Өскемен қаласында 66 жастағы қария дәмханаға келіп, діни кітаптар таратқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары діни сипаттағы материалдарды таратқан зейнеткерге ҚР ӘҚБтК 490-бабы 1-бөлігінің 3-тармағымен әкімшілік хаттама толтырды.
«Белгілі болғандай, 66 жастағы қала тұрғыны дәмханалардың біріне келіп, діни әдебиет таратқан. Хабар түсе салысымен жедел-іздестіру шараларын жүргізген ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері зейнеткерді анықтады. Жиналған материалдар дін істері басқармасына жіберілді», – делінген ақпаратта.
Жүргізілген дінтану сараптамасының нәтижелері бойынша ұсынылған кітапшалар мен буклеттердің діни мазмұны расталды.
Енді қала тұрғыны 50 АЕК (172 500 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді.