Діни сенім – қоғамның қажетті және негізгі саласының бірі. Яғни, біз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарауға мүлдем болмайды. Дінсіз қоғам – мұңсыз қоғам. Бұл жерде – «мұңсыз қоғам» дегенді дін болмаса бәрі керемет, қалағанша шалқып-тасып, қайғы-мұңсыз өмір сүру деп түсініп қалмауымыз керек.
Данышпан Абай атамыз: «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», – деп бекер айтпаған. Дін жоқ жерде, бір жаратушының бар екеніне сенім болмаған қоғамда, адам баласының бойынан қорқыныш сезімі жоғалады. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған жан ойына келгенін жасап, обал-сауап дегенді мүлдем ұмытып, жоғарыда айтылған «мұңсыз» кейіпте өмірін өткізетіні ақиқат.
Асыл текті бабаларымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп неге айтты? Түсінген адамға осы бір қарапайым ғана сөздің астарында үлкен мән жатыр. Яғни, діни сенім – Құдай тағаланың пендесіне берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Дінді тану – бір жаратушының бар екенін тану. Ол адамзат баласын махаббатпен жаратқаннан кейін басқа мақұлық иелерінен артық етіп бізге ақыл берді. Адам ата мен Хауа ананың ұрпағы болған адамзат баласының саналы өмір сүруі, тура жолмен жүруі үшін дінді түсірді. Сондықтан дін – қайбір бауырларымыздың санасында қалыптасқандай әпсана-аңыз емес, Құдайдың пендесіне берген, ақ пен қараны ажыратып, ақиқаттың жолына салатын ғажайып сыйы.
Аллаға шүкір, бүгінгі таңда еліміздің экономикасы өрлеп, әлеуметтік хал-ахуалымыз қалыпты жағдайға түсті. Сан түрлі технологияның дәуірі келіп, ғылым кеңістігіне кеңінен жол ашылып, Тәуелсіз елдің еркін ойлы ұрпақтары жаңалыққа толы жаңа ғасырда жасампаздықтың үлгісін көрсетуде.
Осы тұста жастарымыз білімді болумен қатар, имандылыққа бет бұра бастады. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары өзін «зайырлы мемлекет» деп жариялаған болатын. Бұл «Ақпыз, қара, сарымыз – туысқанбыз бәріміз» деп ел басына күн туғанда жерімізден пана тапқан барша ұлттар мен ұлыстарды жатсынбай, құшағын ашып, бауырына басқан даладай дарқан еліміздің кеңпейілдігінің жемісі еді.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» данышпан Абай айтқан асыл сөзге ақыл көзімен қарап, адамзат баласына бауырмалдық танытып, бейбітшілік бесігіне айналдық. Дәл осы жол, дәл осы пейіл – зайырлы мемлекетіміздің басты қағидасының бірі.
Дінде ғана емес, кез келген саланың көкжиегіне көтеріліп, ғылым тереңіне бойлау үшін ең алдымен білім керек. Ол үшін көлденең көк аттыға еріп, соқыр сенімге алданудан сақ болғанымыз абзал. Хәкім Абай атамыз айтқандай: «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, белгісі надан адамның», – деп надандықтың жетегіне еріп кету жалпы қоғамға, қоғамдағы ұлт бірлігіне сызат түсіріп, аяғы түрлі бүліктерге алып келуі мүмкін.
«Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» екенін естен шығармағанымыз дұрыс. Білімсіздіктің аяғы соқыр сенімге алып келеді. Мұндай жандар түптеп келгенде діннің жанашырлары емес, жауларына айналмақ.
Ешбір дінде адам баласына қарсы жасалатын ешқандай да қиянат жоқ. Қоғамда болып жатқан небір жамандық атаулыны дінмен байланыстырып, қаралай беру – дін дұшпандарының әрекеті. Олардың адамның сенімін қаруға айналдырып, қантөгіс жасау немесе өзін-өзі жарып жіберу арқылы жанкештілік көрсетуі ешқандай діннің негізіне жатпайды.
Бұл айтылғандардың бәрінен еліміз үшін рухани келісімнің маңызын түсінеміз. Құдайға шүкір, бұл келісім біздің жерімізде бұрын да болған, қазір де бар, келешекте де бола бермек. Өйткені ұлттың ұлы мұраты осы!
Осы тұрғыда біз қазақ жерінде салтанат құрған діни толеранттылық жайында аз-кем айтуды жөн деп таптық.
