Сұрақ: Дінде қайыршылық құптала ма?
Жауап: Әдетте біз қайыршыны көрген уақытта «садақа берсек, сауаптан болмақ» деп қайыр садақа беруге асығамыз. Бұл асылында адам баласының жақсылық жасауға жаны жақын екенін білдірсе керек. Ал енді «қайыршылық дін исламда қалай қаралады?» деген сұраққа көп жағдайда үңіле бермейміз. Ислам мұқтаж адамға, қайыршыға, жалпы қайырымдылық жасауға қатты жігерлендіргенімен басқалардан қол созып сұрауды құптамайды.
Адамның үзірлі болуы немесе жағдайдың соған мәжбүрлеуі басқа мәселе. Мұнда біз он екі мүшесі сау, тепсе, темір үзетін немесе жастайынан басқалардан бір нәрсе дәметіп сұрауды әдетке айналдырған яки болмаса жағдайы бола тұра пайда көздеп, тіленшек болу сияқты т.б. жағдайларды айтып отырмыз.
Зубайр ибн Аууам жеткізген риуаятқа сәйкес Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Кім қолына бір арқан алып, тауға шығып бір бума отын әкеліп оны сатып және Алладан оның қайырын тілесе, беріп-бермеуі белгісіз қайыршылықтан аса қайырлы» (Бұхари).
Келесі хадисінде мынаны айтады: «Расында ешкім өз еңбегінен қайырлы тамақ жемеген. Алланың нәбиі Дәуіт те еңбегімен тапқан асты жейтін еді» (Бұһари).
Ислам еңбек етіп, маңдай терімен тапқан малдан асқан қайыр мен береке жоқ деген қағиданы ұстанады. Ал енді жағдайы бола тұра дәулетін арттыру мақсатында қайыршылық етудің жазасы, тіпті, қатты. Ондай адамның жиғаны мал да емес, дүние де емес, ақыреті үшін жиған отпен теңеген: «Шын мәнінде, байлығын арттыру үшін аз немесе көп қайыр сұраған адам, өзі үшін тілеп алған от шоғымен тең» (Мүслім, Зeкет, 107).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