«Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын.
Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана, біз мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз». Бұл – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі.
Жай сөз емес, сана сілкінтер салмақты сөз. Құндылықтарды қалай қастерлеу қажеттігін пайымдайтын парасатты пікір. Оңың мен солыңды танытатын, барыңды бағалататын, қасиетің мен киеңді қадірлететін орнықты ой. Осы ойды ары қарай өрбітетін болсақ, Елбасының ерен еңбегі мен сарабдал саясаты Қазақстанды дүниежүзіне бейбітшіліктің бастауы, тұрақтылықтың талбесігі, тыныштықтың тұтқасы һәм конфессияаралық келісімнің ордасы ретінде танытып отырғанына тағы бір мәрте көз жеткіземіз.
Тұңғыш Президентіміз ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырып, елімізде дінаралық диалогтың жарқын үлгісін қалыптастырды. Қазақстандағы этносаралық толеранттылықты әлемге әйгілі етті. Дүние дүрлігіп тұрған тұста бізді қақтығыстар мен кикілжіңдерден аман алып шықты. Өз кезегінде бұқара халық Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамаларын қолдап отырды. Қолдап қана қойған жоқ, сенім білдіріп, соңынан ерді. Ұлт Көшбасшысы ел аманатын абыроймен арқалады. Осылайша елімізде «Елбасы – біреу, халық – тіреу» деген ұғым пайда болды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделі Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізуде де шешуші рөл атқарды. Байырқалы басқосудың ұраны төрт Т: Trust (сенім), Tradition (дәстүр), Transparency (транспаренттілік) және Tolerance (толеранттылық) болды. Осы тізбедегі төртінші компонент – мәдениеттер мен діндер және өркениеттер арасындағы диалогты нығайтуға бағытталды. Ал Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығы міндетіне кірісер кезде: «Біздің ұлтаралық және дінаралық келісімнің моделі – бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынас ісіне Қазақстанның қосқан қомақты үлесі» дегенді айтты.
Этносаралық және конфессияаралық келісім әр кезде жалпыхалықтық жетістік болып қала береді. Мақсатқа жету үшін Елбасының бастамасымен Астанада әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі ұйымдастырылып келеді. Дәл осы конфессияаралық диалогтың басқа жиындардан ерекшелігі – ол бір ғана діннің мүддесіне қызмет етпей, жалпы адамзатқа ортақ өзекті проблемаларды қамтиды. Ең бастысы, мұнда көпұлтты, көптілді, көпконфессиялы қоғамның мәселелері қаралады.
Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезін ұйымдастыру арқылы халықтар мен діни көзқарастарды жақындастыруға, сол арқылы бейбітшілік құндылықтарын қалыптастыруға жасаған қадамы үшін әлем қауымдастығы Қазақстанға және оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары баға берді. Бұл – біз үшін абырой әрі мәртебе. Ұлт Көшбасшысы ел азаматтарының ұлттық және конфессиялық мүдделерін сақтаудың ерекше құралы ретінде дүниеге Қазақстан халқы ассамблеясын әкелді. Мемлекет басшысының кеңесші органы саналатын ұйым 1995 жылдың наурызында пайда болды. Бүгінде әлемде теңдесі жоқ аталмыш институт ел аумағындағы ұлттық-мәдени орталықтар мен бірлестіктердің құрылуына ықпал етіп отыр. Сонымен қатар ол ұлтаралық келісім идеясы Мемлекет басшысы тарапынан басымдығы мол құбылыс екенін насихаттап, оның негізі барлық этникалық құрамға азаматтық сыйластықпен қарау және деструктивті позиция қағидаларынан бас тарту екенін түсіндіріп келеді.
Елбасы Қазақстан халқы ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясында аталмыш институт қоғамдық келісімнің кепілі, бірліктің діңгегі, достықтың дәнекері болып отырғанын баяндап, тағдыр табыстырып, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласқанын атап көрсетті. Ассамблеяның тарихы – біздің тұрақтылығымыздың тарихы екеніне тоқталып, Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессия өкілінің туған шаңырағына айналғанын айтты. Мерейтойлық сессияның тақырыбы «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» екенін тілге тиек етіп: «Біз – көпұлтты қоғамбыз. Бізде ұлтаралық қатынастар мәселесінде ешқандай қосарланған стандарттар болмауы керек. Мемлекетте бәрі тең болуы тиіс. Этностық немесе басқа да белгілер бойынша жақсы немесе жаман деген болмауы тиіс. Бұл мәселе мен үшін декларативті емес. Егер біреуге этностық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек. Ешқандай этносқа ешқандай артықшылық болмайды және болмауы тиіс, барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей. Біз тең мүмкіндіктер қоғамын, бәрі заң алдында бірдей болатын қоғамды құрудамыз. Біз ешқашан оқуға түсу, жұмысқа тұру және қызмет бабында өсу этностық белгі арқылы шешіледі дегенді ойға да алмауға тиіспіз.Біздің қоғамымызда «артық» немесе «бөтен», «біздікі» немесе «біздікі емес» деген болмауы тиіс. Біз еліміздің бірде-бір азаматын сыртта қалдыра алмаймыз. Әрбір қазақстандық биліктің қолдайтынын және тірек екенін сезінуге тиіс. Ұлттардың этносаралық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланады.Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз. Ендеше, тәуелсіз Қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің хақысы жоқ. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт» деді. Елбасы айтса айтқандай, Қазақстанды тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір ұлттар мен ұлыстар мекен етіп отыр. Олар көк Тудың астында бірігіп, туған жердің абыройын асқақтатқысы келеді. Мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет болуды мұрат тұтады.
