ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқармаға арнайы келген Ақмола облысының бір топ жамағатымен кездесті.
Іс-шараны ҚМДБ Ақмола облыстық өкілдігі мен «Зерделі ұрпақ» жастар ұйымы ұйымдастырды.
Бас мүфти кездесу барысында бауырларымызға Қазақстандағы дәстүрлі Ислам және Ихсан ілімінің маңызы туралы насихат айтты.
«Қазақ халқы қашан да бірлікті басты орынға қоя білген. Ел арасында «бірлігі күшті ел озады», «бірлік болмай, тірлік болмас» деген қанатты сөздер кең тараған. Бұл мақалдар қазір де маңызын жойған жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін жамағатпен бірге болуға шақырған. Алла Елшісі: «…Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп өсиет қалдырған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінде: «…Бөлінбеңдер» деп әмір еткен. Исламды ұстанған ата-бабаларымыз қашан да ынтымақ пен береке-бірлікті ту еткен. Ал бүгінгі ұрпақтың еншісіне осынау үрдісті жалғастыру ғана қалып отыр» деді Бас мүфти.
Кездесу соңында ҚМДБ Төрағасы қонақтарға «Muftiyat» баспасында жарық көрген «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын сыйға тарту етті.
Сондай-ақ қонақтар Діни басқарма ғимаратын аралап, бөлім жұмыстарымен танысты. Мүфтият және оның қызмет барысы жайлы ақпарат алды.
Дереккөз: muftyat.kz