Сұрақ: Деструктивті діни ағымның негізгі белгілері қандай?
Жауап: Бүгінде елдегі дін саласындағы өзекті мәселелердің бірі – деструктивті идеологиялардың етек алуы. Деструктивті діни ағымдар азаматтарымыздың сенім құқықтарын бұзатын, иландыру арқылы психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін ағымдар. Бүгінде мұндай ағымдарды фейсбук, ватсап, телеграмм сияқты т.б. желілерден байқау қиын емес.
Жалпы деструктивті ағымдарға ортақ қарапайым белгілерінің бірі – олар ресми ақпарат көздеріне, тарихи деректерге жүгінуге тыйым салады немесе оларды теріске шығарады. Халық арасында ертеден тарихи және мәдени қалыптасқан сенімді, діни терминологиялық ұғымдарды, дәстүрі мен діни рәсімдерін терістейді. Өздерінің діни идеологиясын асқақтату мақсатында басқалардың діни құндылықтарын келемеждеп төмен көрсетуі мүмкін. Сол сияқты келесі белгісі, адамға өмірде жетіспейтін нәрсені нақты білетіндеріне сендіруге тырысады. Егер адам солардың қатарына кірсе, онда ақиқатқа жететінін айтады. Адамзат адасуда тек, солар ғана тура жолда екеніне иландырады.
Әсіресе, өздерінің діни сауаты мен жалпы дүниетанымы таяз бола тұра кез келген мәселені жылдам «түсіндіріп» беретін азаматтардан сақ болған жөн.
Жалғас САНДЫБАЕВ