Асылы ОСМАН, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы:
– Біз Қазақстанға 1944 жылы Грузияның Түркияға шекаралас Ахалкалак деген қаласынан жер аударылдық. Ол кезде мен кішкентай қызбын. Соғыстан кейін Қазақстанның да жағдайы нашар болатын. Киерге киім, ішерге ас таба алмай қатты қиналдық. Десек те, қазақ халқы бізді бетімізден қаққан жоқ. Кеудемізден итермеді. Керісінше, бізге ерекше құрмет көрсетіп, бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп, аман-есен осы күнге жеткізді. Жалпы, қазақ – адамгершілігі асқақ, арамдықтан ада, тумысынан таза, қиянаттан шет, өзі дара, жүрегі бала халық. Оның жүзінен иман төгіліп тұрады. Қазақтар ешкімді алаламайды, ешкімнің бөтендігін бетіне баспайды. Мен бұл халыққа өле-өлгенше қарыздар болып өтемін. Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сұңғылалығының арқасында қазіргі береке-бірлікке, тату-тәтті тірлікке, оның ішінде толеранттылыққа қол жеткізіп отырмыз. Қазақтың бағына біткен Нұрсұлтаны болмаса, бізде мұның бірі де болмас еді.
Меніңше, бейбітшілік феноменін құрайтын ұлтаралық келісім – ол қарапайым адамдар арасындағы достық пен махаббат, сенімділік пен төзімділік. Түсіністік қандай жағдайда пайда болады? Біріншіден, адамгершілік болған кезде. Екіншіден, айналасындағы әрбір адамға оның қоғамдағы дәрежесіне қарамастан мейірім шуағын төге білген кезде. Үшіншіден, өз ұрпағына адами махаббат сезімдерін жеткізе білген кезде. Сондықтан да әлемдік, жаһандық, одан қала берді ұлтаралық түсіністік деген кезде осындай кішігірім нәрселерден бастау керек. Әлемде болып жатқан келеңсіздіктер неден туындайды? Адамдар бір-бірін түсінбегендіктен туындайды. Түсіністік болмаған жерде береке болмайды. Құдайға шүкір, бізде бас-басымызға би болуға ұмтылу жоқ. Елбасы – басшы, халық – қосшы. Осылай болуы керек. Сонда ғана елімізде дүрдараздық болмайды. Қазақта «Тіл білген адам құшақтасады, тілін білмеген адам пышақтасады» деген сөз бар. Қазақтың тілі мен тарихын білмеген жастың бойында бұл елге деген құрмет болмайды. Менің барым да, базарым да, кәсібім мен нәсібім де – қазақтың тілі. Мен Қазақстанды мекен етіп отырған адамдардың барлығы осы тілді жетік білгенін қалаймын.
Халил МАСЛОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің PhD докторанты:
– Менің шашым сары, көзім көк емес, бірақ қаным – белорус, жаным – қазақ. Анам әзірбайжан ұлтының өкілі. Бір сөзбен айтқанда, мен интернационалдық әулеттің ұрпағымын. Шынымды айтайын, қазақ дегенде шығарға жаным бөлек. Осы халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ерекше құрметтеймін. Қазақтың қызымен шаңырақ көтеріп, бала сүйіп отырғанымды да мақтанышпен айтамын. Өзім туып-өскен елдің азаматы бола тұрып, республика көлемінде болып жатқан жағымды өзгерістерді байқамауым мүмкін емес. Елбасымыздың жүргізіп жатқан саясаты Қазақстан халқын өзара түсіністікке жетелейді. Бізге көршілес елдер қызығып әрі қызғанып қарайды. Біз егемен елде, тәуелсіз Қазақстанда бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Біле білген адамға бейбітшілік дегеніміз баға жетпес байлық. Бізде түрлі ұлттар мен ұлыстар бір атаның балаларындай ғұмыр кешіп жатыр. Бұл – Елбасы саясатының жемісі. Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Отан» жастар қанатының II съезінің ашылуында Қазақ елінің жастарына зор жауапкершілік жүктеп, мемлекет тарапынан оларға үнемі қолдау көрсетілетінін айтты. Біз Мемлекет басшысының сенімін ақтауымыз керек. Ол үшін Қазақ еліндегі, қазақ жеріндегі бірлігіміз бен бейбітшілігіміздің баянды болуына және келісімнің одан әрі тұрақтана түсуіне үлес қосып, жан аямай еңбек етуіміз керек.
05.07.2013