Уағалайкуммуссалам. Дұрыс айтасыз, бауырым. Ислам тарихында ең бірінші діни көзқарастарға бөліну хауариждерден бастау алады. Одан кейінгі шииттік ағымның пайда болуы. Міне, осы барыстағы талас-тартыстар әлем мұсылмандарына діни көзқарасқа бөлінудің көптеген салдарлары болатындығын ұғындырды. Атап айтар болсақ, діни көзқарасқа бөлінудің ең үлкен қатері – дінге бөлінген ұлт ешқашан тұтас халық бола алмайды. Бұл өз кезегінде мемлекеттің тұтастығы мен орнықтылығына тікелей әсер ететін факторлар. Мысал ретінде Серб, Хорват, Боснияны алалық. Негізі бұлар Славян халқы, тілі, түрі бір, мекендейтін жері ортақ. Серб – православ, Хорват – католик, Босния – ислам дінінде. Бүгінгі күні түбі бір, тарихы бір біртұтас халық үш дінге бөлінуіне байланысты үш түрлі этнос болып қалыптасты. Бүгінгі күнгі әлемдік саясат сахнасындағы «Араб көктемінің» өзі діни көзқарастардың алуан түрлілігі мемлекет өміріне тікелей әсер ететіндігін білдірсе керек.
Жалпы ислам дінінің 1400 жылдық тарихынна көз жіберсек, соның ішінде қазақ жеріндегі Исламның ғұмыры 1200 жылдық тарихқа ие екендігін көреміз. Қазақ топырағында жеке мүфтилік құрылғанының өзіне 100 жылдан аса уақыт өткені тарихтан белгілі. Қазақ халқы небір қиыншылық, зобалаң заманда да ислам дінін тастап, басқа дінге кеткен жоқ. Ұлтының келешегін ойлаған әрбір азамат әлемдік жаһанданудың құрбаны болмас үшін өз туған тілі мен ата-бабамыздың сан ғасыр бойы ұстанып келген діні мен ділін көзінің қарашығындай сақтап, бар жан тәнімен білуге тиіс. Егер де тілімізден, дінімізден және ділімізден ажырайтын болсақ, келешекте қазақ ұлты жер бетінен жоғалып кететіні айдан анық.
Жауап берген: Балғабек Мырзаев