Сұрақ: Деструктивті діни ағымға енудің салдары қандай болады?
Жауап: Жат ағымға енген адамның дүниетанымы өзгеріп, араласатын ортасы толықтай ауысып, тек өзімен пікірлес азаматтармен шектеледі десек қате болмайды. Ол бұдан әрі өзінің ойымен емес, діни ұйым немесе ағым көшбасшысының басқаруымен жүреді. Жеке басының құндылықтарын жоғалтып, сол ағымның мұң-мұқтажымен жүріп-тұрады.
Жат ағымның етегінен ұстаған адам қоғамды «біз» және «басқалар» деп екіге бөліп қарай бастайды. Ол үшін отбасылық, қоғамдық тіпті мемлекеттік құндылықтар рәміздер, атрибуттар мәнін жоғалтады. Ұлттық салт пен дәстүрге қатысты антипатия пайда болып, оларға деген құрмет төмендейді. Адам ақыры өзінің сыни ойлау қабілеті мен жеке пікірінен айырылып, өзін-өзі тануын тоқтатады. Ол психологиялық тұрғыдан үлкен діни ұжымдық ағзаның бір бөлігіне айналады. Мамандар қандай да бір діни деструктивті ағымның ықпалына өткен азаматты дұрыс жолға қайтару үшін үздіксіз арнайы діни және психологиялық оңалту жұмыстары қажет екенін айтады.
Жалғас САНДЫБАЕВ