Адамзат қоғамы тарихында дін құбылысының маңызы ерекше. Шындығында үздіксіз процесс болып табылатын адамның дүниеге келуі мен өлімі арасындағы тіршіліктің кез келген саласы діни нормалар арқылы қалыптасқан. Жай ғана қарапайым «жақсы мен жаман» өлшемі, моральдық құндылықтардың негізі дінге барып тіреледі. Ал енді осы құндылықтар, нормалар, өлшемдер адам қоғамының тұрақтылығы, қауіпсіздігі, бақыты үшін шарт болғандықтан осы танымдық мәліметтер ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Діни танымның мәлімет ретінде ұрпақтан ұрпаққа берілуі мәселесін білім беру үдерісі анықтайды. Білім беру әсіресе діни мәселелерде үздіксіз үдерісті, қайталауды, салыстыруды, қорытуды, талдауды, жалпы ойдың жүйеленуін, дүниетанымды, философияны, ғылымды, өнерді, сәулетті, музыкалық, моральдық, эстетикалық, ұлттық, құқықтық, экономикалық және өркениеттік ерекшеліктерді параллель қалыптастырып отырады. Демек, дін адамның дүниетанымын, тұрмыс-салты, тіршілігі мен трансценденталды әлеммен байланыстырушы, өмірді мәнге айналдырушы институт ретінде өмір сүріп келе жатыр. Бірақ кешегі кеңестік жүйе кезінде діни білім беру үдерісі үзіліп қалды. Діни білім беру үдерісінің үзіліп қалуы діни тәжірибенің, діни таным мен сананың әлсіреуіне әкеліп соқты. Сондықтан діни білім беру мәселесі демократиялық қоғамда ұлт үшін, мемлекет үшін өте маңызды әрі жауапты іс.

Діни білім беру – діни тәжірибе мен тіршілікті реттеп, бағыттап отыратын үдеріс. Ал ол біздің өткен тарихымызда бірнеше сатылардан өткені белгілі. Сонымен діни тіршілік тарихы мәселесі ұғыну, оқыту, жору, түсіндіру және өмірде қолдану сияқты біртұтас компоненттерден тұрады. Ислам дінінің негізі болып табылатын Құдайлық аян, пайғамбарлық институты және адам арасында діни таным мәселесі өзіне тән ерекшеліктерімен тарихи процесс ішінде нақты көрініс тапқан. Бұл ерекшеліктерді шартты түрде кезеңдерге бөлуге болады.

Бірінші Хз.Мұхаммед (с.ғ.с)-ның пайғамбарлық кезеңі. Бұл кезеңде пайғамбардың Құдайлық аянды үндеген, исламға шақырған тұсында мұсылмандар басқа дүниетаным және мәдениет түрлерімен әлі танысып болмаған, әрі исламның негізгі ғылымдары да қалыптаса қоймаған болатын. Құдайлық аян – жанды құбылыс, әрі пайғамбардың да көзі тірі, исламдық таным өте сергек болатын. Бұл кезеңде Алла, адам және пайғамбарлық тұғырларын тұтастандырып тұрған күш иман және сунна болатын.

Исламның ең басты негізі – Құран. Екінші бір ықпалды негіз – бұл арабтардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы. Пайғамбар да көптеген мәселелерді араб мәдениетінің дәстүріне сүйеніп шешетін. Мысалы, соғыс жағдайында немесе бейбіт кезеңде пайда болған мәселелердің ең бастысы «Мәдиналықтар келісімшартының» мазмұнында араб дәстүрі басым болатын, ел басқару, әлеуметтік қаулы-қарарлар, Қағба қызметі, әскери істер, байлықты бөлісу, отан қорғау, кісі өлімі, құн төлеу және т.б. туралы ереже-үкімдердің басым көпшілігі араб дәстүрінің жемісі мен көрінісі екендігі айқын. Хз.Мұхаммед Пайғамбар өлгеннен кейін Хз.Әбубәкірдің халифа сайлануы да осы екі негіз Құран мен араб дәстүрі бойынша жүзеге асты. Сондықтан алғашқы мұсылмандықтың болмысында екі негіз үстемдік етті. Біріншісі –Құран  құндылықтары, екіншісі – араб мәдениеті мен дәстүрі.

