Мүміндер үшін пайғамбар өз жандарынан да артық. Оның әйелдері олардың аналары…».(Ахзаб,6)
Ұлы Жаратушы өз құлдарын тура жолға бастап, жөн сілтейтін шамшырақ пайғамбарларын бірінен кейін бірін жер бетіне жіберіп отырды. Әр пайғамбар өз міндетін қалтқысыз орындаумен қатар ақырғы пайғамбардың келетінін алдын ала хабарлап кетті. Көптен күткен мақтаулы пайғамбар хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) дүние есігін айқара ашуы адам¬зат тарихындағы негізгі жаңалықтардың бірі болды. Адам баласы дінді ғана емес, ғылым мен мәдениетті үйрену тұрғысынан да Аллаһ елшісіне (с.а.с.) қыруар қарыздар. Аллаһ Тағала сүйікті құлына пайғамбарлық міндетті тапсырумен қатар, Оны – «күллі әлемге тек рақым етіп қана жіберді». Ол бүкіл адамзат баласына шуағы мол ерекше нұр сыйлады.
Аллаһ Тағала мен елшісіне деген біздің жақындығымыз, оларға деген сүйіспеншілігіміздің өлшеміне байланысты. Нақтырақ айтсақ, оларды қаншалықты жақсы көрсек, соншалықты Хақ Тағаланың разылығына кенеліп, Оның ерекше мейіріміне бөленеміз. Аллаһ елшісінің (с.а.с.) соңынан еріп, үлгі тұтқан кезде ғана нағыз бақытқа қол жеткіземіз. Өйткені, Аллаһ Тағаланың өзі оны күллі адамзатты кемелдікке бастар ұстаз етті. Мұсылманның басты міндеті – Аллаһты және Оның пайғамбарын тану десек, тек жақсылап таныған адамның ғана Оны шынайы сүйе алатындығы шындық.
Негізінде бұл сүйіспеншіліктің қандай болу керектігін үйреткен Аллаһ Тағала және Оның елшісі (с.а.с.) еді. Осыған байланысты Құранда:
قُلْ إِن كُنتُمْ تُحِبُّونَ اللّهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ وَاللّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ
«Егер Аллаһты жақсы көрсеңдер менің ізіме еріңдер, сонда Аллаһ Тағала сендерді жақсы көріп күнәларыңды кешіреді. Аллаһ Тағала өте кешірімді әрі аса рақымды – де!» – деп Өзінің елшісіне (с.а.с.) бағынуды, соңынан еруді, үлгі алуды әмір етеді. Шындығына келгенде, Оны үлгі тұтып артынан еру, тек сүйіспеншілікпен ғана жүзеге аспақ.
Тағы бір аятта Аллаһ Тағала:
النَّبِيُّ أَوْلَى بِالْمُؤْمِنِينَ مِنْ أَنفُسِهِمْ وَأَزْوَاجُهُ أُمَّهَاتُهُمْ
«Мүміндер үшін пайғамбар өз жандарынан да артық. Әйелдері олардың аналары…» ,- дейді.
Сүйіспеншілікті үйреткен Пайғамбарымыздан өмірдің мәнісін толық ұққан сахабалар, оны қалай жақсы көрудің асқан үлгісін көрсетті. Олардың қай-қайсысы болсын Пайғамбарымыз үшін шыбын жанын пида етуге әзір еді.
Омар Фаруқ (р.а.) та Аллаһ елшісін жанындай жақсы көрді. Бірде ғаламның рақым нұры (с.а.с.) Омардан (р.а.):
– Мені қаншалықты жақсы көресің? – деп сұрағанда, ол:
– Ей, Аллаһтың елшісі, сені жанымнан басқаның бәрінен артық жақсы көремін, – деп жауап береді.
– Мені жаныңнан да артық жақсы көрмейінше толық иман еткен болып саналмайсың, – деп Аллаһ елшісі (с.а.с.) оған сүйіспеншіліктің қандай болу керектігін түсіндіреді. Істің мәнісін пайғамбардан үйренген ол жан-тәнімен:
– Уа, Расулаллаһ, Сені енді жанымнан да артық жақсы көремін, – дейді. Аллаһ елшісі оған:
– Міне, енді сүйіспеншілік кемеліне келді, – деді .
Тағы бір хадисте:
لا يُؤْمِنُ أحَدُكُمْ حَتَّي أكُونَ أحَبَّ إلَيْهِ مِنْ والِدِهِ وَ وَلدِهِ وَالنّاسِ أجْمَعِينَ
«Кімде-кім мені әкесінен, баласынан және бүкіл адамдардан артық жақсы көрмейінше кәміл иман ет¬кен болып саналмайды» деуі, Аллаһ елшісіне қатысты сүйіспеншіліктің иман келтірумен тікелей байланысты екенін көрсетеді.
Яғни, Пайғамбарымызды жанымыздан да артық жақсы көру – иман кемелдігінің бірден-бір шарты. Осы ақиқатты терең сезінген сахабалардың жарқын ғұмыры әлбетте Аллаһ елшісіне деген шынайы сүйіспеншілікке толы болды.
Аллаһты жақсы көрген адамның Оның елшісін сүймеуі әсте мүмкін емес. Хазірет Пайғамбарды (с.а.с.) еске алғанда, көз алдымызға тек қана мейірім мен сүйіспеншілік келеді. Ол бүкіл адамзатқа мейірімділік пен рақым алып келді. Достары түгілі дұшпандары да одан тек қана жақсылық пен ізгілік көрді.
