Аллаһ тағала адам баласын жаратудағы мақсаты өзіне құлшылық жасату әрі бар екенін білдіру және өзін таныту еді. Бұл туралы Құранда: «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым», (Зәрият 56)-деген. Ал, құлшылық дегенде ол тек намаз бен Аллаһты зікір етумен ғана өлшенбейді. Исламда адамның тәңірге құлшылық етуі оның өмір сүру әдісін тәңірдің діні негізінде қалыптастыруы болып табылады. Мұсылманның бойында оның психологиясында жақсы амалдар мен жақсы мінез-құлық қалыптасуы үшін ол алдымен жүрегін жаман ойлардан арылтуы тиіс. Ал, намаз, ораза, зекет, хаж секілді ғибадат түрлері бұл адамның қалыптасуына ықпал етуші құрал ретінде парыз болған. Құрандағы: «Негізінен иман келтіріп, ізгі амал жасағандар намазды толық орындап, зекет бергендер үшін Раббыларыңның қасында сыйлық бар…» (Бақара 277),-деген аятқа қарап ой жүгіртетін болсақ, онда ізгі амалдың яғни, ахлақ (мінез-құлық) пен ғылымның намаз бен зекеттен жоғары тұрғандығын көруге болды.