Қазақстан мұсылмандар діни басқармасында «Жастар ісі секторы» бар екенін көпшілік біле бермейді. Бұл сектор қандай қызмет атқарады? Неге жауап береді? Осы туралы ҚМДБ – ның Жастар ісі секторының меңгерушісі Әділет Рахымұлы Көпен kazislam.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
– Әділет Рахымұлы, «Жастар секторы» жалпы немен айналысады?
– «Жастар секторы» негізінен 4 бағыт бойынша қызмет атқарады. Олар: үгіт-насихат жұмыстары (уағыздар, түсіндіру жұмыстары, семинарлар), тәрбие-танымдық бағыттағы жұмыстар (сауат ашу курстары, тәрбиелік мәні бар жұмыстар, викториналар, дөңгелек үстелдер, пікірсайыстар), қоғамдық іс-шаралар (қайырымдылық, әлеуметтік шаралар және т.б.), спорттық бағыттағы шаралар (спорттық жарыстар, отбасылық марафондар).
– Нақтырақ тоқталып өтсеңіз?
– Осы бағыттар аясында, жастармен бірқатар игілікті іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастырылды. Мысалы, үгіт-насихат жұмыстары бойынша «Біз терроризмге қарсымыз», «Есірткісіз болашақ», «Отанды сүю – иманнан» және өзге де тақырыптар аясында уағыз-насихат жұмыстары жүргізілді. Тәрбие-танымдық шаралар барысында, түрлі семинарлар, конференциялар, форумдар, дөңгелек үстелдер, сауат ашу курстары, құран жарыстары, рухани шаралар болып тұрады.
2018 жылы – «Ислам және отбасы» болуына байланысты мектептерде «Отбасы бақыты» атты семинарлар өтті. Қоғамдық іс-шаралар аясында, қайырымдылық шаралары, сенбіліктер, акциялар өтіп жүр. «Бәріміз біріміз үшін», «Тазалық –иманнан» атты сенбілік жұмыстары, қабірлер мен мазарларды тазалауға арналған «Өткенге құрмет – елге құрмет» атты тазалық шаралары ұйымдастырылды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жастардың ұйымшылдығының арқасында құрылысы бітпеген мешіттердің біраз жұмыстары аяқталды.
Еліміздегі «қарттар үйлері» мен «балалар үйлерінде» кездесулер өтіп тұрады. Бұл іс-шаралар барысында қарттар мен бүлдіршіндерге арнайы дастархан жайылып, сый-құрмет көрсетіледі. Спорттық шараларға келсек, футбол, волейбол, баскетбол сайыстары, күрес, дзюдо, ұлттық ойындар жарыстары туралы айтуға болады. Ұлттық спорт түрлерін ұлықтауға назар аударылып, ораза айт, құрбан айт мейрамдарында асық ату, арқан тартыс, қол күресі, шалма лақтыру сынды ойындардан жарыстар ұйымдастырамыз.
Бұл жұмыстардың бәрі жастардың арасында көкейкесті мәселе болып тұрған суицид, нашақорлық, әлеуметтік желіге тәуелділік, ішкілік пен құмар ойындардың алдын алу, бос уақыттарын үнемді пайдалану және имандылыққа бет бұру мақсатында жүзеге асырылады.
– «Жастар секторының» құрылуына не түрткі болды?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Жастар ісі бөлімі» 2013 жылы құрылған болатын. Кейін келе 2017 жылы Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен «Жастар ісі секторы» деп өзгертілді. Секторды құрудағы басты мақсат – еліміздің болашағы жастар болғандықтан, олардың бойында имандылық қасиетті қалыптастыру арқылы қоғамның сұранысына сәйкес жігерлі, рухы биік, білімді де арлы жастарды тәрбиелеу.
Еліміздегі халықтың басым көпшілігі жастар, сол жастарға аз да болса болашағына пайдалы дүние үйрету – біз үшін үлкен міндет. Әрбір жас аса маңызды, себебі олар болашақ қоғамның бір кірпіші тәріздес. Кірпіш сапасыз болса, тұрғызған үйіңнің де ұзаққа бармай құлау ықтималдылығы жоғары ғой. Ал Қазақстан – бәріміздің ортақ үйіміз, оның берік болып тұрғызылуы біздің қолымызда. «Темірді қызғанда соқ» демекші, «Жастар ісі секторы» де дәл уақытында құрылды деген ойдамын.
– Оқу орындары, қоғамдық ұйымдар немесе «Студенттер альянсы», «Жас Отан» секілді жастар ұйымдарымен байланыстарыңыз бар ма?
– Әрине, «Жастар ісі секторының» басты міндеттерінің бірі – еліміздегі жастар ұйымдарымен бірлесе жұмыс атқару. 2016 жылы «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесе отырып «Жастар – ел болашағы» атты Республикалық жастар форумын өткіздік. Сонымен қатар, 2017 жылы Жастар ұйымдарының қатысуымен «Ұлы дала жастары» атты Республика көлемінде футбол турнирін ұйымдастырған болатынбыз.
Бізде әр облыста секторға жауапты мамандарымыз бар және олардың барлығы дерлік жергілікті жастар ұйымдарымен де, студенттік ұйымдармен де етене жұмыс істейді. Сектордың жұмысы мешітпен немесе уағыз-насихатпен шектелмейді.
Кейбіреулер имамдар тек мешітке келген жамағатқа уағыз айтып, қонақасыға барудан қолдары босамайды деп ойлайды. Жоқ, әсте олай емес. Ондай стереотиптен арылу керек. Имамдық қызметтен бөлек, біздің мамандарымыз қоғамдық өмірге де белсене араласады. Қоғамның әр саласындағы жастарға да көңіл бөлінеді. Себебі мешітке келетін жастар бар, келмейтін жастар бар, намаз оқитындар бар, оқымайтындар бар. Дайын тұрған адаммен жұмыс істеу, әрине оңай. Ал діннен мүлдем хабары жоқ немесе аз-кем білетін адамға бір нәрсе түсіндіріп көр, сол кезде шынымен дінге қызметтің не екендігін түсінесің.
– Қазіргі жастардың дінге деген көзқарасы қандай?
– Мешітке келетін жамағаттың 70%-ы жастар екені көңіл қуантарлық жағдай. Дінге деген көзқарасын осыдан-ақ байқауға болады. Діннің барлық ғұрыптарын толық орындамаса да, Алласын біледі, Пайғамбарын таниды. «Мұсылман болу әсте-әсте» демекші, әр нәрсе өз уақытымен. Бірден дінге әкеліп, намаз оқытып жіберу керек деген нәрсе жоқ. Адам дінге өз еркімен, саналы түрде келуі керек. Тез кірген адамның, тез шығуы да ықтимал.
Біреуге күштеп дін үйретем деп, оның жат ағымға кетуіне ықпал етуіміз мүмкін немесе керісінше оны діннен алыстатып алу қаупі бар. Жат ағым бағытындағы жастарды қарасаңыз, көбі – дінді өте аз уақытта үйреніп шыққандар. Діннің сыртқы атрибуттарын ғана үйренген, болады мен болмайдының айналасында ғана пайымдайтын, Исламның асыл қасиеттерін көкейіне қондыра алмағандар. Оларға да кінә тағуға болмайды. Ұстазы мен ортасы дұрыс болмағаннан, әлеуметтік жағдайларына көңілі толмағаннан, сыни ойлау жүйесі қалыптасып үлгермегендіктен осындай қадамдарға барады.
Менің ойымша, діннің жалғыз өзін үйрену дұрыс емес. Онымен қоса дәстүрді де, төл мәдениетімізді де үйрену қажет. Өз дәстүрі мен дінді байланыстыра алған адам, ешқашан басқа ұлтқа еліктемейді, араб немесе түрік мәдениетінің сойылын соқпайды. Жастарымыздың басқа ағымға кетуінің де себебі – салт-дәстүрін дұрыс білмеуі. Ал қазақтың салт-дәстүрі Ислам дінінен сусындап, ғасырлар бойы қалыптасқан. Әсіресе, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып ретінде қалыптасып, халқымыздың мәдениеті төрінен орын алды.
– Заманауи жастарды сипаттап беріңізші. Олардың артықшылығы мен кемшіліктері қандай?
Мағжан атамыз жастар жайлы өлеңін қазіргі заман жастарына арнап шығарған іспетті. Себебі қазіргі жастарда арыстанның айбаттылығы да, жолбарыстың қайраттылығы да, қыранның қанаттылығы да бар деп ойлаймын. Бұл әсірелеушілік емес, шынымен жастарда әлеует, яғни «потенциал» жетеді. Тек оны аша білу қажет.
