“Нұр-Мүбарак” университетінде ҚМДБ Діни оңалту бөлімі мен НМУ жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының алғашқы бірлескен жобасының тұсауы кесілді.
«Діни оңалту жұмыстарын жүргізудің тиімді тәсілдері» атты курстың ашылу салтанатына ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы ат басын тіреді. НМУ проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаев дерадикализация саласындағы университет тәжірибесіне тоқтала келе жақында ғана академия болып қайта құрылған Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының жұмыстарына шолу жасап өтті.
Алғы сөз барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы имамдардың біліктілігін арттыруда курсқа қолдау жасап отырған “Нұр-Мүбарак” университетінің басшылығына ризалығын жеткізді. Сондай-ақ ҚМДБ бекіткен жеті бағыттың бірі діни оңалту жұмысының маңызына тоқталып, ел ішіндегі және халықаралық дәрежеде атқарылып жатқан жобалар жайлы да айта келе:
– Діни оңалту саласы өте ыждаһат пен сабыр, біліктілікті талап етеді. Оны өз тәжірибемізден түсінеміз, сондықтан осы бағыттағы қызметкерлерімізге қолдау жасау жағы үнемі назарымызда. Бұл әрі елдегі діни тұтастық пен тұрақтылықты сақтау саласында өте үлкен қызмет,- деді Бас мүфти.
Ал НМУ ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат жат діни ағымдар мен экстремизм, терроризм барлық салада кездесетінін атап өтіп, бұл тұрғыда ислам дінінің бейбітшіл дін екенін халықтың жүрегін жеткізудің маңыздылығын баса айтты.
Іс-шараға наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, Бас мүфти кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы, ҚМДБ діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл, Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының директоры Тимур Нүсіпханұлы және Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы мен қала имамдары қатысты.