Негізінде әдет-ғұрып, дәстүр (мейлі ол араб, парсы, түркі болсын) де ислам дінінің негізгі ұстындары мен дәлелдерінің бірі. Ислам ешқашан дәстүрді, әдет-ғұрыпты толығымен жоққа шығармаған, оларды діннің негізгі принциптеріне сәйкестігі тұрғысынан бағалаған. Әдет-ғұрып исламдағы құқықтың негізгі қайнар көздерінің бірі болып табылады. Дегенмен әдет-ғұрып, дәстүр ешқашан діннің орнын баса алмайды және діннен үстем қабылданған емес. Солай бола тұрса да, исламнан бұрынғы «жахилийа» дәуірінен бері келе жатқан қалыптар мен түсініктер уақыт өте келе ислам қоғамында өз орнын алып, кейіннен идеялық қайшылықтарға, бөлінулерге апарып соқты. Бұған мысал ретінде расизм, тек, тайпа, ру, тұтқын, құл түсініктері мен әлеуметтік, экономикалық және сауда сияқты көптеген құбылыстарды көрсетуге болады. Бұған қоса Ибн Әбу Суфиан Муавияның мемлекеттің басына келуі нәтижесінде халифаттың орнын сұлтандық басты, мұсылман үмметінде араб дәстүріне негізделген исламдық түсінік бой көтерді. Яғни, мұрагерлік ислам дәуірі басталды.

Хз.Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлық кезеңі мен көсем-халифалар кезеңі таза исламдық сипатта болса, одан кейінгі, сұлтандық дәуірінде мұсылмандар дәстүрлі ислам дүниетанымы негізінде қалған ислами түсініктің екінші кезеңі ретінде әр түрлі тарихи асулардан өтті. Бұл процесс бүгінге дейін жалғасуда. Осы екінші кезеңнің өзі исламның дәстүрлі діни танымы, яғни, «дәстүрлі ислам» ретінде мұсылман халықтары мен мемлекеттері тарихында 4 үлкен дәуірді басынан өткізді.

Исламда дәстүрлі діни танымның бірінші сатысында фиқх пен кәлам ғылымдары басты назарда болып, қоғамда факихтер мен кәламшылардың билігі мен үкімдері ғана мойындалды (VІІІ-ХІ ғасыр). Бұл кезеңде исламдық тұжырым – кәлам, фикх ғұламаларының, онда да шектеулі ағымдар негізіндегі тафсиршілер мен хадисшілердің түсіндірмелері, үкімдері мен жорамалдарынан құралатын. Осы ғұламалардың пәтуалары, түсініктемелері, көзқарастары шеңберінде діни түсінік пен таным қалыптасты. Пайғамбардың мұрагерлері саналған ғұламаларды діни көсем, ұстаз ретінде танып, олардың көзқарастарына, жолына бас иді. Яғни, Алла, пайғамбарлық және адам арасына тағы бір институт келіп қосылды – олар «ғұламалардың» ижма, қияс әдістеріне негізделген құқықтық таным болатын.

Екінші саты – суфизм және тариқатқа негізделген исламдық түсінік кезеңі (ХІ-ХVІІІ ғасыр). Бұл кезеңде сопылар мен тариқат шайхтарының діни танымы мен түсіндірмелері негізге алынды. Даруни, яғни ішкі мәнге негізделген, рухани сипаттағы түсініктер мен идеялар үстем бола бастады. Білім беру мен тәлім-тәрбие ісі медресе, мешіттерге қарағанда текке, дергахтарда, ленгерлерде көп тарала бастады. Мұсылмандар енді сопылардан үлгі ала бастады. Сопылардың идеялары да Құран мен Сүннетке негізделетін-ді. Исламдағы дәстүрлі діни танымның осы екінші сатысы ХІ ғасырдан ХVІІІ-ші ғасырдың орта тұсына дейін жалғасты.