Реті келгенде еске сала кетейік, Мекке азат етілгенге дейін дін дұшпандарының Пайғамбарымызға көрсетпеген қорлығы қалмады. Олар өздерін зұлымдықтан құтқару үшін мейірім ретінде жіберілген пайғамбарға қарсылық (бойкот) жариялап, үш жыл бойы мұсылмандарды шөл ортасында тастап, олармен ешқандай байланыс құрмады, сауда-саттық жасамай, жақындарына да көмек көрсетуге тыйым салды. Пайғамбарымызға ерген мұсылмандар ағаштың қабығы мен жәндікті қорек етіп күнелтті. Бұл кезде біраз адам аштықтан өлген еді. Бұл да жетпегендей мүшіріктер оны туған жерінен қуып шығып, ол жерде де түрлі зымияндықтарымен үнемі қорқытумен болды. Оның үстіне Бәдір, Ұхұт және Хандак сияқты ірі шайқастарда Пайғамбарымыз бен Оған ерген серіктерін жер бетінен жойып жіберу үшін бүкіл күш-жігерін жұмсады.
Әрі «Хұдайбия» сияқты шарттары ауыр болған келіссөзге қол қоюға мәжбүрледі. Пайғамбарымыз Меккені алған кезде бұл жасалған дұшпандықтардың бәріне көз жұма қарап: «бүгін барлығың азатсыңдар, ешкім де жауапқа тартылмайды» деді. Өзіне қарсы істелген қастандықтың бәріне Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Аллаһым, бұлар менің пайғамбар екенімді білмейді ғой. Егер білсе бұлай жасамас еді. Оларды кешіре гөр»,- деп дұға етті.
Хаббар ибн Әсуад мұсылмандарға әрдайым жапа шектіріп, қолынан келген зұлымдығын істеп баққан, бірнеше мұсылманның жанын қиған, пайғамбардың қас дұшпаны еді. Бұл дұшпандығымен де шектеліп қалмай һижрет кезінде екі жаһан сардарының қызы Зейнепті атынан аударып құлатады. Осының нәтижесінде аяғы ауыр Зейнеп түсік тастайды. Біраз уақыт өткеннен кейін бұл кеселден өзі де қайтыс болады. Кейіннен Мекке алынған кезде Пайғамбарымыздан кешірім сұрап жалбарынған Хаббарға рақым пайғамбары кешірім жасайды.
Осылайша, кезіндегі азулы дұшпандары пайғамбар бойындағы көркем мінез бен мейірімділік, әділдік пен адалдықты көргенде жүректері жібіп, Оның ең жақын серіктеріне айналады.
Бір кездері Исламның ата жауы болған Амр ибн Ас та, басқа сахабалар сияқты кезінде өз қолымен өлтіруге жанын салған хазірет Мұхаммедті кейіннен өз жанынан да артық көрген болатын. Ақтық демі бітер сәтте Амр ибн Ас: «Алғашында кәпір едім… Аллаһтың елшісіне ең қатыгез болғандардың бірі бо¬латынмын. Егер сол кезде өлген болсам жаһаннамның шыңырау түбіне кетер едім. Кейін Аллаһ елшісіне серт беріп, Оның пайғамбар екенін қабылдадым. Адамдардың арасында Аллаһ расулындай ешкімді жақсы көрген емеспін. Егер маған Оны сипаттап бер десе, оған шамам келмес еді. Өйткені, Пайғамбарымызды сыйлап, құрметтегенім соншалықты, жүзіне тура қарай алмайтынмын… Егер сол кезде өлген болсам, міндетті түрде жаннатқа кірермін деп үміт етер едім…» деген-ді .
Исламға дұшпандық жасауда әкесімен жарысқан Әбу Жәһилдің баласы Икрима Меккенің алынып, көптеген кісілер мұсылмандықты қабылдап жатса да қастығын тоқтатпады. Соған қарамастан Рақым пайғамбары оны хақ жолына шақырумен болды.
Йеменге қашып кеткен Икриманы өзінен бұрын мұсылманшылықты қабылдаған әйелі іздеп барып, Аллаһ елшісінің оны кешіретінін айтып, кері қайтарды.
Икрима Меккеге кірер кезде Аллаһ елшісі өзінің парасаттылығы мен мейірімділігімен сахабаларына «Әбу Жәһилдің баласы Икрима мүмін һәм муһажир ретінде келе жатыр. Әкесін жамандамаңыздар. Өйткені, марқұмды жамандау өліге емес, тіріге зиянын тигізеді» деді.
Икрима келгенде Пайғамбарымыз оны «Ей, һижрет етуші жолаушы, қош келдің!» деп ілтипат білдірді. Пайғамбардың ыстық ықыласпен қарсы алғанын көргенде Икриманың қара тастай қатып қалған жүрегі сол мезетте-ақ жібіп, Аллаһ елшісінің қолына жармасып: «Бүкіл дұшпандықтарым үшін Аллаһтан маған кешірім тілеуіңді өтінемін» деп тебіренеді. Әрине, ол мұндай ерекше жылылықты күтпеген болатын. Артынша бар ықыласымен Пайғамбарымызға «Ей, Аллаһтың елшісі! Исламға дұшпандық жасау жолында қаншалықты күш пен дүние-мүлік жұмсаған болсам, бұдан былай оның екі есесін Ислам жолына арнауға ант етемін» деді. Ол өз уәдесінде тұрды. Йәрмүк шайқасында мал-мүлкін ғана емес, жанын да пида етті. Жанын тәслім етер кезде «О, Расулаллаһ! Саған берген уәдемде тұрдым ба?» деп, іле-шала «Юсуф» сүресінің:
تَوَفَّنِي مُسْلِماً وَأَلْحِقْنِي بِالصَّالِحِينَ
«Аллаһым, жанымды мұсылман етіп ал, әрі салиқалы жандармен бірге қыл» ,- деген аятын оқиды.
