Қазақстан зайырлы ел болғандықтан, арнайы діни білім беру ісі де мемлекеттік білім беруден бөлінген. Оның ішінде ҚМДБ-ға қарасты медреселердің оқу бағдарламасының жүйесі де өзге оқу орындарына қарағанда өзгеше сипатқа ие. Осы себептен де осы күнге дейін медреселеріміз мемлекеттің қамқорынсыз, өз майына өзі қуырылып, дінге жанашыр жекелеген меценаттар мен қорлардың есебінен күн көріп келеді. Өкінішке қарай, осыған байланысты, медреселерімізде ортақ діни білім беру үрдісі қалыптаспаған. Дегенмен де, үстіміздегі жылдан бастап, медреселерде біріңғай оқу бағдарламасын қабылдау һәм діни білім берудің сапасын арттыру мәселесі екпінді түрде қолға алына бастады. Осы бастамаларға қызу қолдау білдіре отырып, еліміздегі ЖОО мен медреселерді дамыту үшін мынадай ұсыныстар айтпақшымыз:
А) Елімізде дінтану мамандарын дайындайтын бірнеше ЖОО бар екені белгілі. Әйткенмен, осы оқу орындарының оқу үдерісінде бірізділік жоқ. Мәселен, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде көбіне түрік ұстаздар қызмет ететіндіктен, ондағы дінтану мамандары Түркия Республикасының стандарттарына сай әзірленеді. Сол сияқты «Нұр» Қазақ-египет ислам университетінде негізінен теологиялық пәндер бойынша Мысыр елінен келген дін ұстаздары дәріс беретіндіктен, мұнда Каир және әл-Азхар университеттерінің әдіс-тәсілдері қолданысқа ие. Ал, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде баяғы кеңестік дәуірдегі дінді оқытудың «атеизм» сарқыншықтары әлі ұшырасады. Әр оқу орны осылайша өз білгенімен дін мамандарын дайындар болса, діни алажаңқалықты біз өз қолымызбен тудырған болып есептелмейміз бе? Яғни, дін саласында өткір тұрған осы мәселені тез арада бір жүйеге келтірмесек, ертең опық жейтініміз анық.
Ә) Медреседегі білім берудің сапасын арттыру үшін ең алдымен ұстаздардың біліктілігін шыңдау қажет. Еліміздегі медресе ұстаздарының дені – Түркия, Мысыр, Пәкістан және отандық діни оқу орындарын тәмамдаған дінтанушы немесе исламтанушы азаматтардан тұрады. Яғни, ұстаздарымыздың діни жоғары білімі болғанымен, ислами білім берудің дәстүрлі пәндері – араб тілі, фикһ, ақида, тәпсір, хадис, тарих, ахлақ ілімін қаншалықты игергендігін біле бермейміз. Осы себептен де, ҚМДБ медресеге қызметке қабылдау барысында ұстаздардан арнайы емтихан қабылдауы керек деп білеміз. Ал, емтихан ұстаздардың жүргізетін пәні бойынша алынуы шарт. Яғни, өз ісінің майталманы екенін көрсете білген ұстаздар ғана медреселерде қызме ететін болса, онда сөз жоқ бұл шәкірттердің сапалы білім алуына игі әсерін тигізеді.
Б) Медреселер үшін арнайы қазақ тілінде жазылған діни оқулықтар жоқтың қасы. Осыдан да ұстаздарымыз оқу үрдісінде көбіне-көп қазақ тілінде басылғанымен оқулық әдіснамасы жоқ, құр танымдық діни кітаптарды басшылыққа алады немесе шет тілінде жазылған оқулықтарға жүгінеді. Ал, шет тілінде жазылған оқулықтардың әдіснамасы қазақ баласының психологиясына сәйкес жасалмайтыны бесенеден белгілі. Яғни, оқыту методологиясы бір ізге түспегеннен кейін, бұл шалағай жайттың шәкірттердің білім алуына кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ҚМДБ әрбір пән бойынша «Үздік оқулық» бәйгесін жариялағаны жөн. Бұл іске еліміздің жоғары оқу орындарының «дінтану» және «исламтану» кафедраларының қызметкерлерін қатыстырып, олардың да ақыл-кеңесін алу қажет. Сонда, жан-жақты пісіп-жетілген үздік оқулықтар жазылады деп үміттенуге болады.
