшіріктер бұған сенгісі келмеді. Олардың «Құдыстың қандай белгілері бар?» деген сұрағына Алла Елшісі (с.а.у) мүдірмей жауап береді. Сондай-ақ, жолшыбай бір керуеннің келе жатқандығын, оның қанша уақыттан кейін Меккеге келетіндігін айтқанда мүшіріктердің иланбауға лажы қалмады. Хз. Әбубәкір секілді туа бітті турашыл адамдар ғана Миғражды ести сала, еш шүбәсіз сенген еді. Осы себептен оған «Сыдық» (шынайы берілген, адал) деген лақап ат берілді.
Құранның Исра сүресінде Миғраж оқиғасы туралы жан-жақты баяндалады. Әсілі, «миғраж» сөзі «түнгі серуен» мағынасын береді. Пайғамбарымыз (с.а.у) Харам мешітінен, Ақса мешітіне түн ауа саяхат еткендіктен, ислами әдебиеттерде бұл мұғжизаны «Исра» немесе «Миғраж» деп атайды.
Бұған дейін де Хақ елшілері түрлі сипатта ұшпаққа көтерілген болса да, Мұхаммед (с.а.у) пешенесіне миғражға көтерілудің ең жоғары дәрежесі нәсіп болған еді.
Миғраж оқиғасында Мұхаммед (с.а.у)-ға мынадай үкімдер нәзіл етілді:
Бірінші, Алладан басқаға құлдық ұрмау.
Екінші, ата-анаға құрмет көрсету.
Үшінші, ағайын-туысқа, кедей-кепшікке, міскін-ғаріпке қол ұшын беру.
Төртінші, нәмәрттіктен және мал шашпақтан аулақ болу.
Бесінші, кедейліктің кесірінен балаларды өлтірмеу.
Алтыншы, зинаға жоламау.
Жетінші, адам өлтірмеу.
Сегізінші, жетімнің ақысын жемеу.
Тоғызыншы, уәдеге берік болу.
Оныншы, таразыдан жемеу.
Он бірінші, білмеген нәрседан аулақ тұру.
Он екінші, мейманасы тасып, дандайсымау (Исра 22-39).
Миғраж оқиғасы сөз болғанда, миғражда Пайғамбарымызға (с.а.у) берілген илаһи үкімдер қаншалықты салихалы һәм қаншалықты маңызды деген сауал туындайды. Мекке дәуіріндегі нәзіл болған иллаһи үкімдерге маңыз беретін болсақ, бұл кезеңдегі үкімдердің мұсылмандардың жан-дүниесін кемелдендіруге арналғаны аңғарылады. Сондай-ақ, ықыластың амалға қатыстылығы және Исламның шариғат қабаты белгіленді.
41Алладан өзгеге құлдық ұрмаудың негізгі діті – тәухидті бойға сіңіру болса, әке-шешеге, ағайын-туысқа, міскін-ғаріпке, жарлы-жақыбайға жақсылық жасау туралы иллаһи жарлық – әлеуметтік құрылымды ізгілендіруді көздеген-ді. Сараңдық пен мал шашпақтан тыюының себебі – тұрақты экономикалық құндылықты ұғындырған. Жоқшылықтың зардабынан жас балаларды өлтіруді доғаруды бұйыру арқылы кеңпейілдігі телегей теңіз Ұлы Жаратушы әрбір жанның өз ризығын беретіндігін меңзеген. Адам баласының ең азғын жағдайға түскендігін көрсететін зинаны жасауға тыйым салу – қоғамның құлдырамауының алдын алу. Қасақана кісі өлтіруге тоқтау салуының мәнісі – Алланың тіршілік етсін деп берген жанның адам баласы үшін аса маңызды екендігінен. Жетімнің ақысына адал болып, оған қараса жүр дегендегісі – мейірімділікке, қайырымдылыққа үндеу болатын. Уәдеге берік болуды үндеуінің мәні – сөзінің пәтуасы жоқ адамға ешбір жерде сенім артылмайтынын ұқтырған-ды. Әрбір істе өлшем мен таразыда адал болуға шақыруының себебі – әрбір жайтқа байыппен қарап, әрбір істің әділдігіне жүгіне біл дегені. Білмеген ісіңе пікір айтудан аулақ бол дегендегісі – туралықты ту етіп ұстай білуді ұқтырғаны болатын. Мейманасы тасып, дандайсудан өз-өзіңді тия біл дегені – кісіге тек кішіпейілдіктің ғана жарасатындығын, қарапайымдылықтан қара үзіп кетпеудің келешегі кемелді екендігін ұқтыруы еді.
Миғраж оқиғасында мұсылман қауымына мынандай иллаһи үш ләтифа (сый) тарту етілді:
Біріншісі, хз. Мұхаммедтің үмбетінің ішінде Алланың бір екендігіне шүбә келтірмегендердің, күнәсін өтеп болғаннан кейін, ерте ме, кеш пе, жұмақтың сый етілетіндігі.
Екіншісі, бес уақыт намаз оқу парыз етілді. Мұхаммед (с.а.у): «Бұл ғибадаттың үмбеті үшін миғраж» екендігін айтқан болатын.
Үшіншісі, риуаяттарда Мұхаммед с.ғ.а Бақара сүресінің соңғы екі аяты осы Миғражда нәзіл болған. Аяттардың басында иман негіздері жіпке тізген маржандай тізбектеледі. Бұл аятта Мұхаммед (с.а.у)-нан бұрынғы пайғамбарларға және оларға түсірілген кітаптарға иман келтіру туралы да айтылады. Кітап түскен қауымдардың өзара түсіністік негізінде толеранттыққа келу керектігіне баса мән беріледі. Төзімділік рухы ғаламдағы әртүрлі ала-жаңқа түр мен түсті және пікірлерді ымыраластырып, жер шарының өз осінде бейбіт ырғақпен айналуына септігін тигізетіні анық айтылады. Ислам тарихына көз жіберер болсақ, бұл аяттың негізінде ислам мемлекеттері өз қарауындағы мұсылман емес қауымдармен барынша бейбіт қарым-қатынас жасаған болатын. Аяттың соңында әрбір мұсылманның өз қал-қадірінше исламдық ғұрыпқа сай өмір сүре алатындығы, яғни, ешкімге шамасы жетпейтін жүктің артылмайтындығы паш етілді. Демек, түрлі деңгейдегі ақыл мен қабылетке ие мұсылмандар өз шама-шарқына қарай исламдық негізде өмір сүреді деген сөз.
Миғраждың иллаһи сырларының бірі – мұсылмандардың хижра жасап, дәйім Исламның рухы алаулап, бағы ашылатындығынан үзілмей үміт етсе, Алланың қолдауымен ұлы жеңіске жетіп, ұшпаққа шығатындығын астарлы түрде білдіртуі болатын. Сондықтан да Хақ Елшісі (с.а.у) мүшріктерден небір қысым мен құқайды көргеніне қарамастан, Исламның алдағы уақытта күні оңынан туып, адамдардың топ-тобымен хақ дінге мойынсұнатындығынан үміттенген көңілін, Ұлы Жаратушы миғраждағы теңдессіз тартулармен жұбатқан-ды.
Иә, Мұхаммед (с.а.у) Миғраждағы иллаһи сырларға қанығып, жаңаша түлеп, жаңа бір леппен Исламды дәріптеуді жалғастырған болатын. Сөйтіп, мүбәрак миғраж кешінен соң, Исламның жеңісті жорықтары бірінен кейін бірі жалғасын тауып жатты. Миғраж – Исламның ұлы жеңістерінің рухани хабаршысы болғандықтан, мүбәрак Миғраж кешін күллі ислами жеңістердің бейне бастау бұлағы іспетті деп қабылдасақ болады.
Мұхан Исахан
Исламтанушы ғалым,
“E-islam” ақпараттық-ағартушылық интернет порталының сарапшысы