Сұрақ: Мұсылмандықтың көркемдігінің белгісі қандай? Хадисте аталған «бос нәрсе» деп нені түсіну керек?

Жауап: Пайғамбарымыз бір хадисінде «Пенденің (дүние мен ақырет тұрғысынан) бос, мағынасыз нәрселерді тастауы – мұсылмандығының көркемдігінен» (Муснәд, I, 201; Ибн Мәжә, Фитән, 12; Тирмизи, Зуһд, 11)  деп адамның бос, мән-мағынасы жоқ нәрселермен айналыспауы мұсылмандығының көркемдігінен деп бағалауы ерекше мән берілуі тиіс қасиеттердің бірі.

Хадисте айтылатын «ма лә иаъни» тіркесі адамға діни һәм дүниелік тұрғыдан ешқандай да пайда бермейтін сөздер мен іс-әрекеттерді білдіреді. Исламдық әдебиеттерде ол ұғымның ашық түрде тыйым салынған харам істерді немесе харам ба яки харам емес пе екендігі беймәлім істермен қатар мәкруһ, тіпті адамдардың дәрежесіне қарай мүбах саналатын істерді де қамтитындығы айтылған. Құранда дәл осы тіркеспен келмесе де, «абас», «ләғу», «лағыб» секілді мағынасы синонимдес сөздер қолданылған.

Сондай-ақ адамдардың дүние әрі діни тұрғыдан өмірлерін пайдалы, ізгі істермен әсемдеулері қажет екендігін білдіретін аяттар көптеп кездеседі. Мұсылманшылықтың түпкі мақсаты – адамды жамандықтардан тыйып, жақсылыққа  тәрбиелеу екендігі белгілі.

Жоғарыда аталған хадис – мұсылман ғалымдары «Исламның негізгі қағидаттары», «көркем мінездің негізгі принциптері», «жақсы қасиеттердің жиынтығы» деп атаған төрт хадистің бірі.

Өзге үшеуі мыналар: 1. «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» (Бухари, Әдәб, 31); 2. «Өзіне насихат айтуын өтінген бір кісіге Пайғамбарымыз: «Ашуланба», – деген. Әлгі кісі (тағыда бір нәрселер айтса екен деп) сұрағын қайта қойғанда, Алла елшісі «ашуланба» деуден танбады» (Бухари, Әдәб, 76); 3. «Кімде-кім өзі үшін қалағанын (жақсылықтарды) діндес бауыры үшін қаламайынша, иман келтірген саналмайды» (Бухари, Иман, 7).

Қандай нәрсенің бос, мән-мағынасыз екендігін көрсететін өлшем – дініміздің бекіткен өлшемдері саналады. Сондықтан мұсылман баласы Исламның өлшемдерін негізге алады. Өз кезегінде бұл мұсылманның әрдайым сауысқандай сақтық танытып, тек жақсыға қарай ұмтылу қажет екенін көрсетеді. Осылайша өзіне де, дініне де, қоғамға да пайдасыз нәрселерден бойын аулақ салған мұсылманның діні де кемелдене түспек.

Кейбір адамдар өз қалауларын негізге алып, осы хадисті қате түсінуі мүмкін. Мәселен, өзіме қатысты емес деп пайымдап кейбір міндетті немесе өте сауапты істерді тастағаны секілді, кейде бұны мен жасауым қажет деп өзіне тиісті емес істерді өзіне міндеттеп алып, көпшілікке, қоғамға зиян тигізіп, жәйсыздық тудыруы мүмкін.

Бұл хадис бізге бос, мәнсіз нәрселерден бойымызды алшақ салып, осы һәм ана дүниеде пайда беретін істермен айналысу арқылы уақыт пен кез келген мүмкіндікті өте тиімді пайдалану, әрдайым нәпсімізді тыйып, кемелденуге қарай ұмтылу қажеттігін көрсетеді.

Бос, қажетсіз нәрселермен айналысу қажетті нәрселерді тастауға алып барады. Адам баласы көбіне нәпсісіне ұнаған, алайда кемелденуге кедергі келтіретін іс-әрекеттерді оңай жасайды. Жамандық, көргенсіздікті жасау үшін аса көп оқудың, қажыр-қайрат жұмсаудың қажет жоқ. Сол тұрғыдан алғанда хадис жақсы мұсылман бола білу үшін бәрінен бұрын зымырап өте шығар бес күндік мына жалғанда тек қана пайдалы істермен шұғылданудың қаншалықты маңызды екенін, тек пайдалы іспен шұғылдану адамның ерік-жігері мен иманының кәмілдігін көрсетеді.

Сонымен қатар, өзімізге тиісті емес кейбір істерге араласып, адамдардың арасына жік түсіріп, жамандыққа жол ашпау қажет екендігін де ұқтырады.

Алау ӘДІЛБАЕВ

Пікір жазу