Суфизмнің танымдық әрі телеологиялық ерекшеліктеріне  орай, бұл сатыда діни практика мен рухани тәрбие бірінші орынға шықты. Дінді және пайғамбар жолын рухында, хәлінде, ділінде сезіну арқылы қанағатқа, бақытқа, бірлікке жетуді мақсат етті. Осылайша исламдағы факих, кәламшылар мен хадисшілердің орнын сопы-шайхтар алды. Исламдағы діни музыка, саз, би, өнер, архитектура, әдебиет осы сатыда жоғары деңгейге көтерілді. Ислам дүниетанымындағы суфизмнің ислам дінінің кеңінен жайылып, орнығуында маңызды орны бар екендігін атап өткен жөн.

Үшінші саты – исламның қорғаншақтық кезеңі (ХVІІІ-ХІХ ғасыр). Бұл кезеңде мұсылмандардың ғылым мен технологияда дамыған, ғылым мен мәдениетте, саясат, экономика салаларында өздерінің үстемдігін көрсете бастаған Батыстық қоғамнан қорғана бастағаны сезіледі. Бұл құбылыс негізінен ХІ ғасырдан бастап байқалатын, әсіресе өркениеттераралық қақтығыстарда айқын көрінетін. Қорғаншақтық кезеңнің ерекшелігі – отарлаушы, яғни, технологияның иелеріне олардың ғылым мен өркениеттегі үстемдіктеріне жауап ретінде мұсылмандар өздерін өткен ғасырлардағы жетістіктері мен тарихтағы ренессанстарымен жұбата бастады. Кейбір топтар Батыс өркениетінен артта қалуының себебін исламнан, оны дұрыс түсінбеуден іздесе, ал кейбірі фатализмнен іздеген. Бұл құбылысты Алланың еркіне негіздегендер (тағдыршылдар) де баршылық. Қорғаншақтық кезеңінде керітартпалар мен модернистер, метатрадиционалистер мен батысшылдар, ағартушылар сияқты топтар өзара мәмілеге келе алмай жатты. Осындай дау-жанжалдар, пәтуасы кеткен ахуал – негізінен қорғаншақтықтың нақты көрінісі болатын.

Төртінші саты – үйлестіруші, түсіндіруші-телуші, синтездеуші исламдық кезең (ХХ ғасырдан бүгінге дейін). Бұл кезеңде кешегі өткен ғасырдың негізгі идеологиялары, жүйелері, діни-философиялық ағымдары мен ұсынған жолдары арқылы исламның әр түрлі тақырыптарына қатысты көзқарас, пікір, қағида, мәліметтер мен әдістерді үйлестіру, жақындастыру әрекеттері – осы кезеңнің негізгі ерекшеліктері. Интеллектуалдық ортада тарала бастаған бұл түсінік ХVІІІ ғасырдан қазірге дейін кеңінен тарап отыр.

Жаңашыл ойшылдар, зиялылар ретінде танылған Сайд Ахметхан, Мұхаммет Абдух, Рашид Рыза, Фаруқи, Фазлуррахман, Сайт Наср, т.б. тұлғалар арқылы болмыстық құбылысқа айналған ағым Батыстың құндылықтары мен көзқарастарын, ғылымы, мәдениеті мен философиясын «исламдандыру» әрекетіне кірісті. Қазіргі таңдағы «ғылымның исламдандырылу» мәселесі – осындай әрекеттердің жалғасы.

  Сонымен біз кеше ғана мұсылман болған ел емеспіз. Дәстүрлі діни тіршілігіміздің, әрине,  мұсылмандық негіздегі бастауы қарлұқтардың 751 жылы арабтармен тізе қоса отырып, Сырдария мен Балхаш көлінің арасындағы Талас бойында қытайларды Ұлы Түркістан топырағынан қуып шығуымен тікелей байланысты. Міне содан бері түріктер араларынан әл-Фараби (870-950), Ибн Сина (975-1037), әл-Бухари (хадисшы), әл-Матуриди (каламшы) (944), Ахмет Иасауи (1103-1166) сияқты ғұламаларды өмірге әкеліп, білім, мәдениет, философия, өнер өкілдері ретінде ислам өркениетінен өз орындарын алды.

