Маңғыстау облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен облыстағы ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелері мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған «Діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу» тақырыбында семинар өтті.
Семинарды Алматы қаласы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл» орталығының директоры, теолог Нүсіпханов Тимур Нүсіпханұлы жүргізді.
Семинар жүргізуші діни жағдайдың тұрақсыздануына жастардың діни радикализмге кетуі бірден-бір себеп болды дейді. Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын қаншама қаракөздеріміз Сирияға аттанды, бірнеше террористік акт орын алды, экстремистік қылмыстар жасалды. Бұл келеңсіздіктерге шетелдік уағызшылар, радикалды діни идеология, теріс діни кітаптар және т.б. факторлар тікелей әсерін тигізді.
Бүгінгі шарада қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығару, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі исламды ұштастыра алмау діни адасушылыққа әкеп соқтырады. Бұл өз кезегінде еліміздегі діни ахуалдың күрделенуіне алып келеді деді семинар жүргізуші.
Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Тимур Нүсіпханов: «Бастапқы діни білімді арнайы діни мамандардан алмаған жастар – нәтижесінде радикалды идеологияны сіңіріп, ұлттық негіз бен мемлекетіміздің қауіпсіздігіне де қатер төндіруі бек мүмкін», – деді. – Себебі жат идеологияны бойына сіңірген қаракөздеріміз радикалданып, халықаралық террористік ұйымдарға қосылғаны ешкімнен жасырын емес. Бұл қауіптің алдын алу үшін атаулы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру мен діни радикализмнің алдын алу өте маңызға ие».
Шара соңында Маңғыстау облысы дін істері басқармасы тарапынан қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.