Пайғамбарымыз «Аллаһтың арыстаны − Хамзаны» өлтірген Уахшиді, Әбу Жәһилдің ұлы Икриманы, Амр ибн Ас, Халид ибн Уәлид т.б. сияқты азулы дұшпандарын кешіруі арқылы олардың ең ғазиз ада¬мына айналды. Бұл оның (с.а.с.) «тек Рақым етіп жіберілгеніне» шүбәсіз айғақтардың бірі ғана…
Екі жаһан сұлтанының (с.а.с.) өзіне аумай тартқан сүт кенжесі әрі ұрпағын жалғастырушы сүйікті қызы хазірет Фатима «Насыр» сүресі түскен кезде Аллаһ елшісінің өмірден озатынын сезіп жылаған еді. Пайғамбарымыз төсек тартып жатқанда оны қасына шақырып алып, құлағына сыбырлайды. Алғашында Фатима басына жай түскендей еңіреп жылайды. Екінші рет сыбырлағанда жүзі күлімдеп сала береді. Пайғамбарымыз өмірден озғаннан кейін мұның мәнісін сұраған Айша анамызға ол: «Алдымен әкем өзінің бұл дүниемен жақын арада қош айтысатынын айтты. Сол үшін жыладым. Екіншісінде арғы дүниеде отбасының арасынан өзіне бірінші болып менің қауышатынымды айтты… Қуануымның себебі сол», – деп жауап берген еді .
Әкесі дүние салғанда хазірет Фатима үшін өмірден мән-мағына қашты. Күндіз-түні көз жасын төккен ол Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жоқтығына алты ай ғана шыдай алды. Алты айдан кейін Пайғамбарымыздың айтқаны айдай келіп, сүйікті әкесіне туыстарының арасынан ең алғаш қауышқан (ақиретке аттанған) хазірет Фатиманың өзі болды.
Пайғамбарымыздың ең жақын досы әрі сенімді серігі Әбу Бәкір Сыддық төсек тартып жатқан Пайғамбарымыздан (с.а.с.) «Аллаһ дүние мен ақиретті таңдауды құлының еркіне берді. Ол құл ақиретті таңдады» дегенін естіді. Іштей Аллаһ елшісінің өмірден озатынын сезіп, «Ей, Аллаһтың елшісі, әкеміз, анамыз, бала-шағамыз сен үшін садақа болсын! Сен аман қал, біз сенің орныңа бақилық болайық» деп жылады.
Пайғамбарымыз соңғы сапарға аттанбастан бір апта бұрын сахабаларын жинап, олардың ислам үшін жасаған жанқиярлықтарын айтып, Аллаһқа дұға етеді. Соңында өлімінің де таяу екенінен хабар бергенде сахабалар қарадай жетімсіреп, оңаша қалған кездерінде Аллаһ елшісін (с.а.с.) өлімге қимай, іштей егілумен болды. Олар үшін жарық күн қараңғы түнге, түн болса қара түнек қабірге айналған еді.
«Мұсылман қауымның алғашқы азаншысы хазірет Біләлдің пайғамбарлар сәруары – хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) деген сүйіспеншілігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Исламды қабылдағаннан кейін бір сәт болсын қасынан ажырамаған ол екі дүниенің сұлтаны Мұхаммед (с.а.с.) ақиретке аттанғанда, көптеген сахабалар сияқты қабырғасы қайыса қайғырып Мәдинада қала алмады. Ол үшін Аллаһ елшісінің кетуі жарық күннің сөнуімен бірдей болды. Өйткені, Мәдинаның әр тасы мен топырағы оның есіне Аллаһ елшісін түсіретін. Біләл сол тұстағы халифа хазірет Әбу Бәкірден басқа жаққа кетуге рұқсат сұрады. Әбу Бәкірге барып:
– Ей, Аллаһ елшісінің халифасы! Мен Пайғамбарымыздың: «Мүміннің ең қайырлы ісі – Аллаһ жолындағы жиһады» – дегенін естіген едім. Мен де өлгенге дейін Аллаһ жолында жанымды пида еткім келеді, – деді. Әбу Бәкір:
– О, Біләл! Бізге кім азан шақырады? – дегенде, екі көзге ерік берген хазірет Біләл:
– Мен Аллаһ елшісінен кейін ешкімге азан шақыра алмаймын, – деді.
Біләлдің алысқа кеткенін қаламай, қанша жібермеуге тырысса да хазірет Біләл:
– Уа, Әбу Бәкір, рас сен мені құлдықтан құтқардың. Егер мені өзің үшін азат еткен болсаң, онда алып қал. Ал, егер Аллаhтың разылығын көздеп сатып алған болсаң, еркіме жібер, – деді.
Хазірет Әбу Бәкір рұқсат берген соң хазірет Біләл Хабаши Шамға барып, Ислам туын асқақтатуға бар жігерін салады.