  Мұсылман саудагерлерінің Қытай, Үндістан, Еділ бойына дейінгі аралықтарда сауда жүргізе отырып исламды таратуда ең ықпалды күш болғандығын, сонымен қатар, білім ордалары қызметін атқарған медреселердің де исламның түріктер арасында жайылуындағы маңызды рөлін есте ұстаған дұрыс. Бүгін тарихи деректер тек қана Х-шы ғасырдағы Орта Азияда ашылған медреселердің исламды танытып, оқытудағы саны мен сапасының ең жоғарғы деңгейге жаткендігін көрсетеді. Сонымен қатар Түркістан аймағындағы есепсіз «рибаттардың» (теккелердің) исламды жаюдағы орны мен маңызын да айта кету керек. ХІ-шы ғасырларда рибат бұрынғы мағынасын жоғалтып, медресе, мектеп, теккені білдіретін суфилік діни ұғым ретінде қолданыла бастады. Осы ғасырда Мауараннаһрда он мыңнан астам рибаттар мен теккелердің болғандығын Ибн Халлиқанның рисаласы да растайды. Нәтижеде өзіндік ерекшеліктерге ие түркілік дүниетаным ислам өркениетінің қалыптасуының құралы ретінде қалып қоймай, ислам діні негізінде жаңаша түлеп, рухани бірлік деңгейінде өзіндік түрік-ислам мәдениеті мен  өркениеті көкжиегіне көтеріле білді. Түрік-ислам мәдениеті мен өркениеті ХІ-ХІІ ғасырлардағы Қарахан мемлекеті кезіндегі түрік тілінде жазылған еңбектер арқылы өз болмысын нақты көрсете бастады. Міне, бұл кез-келген мәдениеттің өзінің дамуы мен жаңғыруын төл тілі арқылы ғана жүзеге асыратындығын көрсететін түркілік ренессанс дәуірі болатын. Бұл жағдай түркі халықтары үшін дінді оқыту мен ұғынудың негізгі ұстанымдарының іргетасын қалады.

  Сол кездегі түрік даласында, яғни, Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Ясы, Сауран, Сығанақ, Шаш, Сүткент, Жент, Весиж, Кудур, Шилжи, Отлук, Өзкент және Мауараннаһр қалаларындағы араб жаулаушылары мен миссионерлерінің (даиндерінің) әрекеттері ІХ ғасырларда саяси сипат алған болса, Х ғасырдан бастап түбегейлі исламдық ілімдердің дамуы бағытында тәлім-тәрбиелік ордалардың – медресе, теккелердің орнығуымен бірге қоғамдық, руханияттық, моральдық-этикалық принциптерімен экономиканың, сауданың дамуына негізделген жаңа мемлекеттік сипаттағы жүйелер қалыптаса бастады. Әрбір қала-қорғандарда, елді мекендерде мешіттер, медреселер мен теккелер бой көтерді. Қоғам исламдық шариғат (заңдық қағидалар жүйесі) негізінде реттеліп, әлеуметтік этикалық-психологиялық, экономикалық қарым-қатынас орныға бастады. Мысалы, Сайрам қаласы сол кездегі Аббасидтер халифатының шекарасы болған. Исфиджабтан исламдық фиқх (құқықтану) мектебінің ханафи мазһабының көптеген өкілдері шыққан Исфиджаб саяси, экономикалық, сауда қолөнер орталығы болумен қатар, қала Х ғасырда мұсылман дінін сол аймаққа және Дешті Қыпшаққа тарату орталығы да болған.

Енді дәстүрлі діни тіршіліктің алғашқы кезеңіндегі «ұғыну мен ойлау» ерекшеліктерін қамтитын түрік-ислам мәдениеті мен өркениеті көкжиектеріне алғаш болып жол салған мол дәуірдің атақты данышпаны, мемлекет қайраткері Жүсіп Хас Хаджиб Баласағұнидың (х. 432-1069/1070 жылы бітірген) Қарахан билеушісі Табғаш Буғра Қарахан Қаған Әбу Али Хасан бин Сүлеймен Арсланға тапсырған атақты «Құтадғу Билиг» («Құтты білік»)  яғни, Тәңірден құт дарыған  білім) атты еңбегі, әл-Фарабидың исламдық «маша‘иун» философиясы негізінде жазылған саясатнама болып табылады. Жүсіп Баласағұни да әл-Фараби сияқты парасатты мемлекеттік басқару жүйесін төрт кісінің сұхбаттары арқылы беруді мақсат еткен. Қарахан мемлекеті дәуірінде Ибн Синаның шәкірті Жүсіп Баласағуни дәстүрлі түркілік дүниетаным мен мәдениеттің ұстындарын исламдық принциптермен қоса өріп, байланыстырып, мұсылман түркілердің әлеуметтік-қоғамдық жүйесін құруға, саяси-қоғамдық мораль философиясын қалыптастыруға қомақты үлес қосты.

Махмұт Қашқари 1077 ж. Аббасидтер халифі муқтади Биллаһқа «Диуан-и лұғат-ит-турк» атты еңбек жазып тарту етеді. Араб тілі мен парсы тілінің аспандап тұрған кезеңінде түркі тілінің байлығын көрсету әрі арабтарға түрік тілін үйрету үшін жазылуы, сонымен қатар көне түрік тілінен, дүниетанымынан, әдет-ғұрпы мен салт-санасынан, сондай-ақ сол дәуір тарихынан хабар беруі тұрғысынан да бұл еңбек өте құнды болып саналады. Махмұт Қашқаридың еңбегіндегі исламға қатысты ұғымдардың басым көпшілігі түрікше терминдермен берілген. Мысалы, Алланы – Тәңір, оның сипаттарын «Уған», «Байат» (яғни «құдіретті», «күшті» мағынасында) деп берсе, пайғамбарды – «саушы», «Йаллауаш» деп келтірген. Құранды «Бітіл(г)», ал Тәңірді «Ие», «Изи», «Тәңірі Ием жаратқан» деп атаған. Ғибадат, құлшылық орнына «Табыну» терминін қолданған. Қашқари «құл Тәңірге жіңішкеленді» тіркесіндегі «жіңішкелену-йінчгеленді» сөзіне «табу», «табыну», «ораза ұстау», «намаз оқу», «қорқу» түрінде түсініктеме береді. Демек, «жіңішкелену» «Аллаға мойынсұну» дегенді білдіреді. Қашқари «Йалавашқа алқыш бергіл» тіркесін «Хз.Мұхаммедке салауат айт, дұға ет» мағынасында қолданады. Дұға орнына алқыш  (алғыс) сөзі қолданылған. Намаздың орнына «йукунш» – жүгіну, дәреттің орнына «йунмақ» – жуыну, «жаннат» термині орнына «ұшпақ» – жұмақ десе, «жәһәннамның» орнына тамұқ, тозақ ұғымын қолданған. Сол дәуірдегі Әдиб Ахмет Йүгінекидің «Атибат-ул-Хақайиқ» атты еңбегі мен Рабғузидің «Қиссас-ул-Әнбийа» сияқты діни-этикалық еңбегінің маңызы ерекше. Көне түркі тілінде жазылған «Атибат-ул- Хақайиқ» («Ақиқат сыйы») түркі-ислам мәдениеті негізінде діни-мораль саласында назым жанрымен жазылған тәлімдік «насихатнама» ретінде танылады. Бұл еңбекте аят пен хадистер арқылы түркілерге үйретілуі тиісті моральдық, діни тәрбиенің құндылықтық негіздері берілген. «Атибат-ул- Хақайиқ» сонымен қатар енді ғана теориялық концепциясы қаланып келе жатқан сопылық дүниетанымның «Ахлақи Суфийана» (Сопылық мораль) кітаптарына негіз болды.