Толеранттылық деген сөзді бүгінде көбіміз «төзімділік» деп түсіндіріп жүрміз. Бірақ, Мұқағали «Төзімім де темірден жаралмаған» деп жырлайды. Одан қалды, қазақ «Шыдамның да шегі бар» дейтінін білеміз. Бұдан біз төзімділіктің, шыдамдылықтың да белгілі бір шегі болатынын көреміз. Яғни толеранттылықты «төзімділік» деп айтатын болсақ, оны белгілі бір деңгейде шектеп тастауымыз мүмкін.
Сондықтан, кейбір мамандар айтып жүргендей, толеранттылық сөзінің қазақ тіліндегі ең ұтымды баламасы – кеңпейілділік! Қазақтың кең пейілі, дархан көңілі.
Қазақта «Етпен қарның тоқ, пейілмен жаның тоқ», «Пейіліңді кеңге сал, қырманыңды дөңге сал», «Кең пейілді кемімес», «Пейіліңе қарай – пейішің» деген қанатты сөздер мен мақал-мәтелдер бар. Бұлардың бәрі ата-бабамыздың өзгеге деген пейіліңнің кең болғаны қандай үлкен мәнге ие екендігін жете түсінгенін білдірсе керек.
Расында кейбір адамдар «толеранттылық» деген ізгі қасиетті қазақ жеріне соңғы жылдары келген жаңашылдық деп ойлауы мүмкін. Алайда қазақтың ежелден келе жатқан мақал-мәтелдерінен біз бұл ізгі қасиет дархан даламызда ықылым заманнан салтанат құрғанын білеміз. Біз тек бүгінде «толеранттылық» деген жалпы атауды термин ретінде қолдануды әдетке айналдырдық. Ал бұл ұғымның өзі біздің қанымызға сіңісті, жанымызға жұғысты болған қасиет.
Толеранттылық – шекараны ашып қойып, өзге сенімдерді елге кіргізе беру деген сөз емес. Тәуелсіздік алғаннан кейін бақылаудың әлсіздігінен көптеген деструктивті ағымдар қазақтың пейілінің кеңдігін пайдаланып жерімізге орнығып алды. Сондықтан біз бұл қателікті екінші рет қайталамау үшін толеранттылық, төзімділік ұғымдарын жаңаша қырынан түсінуіміз керек. Ол – ізгі ниетпен келген өзге сенім өкілдеріне құрмет, кеңпейілділік таныту, ал қара ниетті ағымның кез келген түрін шекарадан өткізбей, олардың идеологиясына қарсы насихатты күшейту.
Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда 18 конфессияны құрайтын діни бірлестіктер өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Еліміздің заң талаптары бойынша әрбір адам қандай дінді ұстанамын десе өз еркінде. Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан ол діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпайды. Діни ұстанымы бойынша ешкімнің кемсітілуіне жол бермейді.
Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы аумағында 46 діни бірлестік пен олардың филиалдары діни қызметін жүзеге асыруда. Оның ішінде 35 ислам, 1 православ, 1 римдік-католиктік, 1 кришна, 8 протестанттық діни бірлестіктер бар.
Олардың қызметі ҚР Конституциясына, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келеді.
Облыс бойынша 38 діни ғимарат бар (35 мешіт, 1 православ шіркеуі, 2 протестанттық шіркеу) жұмыс істеп тұр.
Әрбір діни бірлестік өкілдерінің өз құлшылықтарын жасауларына толық мүмкіндік берілген. Мұсылмандардың намаз оқып, ораза ұстауына, қажылыққа баруына, христиандар мен өзге де діндегілердің шіркеулерде, синагогаларда, басқа да ғибадатханаларда сыйынуларына ешкім кедергі келтірмейді. Сол себепті елімізде «Құлшылық жасауыма мүмкіндік берілмей жатыр» деп дау туғызған жағдайлар болған емес.
Біздің, бүгінгі ұрпақтың мақсаты – осы береке-бірлік пен ынтымақты, толеранттылық пен өзара сыйластықты көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аман-есен табыстау. Тек имам-молдалар мен дін саласының қызметкерлері емес, әрбір қазақстандық осы жолда аянбай атсалысқаны дұрыс деп есептеймін.
«Бақыт, қайда барасың?» деп сұрағанда: «Бірлігі жарасқан елге» деп жауап берген екен. Ендеше сол бірлік біздің елімізде бар. Дінаралық татулық, конфессияаралық келісім бар. Ал мұндай елде тұрақтылық та, даму да, өркендеу де болары хақ.
Баймұханов Қуандық Дастанбекұлы,
Маңғыстау облысы дін істері басқармасы «Діни бірлестіктермен байланыс және діни экстремизмге қарсы насихат жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің бас маманы