Кім ілімсіз тақуа боламын десе, жынды болады.
(Хадис шәріптен).
Бисмилләһир-рохмәнир-рохим.
Әл-хәмду лилләһ, уас-солату уәс-сәләму ‘алә Расулилләһ.
Еліміз өзінің алғашқы мемлекеттігіне тәй-тәй басып келе жатқан жылдары мен Шымкент шаһарының «Ордабасы» алаңындағы мешітте имамдық жасап едім. Университет қабырғасында дінтану сабақтарын жүргізуге алғашқылар қатарлы біз де талпындық. Ол кезде жастарға шетелден келгендер айдай боп көрінетін. Мен 1997 жылы шетелге жастарды жіберуге болмайды, деп алғаш рет жар салдым. Оның салдары қандай болатынын түсінген едім. Амалым не, менің сөздеріме құлақ аса қоймады. Қазір соның тақсіретін тартып жүрміз.
Сол кездегі әкімшілік мүшелерімен қосылып отырған жиындарда бірнеше рет имамдардың біліктілік деңгейін өсіру қажет екендігін, ол үшін жоғары біліктілікке негізделген оқу орнын ашу қажет екендігін де айттым. Оны еліміздің басқа өңірлерінде ашу мүмкіндігі бола қоймас, бірақ Шымкентте ашуға болады. Ол үшін ешкімге алақан жаймай, өз күшімізбен істей аламыз, деп көрсеттім. Бұл да сол кезде қияли ғана нәрсе болып қалды. Дегенмен, сондай бір оқу орны әлі де ашылатын шығар деген үміттемін.
Біздің көп ғибадаттарымыз имамдарға байланысты, олар көпшіліктің діни-танымдық деңгейін көтеруге де күш салулары қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:
أَئِمَّتُكُمْ وَفْدُكُمْ الي الله فَقَدِّمُوا خِيارَكُمْ
«Имамдарыңыз Аллаһ та‘алаға салған елшілеріңіз, сол үшін жақсыларыңызды алға шығарыңыздар», дейді. Әбу Һурайра (р.а.) Расуліміз (с.ғ.с.) былай дегенін нақыл етеді:
عَن أبي هُريرة رضي الله عنه قال: قال رسولُ الله صلّي الله عليه وسلّم : الصّلاةُ واجِبَة عليكم خَلْفَ كُلّ مُسْلِم بِرًّا كان أوْ فاجِرًا وَإن عَمِلَ الْكَبائِرَ وألصًّلاةُ واجِبَة علي كُلّ مسلم بِرًا كان أوْ فاجِرًا وَإنْ عَمِلَ الْكَبائِر رَواهُ أبو داود
«Сіздерге әрбір мұсылманның арқасында тұрып намаз оқу уәжіп, ол кісі жақсы ма, жаман ба, бәрібір. Тіпті ол кәбира – үлкен қылмыс жасаса да. Әр мұсылманға жаназа шығару сіздерге уәжіп, ол жақсы ма, жаман ба, бәрібір. Тіпті ол ауыр қылмыстар қылған болса да».
Бұл хадисті Имам Әбу Дауд риуаят еткен [1.329].
Имамның кім екендігін діни басқарма тексереді, оны жауапкершілікке де тартады, бұл істер басқарманың құзіретінде. Намазхан өзі тұрған жеріндегі қауым имамынан бөлініп кетуіне ешқандай рұқсат жоқ. Өйткені мұсылман өз имамының жетекшілігімен ұйымдасқан жағдайда ғана бірге тірлік істейді, әрі қоғамдаса отырып өз қажетін іске асыра алады. Әбу Һурайра р.а-дан нақыл етілген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нің мына хадисінде айтады:
عن أبي هريرة رضي الله عنه عن النّبيّ صلّي الله عليه وسلّم قالَ : مَنْ نَفَّسَ عَن مُسْلِمٍ كُرْبَةً مِن كُرَبِ الدُّنْيا نَفَّسَ الله عَنْه كُرْبَةً مِن كُرَبِ يَوْمِ الْقِيامَة ومَن سَتَرَ علي كُلّ مسلم سَتَرَهُ الله في الدّنيا والآخرة وَالله في عَوْنِ الْعِبْدِ ما كانَ الْعَبْدُ في عَوْنِ أَخيه . رَواهُ مسلم وأبُو داود واللفْظُ لَهُ والتّرمذي وحَسَّنَهُ والنّسائي وابْنُ ماجه .
«Кім бір мұсылманның дүние қайғыларынан бір қайғысын кетірсе, Аллаһ Хақ одан қиямет күнінің қайғыларынан бірін кетіреді. Кім бір мұсылманның кемістігін жасырса, Аллаһ оны бұ дүние мен о дүниеде жасырады. Бәнде бір мұсылман бауырына қамқорлық қамында жүрсе, Аллаһ тағала да оған қамқорлық қамында болады».
Имам Муслим, Әбу Дауд (хадистің мәтіні осы кісінікі), Тирмизи (хадисті хасан деген), Насаи және Ибн Можаһ нақылдары [2.16].