Қашғар, Баласағұн, Өзкент қалаларындағы медреселер түріктер арасына исламдық ғылымдарды таратып, дінді түсіндірушілер (муфассирлер), хадисшілер (мухаддистер), исламдық құқықшылар (факихтер) тарихшылар (муаррихтер), тілшілер (мантиқ(ин)шылар) мен әдебиетшілердің (адибтердің) өсіп-жетілуіне ықпал етті. Осы дәуірлерде Құранның алғашқы аудармалары мен түсіндірмелері жасалып, әсіресе құқықтану (фикх) саласында ханафи фикхының (құқық мектебінің) Сарахси, Баздауи, Дабуси мен Марғинани сияқты өкілдерінің еңбектері түріктердің ханафи мазхабына кіруіне әсер етті. Алғашқы Құран аудармалары дәстүрлі түркілік діні мен нанымы тұрғысынан өте маңызды. Өйткені Құрандағы діни арабша ұғымдар түрікше берілген. (Алла – «Тәңірі», сәжде – «жүгіну», ғибадат – «жіңішкелену», ақыретте есеп беру күні – «көне күн», шайтан – жек (йак) – «жексұрын», сиқыр – жалму (жалбағай), күнә – жазық, тәубе – өкіну, рух – «төз», «тін», пайғамбар – «йалваш», жәннат – «ұжмақ» («жұмақ»), жаһаннам – «тамұқ», т.с.с.).

  Жалпы Қарахан билігі тұсындағы ислам ғылымы мәселесін зерттеген Й.З.Кабыкчы Қарахан кезеңінде тек қана ислам құқығы (фикх) бойынша үш жүзге жуық түрік ғұламаларының болғандығын және олардың үш жүз елуден астам еңбек қалдырғанын, аты-жөндерін, кітаптарының тізімін жүйелеп жазып, оған қоса әлемнің түрлі елдеріндегі архивтерден өзінің тек қана ислам құқығына қатысты қолжазбаларды ғана теріп алғандығын айтады.

  Енді, дәстүрлі діни тіршіліктің ойлау, жору және түсіндіру формалары мен ұстанымдарының қалыптасуындағы сопылық құбылысына тоқталып өтейік. Өйткені, дәстүрлі діни тіршілігіміздің негізінде осы сопылық таным жатыр. Матуридидің «Тау‘илат-ул-Куран» атты еңбегі мен «Тауил ұстанымы» түріктердің өзіндік түркілік мұсылмандық болмысқа ие болуындағы, сопылық ағымдардың қалыптасып, дамуындағы орны ерекше. Қалай дегенмен де VІІІғ. Хорасан мен Батыс Түркістанда ислам діні сопылық дүниетаным арқылы түркілерге енді. Ал дәстүрлі түркілік дүниетаным қабатындағы «қайта туу» немесе мұсылмандықты қабылдау құбылысы Қожа Ахмет Иасауи атымен тығыз байланысты.

Түркілердің білімі мен мәдениетінің дамуымен қатар діни тұрмысының да сезімдік, доктриналық, практикалық кеңістіктері төңірегінде рационалдық, философиялық, эстетикалық және сыршылдық тұрғыдан жан-жақты тереңдей түскендігі анық. Бұл құбылыстың табиғилығын дін феноменологиясы тұрғысынан алғанда діндердің таралуындағы ескі ұстындардың толығымен жойылмайтындығын, жаңаларының сол ұстындар, құндылықтар, түсінік, ұғымдар негізінде өз орнын табатындығынан көруге болады. Бұл – барлық әлемдік діндерде кездесетін құбылыс. Осы құбылысты Қожа Ахмет Иасауидің сопылық-моральдық ілімінен де көруге болады.

