– Досай Тұрсынбайұлы, дінді өте нәзік құбылыс деп жатамыз. Сондықтан болар, әсіресе, дін төңірегі дау-дамайға толы. Бәлкім, бұл ахуалдың өрши түсуіне теріс пиғылды ағымдардың да әсері бар шығар. Жә, айтпағымыз бұл емес-ті, қазіргі таңда біздің сенімнің бағаны іспеттес болған Матуриди ақидасына күмәнмен қарап, күпірге шығарушылар бар секілді… Бұдан хабардарсыз ба?
– Біз қазақ мұсылмандары өзге де түркі халықтары секілді діни танымда Имам Матуриди ақидасындамыз. Ақида немесе діни таным, біле білгенге өте маңызды. Себебі, діни таным – біздің ұлттық, өркениеттік болмысымыздың мәні, өзегі. Діни таным, адамға оны қоршаған мәдениет қабаттарының барлық құндылықтарына діни сана ретінде фитра, милли ерекшелік, дүниетаным, әдет, салт, құқық, мораль, болмыс ретінде нақтылану мен айқындалуды, «Мен» ретінде қалыптастырады.
Қазір кейбір қазақтар бұқаралық ақпаратта, әлеуметтік желілерде осы «Мен» деген болмыстың мазмұны болған Матуриди ақидасы мен діни тәжірибемізді мансұқтап, ашықтан ашық наразылықтарын айтатын хәлге жеттік.«Матуриди ақидасы әһли сүннеттен емес, бидғат пен ширкті көріктейтін таным» деп пәтуа беруде.
Бұлар – уахабилік немесе неосалафилік мәзһабсыз мәзһаб өкілдері. Олардың діни танымы мен біздің дәстүрлі діни танымымыз арасындағы айырмашылық, біз суннилер ретінде ақыл мен нақылды, ирфанды жалпы қоғамдық реалды шындықты негізге аламыз. Соны Құдайлық ерікпен өлшейміз.
Құдайлық ерік өзгермек емес. Ал адамдық танымдар мен қажеттілік шарттары әрдайым өзгермелі. Бұл адам мен Алла арасындағы қатынастың табиғи хәлі. Ал нақылды бірінші деп алып, қалғандарын екінші орынға қою, христиан грек философиясының, кешегі лютерандық тенденциядан туған. Исламның мәні тұтастықта, таухидте, үндестік пен үйлесімділікте ғана.
– Ал дұрысында Матуриди ақидасы калам ғылымы тұрғысынан иман мен амал және үлкен күнә туралы не дейді?
– Үлкен күнә туралы айтар болсам, мұсылман адам өзінің істеген үлкен күнәсі себепті иманнан шықпайды да, куфрге кірмейді де. Бұл жерде Матуриди иман мен ислам тақырыптарын бөлек қарастырады. Мүмин мен мүслим арасында айырмашылық бар. Сондықтан үлкен күнә жасаған адам бұл пәниде шынайы мумин болып табылады.
Бірақ ол адам өзінің амалына қарай, яғни, істеген үлкен күнәсіне қарай фасық, яғни, арсыз, ахлақсыз мумин болғаны. Осы амалы арқылы ол жазасын тартады. Мұндай адамның ақыреттегі хәлі Алланың қалауындағы мәселе. Алла қаласа оны кешіреді, қаласа жазалайды. Ұстаным – осы.
Сондықтан қасыңдағы бауырыңа оның амалына қарап, «Намаз оқымадың, ораза ұстамадың, тағы басқа діни шарттарды орындамадың» деп, «Енді сен кәпір болдың, кәпірсің» деудің өзі күнә. Ол жағын Аллаға қалдырып, өзіңнің хәліңе қарағаның – ең абзалы. Содан кейін мен осы амалды толық дұрыс жасадым деп үмітке беріліп, сауап санап кету де менмендікке апарады. Мына амалды бұрыс жасадым деп үрейге беріліп, қорқып өмір сүру де адамдық менді жояды.
