– Досай аға, сіз сопылықты зерттеуші ғалымсыз ғой. Жалпы сопы деп кімдерді айтады?
– Шындығында сопылық өте ауыр жол. Сопы деп – Аллаға ғашық адамдарды айтамыз. Алланың барлық жаратқандарына ғашық адам. Қоршаған ортасын, елін-жерін, туған топырағын, отанын, тілін, тегін, ата-бабасын құрметтейтін адамдар сопы болған.
– Абай өзінің қарасөзінде осы сопылықты қатты сынайды ғой.
– Кезінде Шортанбай ақын, «сопылық Алатаудан биік еді. Төбесі көкке оның тиіп еді» дейді. Рас, сопылықты Абай сынады. Себебі, ХІХ ғасырдан бастап сопылық өзіндік мәнінен, табиғатынан ауытқи бастады. Сопылықтың негізі Құран мен сунна. Бұдан алыстаған соң сопылықтың мәні кетеді. Міне, Абайдың сынайтыны осындай кезең еді.
Бұл сопылықты Яссауй де сынады. Неге? Себебі, таза сопылық жол – армен өлшенеді. Дін ғылымында төрт тұғыр бар. Біріншісі, діни тәжірибе, екіншісі діни таным, үшіншісі, діни сана және төртіншісі діни сенім. Исламды қабылдаған мұсылмандардың барлығының діни сенімдері бірдей. Ал діни таным – ол қалыптасады. Сол діни танымды қалыптастыратын діни тәжірибе. Сол діни тәжірибенің мазмұнын қарайтын болсаңыз сопылық бар. Және сопылық құбылыс ретінде бар. Бұның артында Яссауи, оның арғы жағында бес ғасырдай уақыт бар. Қазақтың даласына ислам, әсіресе Имам ағзам Әбу Ханифаның жолындағы ислам сопылық арқылы келген.
– Осы сопылық жол деп айтқан дұрыс па, немесе сопылық ағым деген дұрыс па? Әлде бұл ілім ба?
– Сопылық – таным. Сопылық – мәдениет. Оны ағым деп айтуға мүлдем келмейді. Сопылықтың пәлсапасы – нәпсінің тізгіндеп, Аллаға адал құл болу.
– Бүгінде шынайы сопылықты ұстанып жүргендер бар деп айта аламыз ба?
– Қазір сопы қандай болу керек? немесе кімдер сопы бола алады? деген сұрақ өте өзекті. Сопылық орта ғасырлық шаблондарды аңсау ма, әлде сопылықты бүгінгі күн тұрғысынан діни тәжірибемізге қоса аламыз ба? Бұл тұрғыдан бізге әлі көп уақыт керек. Сондықтан сопылық сыналуы да, сарапталуы да тиіс мәселе.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін осы сопылықты жаңғыртқысы келіп жұмыс жасаған біраз топтар болған. Болған деп отырған себебім, олардың көшбасшылары қазір жоқ. Бірақ мүриттері бар. Олар қазір өте белсенді.
Оларды сынаушылар да бар. Негізі өзін мұсылманмын деп санайтындарды ҚМДБ өз бақылауына алып қолдау көрсету керек. Елімізде ҚМДБ біреу. Бірақ Телебековтің құрып алған Қазақстан Мұсылмандар Одағы да бар. Бұл сыртқы күштердің әсері. Ертең сопыларды да сыртқы күштер бөлек ұйым ретінде қолдап жіберсе еліміздегі діни ала ауыздық сонда болады.
Жалпы алғанда біз тарихымызда бар сопылықтан қаша алмаймыз. Ал бүгінгі сопыларды тәрбиелеу, икемдеу, бағыттау ол дін саясатының жұмысы. Сонда ғана бізде ала ауыздық бітеді. Сонда ғана сопылар да менің мүфтиятым дейді.
Қазір сопылықты жексұрын қылып көрсетіп қойды ғой.
– Зікір салу дегеніміз Алланы еске алу. Ал бас шұлғып зікір салудың тарихы қай кезден бастау алған.
– Жәһри зікірдің мен білетін 27 түрі бар. Бұл менің білетінім ғана. Әйтпесе, оның түрлері өте көп. Мен оны Түркияда, Ферғанада болғанда біраз зерттедім. Жалпы зікірді тәнді тәрбиелеудің бір техникасы ретінде қарауға болады. Ал басты төрт жаққа қаратып шұлғу, ол төрт әлем. Шариғат, тарихат, мағрифат, ақиқат. Одан бөлек төрт тарапқа қаратқанда «Лә илләһа илалла» деп айтылады. Бұл мұсылманның ұраны. Тура мағынасы «Алладан басқа Тәңір жоқ».
Ортада үш жүз жылдай үзіліс болғандықтан бізге бұл қазір оғаш көрініп жүрген болуы мүмкін. Ал Өзбекстан, Түркия секілді елдерде бұл еш ерсі емес. Зікір – Алланы еске алу, Алламен бір болу деген мағынаны білдіреді. Зікір басқадай мақсатта салынбайды.
Қызылорда өңірінде Әлім руынан шыққандарды барлығы Ақұдайлар дейді. Бұл Ақұдай сөзі де зікірден шыққан. Себебі, кезінде Әлімдер «Хақ Худай» деп зікір салған. Ал Тамалар «Аллаху» деп зікір салған. Қазір Әлімдерді Ақұдайлар деп айтқанмен ол сөздің мағнасын көбісі біле бермейді.
Ал, бас шұлғып зікір салуды нақты мына кезден бастау алған деп дөп басып айту өте қиын. Оған нақты мына кезден бастау алған деп жүргендер өтірік айтады. Себебі, осы зікір туралы ІХ ғасырда Қушари өз еңбектерінде жазған. Демек оның тарихы одан да әріде жатыр деген сөз.
Сұхбаттасқан Олжас Сәндібек,
KazIslam.kz