В) Медреселердің сапасын көтеру үшін ҚМДБ екі жылда бір рет аралық бақылау (акредитация) сүзгісін жасау керек сияқты. Бұл шара қолға алынса, бір жағынан бізге медреселердің сапалық көрсеткішін анықтап береді. Екінші жағынан медреселердегі түрлі сапасыз істердің алдын алуға мүмкіндік береді. Яғни, аккредитациядан өте алмаған медреселерге олқылықтың орнын толтыруына белгілі бір мерзім беру арқылы медреселердің білім сапасы мен әлеуетінің көтерілуіне серпін береміз. Бұл шара қазіргі таңда мемлекеттік оқу орындарында бірыңғай қолданылып келеді. Тіпті, өз жемісін де беріп жатыр. Демек, тәжірибеде бар осы үрдісті біз де өз кәдемізге жаратуымыз шарт.
Д) Медресе шәкірттерінің білім көрсеткішін белгілеу үшін жылына бір рет медреселер арасында білім сайысын (олимпиада) өткізіп тұрғанымыз жөн. Ал, олимпиадада жоғарыда атап өткен араб тілі, фикһ, ақида, тәпсір, хадис, тарих, ахлаһ пәндер бойынша жеке-жеке сайыс өтуі тиіс. Сайыста қатарынан үш рет жүлдегер атанған шәкірттерге Нұр Қазақ-египет ислам университетіне оқуға түсуіне тегін жолдама берсек, бұл шәкірттердің оқу-білімге деген ынтасын арттыра түсетіні анық. Әрі бұл шара шәкірттеріміздің исламдағы белгілі-бір пәнге бейімделуіне өз септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Г) Медреседегі білім беруді бақылау үшін әрбір медресе өз ғаламтор сайтын ашып, онда шәкірттердің оқу үлгерім көрсеткішінің электронды нұсқасын беріп отырса құба-құп болмақ. Бұл бір жағынан ҚМДБ-ның оқу бөлімінің бір нүктеден медреселерді қадағалауына, екінші жағынан ата-аналардың да өз ұлдарының оқу үлгерімін үйде отырып бақылауына септігін тигізеді. Елбасымыз электронды үкімет құруға талпынып жатқанда, бұл үрдістен дін саласының қалыс қалғаны жарамайды. Мұндағы айтпағымыз, мұсылман адам өз заманының жетістігін алғаш болып игеруі шарт. Яғни, біз әрбір істе ілгерілей білетін ілкімді қадамдар жасауға тиістіміз.
Е) Медреселерді қаржыландыру ісін де орталықтандыруымыз керек тәрізді. Бүгінде еліміздегі кейбір медреселерді базбір меценаттар немесе белгілі бір қорлар қаржыландырып отыр. Осыған байланысты ел арасында «пәленшенің медресесі немесе түгеншешілердің медресесі» деген әңгіменің желдей есетіні де әмбеге аян. Тұтас қазақты ырду-дырду ететін осы қаңқу сөздерге тоқтам жасау үшін барлық медреселердің ортақ бюджеті болуы керек деп ойлаймыз. Жаңағы дінге жанашыр меценаттар мен қорлар қаржысын ҚМДБ-ның медреселер үшін ашқан есеп-шотына құйып, ол жерден барлық медреселерге қаржы тең бөлінген жағдайда, біз әлгіндей желбуаз әңгімелердің алдын-аламыз. Ал, бұл біздің рухани тұтастығымызды сақтап қалуға жасалған қадамдардың бірі болмақ.
И) Медреселердің сапасымен бірге санын да арттыруымыз қажет деп ойлаймын. Әсіресе, діни жағдай ушығып тұрған теріскей және батыс өңірлерде жаңа медреселер ашу күн тәртібінде тұрған өткір мәселелердің бірі саналады. Бүгінде қай жерде бос кеңістік болса, сол жердің ертең апат аймағына айналатыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналды. Яғни, теріскей және батыс аймақтарына жаңа медреселер ашсақ, бұл шараның алдағы уақытта ондағы рухани ахуалдың түзелуіне өз ықпалын тигізетіні хақ. Сонымен бірге, жоғарыда айтып өттік осы күні мұсылман жұрағатында әйелдер мәселесі де жиі-жиі қылаң беріп қалуда. Исламдағы өз құқығын терең білмегендіктен, лаңкестер апа-қарындастарымызды түрлі жаңсақтыққа ұрындыруда. Бұл мәселенің де дереу оң шешімін жасау үшін нәзік жандылардың діни білімін арттыру мақсатында қыздар медреселерін ашқанымыз абзал.
