Адамзат қоғамының ақыл-ойы аламанға түскен бүгінгі ХХІ ғасыр геосаяси, геоэкономикалық және геомәдени өзгерістердің ошағына айналып отыр. Бұл, сайып келгенде, жаһандану деп аталатын ғаламдық құбылыстың қызу жүріп жатқандығын байқатса керек. Бүгінде адамдар әлемнің қай нүктесіндегі болмасын қақтығысқа, лаңкестік әрекетке үрейлене қарайтын болды. Өйткені, өткенді айтпағанда, бүгінгі күні бір шаһар тұрмақ, Мысыр, Сирия сынды бүтіндей бір елдің саясаттың құрбанына айналып, қақтығыстарға ұшырап, қиындық кешіп отырғаны жасырын емес. Дегенмен, әлемдегі осынау аталған өзгерістерге қарамастан, қазіргі таңда Қазақстан тұрақтылығы мен келісімін бір-бірімен ұштастыра, қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі. Бұл өз кезегінде Н.Ә.Назарбаевтың дінаралық және ұлтаралық келісімді негізге алып жүргізген ұтымды саясаты жемісінің нәтижесі болып табылады. Осы тұста Елбасының игі бастамаларының бірі ретінде Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер форумын өткізуге қатысты ұсынысын айтуға болады.
Осылайша, 2003 жылы Қазақстан мемлекеті Елбасының бастамасымен жиналған әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің алғашқы съезі дүниежүзі халықтары арасында рухани жақындау процесін бастады. Аталған съезден соң Испания мен Түркияның бірлескен бастамасы ретінде туындаған Өркениеттер альянсы форумы, Мекке халықаралық мұсылмандар конференциясы, Мадрид халықаралық форумы және тағы басқалары сияқты дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық келіссөз бен өзара түсіністікті қалыптастыру мен алға жылжыту мақсатын көздейтін басқа да форумдар өткізіле бастады.
Бейбітшілікті көздейтін ұйымдардың қатарынан Еуразия меруерті — Астана қаласында жиналатын дін лидерлерінің съезі ерекше орын алады. Шет елдерде теңдесі жоқ мұндай институт қызметінде, тіпті әлемдік өркениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың мәселелерін шешуде қолдануға болатын мол тәжірибе жатыр.
Бұл форум арқылы Қазақстан жер-жаһанның түрлі діндері мен конфессиялары өкілдерінің басын қосып, бейбітшілік пен өзара төзімділік қағидаларын насихаттайтындығын оларға өз ауыздарымен айтқызды. 2003 жылы І съезд жұмысына түрлі конфессиялардың 17 делегациясы қатысса, ІІ съезд әлемнің 43 елінен келген 29 делегацияны қарсы алды. Ал олардың арасында тек діни көшбасшылар ғана емес, ғалымдар, саяси және мәдени қайраткерлер, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО секілді халықаралық институттардың өкілдерінің келуі Елбасының бастамасына жаңа серпін берген айтулы оқиға болды.
Ал келесі ІІІ съезд отырысына 77 делегацияның келуі форумның беделінің өсіп, әлемдік өркениет өкілдерінің өзара төзімділік, құрмет және түсіністік жолында үнқатысуға ынтасы артып отырғанын көрсетті. Себебі, бұл жолғы басқосуда әлемдік діндердің көшбасшылары конфессияаралық үнқатысумен ғана шектеліп қоймай, өз кезегінде, өркениеттер қақтығысының алдын алуға кепіл болатын – мемлекеттердің мәдени және рухани тұрғыда өзара әрекеттестігі мен ынтымақтастығының маңыздылығын алға тартқан болатын.
2012 жылғы 30-31 мамырда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі «Бейбітшілік пен келісім — адамзат таңдауы» атты тақырыптың аясында өтті. Форумға 40 елден барлық әлемдік және дәстүрлі діндерге, сондай-ақ беделді діни және халықаралық ұйымдарға қатысы бар 87 делегация атсалысты. Бұл жолғы да съезд жоғары деңгейде аталып өтті және форум жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылар әлемдік қоғамдастыққа арнап үндеу қабылдады.
Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезін ұйымдастыру арқылы халықтар мен діни көзқарастарды жақындастыруға, сол арқылы бейбітшілік құндылықтарын қалыптастыруға жасаған қадамы үшін әлем қауымдастығы Қазақстанға және оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары баға берді. Бұл — біздің мемлекет үшін абырой әрі биік мәртебе.
