Энтони Дженкинсон (Anthony Jenkinson) 1557-1571 жылдары Англияның Мәскеу князьдығындағы өкілетті елшісі қызметін атқарумен қатар, ағылшын сауда компанияларының өкілі ретінде де танымал болған. Осы қызметін пайдаланып Э.Дженкинсон мырза Орталық Азия өңіріне, Каспий жағалауына, одан қалды Парсы жеріне белсенді саяхат жасап, жүрген жері мен табаны тиген өлкенің картасын жасаған. Яғни сол дәуірдегі ұғым бойынша: орыстардың шығысы, яғни Орал таулы қыратынан бастап, моңғол үстіртіне дейінгі өлке (бізше «Ұлы Дала») Тартария жерін қағаз бетіне түсірген.
Мұнда өздеріңіз көріп отырғандай, картада сол дәуірдегі әкімшілік-ұлыс құрылымдарының жалпы нобай-сұлбасы жақсы түсірілген. Сондығымен де бұл тарихи сызба аса құнды. Атап айтқанда, Обь өзеннің шығысын алып жатқан үлкен жазира даланы «Казакия» (Cassacki) деп таңбалапты. Яғни Қазақ елінің ежелгі атауы «Қазақия» бұдан басқа карта-деректерінде кездеспейді. Оның сыртында, ұлы теңізге құятын үлкен дарияның (Жайық) қос қапталын ен жайлап жатқан жұртты Ноғай ордасы (Nagaia) белгілеген. Бұның бәрі атақты Алтын Орда, бізше Жошы ұлысының территориясы.
Бекен Қайратұлының мақаласынан