Интернет дамыған заманда кез келген ақпаратқа әлеуметтік желі арқылы оп-оңай қол жеткізе аламыз. Көбінесе ол ақпараттың дұрыс не бұрыстығына ден қойып тексеріп жатпаймыз. Әсіресе діни мазмұндағы контентті сенімді ақпарат көздерінен алған дұрыс.
Бұл туралы ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Ағабек Қонарбайұлы тексерілмеген кез келген ақпаратты тарату – қаупті, оны тұтынушы оқырман да абай болғаны абзал дейді.
– Шариғатымызда жалған жаңалық таратып, оны дұрыс көру тыйым салынған істерден делінген. Қасиетті Құранда; «Әй, мүміндер! Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе, білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер»(«Хужурат» сүресі, 6-аят) делінген.
Міне, Қасиетті Құран әрбір хабарды анықтап алмайынша, таратуға, жалған ақпарат жеткізуге тыйым салады. Өкінішке қарай, әлеуметтік желі кейбір адамдар арасындағы алауыздыққа түрткі болуда. Адамның көңіліне қаяу түсіріп, арада күмән тудыратын жалған нәрседен, қаңқу сөзден аулақ болу – мұсылманға тән мінезден. «Ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман» дегендей, әлеуметтік желі қаңқу сөздің алаңына айналғаны бізді алаңдатпай қоймайды, – дейді Ағабек Қонарбайұлы.
Ал дінтанушы Балғабек Мырзаев діни контент қоғамға немесе жекелеген тұлғалараға бағыт-бағдар беріп отыратын керекті дүние екендігін айтады. Сондықтан діни контентті қоғамның сұранысына сай дайындай білу және оны дұрыс пайдалана білу өз кезегінде өте маңызды істердің бірі дейді.
– Себебі, бүгінгі қоғамда дінді ұстанатын, ұстанбайтын, сенбейтін немесе дінге қалай сенетінін білмейтіндер, сондай-ақ радикалдар мен фанаттар сияқты топтар бар. Және олардың діни қажеттіліктері де әртүрлі екенін ескере отырып, діни контентті қандай аудиторияға бағытталатынын және оны кімдер айтуы керек екендігіне дейін уәкілетті органдар бағыттап отыруы керек.
Мысалы, радикалдық бағыттағы адамға дінді ұстанбайтын адамның айтқан сөзінің әсері аз болады. Оған талай мәрте өзім де куә болдым. Ал оның алдына Құран мен Сүннет ілімін жетік меңгерген адам шығып, радикализм мен терроризмнің теріс әрекеттерін аят-хадистермен түсіндіріп берсе, ол райынан қайтуы әбден мүмкін, – дейді дінтанушы.
Діни басқарма асыл дінімізде ақпарат таратудың өзіндік әдебі мен мәдениеті бар екендігін ескертеді. Сондай-ақ басқарманың төл ақпарат құралдары – «Мұнара» телеарнасынан, «Мұнара» газетінен, «Иман» журналынан, www.muftyat.kz сайтынан, «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген кітаптардан ақпарат алуға шақырады.
Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, пәтуаларға, отбасылық мәселелерге қатысты шариғат ұстанымдарына сұраныс уақыт өткен сайын артуда.
– Әсіресе, қасиетті Рамазан айында, қажылық маусымында, Ораза айт пен Құрбан айт кездерінде діни контенттің маңызы арта түседі. Рамазан айында оразаға қатысты сұрақтар өте көп қойылады. Тіпті, осы сәттерде Діни басқарманың сайтына кірушілер саны да күрт көбейеді. Біздің мамандарымыз бен ғалымдарымыз әлеуметтік желілер мен сайт поштасына келген сұрақтарға мейлінше дер кезінде жауап береді. Осы ретте тұтынушы өзіне қажетті ақпаратты дер кезінде ала алмаса, басқа ақпарат көздеріне жүгінуі, әсіресе шетелдік діни контентті пайдалануы мүмкін.
Халықтың рухани құндылықтарға деген сұранысы артқан сайын діни контенттің де маңызы арта түсетіні белгілі. Біз ақпарат кеңістігін мейлінше дұрыс діни контентпен толтыруға тырысуымыз тиіс. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осы мәселені ескеріп, Діни басқарманың ақпарат саласындағы жұмыстарын уақыт өткен сайын жандандырып келеді.
– Мұсылман біреуді қаралау, даттаудан аулақ болғаны жөн. Алла Елшісі «Мұсылман басқа бір мұсылманға, тілімен, қолымен зиян келтірмейді» деді. Нағыз мұсылмандық қағиданы сақтай отырып, сол шеңберде қызмет етер болсақ, онда абырой биігінде боларымыз анық. Осы тұрғыдан келгенде, дұрыс діни ақпарат таратудың пайдасы көп, – дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ дін мамандары діни мазмұндағы ғылыми контенттер жеткіліксіз екендігін айтады. Осы ретте салалық журналистиканың маңызы артып отырғанын алға тартады.
– Діни тақырыпта жазатын әлемнің көптеген мұсылман елдерінде діни журналистика саласы бойынша болашақ журналистерді дайындайды. Өкінішке қарай, діннен хабары аз кейбір әріптестеріміз өзінің көзі жетпеген діни мәселелерді бұрқыратып жазып, мұсылман жамағатының арасына жік салып қояды. Бұл – діни мәселені ешкім көтермесін дегенді білдірмейді. Дін нәзік сала болғандықтан, бұл тақырыпты байыппен, байсалдылықпен, Діни басқарманың ұстанымы мен пәтуасын ескеріп жазса деген тілегіміз бар, – деді Ағабек Қонарбайұлы.
Бұдан шығар қорытынды, әр адам сөзіне, ісіне, әлеуметтік желіге жариялаған жазбасына мұқият болуы қажет. Себебі деструктивті діни ағымдардың жастарды арбау әрекеттері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілерде жүзеге асуда.
Балжан ӘБДІРАШ