К) Қазақстанда білікті исламтанушылар мен дінтанушыларды әзірлеу үшін әлемдік тәжірибенің озық әдістерін қолданғанымыз жөн. Мәселен, Египеттегі «әл-Әзһар» оқу орнында университетке түсу үшін алдымен медресені (куллия) тәмамдау қажет. Ал, медресеге орталау мектепті (9 сынып) бітірген түлектерді қабылдайды. Сонда, медреседегі шәкірт араб тілі мен діни ілімнің теория-методологиясын игеріп, ал, жоғары оқу орнында кәсіби білім алуға сақадай сай болып шығады. Біздің еліміз де білікті дін мамандарын даярлау үшін жоғары оқу орнындағы дін факультетіне тек медресе түлектерін қабылдауымыз керек. Сонда, дін саласына көлденең көк атты келіп киліге алмайтын болады. Әрі бұл индивидтерді адастырушы ағымдардан сақтандыруға һәм дүмшелікті жоюға өз септігін тигізетін ізгі шара болмақ.
Л) Осы шаққа дейін мемлекетіміз жастарымыздың қандай елде, қандай оқу орнында діни білім алатынын жіті қадағаламағандықтан, бүгінде еліміз шетелде оқып келген дүмше ұстаздардың дін-насихатынан теперіш көріп отыр. Бұл мәселенің алдын алуымыз үшін жастардың шетелдерде діни білім алуын біртіндеп шектеуіміз керек сияқты. Яғни, ел аумағынан тыс жерлердегі діни оқу орындарына азаматтарды тек ғылыми дәрежесін көтеру мақсатында ғана жіберу қажет деп білеміз. Оның өзінде Қазақстанның діни сорабымен сабақтасатын Түркия, Мысыр, Пәкістан секілді елдердің белгілі деген оқу орындарында жастардың біліктілігін көтеріп, тәжірибе алмасуы үшін ғана баруына жол ашу керек. Басқа жағдайда шәкірттердің шетел асуына ада-күде шектеу қойғанымыз жөн.
Сегізіншіден, Қазақстанда теология және исламтану ғылымы тым кенжелеп дамып келеді. Осы күнге дейін алыс-жақын шетелдерде оқып келген һәм отандық бірді-екілі ғалымдар ғана осы салаға қатысты қалам тербеп жүр. Бірақ, академиялық деңгейде зерттеу жұмыстарын жасаған ғалымдар саусақпен санарлықтай тым аз. Көпшілігі тек көшіріп жазғыш барымташылар. Осы тұрғыдан алғанда дінтанушылардың біразын тек «көркем аудармашы» деп бағалауға тура келетін сияқты. Әлбетте, ғылым мұндай бассыздықпен ешқашан ілгерілемейді. Десек те, елімізде соңғы жылдары ғылымға деген талаптың өзгеруі діни ғылымның тұйықтан шығып, ілкімді қадамдар жасауына өз септігін тигізуі мүмкін. Себебі, ғылым туралы жаңа ереже бойынша кез-келген ғылыми диссертацияға әлемдік жаңалық ашуға талап қойылып отыр. Бұдан бөлек гранттар негізінде ғылыми жұмыспен шұғылдануға келетін болсақ, үкіметіміз теология жән исламтану ғылымына тым аз көңіл бөлетін тәрізді. Дінге қатысты бөлінген гранттардың тізбесіне көз жүгіртсең, не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Кілең ғылыми сұранысты қанағаттандырмайтын тақырыптардан көз тұнады. Сірә, ғылыми грантты жариялаушы шенеуніктер керек пен өте керектің байыбына бара бермейтін сияқты. Себебі, өткен ғасырда атеистік дәуірді басынан кешірген қазақ қоғамы үшін теология және исламтану ғылымы таңсық салалардың біріне айналып үлгерген-тін. Ал, кез-келген тың салада фундаментальды ғылымға дұрыстап ден қоймасаң, ол ғылымның аршындап алға басуы екіталай. Сол үшін де діни ғылымды дамыту үшін әлемдік діндер тарихы мен теология ғылымының қыр-сырын ашатын, сондай-ақ, Исламдағы дәстүрлі тәпсір, хадис, фикх, кәлам, ахлаһ, тарих секілді тақырыптарға бәйге жарияланып, өзіндік тұрғыдан тұжырымдалған жүйелі түрде том-том еңбектер жазылса, діни ғылымның дамуына даңғыл жол ашылған болар еді. Бүгін бұл биікке көтерілмесек, шетел шығармаларына телміріп, өзгенің шайнағанын өзек ететін қашанғы әдетімізге әсте тосқауыл бола алмаймыз.
Мұхан Исахан