Шамда жүрген кезінде бір түс көріп, Мәдинаға келді. Пайғамбарымыздың қабірінің қасында хазірет Хасан мен Хұсейінді кездестіріп, Аллаһтың сүйікті елшісімен (с.а.с.) бірге өткізген асыл күндерді еске алды. Әлемдердің падишасы (с.а.с.) дүниеден озған соң, Біләл Мәдинада азан шақырмаған еді. Ғаламның рақым нұры (с.а.с.) ақиреттік болғаннан кейін азан шақыруға батылы да бармайтын. Өйткені, азандағы «Әшһәду әннә Мухаммадан Расулуллаһ» (Мұхаммедтің Аллаһ елшісі екендігіне куәлік етемін) деген сөйлемді айта алмай тамағына өксік тығылып, іркіліп қалатын. Даусы шықпай көз жасына булығып, аяқтарының буыны босап кете беретін.
Пайғамбарымыздың «менің дүниеде мауқымды басқан екі райханым» деп атаған немерелері Хасан мен Хұсейіннің өтінішінен кейін, соңғы рет Мәдинада азан шақыруға бел буды. Көзін көкке қадап тұрып, бүкіл жан дүниесімен азан шақырды. Бүкіл Мәдинада Аллаһ елшісіне (с.а.с.) деген сағыныш жаңғырды. Ел тегіс көшеге шықты. Аллаһ расулының нұрлы өмірін көз алдарына елестетіп, Пайғамбарымыз қайта тіріліп келіп, Біләлге азан шақыртқандай болды. Сол күні көзіне жас алып иығы селкілдемеген тірі жан қалмады .
«Қандай иман! Неткен таңғаларлық шынайы сүйіспеншілік! Адамзат тарихында дәл хазірет Мұхаммедтей (с.а.с.) мұншама сүйіспеншілікке басқа ешкім ие болмаған» .
Пайғамбарымыз Муаз ибн Жәбәлді Йеменге ат¬тандырар кезде оған біраз өсиет айтты, артынша:
– Ей, Муаз, қайтып оралғаныңда, бәлкім, менің қабірім мен мешітімді ғана зиярат етерсің, – деп, Өзінің Ұлы Досына (Аллаһқа) аттанарлық күннің жақындағанын сездірген еді. Бұл сөзді естіген Муаз төбесінен жай түскендей сенделіп, тамағына өксік тығылды. Буын-буыны босап, қолдары қалтырап, көзі мөлтілдеп жасқа толды. Сол сәтте оның Йеменге кет¬пек тұрмақ, орнынан тұруға да дәрмені қалмаған еді . Сахабалар үшін Аллаһ елшісінен (с.а.с.) жырақ қалу қиямет қайымның сынағындай ауыр соғатын. Оның нұр шашып, шапағатқа бөлеген рухани кеңістігінен алыстап кету өмір шамшырақтарының маздап барып сөнуіндей үрейлі еді.
Пайғамбарымыздың айтқанындай болды да. Муаз келесі жылы оралған кезде сүйікті пайғамбардың қабірін ғана зиярат етті.
«Маур-ражи» шайқасынан кейін Хубәйб ибн Адиді дарға аспақ болғанда көздері қанталап, бойла¬рын ыза-кек кернеген мүшіріктер одан: – Қазір өзің құтылып, сенің орныңа Мұхаммедтің асылғанын қалар ма едің? – деп сұрағанда, Хубәйб басына төніп тұрған қатерге қарамастан айбарын шашып: – Аллаһқа ант етейін. Оның асылғаны түгіл аяғына тікеннің қадалуын қаламаймын, – деп жауап берген болатын. Дарға асылар кезде Хубәйб қолын көкке көтеріп «О, Раббым, бұл жерге шығарда Сенің сүйіктіңмен қош айтыса алмаған едім. Менің сәлемімді Оған жеткізе гөр» деді. Дәл осы кезде сахабаларымен сөйлесіп отырған Пайғамбарымыз орнынан тұрып «Аллаһтың сәлемі болсын саған, Хубәйб» деді. Қасындағы сахабалар істің мән-жайын сұрағанда Аллаһ елшісінің қос жа¬нары жасқа толып: «Мүшіріктер Хубәйбті шейіт қылды. Соңғы сәтінде маған сәлемін жолдады, мен оның сәлемін алдым» деді .
Хубәйбтен бір күн бұрын шейіт болған Зәйд ибн Дәсинә да дәл осы сөздерді айтқан болатын. Бұл сөздерді естіген Әбу Суфиян (ол кезде әлі мұсылман емес еді) «Мұхаммедтің сахабаларының Мұхаммедті сүйгеніндей басқа ешкімді сүйгенін көрген емеспін» деген таңданысын жасыра алмаған еді .
«…Ұхұт шайқасында Аллаһ расулының (с.а.с.) соңына ерген сахабалардың біразы шейіт болып, Аллаһ елшісінің жанында аз ғана адамның қалғанын көрген қаһарман әйел Несібе Пайғамбарымызды қорғауға жанұшыра ұмтылады. Несібенің жанқиярлық ерлігін Пайғамбарымыз «Ұхұт күнінде оңыма да, со¬лыма да қарағанымда Үмму Уммараның өліспей-беріспей шайқасып жатқанын көрдім» деп паш еткен.
