9 қараша мен 1 желтоқсан күндері аралығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Діни сараптама бөлімінің Астана мен Алматы, Шымкент және облыстардағы бекітілген жауапты мамандарына арналған онлайн семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты – елімізде басылып жатқан діни өнімдердің сапа-мазмұнын бақылап, ҚМДБ Сараптау комиссиясынан рұқсат алмаған кітаптарды сатуға және таратуға тыйым салу. Онлайн семинарға наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы мен Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Қайырбеков қатысып, жауапты мамандарға бағыт-бағдар ұсынып, нақты тапсырмалар берді.
«Жазушы-ғалымдардың діни тақырыптарға қалам тербеуі, сөзсіз сүйіспеншілік тудырады. Алайда, кіршіксіз асыл дінімізге күйе жағатын бейсауат кітаптар да жоқ емес. Міне, біздің мақсатымыз – сондай еңбектерді тамырымен жұлып отыру» дейді Сансызбай Құрбанұлы.
Сондай-ақ семинар барысында әр өңірден сараптама ісі бойынша бекітілген имам-ұстаздардың біліктілік дәрежесі турасында сөз болып, бірқатар аймақтарда сараптама ұстаздары қайта бекітілді. Бұл өз кезегінде елімізде басылып шығатын діни әдебиеттердің мазмұнын анағұрлым сапалы етуге септігін тигізбек.
«Енді мешіт кітапханаларында, үлкен залдағы сөрелерінде, діни дүкендерде, медреселерде, сауат ашу орталықтарында, қала берді намазханаларда қойылып және сатылып жүрген діни кітаптардың барлығы Қазақстан Республикасы Дін істері комитеті Дінтану сараптамасының және ҚМДБ Сараптау комиссиясының оң қорытындысын алған болуы шарт. Мұндай талап орындалмаған жағдайда, ондай кітаптар Діни сараптама комиссиясынан өтуі тиіс, әйтпесе жоспарлы кезеңмен басқармамен мақұлданбаған кітаптарды таратуға және сатуға тыйым салынатын болады» деді Нұрлан Қайрбеков.
Онлайн семинар соңында өңірлердегі имам-ұстаздардың талап-тілегі тыңдалып, 2023 жылға дейін нақты атқарылуы қажет тапсырмалар бекітілді.