ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Өмірге үміт сыйла» қайырымдылық жобасы аясында Ақтөбе облысындағы ауыл имамының дертке шалдыққан 2 баласының еміне 1 миллион теңге көлемінде қаржы жиналды.
Сауабы мол игі шараға ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігіне қарасты облыс, қала, аудан, ауыл мешітінің имамдары мен Алладан сауап үміт еткен жомарт жандар атсалысты. Дін қызметкерлерінің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бір аптада жинаған қаржысы облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өз иесіне берілді. Облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы Темір ауданы Ақсай ауылдық мешітінің имамы балаларына шипа тілеп, дін қызметкері Түрікменбай Хабиболлаға қажетті қаржыны табыстады. Бас имам сондай-ақ қайырымдылық шарасына қолдау білдірген имамдарға алғыс айтып, қайырымдылықтың сауабы жайлы насихат айтты.
«Мешіттер рухани орын ғана емес, қайырымдылық пен ізгілік жасайтын мекен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпей тұрып Аллаға берілгендей болады» (Табарани) деген. Сонымен қатар «Адамның өмірінде берген бір дирхам садақасы, өлім сәтінде берген жүз динар садақасынан артық» (Әбу Дәуіт) деген хадис бар. Сондықтан бабаларымыз «Садақаны саулығыңда бер» деп, бес күндік тіршілікте ажал, басқа бәле келмей тұрып садақа беруді үрдіске айналдырған» деді бас имам.