Осы шайқаста Несібенің баласы жараланады. Баласының қолын дереу таңып, оған «Балапаным, кәне, Аллаһ расулының (с.а.с.) алдында шайқасып, Оны дұшпаннан қорға” деп, өз баласын Аллаһ расулының (с.а.с.) жолында шайқасуға жұмсады. Несібенің өзі де бұл шайқаста қатты жарақат алған еді. Қиындығы қылша шатқалдай бұл ұрыста азулы мүшірік Ибн Камия Пайғамбарымыздың жүзін жарақаттап, екі тісін сындырды. Пайғамбарымыздың қан жуып кеткен жүзін көргенде, жауыз мүшіріктің жанын жаһаннамға жөнелтуге асыққан Несібе оған қылышын сермейді. Алайда, екі қабат сауыт киіп алған дұшпанына бұл шыбын шаққан құрлы да бол¬майды. Ибн Камия ұрыста тұрысты білмейтін Несібенің иығын семсерімен сойып түседі. Басқа саха¬балар ержүрек әйелге жәрдемге үлгеріп, жанын аман алып қалады. Оның жарақат алғанын көрген Аллаһ расулы Абдуллаһқа: «Анаңның жарақатын таң» – деді. Шыбын жанын шүберекке түйіп шайқасқан бұл отба¬сына «Аллаһ, сендердің отбасыларыңа мейірім-шапағатын жаудырсын» деп дұға етті. Бұны естіген Үмму Умара шабыттана түсіп «Уа, Расулаллаһ! Аллаһтан жаннатта бізді өзіңмен көрші етсін деп тілек тілеңізші», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бақытты, ержүрек әйелдің көңілін қалдырмай, алақанын көкке жайып: «Аллаһым, бұларды жаннатта маған қоңсы әрі жолдас ет», – дейді. Бұл дұғаны естіген Умму Умараның төбесі көкке жетіп, «Бұдан кейін басыма қандай қиындық келсе де көтеріп алуға мен әзірмін» – деп, Аллаһ елшісіне (с.а.с.) деген сүйіспеншілігін білдіреді…» .
Уруа ибн Мәсуд әс-Сақафи Хұдайбияда мүшіріктер тарапынан мұсылмандармен келіссөз жасауға жіберілген кезде сахабалардың Пайғамбарымызға деген ерекше құрметтері мен сүйіспеншілігіне куә болған еді. Аллаһ елшісінің бойындағы терең иман мен пайғамбарға лайық ұстамдылығын көріп тебіренеді.
Сахабалардың Пайғамбарымыздың айналасында пәруанадай шыр айналғанын көрген Уруа Меккеге қайтқан кезде «Мен қаншама патшалар мен билеушілерді көрдім. Алайда, бұлардың ешқайсысы дәл Мұхаммедке сахабаларының көрсеткен құрметіндей сый-құрмет көрген емес. Мені тыңдасаңдар, бұл адаммен жағаласуды, жауласуды доғарыңдар» деген-ді. Ол бір-біріне мейлінше мейірімді бұл қауымға тосқауыл болудың мүмкін еместігін бір көргенде-ақ сезген-ді.
Сахабалар Пайғамбарымызды гүл тозаңына қонған таңғы шықтай елестетіп, Оның құс ұя салған жүрегін абайсызда жаралап алмауға жандарын сала¬тын. Өз қалауларынан гөрі Пайғамбарымыздың қалауының орындалғанын тілейтін.
Хазірет Әбу Бәкір әкесі Кухафа мұсылман болған кезде сол мезетте-ақ жанары жасқа толып шыға келді. Пайғамбарымыз одан бұлай егілуінің себебін сұрағанда, ол «менің әкемнің орнына сенің немере ағаң Әбу Тәліп мұсылман болғанда тіптен қатты қуанар едім. Өйткені, оның мұсылман болуы Сені қуантар еді» деген-ді.
Әбу Талха Ухуд шайқасында өз денесін Пайғамбарымызға қорған етіп, жауына оқ жаудырып жүрді. Пайғамбарымыз оның атқан оғы қайда түсті деп басын көтеріп қарайтын. Мұны байқаған Әбу Талха Пайғамбарымызға оқ тиіп кетуден қорқып: «Аллаһтың елшісі! Әке-шешем сіздің жолыңызда садақа болсын. Абайлаңыз. Сізге оқ тиіп кетпесін. Менің денем сізге қорған болсын», – деп, Пайғамбарымыздың тірі қалуы үшін өз жанын пида етуге даяр екенін көрсеткен еді .
Хазірет Омар Фатима анамызға келіп: «Ей, Фа¬тима! Аллаһқа ант етемін, пайғамбардың біреуді сенен артық жақсы көргенін көрген емеспін. Әкең қайтыс болғаннан бері сенен артық құрмет көрсетіп, сенен қатты жақсы көрген адамым жоқ», – деді.
Қанды Ұхұт шайқасында «мұсылмандар жеңіліске ұшырады және Расулаллаһ шейіт болды” деген ха¬барды ести сала, екі өкпесін қолына алып, соғыс алаңына барған қаһарман Әйелдердің бірі – хазірет СүмЕйра болды. Ұхұт шайқасына қатысып қаһармандық танытқан асыл ерлердің қатарында СүмЕйраның күйеуі, бауыры және баласы бар еді. Ұхұт шайқасында бұл үшеуі де шейіт болып, денелерінен сау-тамтық қалмайды. Майдан шебіне келген СүмЕйраға сахабалар көңіл айтып, сабыр тіледі. Алайда, ол «Аллаһ расулы қандай күйде?» деп сұраумен болды. Сахабалар Аллаһ елшісінің (с.а.с.) тірі екенін айтса да, өз көзімен көрмейінше көңілі көншімеді. Жанындағылардан Аллаһ расулының қайда екенін сұрап алып, бөгелместен сол жаққа қарай бет алды. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тірі екендігін өз көзімен көріп қуанғаннан СүмЕйраның жанарынан жас ыршып кетті: «Әке-шешем жолыңда құрбан болсын, уа, Расулаллаһ! Сен тірі болсаң болды, басқа қиындық сөз емес», – деді .
