Бұл тақырыпты бастамас бұрын бір мәселеге тоқталып өтсек. Асылында, діндарлық – өте жақсы нәрсе. Енді өзімізге сұрақ беріп көрейік. Барлық діндарлық жақсы бола бере ме?
Дінді ұстану екі түрлі болады, біріншісі – дұрыс ұстану, екіншісі – қате ұстану. Дінді дұрыс ұстанудың маңыздылығы соншалық – оның жеке адамға және қоғамға өте үлкен пайдасы бар. Дінді дұрыс ұстану – адамның адамилық қасиетін сақтап, оны биік дәрежеге көтереді. Ал дінді қате ұстану – адамзатқа өте үлкен зиян келтіріп, адамды биік дәрежеден төменгі дәрежеге түсіреді.
Дінді қате ұстанып, адасып жүру – дінсіз болудан да қауіпті. Дінді қате ұстанудың нәтижесі адамның болмысына сіңіп, орнығады, яғни ол адам дінде харам болған нәрселерді шариғи тұрғыда хәлал санай бастайды. Бұл адамға мына ісің шариғатқа қарсы, мұны тоқтат десең, тоқтамайды. Себебі ол оны өз шариғатында дін деп біледі.
Алла сақтасын, адамның дінді қате түсінуі – жазықсыз қан төгуге дейін алып баруы да мүмкін. Оған өзіңіз де куә болып жатырсыз. Қаншама жастарымыз дінді дұрыс түсінбегендіктен өзгені де, өзін де өлімге қиып жатыр. Олар адамды өлтіру шариғаттан деп ойлап, адасты. Өздерінің сеніміне қарсы келген адамдарды өзінің ата-анасы, туыс-тумасы екеніне қарамай, адасқан деп айыптап, тіпті кейбірін өлтіріп те жібергеніне куә болдық.
Сондықтан мұндай адамдар дінді ұстанбайтын адамнан да қауіпті болады. Тарихқа көз салсақ, мұсылмандардың арасында адасқан ағымдар өте көп болған. Осы тұста, дінді тура ұстану мен қате ұстанудың арасын қалай ажыратамыз? – деген сұрақ туындауы мүмкін.
Аллаға шүкір, бәріміз мұсылманбыз. Бірақ бүгінгі күнгі діндарлықтың барлық көрінісі дұрыс па немесе оның зиян жақтары да бар ма?! Иә, өкінішке орай, зиян жағы да бар. Адамның дінді қате ұстауы қоршаған ортаға өте үлкен зиян алып келеді. Кейде ондай адамды жарылғыш затқа ұқсатуға болады. Өзін қашан жарып жіберетінін білмейсің. Ол адамның ойлау жүйесінде қателік бар. Сондықтан өзінен басқаша пікірдегі кез келген адамның ойы оған біртүрлі көрінеді. Бұл адами ойлау табиғатынан шығып кеткен. Кейде құлақ естіп, көз көрмеген нәрселерді айтып жүрсе, кейде дұрыс емес пәтуалар береді. Халық арасында ақылға сыймайтын істерді жасап жүреді. Демек, дінді дұрыс ұстану мен қате ұстанудың ара-жігін айырып алуымыз керек екен. Бір-бірінен қалай ажыратуымыз мүмкін?
Бәріміз Аллаға, Құранға, пайғамбарға иман келтіргенбіз. Жалпылама алғанда, Құран мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін әһлу сунна да, әһлу сунна еместер де қабылдайды, әрі Құрандағы аяттардың анық аят екендігіне де қарсы келмейді. Сондай-ақ пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінің хадис екендігінде де талас жоқ.
Бірақ ағымдардың арасында таластартыстар көп. Бұл талас-тартыстар адамдардың Құран мен хадисті өз түсінігімен түсінуінен туындап жатыр. Дінді дұрыс ұстанушы мен қате ұстанушының арасын айыратын басты себеп – осы.
Дінді дұрыс түсінетін адамдар бұл түсінікті сахаба-табиғиндерден және мәзһабымыздың мужтахид имамдарының түсінігінен алып жатыр. Ал қате түсінушілер дінді өздерінің кем ақылдарымен түсінгендіктен талас тартысқа түсіп, соңында адасты.
Құран мен сүннеттегі мәтіндерді сыртқы мағынасында түсініп, сол бойынша амал етеді. Бұл екі түсініктің арасындағы басты айырмашылық – дінді дұрыс түсінетіндер Құран мен сүннеттегі мәтінді нақыл қыларда тек мәтінді ғана емес, сол мәтіндегі сахабаның, мәзһаб имамдарының түсінігін қоса нақыл жасайды. Осы – әһлу суннаның жолы болып саналады.
Әһлу сунна бір мәселеге дәлел айтарда Құран мен сүннеттен келтіріп жатқан дәлелді сахаба және мәзһаб имамдарының түсінігімен келтіреді. Ал басқалар бір мәселеге дәлел келтіретін болса, Құран мен хадистің тек өзін ғана келтіреді. Біз Құран мен хадисті өз түсінігімізбен түсініп, оны мәселеге әсте дәлел ете алмаймыз. Исламдағы түрлі ағымдардың шығуына Құран мен хадисті өз түсінігімен түсіну себеп болған.
