Сұрақ: Бата немесе дұға жасағанда Пайғамбарымыздың шапағаты тисін деп айтып жатады. Осыны түсіндіре кетсеңіз.
Жауап: Шапағат дегеніміз – ахирет күнінде Алла Елшісінің (с.ғ.с.), басқа пайғамбарлардың және өздеріне рұқсат берілген салиқалы адамдардың Алла алдында мүмін-мұсылмандардың кешірілуі үшін дұға етіп, жалбарынуы мағынасында қолданылады.
Құран Кәрімнің көптеген аяттарында шапағат мәселесіне қатысты егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Зумәр сүресінің 43-44 аяты, Юнус сүресінің 3 аяты, Бақара сүресінің 255 аяты, Мариям сүресінің 87 аяты, Әнбия сүресінің 28 аяты, Таха сүресінің 109 аяты және Зухруф сүресінің 86 аятында Рахманның қасында уәде алғаннан басқа ешкім шапағат ету күшіне ие бола алмайтыны және кімдердің шапағат ете алатыны туралы айтылады.
Бұл аяттардың барлығында тек Алла тағаланың рұқсат бергендерінің шапағат ете алатынына ишара жасалған. Яғни, Алла тағала қаласа кейбір мүміндерге шапағатшы болуға рұқсат берілетінін түсінеміз.
Әбу Муса әл-Ашари (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Маған шапағат ету немесе үмбетімнің жартысының жаннатқа кіруі туралы таңдау жасауға мұрсат берілді; мен шапағат етуді таңдадым.» – деп, бұйырылады (Ибн Мааж, зуһд, 37).
Хадистерде шапағат рұқсаты берілетіндердің кімдерге шапағат ететіндері туралы нақты мәлімет берілген.
Әбу Һурайра: «Уа, Алланың елшісі, Ұлы Раббым саған шапағат мәселесінде қандай құқық берді?» – деп сұрағанда: «Сенің ілімге деген құштарлығыңды білгенім үшін, мұны маған алғашқы сұраушының да сен болатынын білген едім. Менің шапағатым – жүрегі тілін, тілі де жүрегін мақұлдап Алладан басқа тәңірі жоқ екендігіне шын көңілден куәлік еткен адам үшін»[1]–деп жауап береді.
Жоғарыдағы аяттар мен хадистер шапағаттың бар екендігінен хабар береді. Алла тағала біздерді де қиямет күнінде Пайғамбарымыздың шапағатына еретін бахтияр құлдарының қатарынан жазсын.
Балғабек Мырзаев
[1] Ибн Ханбал, II, 518.