Айлардың сұлтаны болған, күндізі және түндері жақсылыққа, берекеге, құлшылыққа толы болған қасиетті нұр шашқан Рамазан айы да аяқталып келеді. Бұл қасиетті айдың аяқталуы мұсылмандардың көңілін түсіріп, келесі Рамазанды аңсататыны ақиқат.
Осы ай бойы өздерін ішіп-жеуден Аллаһ үшін тыйған мұсылмандарға Аллаһтың нығмет және қуаныш етіп берген Ұлық мерекесі Ораза айт та жақындап келеді. Ораза айт – Исламдағы екі мерекенің бірі, мұсылмандардың қуанышы.
Осындай Ұлық мерекені Раббысын таныған адамдардың сағынышпен күтері ақиқат.
Өкінішке орай, күйбелең тіршілікте жүріп көпшілік адамдардың бұл мерекеге салғырт қарап, өзге жалған мерекелерді асыға күтіп, қуана тойлап жатқанын көреміз. Асылында мұсылман үшін асыға күтуге де, қуанышпен тойлауға да ең лайықты мереке осы екі айт мерекесі.
Бұл қысқаша ғана мақаланың өзегі – Ислами бала тәрбиесіне қатысты болмақ.
Ұл-қызымыздың иманды болуы, құлшылықта тұрақты болуы, тәлім-тәрбиесі, өсіп-өнуі, инабатты, ибалы болуы тікелей ата-анаға қатысты. Ибраһим пайғамбардың : «Раббым! Мені және ұрпақтарымды намазды толық орындаушы ете гөрші», – деп дұға жасауы Ислам дінінде ұл-қызды әуелгі кезекте иманды, ибалы, құлшылығы тұрақты етіп тәрбиелеудің маңыздылығын көрсетеді.
Пайғамбарымыздың: «Ешбір әке баласына көркем әдептен артық сыйлық берген емес»– деу арқылы бала тәрбиесінің маңыздылығын аңғартқан бізге.
Ата-ананың әр ісі мен қадамынан сөзсіз үлгі алатын перзенттерімізге дұрыс тәлім-тәрбие беретіндей иманды, үлгілі ұстаз болу ата-ананың әуелгі борышы. Міне, осы кезекте Ислами мерекелердің алатын орны ерекше.
Жастайынан жаңа зат, киім алуға құмарту, сыйлықтар алып, көңіл көтеріп қыдырғанды ұнату балаларға тән қасиет. Балалардың осы ерекшеліктерін айт мерекелерінде дұрыс пайдалану Ислами бала тәрбиесінде өз жемісін берері сөзсіз. Яғни, айт мерекесі кезінде сыйлықтар беріп, жүректеріне қуаныш ұялатып, сүйікті жерлеріне қыдыртып, үйді безендіру арқылы оларға Ислами мерекенің Ұлық екенін, қуанышты күн екенін сездіру керек. Міне сонда ол балалар есте қалған сол күнді ұзақ уақыт сағынышпен еске алып, келесі айтты армандап жүретін болады. Ал, айт мерекесін армандап, күту дегеніміз – ораза айын да күтіп, оған ойланып, мән-мағынасына тереңірек үңілу арқылы дұрыс түсінікке әкелері айдан анық ағайын!
Пайғамбарымыздың: «Бір адамның қайыр жолында жұмсаған ақшасының ең жақсысы – отбасына жұмсаған ақшасы», – деп айтуы ұл-қызымызға Аллаһты, Оның дінін, Ол бекіткен мерекелерді таныту жолында жұмсаған ақшаның ең жақсы ақша екендігін көрсетеді.
Құрметті мұсылмандар! Мойнымызда аманат болған ұл-қызымызға Аллаһты, оның дінін, парыз амалдарды және Аллаһқа деген махаббатты осындай мерекелерде оларды қуанту арқылы, Исламның мерекелік дәмін сездіру арқылы, осы мерекелерді бәрінен де маңызды көрсету арқылы тәрбиелейік.
Расында, жастайынан Исламның аясында өскен перзент ғана ертеңгі бізге ізгі бала, елінің жанашыр азаматы болады.
Ендеше келе жатқан айт мерекесін ұл-қызымызға танытып, жақсы көрсету арқылы олардың жүректерінде Аллаһқа деген махаббат және құрмет сезімдерін оята білейік ағайын!
http://kattani.kz/?p=8878