Украинаның еңбек туралы заңдар кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасы Жоғарғы Радаға енгізілді.
Заң жобасы бойынша коммунистік режимнен қалған мерекелер: 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін, 1 мамыр – Еңбек күнін және 9 мамыр – Жеңіс күнін алып тастау көзделіп отыр.
Атап айтқанда, 8 наурыздың орнына 25 ақпанды, яғни ақын Леся Украинканың туған күнін “Украин әйелінің күні” ретінде белгілеп, мемлекеттік мейрам қылу, ал 9 наурыз – ақын Тарас Шевченконың туған күнін демалыс күні ретінде белгілеу ұсынылып отыр.
Одан бөлек, 1 мамыр мен 9 мамырдың орнына 8 мамыр “Еске алу және бітімге келу күні” ретінде белгіленбек. Бірақ демалыс берілмейді.
“Екінші дүниежүзілік соғыс 8 мамырда аяқталды. Алайда басқа елдерде ол мейрам емес, миллиондаған боздақтарды аза тұту күні ретінде аталып өтеді. Украина да осылай істеуі керек, сүйектің үстінде отырып мейрам қылуға болмайды”, – дейді бастамашы топ.
Заң жобасын ел парламентіне депутаттар Оксана Савчук, Наталия Пипа, Соломия Бобровская, Ярослав Юрчишин, Ростислав Тистык ұсынып отыр.
Айта кетейік, 2014 жылы Украинада декоммунизация туралы заң қабылданған болатын. Ол кеңес тарихымен байланысы бар барлық белгілерден бас тартуды көздейді. 2022 жылдың желтоқсан айында Украинаның мәдениет және ақпараттық саясат министрі Александр Ткаченко атап өткендей, өткен жылы елдегі КСРО және Ресеймен байланысы бар 7,6 мың топонимнің атауы ауыстырылып, Александр Пушкиннің 28 ескерткіші, Максим Горькийдің 9 ескерткіші құлатылды.