Аллаһ тағала «Әлі Имран» суресінің 110-аятында:
كُنْتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لَلنّاسِ تَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَتَنْهَوْنَ عَن الْمُنْكَرِ وَتُؤْمِنُون بِالله
«Адамдардың пайдасына шығарылған ең қайырлы үммәт болдыңдар, жақсылыққа бұйырасыңдар, жаман қылықтардан тыясыңдар және Аллаһ тағалаға иман келтіресіңдер», дейді.
Имам Ахмәд риуаят етеді: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мінберде тұрғанда бір кісі тұрып: Я Расулаллаһ, қайсы адамдар жақсырақ? – деді.
قالَ الإمام أجمد : قامَ رَجُلٌ الي النّبيّ صلّي الله عليه وسلّم وهُوَ علي الْمِنْبَر فقالَ: يا رسُولَ الله أَيُّ النّاسِ خَيْرٌ ؟ قال: خيرُ الناسِ أَقْراهُم وأَتْقاهُم لله وآمَرُهُم بِالْمَعْرُوف وأَنْهاهُم عَن الْمُنْكَرِ وأَوْصَلُهُم لِلرَّحِم .
– Адамдардың жақсысы Құранды көбірек оқитыны, Хақ Иеден көбірек қорқатыны (тақуарағы), жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыятыны һәм туыс, жақындарымен туысқандық қатынасты жалғастыратыны, – деді [3.308].
Ислам дінінің басты талабы Хақ Сұбыханды бір біліп, Оның бұйрығын орындау, құлшылығына жығылу. Оның есесіне Жаратушы Иеміз мәңгілікке болатын нығметін – жәннәт бақшаларын сыйлайды. Бәріміз Құдайға құлдық қылып, тек Соның ризалығын іздесек адаспаймыз. Өзгелерді де осы жолға шақырамыз, үндейміз.
Ислам ғұламалары мен атақты имамдары жер-жердегі билеушілерден кітәбилердің құқықтарын да бірлесе қорғап, олардың жандарында болған. Мысалы, Әбу Ханифаның тұсында болған Имам әл-Аузағи зиммилермен (мұсылман елінде осы билікті мойындап, түрлі себептермен бірге тұратын өзге дін өкілдері) бірге Ливан жерінде аббаси әміріне қарсы тұрған. Ибн Тәймиа да Әмір Темірден қолындағы тұтқындарын босатуын талап етіп барған, сонда ол тек мұсылмандарды босатпақ болды. Ал имам зиммилерді де босатуға тиіс екендігін еске салып отырып алған [4.33].
«Исро» суресінің 71-аятында Аллаһ тағала айтады:
يَوْمَ نَدْعُوا كُلَّ أُناسٍ بِإمامِهِمْ
Бір күні Біз адамдардың бәрін имамдарымен қосып шақырамыз.
Бұл мағынаға ғұламалар қайшылық қылған, Ибн Аббастың шәкірті болған Мужаһид және Қатада (р.а.) айтады: «Ол пайғамбарларымен дегені». Кейбір сәләф ғалымдары айтады: «Бұл хадис ғалымдары үшін үлкен құрмет, себебі олардың имамдары Пайғамбарымыздың өзі». Ал Ибн Аббас «Амалдары тіркелген кітаптары» дейді [5.389-390]. Дұрыс-ақ, ал мүмкін, аяттың өзінде айтылғандай имамын шақырып, «мына кісілер сенің қауымыңда болып, нені жасап берді?» деген сұрақ болса ше? Бәріміздің тұратын жерімізде мешіт те, қауым да бар. Оған кім қаншалық мән беріп жатыр? Қалай болған күнде де біз қауымымыздан, өз жамағатымыздан және оның басшысы – имамымыздан ажырамауға тиіспіз. Онсыз күн жоқ.
Имам Әбу Ханифа «жақсы болсын, жаман болсын, алда тұрған имамға ұйып намаз оқимыз» деген қаулыны тарихта «Залым Хажжаж» деген лақабы бар Үмәййә әулетінің мықты қолшоқпары Хажжаж ибн Юсуф Меккеде хаж маусымында қажыларға имамдық еткендігі, оған ұйып сахабалар намаз оқығаны үшін осы тұжырымды жасаған [6.16].
Имамдар – ұлы аманатты арқалаған жандар, өз қауымының талап-тілектерін Жаратушы Иесіне жеткізу тапсырылған адам. Жоғарыдағы хадисте имамды «Рахманның құзырына салған елші» деп бағалады, сол себепті жақсыларыңыз имамдыққа өтсін деген. Имам барлық мәселеге бас болу керек, ол тек мұсылманға емес, мұқтаждық туғанда өзге де діні бөлек жандарға назар салу керек.