Енді қазіргі біздің XXI ғасырда әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі әлем мен жеке Қазақстанға не берді деген сауалды тарқатып айтар болсақ, осы халықаралық іс-шара дінаралық және өркениетаралық келіссөзді алға жылжыту бойынша алғашқы саммиттердің бірі болды. Съезд рухани құндылықтардың жаһандық өзара кірігу, адамдар санасында адамзаттың дәстүрлі діндерінің қасиетті идеалдарын насихаттау мен нығайту процесінің елеулі қозғалтқыштарының бірі бола білді.
Съезд жұмысының жемісті нәтижесі ретінде Астанада «Бейбітшілік және келісім сарайының» салынуы, съезд хатшылығы жұмыс тобының қызметін атқаратын әрі дінаралық және мәдениетаралық үнқатысуды дамытуға бағытталған көптеген халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың ұйытқысы болып отырған Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының құрылуы – Қазақстанның өркениетаралық және дінаралық үнқатысу мәселелерін ғаламдық деңгейде талқылауды жалғастыра беруге мүдделі екендігін көрсетеді. Мұның айғағы ретінде, Қазақстан ЕҚЫҰ мен ИЫҰ-ны «Батыс-Шығыс» үнқатысу алаңын кеңейтуге және әлем елдерінің мемлекет басшылары мен БАҚ-ты осы ортақ іске белсенді қолдау көрсетуге үндеп отыр.
Алдында болып өткен дін лидерлерінің төрт съезіне ислам, христиандық, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және қалған дәстүрлі дін басшылары мен көрнекі өкілдері қатысты. Оларда қоғам мен халықтардың рухани жақындасуы бойынша қызықты да мазмұнды әңгіме өтті, бірлескен декларациялар қабылданды және қарапайым азаматтар, елдер мен халықтарға арналған рухани лидерлер баяндамалары тыңдалды.
Съезд шеңберінде түрлі дін мен конфессиялар өкілдері арасында байланыс құрылып нығайды, бұл біздің жалпы үйіміз – Жер шарында бейбіт қатар өмір сүру мен үйлесімдіктің басты құраушылары болып табылатын діни қауымдастықтар арасында сенім мен өзара құрмет артуына көмектесті. Қазақстан әлем қоғамдастықтарын мейірімді бастамаларға итермеледі, әлемнің түрлі бұрыштарында адамдар жүрегінде құрмет пен қолдауға ие болды. Себебі съезді болашаққа ұлт лидері, елдің негізін құраушы жетектеген жас мемлекет өткізіп отыр. Съезді өзінің тәуелсіз дамуында ауқымды жетістіктерге жеткен және өңірде даму үлгісі бола білген салыстырмалы жас қоғам өткізеді. Съезді қоғамның қандай да бір этномәдениетті немесе діни бөлігінің маргиналдауын болдырмаумен мақсатты түрде айналысатын ел өткізеді.
Дінаралық келіссөзді дамытуға қосылған үлес біздің елдің ұлттар қоғамдастығында беделін арттырды, жаһандық құрылымдарда Қазақстан өзінің мейірімді бастамаларымен және экономикасы қарқынды дамыған, өзара түсіністік пен өзара құрмет негізінде жұмылған қоғам ретінде таныла бастады.
Әлемдік дамудың жаңа тарихи кезеңі адамзат баласының әлемдік діндердің қауіпсіздік жүйесіндегі рөлін және өркениеттердің жаңа серпінмен рухани бірлесуі қажеттілігін түсінуімен сипатталады. Ол түсінікке сәйкес, ұлтаралық және дінаралық әрекеттестік пен ынтымақтастық арқылы өркениеттердің өзара үнқатысуы әлемнің үйлесімділікте дамуының негізгі шарты болып табылады.
Осыған орай, өркениетаралық және конфессияаралық үнқатысу бүгінгі күннің күн тәртібіндегі түйінді мәселеге айналады. Қазақстанның бастамалары сол өткір мәселелерді шешу ісіне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып кірісу қажеттілігін дер кезінде әлемдік қауымдастық назарына алға тартып, өзінің кең-байтақ жерінде ғасырлар бойы сан алуан халықтардың татулық пен өзара түсіністікте өмір сүрген тәжірибесін әлем жұртшылығының игілігіне айналдыра білді.
Қауыс БЕРІК,
ҚР ДІА Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының
халықаралық ынтымақтастық бөлімінің аға ғылыми қызметкері