Діни білім беру кеңістігі, яғни ошақтары, ондағы мазмұн, пән бағыттары мектеп, медресе, текке, құжыра сияқты орындарына қарап ажыратуға болады. Бұл орындар мемлекет, яғни билік тарапынан немесе тайпа, ру көсемдері қолдауымен салынып, діни тіршілік өмір сүріп келді. Қазақ даласындағы діни білім беру ошақтары билік иелері мен ру басылар тарапынан қамтамасыз етілді. Иасауиге дейінгі және кейінгі кезеңдердегі білім беру  мазмұнын анықтайтын еңбектер мен қолжазбалар тізімін нақтылайтын зерттеулер бар. Исламдық ғылымдар сыныптамалары негізінде, құқықтық, кәламдық және танымдық-ақидалық ерекшеліктерге қарай Алтын Орда мен Османлы мемлекеттерінде бұл тұрғыдан сабақтастық айқын көрсетілген. Дін ғылымдары, медицина, жаратылыстану, астрология, саясат, фалсафа жинақы негізде «қал» және «хал» болып та ажыратылып көрсетілді. Мұндағы танымдық мектептердің тафсир және тауил методологиясы, захири және батини ілімдердің барлығы Құранды түсіну және түсіндіру арқылы ерекшеленеді. Бүгінгі діни психологиялық және танымдық мәселелердің шешілуі мен мемлекеттілігіміздің тарихи әрі өркениеттік негіздері мен ұстанымдарын құндылық ретінде сезіну, тану үшін де дәстүрлі діни тіршіліктің бастауы болған Қарахандық кезең мен Иасауи мәдениетінің жаңаша зерттелуі кезек күттірмейтін мәселе болып тұр. Бұл – негіз, қазақстандық дінтану мен теологиялық білім берудегі ең басты идеялық әрі ұстанымдық желі болмақ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Kutlu. S., Türklerin İslamlaşma Sürecinde Mürcii ve Tesirleri: – Ankara, Türkiye Diyanet Vakfı Yayınları, 2000. – 332 s.-151;

2.  Günay, Ü., Güngör H. Türk Din Tarihi. İstanbul, Laçin Yayınları.- 1998. – s. 304;

3.  Бартольд В. В. Тюрки: Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии. – Алматы: Жалын, 1993. – 192 с. 55:

4.  Kafesoglu., I. “Eski Türk Dini” Tarih Enstitüsü Dergisi, C. 3, İstanbul, 1972, s. 134; O. Turan, Türk Cihan Hakimiyeti Mefkuresi Tarihi, s.225-233; I. H. Danismend. Türk Irki niçin muslumsn oldu, Konya, 1978;

5.  Kara. M. Din, Hayat, Sanat Açısından Tekkeler ve Zaviyeler, İstanbul, 1997, ss. 137-144;

6.  Genş, R., Kaşgarlı Mahmud’a Göre XI yüzyılda Türk Dünyası. Ankara: Türk Kültürü Araştırma Enstitüsü Yayınları, 1977. – 412. s-126-129;

7.  Tanyu, H., İslamlıktan önce Türklerde Tek Tanrı İnancı. Ankara: “A. Ü. Basımevi”.., 1980. – 216.s.-105;

8.  Kavakcı. Y. Z., XI ve XII. Asırlarda Karahanlılar Devrinde Mavara’al-Nahr İslam Hukukçuları, Sevinç Mstbaası, Ankara-1976. 322 ss.;

9.  Senaî, Tarikat-i Yeseviyye ve Nakş-i ân der gosteriş-i İslâm der Asyâ-yî Merkezi, Name-i Ferheng. Sayı: 1(Tahran 1377/1998)., s. 169-175; Zev: Mürsel Öztürk. Horasan. “Yesevilik”. (145-151 ss);

10. Ocak. A.Y.Türk Sufiliğine Bakışlar. İletişim Yay., Istanbul. 1996. 264 s. (32-37);

11.Güngör E. İslam Tasavvufunun Meseleleri. “Ötüken”. İstanbul,-1996.6. Baskı. 220 s. (56-66);

 

Кенжетаев Досай Тұрсынбайұлы

ХҚТУ Түркология ғылыми-зерттеу институтының

директоры, философия және теология

ғылымдарының докторы, профессор

 

 

 

Пікір жазу