Мәселен, кітәбилер үшін халал болған нәрселер бар, оларды ислам харам еткен деп тыюға болмайды, мысалы, ішкілік, доңыздың етін жеу сықылды істер. Яһудилер үшін сенбі күні жұмыс істеу харам. Оларды сенбіде жұмысқа жегуге болмайды, христиан жексенбіде шіркеуге баруы тиіс, оларға осы істе бөгет болу жарамайды. Мұсылман елдерінде осыны ескерген, олар ешқандай кедергісіз өз құлшылықтарын атқарып жатыр [4.34-35]. Кітәби қауымдардан бір топ нажрандықтар Мәдинеде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітінде ғибадат қылуға рұқсат алып, осы мешітте намаздарын оқығанын ислам тарихшылары хабарлайды. Оларға өз сахабаларынан ешкімнің қарсылық білдіріп, бөгет болуына рұқсат етпегендігін жазады.
Әбу Үбәйд «Әл-Амуал» атты кітабында табиғиндердің жетекшілерінің бірі Саид ибн Мүсәййәб р.а-ден риуаятында Пайғамбарымыздың яһудилердің бір жанұясына садақа бергенін және оны солай тағайындап қойғанын келтіреді [4.38].
Бірақ имамдар кейде құлшылыққа шақырғанда намаз оқитындар мен әлі намазға жағдайы келмей жатқандарға қаттырақ сөйлеп, оларға құлаққа түрпі тиетін теңеулер айтып жібереді. Бұл дұрыс емес. Аллаһ тағала Құран Кәрим аятында Өз елшісіне:
وَلَوْ شاءَ رَبُّكَ لآمَنَ مَنْ في الأرْضِ كُلُّهُمْ جَمِيعًا أَفَأَنْتَ تُكْرِهُ النّاسَ حَتَّي يَكُونُوا مُؤْمِنِين
Егер Раббың қаласа жер бетіндегілердің бәрі де иман келтірген болар еді, ал сен сол адамдарды жаппай мұсылман болуға мәжбүр етпексің бе? – дейді («Юнус» сүресі, 99-аят).
Яғни, иман ерікті түрде, әркім өзі қалап келетін, қабылдайтын нәрсе. Ал бізге Аллаһ тағала «Ро‘д» суресі 40-аятында айтқандай:
فَإنَّما عليك الْبَلاغُ وَعلينا الْحِسابُ
Саған тек жеткізу, ал есебін алу Бізге.
Біз иманды, исламды түсінсек, жер-жерде имамдарымыз ақиқатты дәп басып ұғындыра білсе, мұсылман үмметінің жүзі жарық.
Аллаһ Хақ Құран Кәримде «Тоһа» суресінің 2-аятында:
«Саған Біз Құранды сендер машақат көрсін (бақытсыз сорлы боп жүрсін) деп түсірген жоқпыз» дейді. Демек, мұсылман баласы бақытты өмір сүруі тиіс. Аллаһ тағала Нәби (с.ғ.с.)-ға «Мүззәммил» сүресін ендіріп, «Ей, оранып жатқан адам, түндері намаз оқуға тұр…» деп бұйырған соң сахабаларымен ұзақ-ұзақ қиям тұрушы еді. Сонда тіпті екі аяғы ісініп кететін. Осы оқиғадан кейін құрайштар «Мұхаммедке Құранды Құдай тек бақытсыз етіп сорлату үшін түсірген» деген әңгіме қылды. Осы оқиғадан кейін «Тоһа» сүресінің аяттары түсті дейді тарих кітаптары [2.330].
Имамдарымызға таупық беріп, олар біздің жамағаттарымызды дұрыс жолға бастасын да көкірегімізді ашып, ақиқатты түсінуді нәсіп еткей дейміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. محمد بن عبد الله الخطيب التبريزي ، مشكاة المصابيح ، الجزء الأول ، الطبعة الأولي ، دار الفكر ، بيروت ، 1991 م .
2. الإمام الحافظ زكي الدين عبد العظيم بن عبد القوي المنذري ، الترغيب والترهيب من الحديث الشريف ، الجزء الرابع ، مطيغة البابي الحلبي ، مصر ، 1933 م .
3. محمد علي الصابوني ، مختصر تفسير ابن كثبر ، المجلد الأول ، الطبعة الخامسة ، دار القلم ، بيروت ، 1986 م .
4. د. يوسف الفرضاوي ، الأقليات الدينية والحل الإسلامي ، سلسلة رسائل لرشيد الصحوة ، الطبعة الأولي ، مكتبة وهبة ، القاهرة ، 1996 م .
5. محمد علي الصابوني ، مختصر تفسير ابن كثير ، المجلد الثاني ، الطبعة الخامسة ، دار القلم ، بيروت ، 1986 م .
6. Абдулла қажы Жолдасұлы. Сауады ағзам кітабы. Шымкент, «R-Diar» баспаханасы, 2008 жыл.
7. أبو البركات الشيخ مجمد بدر الدين بن ملا درويش ، تفسير أَبدع البيان لجميع آي القرآن ، الطبعة الأولي ، دار النيل ، 1992 م
«ҚМДБ» РИДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі,
дінтанушы