Күйеуі мен баласынан бірдей айырылып қалу оған ауыр тисе де, олардың жаннатқа баратынына сенген СүмЕйра көңілін осылайша жұбатты.
Ал, Аллаһ расулының (с.а.с.) қазасын сахабалардың көбісі көтере алмайтын. Аллаһ Расулы¬нан айырылу олар үшін Аллаһтан келген нұрдың сөнуімен бірдей қасірет еді. Сахабалардың мәртебесін көтерген де осы бір Аллаһ елшісіне (с.а.с.) деген шексіз сүйіспеншілік болатын. Аллаһ расулының барша мұсылман, күллі адамзаттың жүрегінен жеке-жеке орын табуының өзі – Оның (с.а.с.) Аллаһтың елшісі екендігінің айқын дәлелі болса керек. Он төрт ғасыр өтсе де, арғы-бергі тарихтағы ұлы тұлғалардың арасында аты жеке-дара аталатын хазірет Мұхаммед (с.а.с.) даңқының қияметке дейін сөнбейтіндігіне күллі ғалам куә.
Пайғамбарымыздың өзі «анамнан кейінгі анам» деп атаған Үмму Айман Оны ерекше жақсы көретін. Үммү Айман Пайғамбарымыздың өз анасы қайтыс болғаннан кейін оған анасындай жақын еді. Ол (с.а.с.) қуанса қуанып, көңілі босаса оның да көңілі босап шыға келетін. Сырқаттанып жылаған сәбиді құшағына алып отырған мейірім пайғамбары көз жасына ерік береді. Оның егілгенін көріп қалған Үмму Айман да қосылып жылайды. Пайғамбарымыз одан «Аллаһтың елшісі қасыңда емес пе, неге жылайсың?» дегенде, ол Расулаллаһ жылап тұрғанда мен қалайша шыдайын?!» деп Аллаһ елшісіне деген сүйіспеншілігінің қаншалықты терең екенін көрсеткен еді .
Хазірет Осман «Пайғамбарымыз қайтыс болған кезде сахабалар қатты қайғырды. Тіпті, кейбірлері тұтығып сөйлей алмайтындай күйге түсті. Солардың біреуі мен едім. Әбу Бәкірге ант беріліп қойған еді. Қасымнан Омар маған сәлем беріп өтіп кеткенде тіпті, оны байқамаппын да. Өйткені, қайғыдан қаусап отыр едім» деген .
Әділеттілігімен аты әлемге әйгілі болған айбынды Омар (р.а.) Аллаһтың елшісін жан-тәнімен жақсы көретін. Пайғамбарымыз Аллаһтың әмірімен ақиретке аттанған кезде, бүкіл сахабалар секілді ол да басына жай түскендей қатты толқыды. Аллаһ елшісінің өмірден озғанына әлі де сене алмай, сергелдең күй кешіп, ашумен: «Егер кім де кім Мұхаммедті өлді десе басын аламын!»,- деген-ді.
Аллаһ елшісінің жан дүниесі және адамгершілігі ғана емес, сыртқы ажары да адамды баурап аларлықтай көркем болатын. Баласындай болып жас¬тайынан оның қолында өскен хазірет Әнәс ибн Мәлік: «Аллаһ елшісі адамдардың ең әдемісі еді»,- деп айтқан.
Жәбир ибн Сәмура Пайғамбарымыздың сымбаттылығы жайында: «Бір күні мешітте отырғанбыз. Айдың тура он төрті еді. Төбемізде ай жарығын шашып жарқырап тұрған бола¬тын. Сол кезде мешітке Аллаһ расулы кіріп келді. Мен Пайғамбарымыздың жүзіне әрі айға қарадым. Ант етейін, Аллаһ елшісінің жүзі айдан да жарқын еді»,-деген.
Ка‘б ибн Мәлік: «Пайғамбарымыз қуанған кезде оның жүзі нұрға толып, толған айдай жарқырайтын…» деп сымбаттаған.
Хазірет Айша анамыз «Мысырдың әйелдері Жүсіпті көрген кезде қолдарын кесіп алды. Егер олар менің мырзамды көрсе қол емес, байқаусызда пышақтарын жүректеріне сұғып алар еді», – деп ой қорытқан.
Пайғамбарымыз жан тәслім еткен кезде Әбу Бәкір Сыддық Аллаһтың сүйікті елшісінің бетіне жабылған матаны ашып «Уа, Расулаллаһ! Тірі кезіңде сен қандай көркем болсаң, өлген кезде де сондай көріктісің!» деп, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) маңдайынан сүйген.
Бәдір шайқасы күні Пайғамбарымыз қолындағы бір жебемен сахабалардың сабын түзеп келе жатқанда Ади Нәжжар ұлдары қауымынан Сәуад ибн Жузәйяның қасынан өтті. Ол алға шығып, сапты бұзып тұрған еді. Пайғамбарымыз жебемен Сәуәдтің қарнынан түртіп «сапқа кір» деді. Сәуад болса «Уа, Расулаллаһ. Сен менің қарнымды ауырттың. Аллаһ сені ақиқат және әділдікпен жіберді. Олай болса саған да тура осылай жасауыма рұқсат беруің керек» деді. Пайғамбарымыз қарнын ашып «қысасыңды ал» деді. Сәуәд Пайғамбарымызды құшақтап қарнынан сүйіп алды. Пайғамбарымыз «Неге бұлай жасадың?» де¬генде, ол «Расулаллаһ! Соғысқа аттанғалы тұрмыз. Аман қаламын ба, жоқ па, белгісіз. Өлместен бұрын тәнімнің тәніңе тигенін қаладым» деген. Пайғамбарымыз да оның бұл әрекетіне сүйсініп оған дұға еткен. .
