Күндердің күнінде Омар ибн Хаттаб мұсылмандар әміршісі болып тақта отырғанда көмекшілерінен Шам өлкесіндегі ең кедей деген мұсылмандардың тізімін талап етеді. Ол тізімде Хомс қаласының басшысы Сайд ибн Амрдың есімі болғанына таң қалады. Омар мұның себебін сұрағанда Сайд ай сайын барлық тапқан табысын кедей-кепшіктер мен жетім-жесірлерге таратып тастайтынын айтады. Халифа таң қалып халықтан:
– Хомс халқы ол жайлы не дейді? Сайд тарапынан қызметінде қандай да бір айып бар ма?-дейді. Қызметшілері:
– Халық Сайдтың қызметінде үш айыптың барын айтады: Біріншісі, Сайд халық алдына тек таң сәріде ғана шығады екен. Екіншісі, күн батып қараңғы түскенде оны халық мүлде көрмейді екен. Үшіншісі, аптасына бір күн мүлде жоқ болып кетеді екен,-дейді. Содан халифа Омар Сайдты алдына шақыртып мән жайды сұрайды. Сайд сөз алып:
– Бірінші мәселеге келер болсақ, күнде мен таң сәріге дейін отбасыма көңіл бөліп солардың қажеттерін орындаймын. Менің үйімде ешқандай қызметші жоқ оның үстіне әйелім науқас адам болғасын барлығын өзім жасауға тура келеді. Сондықтан халықтың мың-мұқтажын тыңдау үшін олардың алдына тек таң сәріде шығамын. Екінші мәселе – мен халықтың жағдайын білгеннен кейін оны шешу үшін күн батқанша тынбай еңбек етемін. Ал, күн батқасын таң атқанша Раббымы қызмет етіп, құлшылыққа көңіл бөлемін. Үшінші мәселе бойынша айтар болсам, мен аптасына бір күн арнайы киімдерімді тазалап, жууға арнаймын. Сосын олардың кебуін күтемін. Себебі, менде ауыстырып киетін ешбір киім жоқ,-деген екен. Мұны естіген халифа Омар еріксіз көзіне жас алып, қазынадан бір қоржын ақша береді. Сайд болса ақшаны алып дереу кідірместен мұқтаж жандарға барлығын таратып тастаған екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы