Сұрақ: Діндар адам отансүйгіш бола ала ма?
Жауап: Отансүйгіш болу үшін діндар немесе дінсіз болу шарт емес. Отанға деген сүйіспеншілік, жерге деген махаббат отбасындағы тәрбиеге байланысты. Дегенмен, діндар адамның отансүйгіштігіне келсек, керісінше дін оны отансүйгіштікке жігерлендіреді. Тарихи және мәдени қалыптасқан ислам діні қазақтың салт-дәстүрімен үйлесе келіп, отанды қорғауға, әлсізге қорған болуға, зұлымға қарсы тұруға шақырады. «Дінде отансүйгіштік жоқ» деп білу қате ұғым.
Ислам «Отанды сүю – иманнан» деген концепцияны ұстанады. Мұсылман адам өзінің Отанын, туған жерін және қара шаңырағын сүйеді. Мысалы, пайғамбар (с.ғ.с.) Меккедегі мүшріктерден зардап шегіп, исламның ертеңі үшін Мәдинаға қоныс аударуға шешім қабылдайды. Мекке шаһарынан қасиетті Мәдинаға бет алған шағып, «Хазрауа» деген жерге жеткенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқау көңілмен ұзақ қарап: «Отаным, менің Отаным! Аллаға қасам етейін! Сен жер бетіндегі ең көрікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім», – деп айтқан.
Мекке мен Мәдинаның басым жері шөл, ыстық, күннен күйіп кеткен жұтаң жантақ пен қарайып кеткен тас. Біздегі сияқты жайқалып тұрған көк шөп, ну орман, сарқырап аққан бұлақ пен өзендер жоқ. Пайғамбар (с.ғ.с.) соған қарамастан туған жерімен қимай қоштасуда. Ислам тарихындағы бұл оқиға мұсылман үшін отанның қаншалықты қымбат әрі құрметті екенін көрсетеді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