Исламда ифрат пен тафрит сындыекі жағалау, бір орта бар, осы психологиялық қайшы жақтар, ақыл мен нақылды түсіндіруде диалектикаға апарып соғады. Сондықтан мұсылман хәлі диалектика емес тұтастыққа, яғни, тек үміт немесе тек қорқу ғана емес, (Абайша айтқанда ақыл мен жан – Мен өзім) екеуін тұтас, үміт пен қорқу арасында, ешбір жағалауда қалып қоймай өзін бақылауды үйренгені абзал.Себебі, адамның ішкі сыры, ол – иман,оны Алладан басқа ешкім біле алмайды.
– Яғни, Сіздің сөзіңізден ұққанымыз, Матуриди амал мен иманды ажыратып түсіндіреді. Амал иманның бөлінбес бөлшегі емес, амал – иманнан тыс парыз. Солай ғой? Ендеше, ақылға салып қарасақ, иманның өсуі мен кемуі амалға қатысты сияқты…
– Біз Матуриди танымындағы мұсылмандар «Әл хамду лиллахи мұсылманмын» деп толық, күмән күдіксіз тілмен айтамыз. «Инша Алла мұсылманмын» деу – басқа ұстаным. Сондықтан иманға да шартсыз, күдіксіз қараймыз. «Шынайы мүминмін» деп шексіз, шүбәсіз айтамыз. Яғни, жүректің беріктігі мен ықтиярын, тілмен жеткіземіз.
Матуриди танымы сондықтан мүминнің иман етуі таухидтен, тәсілім болуын исламның шеңберінде қарастырады. Амал иманның бөлінбес бөлшегі болмағандықтан, амал істеу арқылы иман артпайды! Амалды тәрк етумен де немесе күнә істеумен де иман кемімейді!
Яғни, иман адамның Алламен қатынасын анықтайды. Амал болса, адамның қалауы мен еркіне, таңдауына қатысты мәселе. Тәсілім, жауапкершілік қуатына қарай күнәхар болса, жазасын тартады, бірақ, жауапкершілігін елемей немесе қашса, күнаға біліп, «туғиан психологиясымен» асылықпен барса, сөз басқа, иманынан айрылады.
Мұнан тыс, иман мәселесінде, Матуридиде, барша мұсылман, мүмин имандарында өзара тең, бірінің иманы басқасынан артық не кем деген салыстыру жоқ. Мәселе ниетте, яғни, амалда ғана. Сондықтан осы екіараны дұрыс түсініп алсақ, барша мұсылман мумин, барша мумин де мұсылман болып шығады.
Матуриди танымында Алламен қорқыту жоқ, онда махаббат, рақым, мейірімге бағыттау бар. Мысалы, Алла өзінің аяттарында игілік, жақсылық жасағандарды жұмағымен мукафаттауға сөз берсе, ол сөзсіз орындалады. Ал егер жамандық, куфр жасағандарды тозағымен азаптаймын десе, өзінің рахметі мен аяушылығы негізінде кешірім жасауы бек мүмкін дейді.
Матуридиде амал мен иман қатынасындағы ең басты өлшем ол рухтың ақиқатына барып тіреледі. Рух – Алладан келген жаухар. Амал – иман емес. Сондықтан амал – иманның мазмұны емес. Бірақ амал – иманның нәтижесі, дегенмен, мәнінде – екеуі екі бөлек.
Сондықтан Матуриди амалдарды парыз ретінде қабылдау, сенуді басқа мәселе, ал парыз екенін біле тұра орындамауды басқа мәселе ретінде қабылдайды. Мысалы, парыздарға сенбегендер кафир, ал парыздарға сеніп, яғни, иман етіп, бірақ орындамағандарды күнәхар мүмин ретінде анықтаған.