Бір жұмысты істеп көрмейінше, біз оны істей алатынымызды білмейміз. Осы жерде бір кемшілігімізді айта кетейін. Өзім жастар санатынан болғаннан кейін, бұл кемшілік маған да қатысты. Бізге бастамашылдық, орысша айтқанда «инициативность» жетіспейді. Бір істі бастауға қорқамыз, өзімізге жауапкершілік алуға тартынамыз. Бұл неден туады? Бұл өз-өзімізге, күшімізге, «потенциалымызға» деген сенімсіздіктен туатын нәрсе. Кейбір кездерде жалқаулық та әсер ететінін жоққа шығармау керек. Арамызда қаншама ғалымдар, ақындар, дизайнерлер, программистер, музыканттар, суретшілер бар. Бірақ біз өздерімізде сондай қабілеттердің барын білмейміз, себебі «потенциалымызды» аша алмағанбыз немесе бізге ашуға мүмкіншілік бермеген. Кейбір кездері өзіміз қаламаған іспен айналысып, уақытымызды текке өткізіп жатамыз. Мынадай бір керемет сөз бар: «Жақсы көретін іспен айналыс, айналысып жатқан ісіңді жақсы көр» деген. Былай қарағанда қарапайым нәрсе, бірақ шын өмірде бәрі басқаша.
Ішіміздегі табиғи «потенциалымызды» ашу және пайдалану арқылы, біз толыққандық, қанағат, өміріміз мәнге ие болғандай, «барлығы бекер емес» деген сезімдерге ие боламыз. Осы сезімдер бір-бірімен топтасып «бақыт» деген нәрсе пайда болады екен. Әрине, әркімнің түсінігінде «бақытқа жету» ұғымы әр түрлі. Біреуге ол ақша, біреуге махаббат, біреу үшін отбасы және тағысын тағы.
Біз, жастар, бойымыздағы қабілеттерді дамытып, кемшіліктерімізді түзесек, болашағымыздың баянды болатынына кәміл сенемін.
– 2019 жыл – Жастар жылы. «Жастар секторының» осы жылы қандай жоспарларды жүзеге асырды және асырмақ?
– Жастар жылына арнап «Жастар секторы» арнайы жоспар құрды. Ол жоспардың ерекшелігі, әр айға жеке-жеке ат қойып, белгілі бір бағытқа басымдық бердік. Мысалға, осы ай «Жастар және мәдениет» деп аталды. Бұл айда негізгі атқару керек жұмыстар:
- жастарды мұражайларға, театрларға, мәдени кештерге апару;
- жас ақын-жыраулармен рухани кештер ұйымдастыру;
- жас жеткіншектерге жылқы атауларын, ат ерттеуді, атқа мінуді үйрету;
- батырлар жырларын жатқа оқу бойынша жарыстар ұйымдастыру және т.б.
Шілде айы «Жастар және тарих» деп аталса, тамыз айын «Жастар және дәстүрге» арнадық. Және де әр айдың атқарылуы керек бірнеше іс-шаралары бар. Қарап отырсаңыз, жаз айларында жастар мәдениетін, тарихын және дәстүрін үйреніп шығады. Сонымен қатар, сәуір айында Алланың қалауымен «Жастар және руханият» атты І Халықаралық жастар форумын сәтті өткізіп шықтық. Форумға еліміздің және көршілес Ресей елінің белсенді жастары қатысып, қоғамда өзекті болған мәселелер төңірегінде ойларымен бөлісті.
Тағы бір айта кететін жайт, маусым айының 17-21 аралығы Шығыс Қазақстан облысында «Жас толқын: Дала семинары» атты Республикалық жоба өтеді. Жобаға әр облыстан 5 адамнан қатысады. Қатысушылардың құрамында секторға жауапты мамандар, ЖАНТ мүшесі (Жергілікті ақпараттық-насихат тобы) және белсенді жастар болады. Жобаның мақсаты – ҚМДБ-дан атқарылып жатқан шараларды насихаттау, елімізде жарияланған «Жастар жылына» үн қосу, жастардың рухани байланысын арттыру, іс-тәжірибе алмасуға бағытталады. Жоба бес күн бойы табиғат аясында өтеді. Шығыс Қазақстан табиғатының әсемдігін баршамыз айтпаса да білеміз.
Бұдан басқа жастар жылына арнаған көптеген жоспарларымыз бар. Алла қаласа, алдағы уақытта іске асады деп ойлаймын. Тағы айтамын, қазіргі жастар өте ынталы, сәл демеп жіберсе болғаны, алынбайтын қамал, біз жетпейтін шың болмайды. Сондықтан мен барлық жастарды ізденіп, білімдерін тереңдетіп, ел игілігі үшін қызмет етуге шақырамын!
– Сұхбатыңызға көп рақмет!