Асым ибн Мұхаммед әкесінен жеткізген бір ха¬барда «Пайғамбар жайлы айтқан кезде Ибн Омардың көзінің жасаурамағанын көрген емеспін» дейді.
Мусәнна ибн Саид әз-Зари: «Әнәс ибн Мәлік: Түсімде сүйікті пайғамбарымды көрмеген түнім жоқ» дегеннен соң жылайтын» деп айтқан .
Әбу Зәрр (р.а.): «О, Расулаллаһ! Бір кісі бір адам¬дарды жақсы көреді, алайда олардың істегенін істей алмайды», – дегенде, Пайғамбарымыз: «Ей, Әбу Зәрр! Сен кімді жақсы көрсең солармен бірге боласың», – деді. Әбу Зәрр: «Мен Аллаһ пен Оның елшісін жақсы көремін», – дегенде, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ешқандай күмәнің болмасын. Кімді жақсы көрсең сонымен бірге боласың», – деп сүйіншіледі.
Әнәс (р.а.): Бір адам Пайғамбарымыздан: – Уа, Расулаллаһ! Қиямет-қайым қашан орнайды? – деді. Пайғамбарымыз: «Қияметке не дайындадың?», – де¬генде, әлгі адам: «Ешнәрсем жоқ. Бірақ, мен Аллаһ пен Оның елшісін қатты жақсы көремін», – деді. Пайғамбарымыздың: «Кімді жақсы көрсең, солармен бірге боласың» дегенін естігенде, сол жердегі бәріміз балаша қуандық. Тіпті, ол уақытқа дейін басқа ешнәрсеге бұлайша қуанбаған едік. Әнәс сөзін жалғастырып: «Мен Пайғамбарымызды, Әбу Бәкірді және Омарды жақсы көргендіктен солармен бірге бо¬луды үміт етемін», – деген еді. Мінекей, сахабалар жаннатқа баратынын білсе де олар пайғамбарсыз бо¬луды қаламайтын.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір жиһадқа аттанғанда, Сәубан атты сахаба Онымен бірге сол жорыққа қатыса алмады. Аллаһ елшісі шайқастан оралғанда барлығы Оған барып амандасып жатты. Бұлардың ішінде Сәубан да бар еді. Жүзі солғын тартып, өн-бойы әбден қушиып қалған болатын. Мейірім пайғамбары одан «Саған не болды?» деп сұрағанда, ол «Уа, Аллаһтың елшісі! Жанымды жегідей жеген бір ой мені осындай халге душар етті. Ол былай болды: Мен Аллаһ елшісінен үш күн жырақ қалғанға шыдай алмадым. Мәңгілік әлемде жырақ қалуға қалай шыдаймын? Өйткені ол − Аллаһтың елшісі. Оның дәрежесі де жоғары. Баратын жаннаты да өзіне лайық болады. Мен болсам жай бір адаммын. Жаннатқа кірген күннің өзінде Аллаһ елшісінің баратын жаннатына кіруім мүмкін емес. Оны мәңгі-бақи көре алмаймын. Міне, осыны ойлай-ойлай осындай күйге душар болдым» де¬генде, Аллаһ елшісі өзін қатты жақсы көрген бұл са¬хабасын «Адам кімді жақсы көрсе, ақиретте де соны¬мен бірге», – деп жұбатты.
Хазірет Әбу Бәкір Пайғамбарымызды (с.а.с.) мүшіріктердің соққыларынан қорғамақ болып, араша түскенде өзі де таяққа жығылып, ес-түсінен айырылып қалды. Анасы ол ес жиғанша тапжылмай қасында отырды. Әбу Бәкір есін жияр-жимастан өзінің халі мүшкіл боп жатса да, сүйікті пайғамбарды іздеп: «Пайғамбарымыздың жағдайы қалай, оған не болды?», – деп сұраумен болды. Анасының бір қасық болса да тамақ ішіп әлденіп алуын өтінгеніне қарамастан, ол: «Расулаллаһтан хабар келмейінше еш нәрсе татып ал¬маймын», – деп жаны тағат таппайды. Әбу Бәкір Пайғамбарымызға деген шынайы адалдығымен, сүйіспеншілік, сенімділігімен танылған еді. Пайғамбарды өз жанынан да айрықша жақсы көріп, ол үшін жанын беруге әрдайым дайын тұратын.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) да қиын-қыстау кезде үнемі қасынан табылып, өмірдің бүкіл қиыншылықтарын мойындарына өз ризашылықтарымен қуана-қуана көтерген сахабаларын қатты жақсы көретін. Өйткені, Пайғамбарымыздан кейін Оның қызметін жалғастыратын солар болатын. Пайғамбарымыздың бұл сүйіспеншілігін Аллаһ бізге:
لَقَدْ جَاءكُمْ رَسُولٌ مِّنْ أَنفُسِكُمْ عَزِيزٌ عَلَيْهِ مَا عَنِتُّمْ حَرِيصٌ عَلَيْكُم بِالْمُؤْمِنِينَ رَؤُوفٌ رَّحِيمٌ
«Расында, сендерге іштеріңнен ардақты бір пайғамбар келді. Қиналуларың оған ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық. Мүміндерге тым жұмсақ, ерекше мейірімді» ,- деп жеткізеді.