Егер біз бір мәселеде дәлелді Құран мен хадистен қарайтын болсақ, бір адам басқаша түсінеді, екінші адам одан басқаша түсінеді. Соңында адасу туындайды. Неге әһлу сунна өзін хақ, ал басқаларын адасқан деп айтады? Себебі әһлу сунна Құран мен сүннеттен дәлел келтіретін болса, оның дұрыс түсінігін қатар келтіріп, соны бекем ұстанады. Әһлу сунна осы жолда бекем болғандықтан, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінен бастап тура жолда келе жатыр.
Алла Тағаланың: «Әлбетте Құранды біз түсірдік, қорғаушысы да әрине біз!», – деген аятынан тек Құранның мәтінін өзгертпестен сақтайды деп түсінбейміз. Алла Тағала Құранның мәтінімен қоса, Құранның дұрыс түсіндірмесін де сақтайды. Себебі бұның бәрі – Алланың діні. Алла өзінің дінін қорғауға уәде еткен. Алла Тағала бұл дінді әһлу суннаның дұрыс түсінігімен сақтады.
Ал жоғарыда айтқан «Тәшаддуд» бағытындағылар дінді өздерінің ойымен түсінгендіктен адасуда. Қазіргі таңда мұсылман елдерінде орын алып жатқан қантөгістер, мұсылмандарды кәпір етіп шығарулар осы бағыттың, яғни дінді өз түсініктерімен түсінуінің себебінен орын алып жатыр.
Олардың ойынша, Құран мен хадис өздігінен түсінікті, оған кез келген адамының түсінігі жете алады. Сондықтан өздерінің түсінігін ақиқат деп біледі. Ең сорақысы – олар дінді сыртқы көрінісімен шектеп қойды. Алла елшісі (с.ғ.с.) Исламды сыртқы көрініс үшін ғана алып келді ме сонда?! Бұл да олардың таяз түсінігі. Дінді бидғат, ширк деген белгілі бір тарамақтармен ғана шектеп, сол бойынша мұсылмандарды күпірлікте айыптап, өлімге қиып жатыр.
Ал екінші, яғни «Тахаллул» бағытына келетін болсақ, оларға дін тым жеңіл, тіпті зина жасау, риба жасау секілді харам істерді мубаһ етіп алған. Оларға дәлелің қайда десең, қоршаған ортаға сай болу керек, заман өзгерді, т.б. деген сияқты “Хижр” сүресі, 9-аят тырнақша ішіндегі ақли дәлелдерді алып келеді. Бұл бағыттағылар көптеген мәселелерде ақылға сүйеніп, харам нәрселерді хәлалға шығарып жібереді. Бұл – Алланың шариғатымен ойнау болып саналады.
Оған бір мысал, батыс жақтағы өз ақылын шариғат деп білгендер: «Әйел адам мұсылман болып, күйеуі кәпір болса, оның әйелі болып қала береді, күндердің күнінде күйеуі де исламды қабылдап қалуы мүмкін», – дейді. Мұндай жағдай өзіміздің мұсылман өлкелерімізде де кездеседі. Кейбір дін ұстаздарынан естіп қалып жатамыз, олар: «Қазіргі банктерде риба жоқ, себебі қағаз ақшаларда риба болмайды, риба тек алтын мен күмісте ғана болады», – дейді. Бұлардың барлығы тахаллулден, яғни дінді тым жеңілдетіп жіберу бағытының әсерінен пайда болды.
Тахаллулшылар дінде ешқандай шегара жоқ деп білсе, Тәшаддудшылар, яғни дінді ауырлатушылар шариғатты белгілі бір тармақтармен тарылтып алды. Бұл екі бағыттың ортасында, жоғарыда айтқанымыздай, Мутауассит, яғни орта жолды ұстанушылар бар. Біз орта жолды ұстану арқылы әһлусуннаның жолында жүреміз. Бұл әһлусуннаға фиқһи мәзһаб иелері, атап айтқанда, «Ханафи», «Мәлики», «Шәфиғи», «Ханбали» мәзһабтары жатса, ақида мектебіне «Мәтруди» және «Әшғари» мектебі жатады.
Ал тәрбиелік жағынан «Тасаууф» және «Тариқат» жолдарынан тұрады. Неге біз бұл үш тарапты келтірдік? Себебі адам осы үш тараппен кемел мұсылман болады. Олар: ақыл, жүрек және дене. Адамның дінге мұқтаждығы да осы үш нәрсеге байланысты. Адамның ақылы ақиданы, яғни сенімді керек етеді. Сондай-ақ жүрегі рухани тазалық пен мінезқұлықтың дұрыс болуын керек етеді. Және соңғысы – денемен жасалынатын ғибадаттары дұрыс болу керек.
Дін осы үш нәрседен құралады. Міне, адамзаттың осы үш нәрсеге қажеттілігі бар. Бұл нәрселер адам бойында жинақталмаса, адамның өмір сүруінде мақсат болмайды. Бұл үш ұғым пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманынан бастап, ұрпақтан-ұрпаққа мирас ретінде жалғасып келе жатыр.
Данияр КЕНЖЕҰЛЫ,
Халықаралық Ислам ғылымдары университеті, Ханафи фиқһ факультеті