Біз әсіредіншілдіктің алдын алу үшін халықтың ортадоксалді діни танымының қалыптасуына жағдай жасауымыз қажет. Діни радикализмге қарсы тұратын имунитет қалыптастыру үшін ең алдымен отандастарымыз дұрыс діни мәлімет пен білім алуы тиіс. Қазір елімізде исламдық бағыттағы көшбасшы ұйым – Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарасты 2300-ден астам мешіт жұмыс істейді. Бұл мешіттердегі кешкілік курстарда жамағатқа тұрақты түрде діни сабақ беріледі. Сонымен бірге, елімізде имамдар дайындайтын Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті, арнаулы орта оқуына теңестірілген 10 медресе бар. Бұдан өзге Әл-Фараби атындағы ҚҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Түркістандағы ХҚТУ, Шет тілдері және іскерлік қарьера университеті, Қарағанды мемлекеттік университеттерінде дінтану факультеттері мен бөлімдері жұмыс істейді. Діни ақпаратпен қамтамасыз ететін Ислам және Өркениет газеті, Иман, Шапағат-Нұр, Мұсылман т.б. мерзімді басылымдар шығады. Сондай-ақ, 100-ге жуық ғаламторда діни сайттар жұмыс істеуде. Өткен жылдан бастап діни радикализммен белсенді түрде күрес жүргізу үшін Республикалық ақпараттық насихат тобы құрылды. Яғни, медреселер мен ЖОО-ғы дінтану және исламтану бөлімдері, діни мәлімет беретін ақпарат көздері т.б құрылымдар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып халықтың ортадоксальді діни танымының қалыптасуына бірлесіп жұмыс жасаса, бұл үлкен қосын – әсіредіншілдіктің толықтай алдын алған болар еді. Демек, халықтың ортадоксальді діни танымы орнығу үшін аталмыш күштердің үйлесімді жұмыс жасауына, әсіресе, әсіредіншілдікке қарсы белсенді күрес жүргізіп отырған мешіт қызметкерлерінің қоғамдық рөлінің артуына мемлекет ықпал етуі керек сияқты. Сонымен қатар, Ислам дінінің тафсир, хадис, фикһ, ақида, ислам тарихы, ислам философиясы секілді іргелі пәндерін тереңдетіп түсіндіріп беретін оқулықтар шығару үшін Ислам зерттеу орталығын ашсақ құба-құп. Өйткені, біз әсіредіншілдікті насихаттайтын өнімдерді тәркілеп және теріс мәлімет тарататын ақпарат көздерін бұғаттаупен діни радикализмді түбегейлі жеңе алмаймыз. Яғни, ортадоксальді діни таным қалыптастыру үшін жұртшылыққа діни мәлімет пен білім берудің баламалы көздерін қарастыруымыз шарт.