Міне, Пайғамбарымыз (с.а.с.) да өзін жақсы көргендерге осындай сүйіспеншілік танытқан еді. Әр сахабаның өмірін оқыған сайын Пайғамбарымызға жақын сахаба сол екен деген ой келеді.
Тарих беттерін қанша парақтасақ та, барша сахабаның Пайғамбарымызды ерекше сүйгеніндей өзара сүйіспеншілікке негізделген сондай бір қоғам, достары тарапынан пайғамбардай ерекше қадір-құрметке ие болған ешқандай басшы болмағандығын көреміз.
Негізінде, сахабалардың мәртебесін көтерген де осы Аллаһ елшісіне (с.а.с.) деген шексіз сүйіспеншілік болатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз міндетін толық атқарып, замандастары тарапынан теңдесі жоқ сүйіспеншілік пен өте зор құрметке бөленді. Сахабалардың өмірі − бұған толығымен куә.
Егер біз адамзаттың ардақтысының өмірін халыққа дұрыс таныта алсақ, онда көптеген жандар оның алып келген мейірім шуағына бөленіп, шынайы бақытқа қол жеткізер еді. Өйткені, ол (с.а.с.) Рахман әрі Рахим болған Жаратушы тарапынан бүкіл әлемге тек қана мейірім сыйлап, адамзатты қараңғылықтан құтқару үшін жіберілген-ді.
Пайғамбарға деген зор сүйіспеншілік сол заман¬мен ғана шектелмей күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Оның келетінін сүйіншілеп, ынтыға күткендер қаншама көп болса, Ол келгеннен кейін Оны жырға қосып, бас тәжі еткендер де орасан. Пайғамбарды көзі тірісінде өлеңдеріне қосып жырлаған А‘ша, Кағб ибн Зухәр, Хассан ибн Сабит, Абдуллах ибн Рауаха, Ка‘бибн Мәлик, Амир ибн Си¬нанил-Әкуа сияқты ақындар болған. Бұдан келіп пайғамбарды мадақ еткен арнайы «нағт» жанры пайда болды. Бұл тек араб халықтары емес, бүкіл мұсылман қауымына тән.
Пайғамбарымыздың ұлылығына тек мұсылмандар ғана емес, ар-ожданы таза батыстық ғалымдар да бас иіп, ерекше қасиеттерін еріксіз мойындаған. Бисмарк сияқты даңқты қолбасшы «Ей, Мұхаммед! Сенің ғасырыңда тумағаныма қатты өкінемін… Адамзат Сен сияқты ерекше тұлғаны бір-ақ рет көрді, бұдан кейін көре алмайды. Сенің алдыңда құрметпен бас иемін» дейді. Сондай көптеген тұлғалардың тізімін жалғастыра беруге болады. Шын мәнінде хазірет Мұхаммедтің өмірімен танысып, Оның адамзат тарихындағы жүрек пен санада жүзеге асырған теңдессіз істерін ақыл елегіне салып, зерделеп көрген адам, Оның Хақ Тағала тарапынан адамзатты қараңғылық түнегінен шығару үшін арнайы жіберілген пайғамбар екенін мойындар еді…
Уақыт өткен сайын тарихта өмір сүрген мемлекет басшылары мен қоғам қайраткерлері естеліктердің өзін жалмап жұтатын обыр уақыттың тегеурініне төтеп бере алмай, ақ жал толқындардың астында қалып жатса, хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) деген сүйіспеншілік күн сайын жаңарып, жаңғыра түсуде.
Аллаһ Тағала Пайғамбарымызды (с.а.с.) тануымызды әрі оған деген сүйіспеншілігімізді арттыра түссін! Оның аты аталған кезде сүйікті елшіміздің есімінің де кереметтігі сол − аузыңызда шәрбат-шекердің дәмін қалдырады. А. Иүгінеки «Оны мадақтағанда тілімнің дәмі кіреді, Оны еске алғанда шекер мен бал жегендей боламын» деуі бекер емес. Бүгінгі күннің өзінде адамзаттың ардақты тұлғасы − Мұхаммедтің (с.а.с.) мүбарак атын атаған сайын тілі күрмелгендей буын-буыны босап көз жасына ерік беретін жандар аз емес. Қазірдің өзінде пайғамбардың Нұрлы қаласы – Мәдинаға барған жан Оның тамаша рухани атмосферасына бөленеді. Ғашықтықтың шарабын ішкендей ол жерден кеткісі келмейді. Қасиетті қажылық сапарына барып-келіп жатқан жандардың бәрінен осыны естисіз. Ол жалған дүниемен қош айтысса да үмбетінің жүрегінде әлі тірі. Оның қабірінің басына барған адам бейне бір пайғамбарды көзі тірісінде барып көргендей сезінеді. Қабірінің басына барып сәлемін жолдап, еріксіз көз жасын төгеді. Ардақты пайғамбардың сүйіспеншілікке бөленбеуі расында да мүмкін емес, өйткені, Аллаһ Тағаланың өзі оған «Хабибуллаһ» (Аллаһтың сүйіктісі) демеп пе еді?!
Алау Әділбаев