Сұрақ: Дінге қатысты сұраққа кімнің жауап бергені дұрыс?
Жауап: Кейінгі уақытта желілерде дін маманы емес, арнайы діни білім алмаған азаматтардың дінге қатысты түрлі насихат айтып қана қоймай, пәтуа беру үрдісі жиілеп кеткені байқалады. Дінді білген жақсы, бірақ маман болмаса көпшілікке бағыттап арнайы діни мәлімдеме жасау қателік. Себебі дін нәзік һәм адамның рухани дүниесімен байланысты.
Дін – өте күрделі құбылыс. Дінде адам өзінің көңілі қалаған немесе жаны жақсы көретін яки болмаса ақылы дұрыс деп тапқан нәрсені пәтуа деп айта салмайды. Дін маманын жүрекке күрделі ота жасайтын хирургпен теңеуге болады. Дұрыс діни мәлімет алмаған адам өмір бойына қате дүниетаныммен өмір кешетіні сияқты дұрыс ота жасалмаған адамның да өмір бойына мүгедек болу қауіпі жоғары.
Келесі мысал, адам қандай да бір мәселені білуді қаласа, сол саланың маманына барады. Дәрігерге барып, өзінің диагнозын анықтайды, IT маманына келіп, компьютеріндегі бағдарламаларды жүктейді. Сол сияқты дінге қатысты пәтуаны да маман беруі заңды құбылыс. Әсіресе, діндегі жауаптың астарында аят-хадистермен қатар хикмет жатады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