Бұл мәселеге Матуриди дін және шариғат арасындағы өлшемдерді де қосады. Екеуі екі бөлек танымдық мәселе. Мысалы намаз, ораза, зекет, қажылық амалдары иманның емес, исламның ұстанымдары, принциптері. Мұны да Құрандағы «иман етушілер мен салих амал жасаушылар» арасына ажыратып көрсеткен аяттармен негіздейді.
Шындығында амалдар иманға қатысты болса, пайғамбарлар да, барлық тағаттарын толық орындай алмағандықтары себепті, ешкімнің иманы кемел болмас еді. Сол сияқты, бір ғана күнә істеген адамның да иманы толық болмай қалады. Иман деген уәжіп амалдарды орындау, харамнан қашу болса, ешкім шынайы мүмин екендігін айта алмайтын еді. Сондықтан Матуриди бойынша, исламға кірудің шарты, амал емес, Алланы тасдық, бекіту, тану.
Адамдар парыз амалдарын тәрк ету арқылы мүмин сипатынан айрылмайды. Бірақ тасдықы мен бекітуден кетсе, иман сипатынан айрылады. Бұл жерде Матуриди теория мен практика қатынасындағы реттілікті де негізге алады. Мүминдердің иман сипаты амалдан бұрын болуы деп түсіндіреді.
Яғни, мүмин, Алланы тану, сену, қабылдау содан кейін барып мүслим сатысы келеді.
Осы жерде адамдардың парыздарды орындауы олардың иман етулерінен туындайды, болмаса, имандары парыз амалдарды орындаудан туындамайды. Бұл жерде Матуридидің адамдағы ақыл мен еріктің, қалау мен ниеттің, дүние мен ақыреттің, сынақ пен жауапкершіліктің ара жігін көрсетуге деген әрекетін көреміз.
Адам Алланы тасдикта өзара тең, иманы тең, бірақ амалда тең емес. Иман – Алланың алдындағы адам жауапкершілігін арттыратын қуат. Кеше кеңес өкіметі кезінде қанша жерден сол иман, жауапкершілік болғанымен, истата, яғни, мүмкіндік берілмегендіктен, амалдарға орын берілмеді. Бірақ кеңес идеологиясы, адамдардың иманына ықпал ете алмады. Ішінара аксиологиялық шабуылдаумен діни санаға сызат түсіргені болмаса.
Сол сияқты, амал мен иман айырмасына Матуриди, кедей адамның зекет беруі (парыз амал) міндет емес, бірақ, зекеттің парыз екендігіне иман етуі шарт екендігін алға тартады.
– Жоғарыда айтқанымыздай, Матуруди ақидасына шабуыл жасаушыларды біздің қоғамдағы сәлафилік идеологиямен немесе теріс пиғылды ағымдардың ұстанымымен уланғандар деп білуіміз керек қой?
– Оған менің де күмәнім шамалы. Өйткені, қатарымыздан Матуридидің амал мен иман арасын ажыратып көрсетуін ширк, бидғат деп, одан да тереңірек «әһли сүннет» қатарынан шығарып үлгерген неомүфтилер шығып жатыр. Оларға тағы да айтарым, Матуридидің амалды иманнан бөлек көрсетуі, амалды тәрк ету деген сөз емес! Бұл адам санасы мен илахи сынақ үшін де, адамдық ерік пен Алланың әділеттілік сипаты арасындағы ортақ сұхбатты паш ету үшін де шарт болатын.
Матуридидің осы ұстанымы – бүгінгі зайырлы ел ұстанымына да жауап беретін адамды, адамдық өлшемнен ажыратпайтын ең басты платформа.
Матуридидің бұл жердегі негізгі мақсаты «мұсылман болудың ең төменгі шартының амал емес, иман екендігін көрсету арқылы, үлкен күнә істегендерді такфирлікпен күстаналау науқанына» қарсылық деп түсінемін. Сондықтан, біздің ақидамыз бойынша, иман – амалдың себебі, ал амал – иманның қалыптасуының себебі емес. Өйткені, салдар себептің орнын баса алмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты әзірлеген: И.Тұрғалиұлы